Педагогические науки”/ 5.Современные методы преподавания

 

Мұқаш Мәдина Тұрғанқызы

Қазақстан, Алматы қ., Абай атындағы ҚазҰУ

Орта мектептің физика курсында физикалық есептерді шығару әдістемесі

Қазіргі кезде оқушылардың ой - өрісін көтеру, шығармашылық қабілетін дамыту, алған білімін практикада қолдана білуге баулу, әртүрлі ғылыми әдебиеттерді пайдаланып,өзінің білімін тереңдетуге үйрету мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр. Себебі мемлекеттік стандартта орта білім беретін мектептерде әрбір шәкіртті жеке тұлға деп санап, оларды өз сұраныстарына, мүдделеріне сай оқыту мен тәрбиелеудің сан қилы үлгілерін қолдану керектігі көзделген. Бұл жағдайда оқыту технологиясын өзгертуді, оқушыларды өз бетінше білім алуға, өзін-өзі дамытуға, ұйымдастыруға үйрету мәселелеріне көп көңіл бөлуді талап етеді. Осы міндеттерді атқару жолында басқа пәндер мен қатар физика пәнінің атқаратын рөлі де зор. Себебі физика жаратылыстану ғылымдарының тірегі, ал оның зерттеу әдістері қазіргі заманғы ғылыми танымның тұғыры.

Физика есептерін мазмұны, берілу шарты және шығару тәсілдеріне сәйкес бірнеше топтарға бөлуге болады. 

1. Мазмұны жағынан ажыратылатын есептерге физиканың механикаға, электродинамикаға, оптикаға және т.б. бөлімдеріне арналған есептер жатады.

2. Берілу шарты бойынша физикалық есептер сапалық, сандық, графиктік, эксперименттік топтарға бөлуге болады.  Сапалық физикалық есептер жаңа сабақтың мазмұнын түсіндіруге өте пайдалы. Сандық есептер физикалық шамалардың ара қатынастарын аналитикалық формулалар арқылы тағайындауда аса қажет. Графиктік есептерден керекті мағлұматтар алуда, шығару барысында графиктер қолданылады. Эксперименттік есептер нақты физикалық құбылыстардың, оларды түсіндіретін тәжірибелердің мәнін түсіндіруге арналады. 

3. Шығару тәсілдеріне есептер аналитикалық және синтетикалық болып екіге бөлінеді. Аналитикалық тәсілде қажетті нәтиже негізгі формулалар, сақтау заңдары арқылы дедукциялық түрде алынады. Синтетикалық тәсілде керекті нәтижелер есептің шарты бойынша анықтауға болатын физикалық шамалар арқылы жеке фактілерден индукциялық түрде ізделінеді. 

Физикалық есептерді шығару әдістерін жетілдіру, ұйымдастырушы алгоритмнің үйрету функциясын күшейту бағытында жүргізілуі тиіс. Оқушыға есептен физиканы көруді қалай үйретуге болады? Бұл үшін оқушылар мына мәселелерді жақсы игеруі тиіс. 

1. Физика деген не? Ол нені зерттейді?

2. Физикалық есеп деген не?

3. Есептің мазмұнынан физиканы қалай көруге болады? Осы үш мәселені шешу жолына қысқаша шолу жасасақ. 

1. Физика жаратылыстану ғылымы, сондықтан ол физикалық құбылыстарды, денелердің физикалық қасиеттерін зерттейді. Осы физикалық білімдерді практикада, техникада қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. Физика деген сөз термин емес, ол өзіне тән белгілері бар ұғым, түсінік. Бұл пәнді мектепте оқытудың мақсаты оқушылар санасында физика ұғымын қалыптастыру,меңгерту және сол арқылы оқушы бойында жеке тұлғаға тән қасиеттерді дамыту.

2. Физика ұғымы физикалық есептің құрылымын анықтайды. Мұндай есепте: а) өзіне тән заңдылықтармен жүретін бір немесе бірнеше физикалық құбылыс беріледі; б) өзіне тән физикалық қасиеттері бар бір немесе бірнеше денелер қарастырылады. Кез-келген физикалық есеп нақты физикалық құбылыспен немесе дененің физикалық қасиетімен байланысқан практикалық мәселені шешуге арналады.

3. Осы физикалық шарттар әрбір нақты жағдайларда, қандай сөздермен сипатталатынын есептерден қысқаша үзінділер келтіру арқылы анықтап көрейік: 1) Жіпке ілінген дене тепе-теңдікте тұр. 2) Дене бастапқыда бірқалыпты, соңынан бірқалыпты үдемелі қозғалды. 3)Дене белгілі бір биіктіктен еркін құлады. 4) Газ изотермиялық түрде ұлғайды. 5) Екі дене серпімді соқтығысады. Осы келтірілген мысалдардағы нақты физикалық шарттар мыналар:  а) Дененің тепе-теңдік шарты б) Дененің бірқалыпты және бірқалыпты үдемелі қозғалу шарттары  в) Дененің белгілі бір г) биіктіктен бастапқы жылдамдықсыз еркін құлау шарты  д) Газдың тұрақты температурада ұлғаю және сығылу шарты ж) Денелердің серпімді соқтығысу шарты. Физикалық теорияда бұл шарттардың физикалық шешімдері бар. Олай болса кез-келген физикалық есепте оның жасырын түрдегі шешімі беріліп қойылады. Физикалық шарттарды «есепті шығарудың элементтері» деп қарауға болады.  Күрделі есептің шешімі бірнеше қарапайым есептің шешімінен құралады: а) бірнеше физикалық құбылыстар; б) бірнеше денені қамтитын бір физикалық құбылыс; в)берілген жүйе күйлері үшін бірнеше шарттар қарастырылады. Сонымен құрылымы жағынан, кез-келген физикалық есеп ішінде физикалық мағынасы бар сөздердің жиынынан құралады.  Оқытушының міндеті оқушыны осы сөздерді табуға және оларды физикалық ұғымдар мен заңдылықтар тіліне аударуға үйрету. Менің осы бағытта жүргізілген есептеулерім, бұл үрдістің есеп шығару барысында ұдайы жүргізілуі қажет екендігін көрсетеді. Яғни ұйымдастырушы алгоритмнің әрбір пункті белгілі дидактикалық қызмет атқаруы тиіс.  

Жоғарыда баяндалған физикалық есептер шығару әдістемесі қолдану нәтижелері:

1. Оқушылардың физика пәніне деген қызығушылығының, ынтасының және физикалық білімдерінің деңгейі біршама артқандығын көрсетті

2. Оқушылар арасында жүргізілген физикалық бақылау жұмыстарының нәтижелері оқушылардың есеп шығару қабілетінің деңгейі 10-15%-ға жоғарылағандығын көрсетті.