БАСТАУЫШ СЫНЫП ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ

 

Ирсакова М.А., ПМНО 15-1 Монжасарова А., Тараз қ.

Қазіргі заман талаптары мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, білім алудағы дербестігін мақсатты түрде дамытып отыру міндетін қойып отыр.

          Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет  болу үшін ел сауаттылығы жоғары болу керектігін айта отырып, өскелең ұрпақтың біліміне аса көңіл бөліп отыр. Білімді ұрпақ - еліміздің жарқын болашағы.

         Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасында «білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізіне бастауыш сынып оқушысын белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әр түрлі мәселелерде өз көзқарасы тұрғысынан диалогқа түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жолын қалыптастыруға күш жұмсап, еңбектенетін бала деп қарастыратын, осыған орай көп қырлы құрылымды білім-тәрбие мазмұнын анықтап құруға көмектесетін қазіргі заманғы «дамыта отырып оқыту идеясы» алынатындығы көрсетілген».

Республикада оқыту мазмұны жаңартылып, енгізілген жаңа буын оқулықтары көп деңгейлі, интеграцияланған, дамыта оқыту жүйесі қағидаларына сәйкестендірілгендігімен ерекшеленеді. Демек, оқулықтың құрылымы өзгеше, философиясы жаңа. Бастауыш білім беруде жаңа технологияларды қолдана отырып оқыту педагогикалық жұртшылық санасына сіңгенін және бүкіл білім беру жүйесіне әсерін тигізіп отырғанын байқау қиын емес.

Оқушыларды заман талабына сай оқыту – қазіргі бастауыш мектептердің ең маңызды міндеттерінің бірі. Бастауыш мектеп  оқушы тұлғасы мен санасының дамуы, қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбас кезең. Бастауыш сыныптарда білім берудегі дамыта оқыту процесі – бастауыш сынып пәндерін дамыта оқытуды теориялық жағынан негіздеп, мазмұны мен шарттарын анықтап, әдістемесімен қамтамасыз ету болып табылады.

          Жаңа технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтижелер беруде. Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Бұл жаңа технологиялар-оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған.

Осыған орай қазіргі таңда оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енуде. Жаңа технологияларды меңгерту мұғалімнің интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына  игі әсерін тигізеді.

Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында болды. Олар педагогикаға «жаңа технология» терминін енгізді. Бұл жаңашыл педагогтардың мақсаты-оқушылардың алатын білімдерін сапалы ету, оның толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болу. Осыған орай қазірде педагогикалық технологиялар көптеп саналады. Мысалы, атап айтар болсақ, Ынтымақтастықта оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің «Білім беруді ізгілендіру технологиясы», П.М.Эрдниевтің «Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы», Л. С. Выготский, Л.В.Эльконин, В.В.Давыдовтің «Дамыта оқыту технологиясы», В.М.Монаховтың «Модульдік оқыту технологиясы», «Проблемалық оқыту технологиясы», В.Ф.Шаталовтың «Тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы», С.Н.Лысенконың «Түсіндіре басқарып оза оқыту технологиясы», «Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы», «Оқытудың компьютерлік технологиясы», Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқыту технологиясы»т. б. көптеген технологиялар енгізілді. Бұл педагогикалық жаңа технологиялар бастауыш сынып мұғалімдеріне мынадай қағидаларды ұстанады:оқуға шығармашылықтың енуі, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық, өзара әрекеттестік сипатындағы жаңа әлеуметтік қатынастың пайда болуы, жеке тұлғаның дамуына жағдайдың туғызылуы, яғни жеке тұлғаға бағдарланған оқу, тұлға дамуының сыртқы әсермен бірге оқушының ішкі түрткілері негізінде жүргізілуі. Сонымен, педагогикалық технология дегеніміз-тәжірибеде жүзеге асырылып, нәтиже беретін педагогикалық жүйенің жобасы. Жаңа технологиялардың негізгі қағидалары:

- балаға ізгілік тұрғысынан қарау;

- оқу мен тәрбиенің бірлігі;

- баланың танымдық және шығармашылық икемділігін дамыту;

- баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;

- әр оқушының , оның қабілетімен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту;

- барлық оқушының дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.

          Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет-ақ. Жаңалықты меңгеру мен жүзеге асыруда дұрыс түсінбеушілік ұйымдастырушыға әртүрлі кедергі жасайтыны белгілі. Сондай педагогикалық технологиялардың бірі «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту».

«Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі деп түсінуіміз керек.Бұл бағдарламаның мақсаты барлық жастағы, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының кез келген мазмұн, түсінікке сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға сапалы шешім қабылдауды осы сабақтарда үйренеді. «Сорос-Қазақстан қоры» арқылы келген бұл технология қазақ тілдерінде мектепке ене бастады.Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуда тез арада дұрыс шешімдер табуға атсалысатын бірден-бір тиімді бағдарлама .  

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады. «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңарту процесі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады. Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар екенін психология ғылыми жеткілікті дәрежеде дәлелдеп берді деп айтуға болады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог Л.С.Выготский болатын. Ол дамуды оқытумен тең, керісінше оқу мен даму екі бөлек процесс деген көзқарастарды қатты сынға алды. Ең алғаш рет бала дамуының төмендегідей екі аймағы болатындығы жайлы теория ұсынды:

1. Бала дамуының жақын аймағы – баланың тек үлкендердің көмегі арқылы атқара алатын істері.

2. Бала дамуының қол жеткен аймағы – баланың үлкендердің көмегінсіз істей алатын істері.

Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік көзқарасын қалыптастыру мен жеке дамуын қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені мектеп жасына келген  баланың ынтасын жоймаудың басты тәсілі – олардың танымдық талабын қанағаттандыру, ынтасын оятып, білім алуға шабыттандыру.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1       Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты жолдауы. – Астана, 15 желтоқсан 2012

2       Ж.Қобдикова. Орта мектепте білім алуды технологияландыру. - Алматы, 2002.

3       Қ.Ыбыраймжанов. Педагогикалық технология. Бастауыш мектеп №8, 2005.

4       З.Смаилова. Дамыта оқыту технологиясының жеке тұлғаның дамуына әсері. Бастауыш мектеп, №9-2004.

5       Қоянбаев Р.М., Ыбырайымжанов Қ. Жалпы бастауыш білім беру педагогикасы. –Түркістан: Тұран баспаханасы, 2005.