Ғаламдық экологиялық мәселелер

        С.А. Кеңесбекова, Т.Қ. Қайырбекова, Н.Қ. Елемес, Л.Ә. Сапарәлі

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

       

«Қазақстан -2030» Бағдарламасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «2030 жылы Қазақстан мөлдір сулы, жасыл желекті, ауасы таза аймаққа айналады. Өндіріс қалдықтары мен радиация бұдан былай біздің үйіміз бен бақтарымызға енбейтін болады. Біздің балалар кінаратсыз толыққанды өмір сүретін болады», - деп атап көрсеткен еді. Қазіргі таңда экология өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау - әрбір адамзаттың төл міндеті [1].

             Ғаламдық мәселелер - әлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогендік немесе таза антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жаһандану деп аталады. Қазіргі таңда Халықаралық деңгейде мынадай ғаламдық проблемалар бар: ресурстық, энергетикалық, демографиялық, климаттық, экологиялық, қауіпті ауруды жою мәселелері. Ғаламдық мәселелер өзара тығыз байланысты және барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесін қамтиды. Әрбір ғаламдық мәселелерді міндетті түрде шешу қажет, өйтпесе оның дамуы апатқа, өр-кениеттің жойылуына дейін апарады.   

            Ғаламдық экологиялық мәселелер — ғаламдық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық мәселелер кешені. Зор геосаяси мәселенің экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, Әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық әр алуандылықтың азаюы және т.б. Олар тек қана барлық елдердің қатысуымен, БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін. Қазіргі танда Халықаралық деңгейде мынадай ғаламдық проблемалар бар: ресурстар проблемасы; азық-түлік немесе ашаршылық проблемалары; энергетикалық проблема; демографиялық проблема; климаттың өзгеруі; экологиялық проблемалар; «Үшінші әлем» елдерінің артта қалуын жою; қауіпті ауруларды жою; әлемдік мұхит пен космосты игеру; қылмыспен және терроризммен күрес; наркобизнеспен күрес [2].

Ғаламдық проблемаларды ерекше білім саласы - глобалистика зерттейді. Аталған ғаламдық проблемалар өзара тығыз байланысты және барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Әрбір ғаламдық проблеманы міндетті түрде шешу қажет, өйтпесе оның дамуы апатқа - өркениеттің жойылуына дейін апарып соғады.   Олай болса, Халықаралық деңгейдегі ғаламдық проблемаларға жеке-жеке тоқталатын кетейік.

           Озон қабатының (озоносфераның) бұзылуы. Атмосферадағы озонның мөлшері бар болғаны 0,004%-ды құрайды. Озоносфераның бұзылуы орны толмас жағдайларға, тері ісік ауруының күрт көбеюіне, көз катарактасына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне, мұхиттағы планктонның жоғалуына, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мутациясына алып келеді. 1980 жылдары Антарктидадағы ғылыми жұмыс станцияларында жүргізілген зерттеулерден атмосферадағы озон құрамының төмендегені байқалған. Осы құбылыс  -  «озон тесігі» деген атау алды. 1987 жылдың көктемінде Антарктиданың үстіндегі «озон тесігі» барынша үлкейіп, оның ауданы шамамен 7 млн км² -ді құрады, яғни, ауадағы мөлшері қалыпты нормадан 30-50%-ға төмендеген. Озон қабатының бұзылуы, яғни, «озон тесігінің» пайда болуы биосферада елеулі өзгерістер тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл жағдай күрделі экологиялық мәселенің бірі. Озон қабатының бұзылу процесіне ғарыштық аппараттар, дыбыстан да жылдам ұшатын ұшақтар және ондағы толық жанып бітпеген отын өнімдері және ядролық жарылыстардан бөлінген заттар әсер етеді.

          Парникті эффект (жылу эффекті). Парникті эффектінің механизмі қарапайым. Бұлтсыз ауа райы ашық кезде күн сәулелері Жер бетіне оңай жетіп топырақ, өсімдіктер жамылғысымен сіңіріледі. Жер беті қызған соң жылу энергиясын ұзын толқынды сәулелену түрінде атмосфераға қайта береді. Бұл өз кезегінде климаттың ғаламдық жылуына, яғни, Антарктидадағы мұздықтардың жаппай еруіне, Әлемдік мұхиттың орташа деңгейінің көтерілуіне, көптеген жердің су астында қалуына және басқа да жағымсыз жағдайларға алып келеді. Климаттың ғаламдық жылуы - биосфераның антропогендік ластануының бір көрінісі. Бұл климаттың және биотаның өзгеруі: экожүйедегі өнімділік процестерінің, өсімдіктер қауымдастықтары шекараларының, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің өзгеруінен білінеді.

         Қышқыл жаңбырлар. Ғаламдық негізгі экологиялық проблемалардың бірі атмосферадағы ластаушы заттардың ұзақ қашықтықтарға тасымалдануы. Алғашында бұл проблема радиоактивті заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына байланысты пайда болды. Негізінен күкірт диоксиді және оның қосылыстары, азот оксиді және оның қосылыстары, ауыр металдар (әсіресе сынап), пестицидтер, радиоактивті заттар сияқты улылығы жоғары заттардың таралуына баса назар аударған жөн. Жер бетіне түскен қышқылдар мен сульфаттар топырақ құрамына (топырақтың қышқылдануы), өсімдіктер жабынына, су айдындарының қышқылдануына алып келуде.

Ормандардың азаюы. Жаңбырлы тропикалық ормандар оттегінің басты көзі және оттегі тепе-теңдігін сақтауда үлкен роль атқарады. Сондықтан тропикалық ормандарды «планетаның жасыл өкпесі» деп те атайды. Тропикалық ормандар аумағының азаюы әсерінен атмосферадағы оттегінің мөлшері XX ғасырдың ортасымен салыстырғанда жыл сайын 10-12 млрд тоннаға азайып, ал көмір қышқыл газының мөлшері 10-12%-ға көбеюде, яғни, оттегі тепе - теңдігінің бұзылу қаупі бар. Ормандардың жойылуының басты себептері: орман алқаптарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін өңделуі, ағаш отындарға сұраныстың артуы, ормандарды өнеркәсіп қажеттігі үшін қырқу және дамудың үлкен масштабты жобаларының іске асуы. Қазақстан аумағының 3,2% ғана орманды алқап. Мамандардың пікірінше, еліміз орман қорғау ісі бойынша әлемдік тәжірибеден көп артта қалып қойған. Осы күнге дейін ұлттық орман саясаты қалыптасқан жоқ . Соңғы кездері ағашты заңсыз кесу әрекеті белен алды. Әсіресе еліміздің орман қорының 40%-ын құрайтын сексеуілді отау күшейіп барады. Ал сексеуілдің онсыз да эколоғиясы нашар, ылғалы аз, топырағы құнарсыз, құмды аймақтарда өсетіні бәрімізғе белгілі. Айта кетерлігі, 1992 жылы орман көшеттерін отырғызу ісі 80,7 мың гектар болса, он жылдан сон 2002 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың гектарға дейін қысқарған.

          Шөлейттену. Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына және белгілі бір территориядағы органикалық тіршіліктің барлық формаларының деградацияға ұшырауына алып келетін табиғи және антропогендік процестердің жиынтығы, яғни, адамның қатысуынсыз табиғи экожүйенің орнына қайта келмейтіндей өсімдіктер жамылғысын жоғалтуы шөлейттену деп аталады. Шөлейттену негізінен ылғалы тапшы аудандарда табиғи және көбіне антропогендік факторлардың әсерінен (орман ағаштарын Қырқу, жайылымдарды үздіксіз пайдалану, суғару жұмыстары кезінде су ресурстарын үнемсіз пайдалану және т.б. пайда болады. Шөлейттену әлемнің барлық табиғи аймақтарында жүруде. Қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдеріндегі шөлейттенудің басты себебі - табиғи ресурстарды шаруашылықта пайдалану құрылымының сол ландшафтың табиғи мүмкіншілігіне сәйкес болмауы, халық санының өсуі, антропогенді қысымның артуы, кейбір елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі [3].

Өнеркәсіптік қалдықтар. Өнеркәсіптік (өндіріс орындары) қалдықтар - өнімдерді шығару және әртүрлі жұмыстарды орындау кезінде бастапқы тұтыну қабілетін толық немесе жарым-жартылай жоғалтқан шикізат, материалдар, жартылай фабрикаттар қалдықтары. Олар қайтымды және қайтымсыз (технологиялық шығындар: буға айналу, бықсық түтін, кеуіп кету) болуы мүмкін. Мәліметтер бойынша Европа одағы елдерінде жыл сайын: қайта өңдеу өнеркәсіп орындарында - 400 млн тонна, өндіріс орындарында - 160 млн тонна және т.б. қалдықтар түзіледі. 90-шы жылдардың бас кезінде барлық қалдықтардың (2,2 млрд тонна) жартысы ауыл шаруашылығындағы өндіріс орындарының еншісіне тиді.

          Қала экологиясы. Урбанизация (адамның планета территориясын игеруі және өзіне қажетті обьектілерді салуы) табиғатқа елеулі әсер етеді. Халықтың сапалы тіршілігін қамтамасыз ету үшін оның жолдарын, құралдарын, әдістері мен шешімдерін экологиялық негізделген жағдаймен шешуді Урбоэкология (қала салудағы экология) саласы қарастырады. Қалалардағы адам мен табиғат үшін қолайлы ортаны сол жерде өмір сүретін тұрғындардың психологиялық, әлеуметтік жайлылығы, қаланың үйлесімді, орнықты әлеуметтік және экономикалық дамуы қамтамасыз етеді. Қалалық орта сонда тұратын халық үшін жоғары дәрежеде және әрқалай әсер ететін табиғи, табиғи-антропогендік және әлеуметтік-экономикалық кешенді факторлар болып табылады. Адамның қаладағы өмірі - бұл пәтер ішіндегі ортаның, пәтерден тыс ортаның (өндіріс орыны, көше, транспорт және т.б), мәдени ландшафтар ортасының (бақтар, саябақтар), табиғи ортаның, сондай-ақ әлеуметтік-психолоғиялық және әлеуметтік-экономикалық орталардың жиынтығы.

           Қалалық орта экологиясы - қалалық ортаның проблемалары және оларды жетілдіру жолдары туралы кешенді ғылым. Осындай кең көлемдегі мәселелерді шешу оған қатысы бар адамдардың (қала басқарушылары, инвесторлар, архитекторлар, құрылысшылар, қала халқы) экологиялық білім деңгейіне, ғылыми зерттеулерге, бөлінетін субсидияға, азаматтардың қатысуына және олардың ақпаратпен қамтамасыз етілуіне байланысты. Мұндағы басты міндеттер мыналар: қалалық ортаны құруда әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторларды біріктіру; сапалы өмір сүру ортасы жоғары дәрежеде болу үшін қаланы және оның маңайын жоғары сапалы экологиялық инфрақүрылыммен қамтамасыз ету; энергетиканы, өнеркәсіп орындарын, транспортты, суды пайдалануды, қалдықтарды және т.б. экологияландыру. Тұрғындар қажеттіліктерін экологияландыру және осы

қалалық ортаны құруға қатысы бар барлық адамдар санасында экологиялық этика негізін құру.

           Халық санының өсуі. Жер үшін ең үлкен проблема - тез өсіп келе жатқан халық саны. Осы процесті азайту үшін жасалған көптеген әртүрлі әрекеттер іске аспай жатыр. Қазіргі таңда Африка, Азия, Оңтүстік Америка елдерінде «демографиялық жарылыс» орын алуда. Кезінде (XIX ғасырдың бас кезінде) экономист Мальтустың өзі халық санының бақылаусыз өсуі азық-түліктің тапшылығына алып келетінін айтқан болатын. Қазіргі таңда кейбір ғалымдардың айтуынша (мысалы, ағылшындық климатолог-ғалым Джеймс Лавлок) Жер үшін 1 млрд немесе соған жақын халық саны оптималды деп есептейді [4].

Қорытындылай келе, ғаламда болып жатқан экологиялық проблемалардан алдын-ала сақтанып, еліміздің экологиясына жақсы жағынан пайдамызды тигізіп, ауыз судың сапасын жақсарту және су қорын сақтау технологиясын меңгеру арқылы, жайлау мен жайылымдарды ұтымды пайдаланып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, жердің тозуына жол бермеу және ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерді қалпына келтіру, халықтың денсаулығын, тұрмысын жақсарту керек. Табиғат – танымның қуатты қайнар бұлағы. Сондықтан, табиғаттың бүкіл сұлулығы мен байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтау – Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың міндеті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы. “Қазақстан - 2050” Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Астана, 2012.

2. К.Б. Булекбаева. Экология және қоршаған ортаны қорғау. Алматы: “Эверо”, 2014. 157б.  

3. А.Т. Куатбаев  Жалпы экология (оқулық). –Алматы, 2008. -342б.

4. Г.С. Оспанова, Г.Т. Бозшатаева. Экология. Оқулық –Алматы: “Экономика”, 2002. -405б.