Педагогические науки/ 5.Современные методы
преподавания
п.ғ.к., доцент Абилкасимова Г.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Мусенов А.К.
Жалпы білім беретін орта мектеп №16, технология пәнінің
мұғалімі
Сағнаева Ә., Уаш Е.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің
«Кәсіптік оқыту» мамандығынын студенттері
«Технология» және «сәндік – қолданбалы өнер» ұғымының мәні мен
құрылымы
Біз өз зерттеуімізде
ең алдымен «технология» ұғымының анықтамаларды
жүйеге келтіріп, «сәндік – қолданбалы өнер»
ұғымының мазмұндық жағынан түсінік
беруге тырыстық. «Технология»
ұғымы соңғы кездері педагогикалық
әдебиеттегі ең көп қолданылатын
ұғымдардың біріне айналды. Технология
ұғымының дидактикалық үғымдармен байланысы
сан алудан: оқытудың технологиясы, педагогикалық технология,
білім беру технологиясы, тәрбие технологиясы, қарым-қатынас
технологиясы, даму технологиясы, қалыптасу технологиясы, модульдік
технология, топтық оқыту технологиясы т.б. Бұл
технологиялардың қайсы түрі болмасын анықтаманы қажет
етеді. Сондықтан да әрбір автор «технология дегеніміз не?» - деген
сұраққа немесе технологиямен байланысты жеке
ұғымға өз анықтамасын беруге тырысады.
Нәтижеде, дәл қазіргі кезде білім беру жүйесінде
жүріп жатырған процестердің технологиясын түсіндіретін
жалпы анықтама жоқ [1].
«Технология» ұғымы грек
тілінен енген екі сөзден тұрады: «техне» - өнер, шеберлік
және «логос» - білім, оқу, ғылым деген мағыналарды
білдіреді. Сондықтан, «технология» терминін қазақ тіліне
«өнер туралы ғылым» деп аударуға болады. Бұған
пәндік саланы сипаттайтын терминді қосамыз да кез-келген
нақты технологияның мәнін айқындаймыз [2].
Технологияның анықтамалары
түсіндірме сөздікте былай берілген:
1. Өндірістің белгілі бір
саласындағы өндірістік операциялардың, әдістер мен
процестердің жиынтығы, сондай-ақ белгілі бір істе немесе
шеберлікте қолданылатын тәсілдер.
2. Белгілі бір өндірістік процесті
іске асырудың әдістері, материалдар мен бұйымдарды
өңдеудің әдіс-тәсілдері туралы ілімдер
жиынтығы.
Көптеген
уақыттар желісінде «технология» түсінігі педагогикалық
ұғымдар қорынан тыс қалып келді. Шынайы мəні
(«шеберлік жөніндегі ілім») педагогикалық міндеттерге:
педагогикалық процесті сипаттау, түсіндіру, болжау, жобалау – сай
келсе де, ол технократиялық тіл элементі ретінде қарастырылды.
Технология ұғымы тар
мағынада бұл бір нақты объектінің технологиясы ретінде
және кең мағынада – ғылым саласы ретінде
қарастырылады. Егер технологияны педагогикалық ғылымдарға
қатысты алсақ, онда тікелей дидактиканы қарастырамыз: дәстүрлі
дидактика – әдістемелік тәсілдерді жинақтауға
бағытталған оқытудың теориясын және
сондай-ақ, оқушылардың оқу қызметі барысында
дағды, білік, білімдерін игеру үрдісін оңтайландыра
түсетін оқытудың ұйымдастырылған түрлері
мен әдістерін жасауды өзінің басты мақсаты ретінде
қояды; әдетте, дидактиканың пәні – білім берудің
мазмұны және оқыту үрдісін ұйымдастыру деп
қысқаша көрсетіледі.
Қазіргі таңдағы
технология түсінігі адамның түрлі іс-әрекет саласын,
осы іс-әрекет пен соған қажетті техникаға қызмет
атқаратын білім жиынтығын көрсететін ерекше бір
ұғым. Оны адамның теориялық білімді жүйелі
түрде қолданудағы ұтымды іс-әрекетінің
тәсілі ретінде сипаттауға болады.
Технология қайсы бір болмасын
табиғаттың, әлеуметтік объектілер мен іс-әрекеттер
туралы білімді түрлендірудің тиімді әдістері бойынша
ғылыми-практикалық білімнің негізгі формасы ретінде
алға шыға отырып белгілі мақсатқа жетуді
қамтамасыз етеді. Оның әдеттегі ғылыми білімнен
ерекшелігі, ол білім ретінде «не» деген, ал технологиялық білім ретінде
«қалай» - деген сұраққа жауап береді. «Технология» білім аймағы жалпы
білімнің базалық негізіне кіреді. Мұнда «технология» білім
саласының тұрақты (инваранттық) бөлігі
базалық мазмұнды игеруге жеткілікті ең аз мөлшерінде
берілген [3].
«Технология» атты жаңа интегративті білім саласын
меңгеруі оқушылардың жалпы білім мен дағдыны
меңгеруіне мүмкіндік береді: интеллектуалдық,
тұлғалық, этикалық және эстетикалық дамуын,
өзіндік кәсіптік айқындалуын, қазіргі
әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуін
қамтамасыз етеді.
«Сәндік-қолданбалы өнер»
ұғымы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы алпысыншы
жылдардың ортасында пайда болды. Бұған дейін ол
халықтың қарапайым түсінігінде, «қолөнер»
ұғымының аясында қабылданып, пайдаланылып келді.
«Сәндік-қолданбалы өнер», «қолөнерінің»
өңделіп жетілген формасы іспеттес болғандықтан, екеуін
бір-бірінен бөлектеп қарауға болмайды, керісінше, олар
бірін-бірі мазмұндық тұрғыда толықтыра
түседі. Оны «қол өнер», «сәндік-қолданбалы
өнер» ұғымдарына берілген анықтама-түсініктер
дәлелдейді. Біз ғылыми еңбектерде осы
ұғымдарға берілген анықтамаларды жүйеге
келтіреміз және сәндік қолданбалы өнер,
өзінің бастауын қолөнерден алады, қолөнер
туындыларының ою-өрнекпен әшекейленуі
сәндік-қолданбалы өнердің пайда болуына себеп болады,
деп ой түйіндейміз [4].
Сәндік қолданбалы өнер
жөнінде айтқанда, біріншіден, тарих кезінен өтіп, өзіндік
сипатын сақтап келген халықтық рухани қазынаны айтамыз,
екіншіден, қаазіргі халық шеберлерінің қолынан шыққан
көркем бұйымдар және осы халықтық бұйымдардың
қазіргі кезде жаңаша көрініс табуы деп білеміз. Қазіргі
кезде, халқымыздың қолданбалы өнері көне заманнан
бері халық тұтынып келе жатқан ұлттық, шаруашылық
мүліктерді әшекейлеуден бастап, қазіргі дәуірдегі тұрмыстық
жасау-жићаздардағы көркем-сәндік әшекейлерге дейінгі жоғары
дамыған кезіне келіп жетті.
Тарихи жазбалар мен ескерткіштер және
археолгиялық ескерткіштерге қарағанда Қазақстан
жерінде қолданбалы өнер кәсібі бұдан екі жарым мың
жыл бұрын, әрбір дәуірде өзінің өтпес ізін қалдырып,
талай тайпалардың көркем шығармалары арқылы қалыптасып,
мәдени мұраға айналған. Халықтық қолданбалы
өнердің дүниеге келуі, өмір қажеттілігінен, халықтың
өмір салтанатының, дәстүрі мен мәдениетінің
өзегін құрайды. Олар әр халықтың қайталанбас
өзіндік болмысын білдіретін салыстырмалы түрдегі тұрақты
қасиеттері бар құбылыстардың қатарына жатады.
Халықтық қолданбалы өнердің танымдық - тәрбиелік
қажеттілігі бізге дейінгі бүкіл адамзат тарихының ғасырлар
бойғы жемісі болып табылады. Себебі адамның шығармашылық
ойлау қабілеті ұрпақтан-ұрпаққа қалай
мұра болып келе жатса, дәл солай ұлттық қолданбалы
өнер де атадан-балаға ауысып, мұра болып келе жатқан
асыл қазына.
Сонымен, білім беру жүйесіне
елеулі өзгерістер енгізіліп жатқан қазіргі кезең жалпы білім беретін мектептерде оқушының
жеке басын дамыту, оны ізгілікке баулып, рухани байлығы мен мәдениеттілігін,
еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби
біліктілігі мен білімділігін арттыруды талап етуде.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Бабаев С.Б., Ж.К
Оңалбек // Жалпы педагогика: Алматы: «Заң әдбиеті», 2005. -
228 б.
2.
Рахметова Н.Б. Болашақ
технология мұғалімін көркемдік-конструкторлық
іс-әрекетке даярлау: - пед.ғыл.канд....автореф.: 16.04.2005. - Қарағанды, 2005. - 30 б.
3.
Ожегов С.И. Толковый словарь
русского языка: 80000 слов и фразеологических выражений // Российская Академия
наук. Институт русского языка им. В.В.Виноградова. 4 - изд., доп. - М.:
Азбуковник, 1998. - 944 с.
4.
Қабдықайырұлы
Қ., Монахов В.М., Оразбекова Л.Н., Әлдібаева Т.Ә.
Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы. – Алматы:
РБК, 1999. - 149 б.