Филологические
науки/ 3.Теоретические и
методологические проблемы исследования языка.
А.ЖАРҚЫМБЕК
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Ғылыми
стиль және цитата
Қазақ лингвистикасында: «Дәйексөз мәселесі
қазақ тіл білімінде арнайы қарастырылған жоқ десе
де болады. Анықтамалық, оқулық, оқу
құралдары деңгейінде бөгде сөздің құрамында
қаралғаны болмаса, дәйексөздің қызметі,
оның тілдік тұрғыдан алатын мән-мағынасы,
ақпараттық әлеуеті, тіпті дәйексөздің
келтіру жолдары т.т. мәселелер төңірегінде бұл
ұғым жете зерттелмеді», [1] – деген пікір бар. Алайда стилистика
аясында дәйексөздің көркем, ғылыми,
публицистикалық мәтіндердегі ерекшелігі зерттеу назарына алынып
жүр.
Көркем мәтіндердегі интертекстуалды байланыстарды
қарастырған А.Адилова олардың
цитата, цитация арқылы көрінетінін нақты мысалдар
арқылы байқатып, мәтін
семантикасын түзуге, ашуға, толықтыруға, астарлы
ақпарат беруге қызмет
ететінін көрсетеді [2].
Жаңа мәтінге цитатамен енгізілген фрагменттер интертекст деп
аталады. Осы интертекстер көркем мәтінді тудырушы автор үшін
де, оны оқитын оқырман үшін де аса маңызды,
сондықтан қазіргі кезде әдебиеттану мен лингвистикада
бұл туралы әрқилы пікірлер бар.
Публицистика мәтіндерінде дәйексөз көбінесе
материал атауында немесе журналист баяндауында нақты дереккөздерін
көрсетпей, тек сөйлеу субъектісін атау арқылы ғана
жұмсалып жүргені байқалады. Аталған мәтін
түрлерінде дәйексөз көбінесе олардың семантикасын
байытып, автор ниетіне қарай түрлі қызмет атқарады.
Мәселен, ғалым А. Адилова олардың қызметін 5
топқа бөліп қарастырады: а) Интертекстердің сілтемелік
қызметі; ә) Интертекстердің текст түзушілік
қызметі; б) Интертекстердің бағалауыштық қызметі;
в) Интертекстердің айшықтаушы қызметі; г)
Интертекстердің парольдік қызметі [2, 209].
Функционалдық және прагматикалық сипаты жағынан
көркем мәтіндерден өзгеше ғылыми
мәтіндердің негізгі бір ерекшелігі
- түрлі мақсаттарда цитата немесе дәйексөз
қолдану.
Ғылыми мәтінде цитатаның қолданылуы мен
қызметі туралы пікір білдірген алғашқы
еңбектердің қатарында Т.Есембековтің «Әдеби
талдауға кіріспе» оқу құралы [3] мен
Ш.Жалмахановтың «Қазақ тілінен дипломдық жұмыс»
әдістемелік нұсқаулығын [4] атауға болады.
Дәйексөзді мәтінге кіріктіру
үш жағдайда іске асады: тікелей дәйексөз алу, еске салу
және сілтеме арқылы беру. Тікелей дәйексөз алу үшін ғылыми әдебиеттен белгілі бір
пікір сөзбе-сөз алынуы керек, алушы мәтінде дереккөзге
сілтеме жасайды. Мысалы: «Түрлі
сатылардан өтіп орыс әдебиетінде пайда болған футуризмді,
кеңес үкіметінің әдебиет зерттеушісі В.Марков «Футуризм
– буржуазиялық қастерлі бағыт ретінде, ұзақ
жылдар бойы кеңестік саясаттың бағанасының
басындағы масқараға айналып келді де, 1930 жылдан кейін оны
мүлдем естерінен шығарады» [5, 44].
Тікелей емес, яғни еске салу бөгде
ойды төлеу сөз арқылы немесе өз сөзімен береді.
Көлемді ақпарды тұжырымды, жинақы әрі
қысқа өз сөзімен жеткізуге болады, мәселен,
монография авторы өзі зерттеп отырған кезеңдегі Ресейдегі
әдеби ахуалды «Аполлон» журналын қысқаша, жалпылай сипаттау
арқылы көрсетеді: С.Маковский редактор болған «Аполлон»
журналы Гумилев пен Городецкий жазған акмеистердің
бағдарламасы мен шығармаларын басып тұрды. «Аполлон»
журналында негізінен екі қағида болды: біріншіден,
нақтылық, жүйелілік; екіншіден, ақындық
шеберлікті жетілдіру [5, 48].
Сілтеме арқылы беру авторларды
көрсетумен шектеледі. Мысалы: «Негізгі
философиялық постмодернге енген француздың Мишель Фуко («Порядок
вещей; Археология гуманитарных наук», 1966), Жак Дерриданың («О грамматологии»,
1967), Жиль Делез бен Феликс Гваттаридың («Анти-Эдип; капитализм и
шизофрения», 1972), Жан Бодрийярдың («Символический обмен и смерть»,
1976), Жан-Франсуа Лиотардың («Состояние постмодерна; доклад о знании»,
1979) және американдық философ Ричард Ротридің «Философия и
зеркало природы» (1979) еңбектері болды» [5, 78].
Қазіргі тіл біліміндегі когнитивтік
бағытқа сәйкес дәйексөздердің
танымдық қызметі ерекше назар аудартады.
Дәйексөздердің танымдық қызметі ғылыми
білімді одан әрі өрістетумен тікелей байланысты, таным субъектісі
(автор) белгілі бір мәселе жайында дәйексөздерді
қолдана отырып, ғылыми білімді дамытады, сондай-ақ
өзінің де танымдық ойлау қызметін дамыта түседі.
Осыған байланысты «ескі білім», «жаңа білім» деген
ұғымдар туындайды. Дәйексөз – ескі білімнің
көрінісі, оларды келтіре отырып, яғни ескі білімді
жаңғырту арқылы жаңа білімнің өрістеуіне,
қалыптасуына жол ашады. Демек, дәйексөз ескі білімді
ғылымның кәдесіне жаратудың тәсілдерінің
бірі. Әрине, дәйексөз арқылы берілген ескі білім еш
өзгерместен сол қалпында қайталанбайды, зерттеушілер ескі
білімді актуалдандыра отырып, оны жаңа білім алу, негіздеу немесе
қалыптастыру үшін пайдаланады, ескі білім жаңа біліммен
қатынасқа түседі, таным субъектісі – автор арқылы
танымдық қызметтің түрлі кезеңдерінде
пайдаланылады, ғылыми ақпаратты жеткізуге көмектеседі
және осының бәрі дәйексөздің когнитивтік
қызметін айқындайды. Мысалы:
Ихаб Хасанның (бізге қаншалықты белгілі
болғанындай) постмодернистік әдебиетте модернизм мен
постмодернизмнің негізгі ерекшеліктерін төмендегіше бөліп
көрсетуге тырысты:
|
«Модернизм |
Постмодернизм |
|
Романтизм/Символизм |
Патафизика/Дадаизм |
|
Форма (коньюктивті,
жабық) |
Антиформа(дизъюнктивті,
ашық) |
|
Мақсат |
Ойын |
|
Жоспар |
Кездейсоқ
оқиға |
|
Иерархия |
Анархия |
Рас, Хасан бұл кестені ұсынғанымен модернизм мен
постмодернизмнің айырмашылықтары бәрібір сенімсіз екенін
мойындайды. Өйткені, олардың арасында поэтика, стилистика,
көркем тәсілдер мен машықтар деңгейінде
айырмашылықтар орнықтыру іс жүзінде ештеңе бермейді [5, 115].
Н.Б.Семенова: «Цитата – бір айтылымның
ішіндегі айтылым, олардың мағыналық шегі айрықша
сипатта болады» [6,15], - дейді де, цитация деңгейлерін
төмендегідей бөледі: а) лексикалық; ә) мотивтік; б)
метрикалық және анаграммалық; в) стильдік.
С.Әлісжан дәйексөздің
танымдық қызметін оның қолданысына байланысты бірнеше
топқа саралап көрсетеді. Олар: «1) Шолу қызметіндегі
дәйексөздер; 2) Мәселені қалыптастыру
қызметіндегі дәйексөздер; 3) Құралдық
немесе бағдарлық қызметіндегі дәйексөздер; 4)
Ғылыми ұғымдарды нақтылау қызметіндегі
дәйексөздер; 5) Дәйектеу қызметіндегі
дәйексөздер; 6) Болжау қызметіндегі дәйексөздер»
дейді де, оларға анықтама беріп, мысалдар келтіреді [1].
Көркем мәтін мен ғылыми мәтіндегі цитатаның
айырмашылығы: көркем мәтінде – еске салу, мәтінді
айшықтау, сый-құрмет көрсету, сыни
көзқарасын білдіру үшін пайдаланады. Ал ғылыми
мәтінде цитатаны ғалым дәлелдеу үшін пайдаланады.
Қорыта келгенде, дәйексөзсіз ғылыми мәтін
болмайды десе де болады. Оның ғылыми мәтінде
қолданылуының өзіндік себептері мен мақсаттары бар.
Ғылыми мәтінде дәйексөздер түрлі мақсатта
қолданылуы мүмкін. Мәселен, айтар ойды, дәлелдемені
дәлелдеу, ғылыми ұғымдарды нақтылау, шолу
мақсатында, жаңа мәселені қалыптастыру т.б.
мақсаттарда қолданылады.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.
Әлісжан С.
Дәйексөз және оның танымдық қызметі. –
Астана: 2016. – Б. 11.
2.
Адилова
А.С. Қазіргі көркем мәтіндердегі цитация құбылысы
немесе мәтін ішіндегі мәтін: Монография. – Қарағанды:
ҚарМУ баспасы, 2012. – 262 б.
3.
Есембеков
Т. Әдеби талдауға кіріспе. – Қарағанды, 1991. – 78 б.
4.
Жалмаханов
Ш. Қазақ тілінен дипломдық жұмыс. –
Қарағанды. 1997. – 54 б.
5.
Жарылғапов
Ж.Ж., Такиров С.У., Жакулаев Ә.М. Қазақ прозасы: модернизм
және постмодернизм: монография. – Қарағанды, 2015. – 290 б.
6.
Семенова
Н.В. Цитата в художественной прозе: дисс. ... д-ра филол. наук. – М., 2004. –
330 с.