Гуманитарлық ғылымдар магистрі Батырғалиева А.С.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің
бағалауыш мағынада қолданылуы
«Баға – айтушының болып
жатқан оқиғаға қатысты ойы,
көзқарасы, сезімі. Бағалау тілдік құбылыстардың
негізгі көрінісі» [1, 450-б].
Аталған сөздікте бағалау категориясы
сөйлеушінің сөйлеуге қатынасын білдіретін категория
ретінде танылады.
Қазақ тілінде
тілшілердің бағалауға берген анықтамасын айтсақ,
мысалы, Қ.Есенова О.С.Ахманованың ізімен баға не бағалай
сөйлеу салтын сөйлеушінің нысанаға алған
нәрсе жөніндегі мақұлдау, өтініш,
бұйрық, қарсылық, ықылас не тілек, т.б.
түріндегі көзқарастарын білдіретін пайымдауы, пікірі стильдік
қосымша мағына мен мағыналық реңктің
негізгі бір түрі екендігін айтады [2, 62-б].
Б.Қ.Момынова
баға – айтушының өз тарапынан құбылыс пен
затқа, іс – әрекет атауына берген бағасы,
көзқарасы, пікірі, оған деген қарым – қатынасы
деп айтып кеткен[3, 221-б].
З.К.Темірғазина
бағалау жайында былай дейді: «Құндылық
субъектінің объектіге берген бағасы, оны жақсы немесе жаман
жағынан бағалауы, кейбір тұстарын ерекшелеп нақтылауы» [4, 670-б].
Бұл
анықтамалардан бағалау ұғымы құндылық
ұғымымен байланысты екені көрінеді. Философияда
құндылық бұл – субъектінің тұрмыс –
тіршілігі үшін қандай да бір құбылыс,
оқиға, процестің маңыздылығының
кезеңі.
Логика ғылымында бағалауышты салыстырмалы
және абсолютті, жалпы және жеке бағалауыш деп бөліп
қарастырады. Салыстырмалы баға «өте
жақсы», «нашар», «тең бағалы» деген ұғымды,
абсолютті баға «жақсы»,
«жаман», «немқұрайлы» деген ұғымды береді. Жалпы
бағалауыш мағына заттың барлық қасиеттеріне жалпы
баға берсе, жеке бағалауыш мағынада объект бір ғана
аспект тұрғысынан бағаланады. Көркем мәтінде
бағалауыштық қасиетке ие сөйлемдер фразеологизмдер
арқылы да беріледі.
Авторлық фразеологизмдер
«Кейде жүрек
жылытар әдемі ән сазы құлаққа келеді
де, жалап өткен оқ зуылындай жалғыз сәтте кейін
қалып қояды» (Сафуан
Шаймерденов «Инеш», 10 бет). Жүрек
жылытар – жүрекке жылы тиді; жағымды; көңілге
қонымды мағынасында (ҚТФС, 121 бет).
«Күн болса ыстық, шөлейт
дала. Мен бұл міндетті атқара алар ма екенмін, - деп Манап ойын
болса да тайғанай сөйледі»
(Сафуан Шаймерденов «Инеш», 14 бет).
Тайғанай сөйледі – жасыра сөйледі;
астарлап сөйледі.
«Бұйра шашты, толық өңді бала
мойнын соза төнген аққуға бұрылып, буыны
қатқан адамдардың ешбірі де қайталай алмас, тек
сәбиге ғана тән, жүрекке
ұялар, соншалықты нәзік қимыл жасай бере
тұрып қалған» (Сафуан
Шаймерденов «Инеш», 25 бет).
«Жылы тартып
барады. Баяғысынан да қала мол өзгеріпті» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 26 бет).
Жүрекке
ұялар – жүрекке жылы; жанға жақын.
«Қыз жүрегі
ұйып кетті» («Инеш», 47 бет).
«Денесі шымырлап, жүрегі
ұйып қалғандай болды» («Инеш», 119-бет).
Жүрегі
ұйыды – жүрегі елжіреді; жүрегі жылыды; жаны
ашыды; көңілі түсті; мейірленді.
«Жатқа
паң да, жақынға бауыр етін кесіп беретін
Гүлшаттың өмір жолы да, толайы да басқа еді олардан» («Инеш», 76-бет). Жатқа паң, жақынға бауыр етін кесіп береді
– жақындарына, достарына қашанда көмек көрсетуге дайын
бауырмал, жат, бөтен адамдарға ашыла бермейді деген мағынада.
«Сен үшін қам жейтін, сен үшін белі қайысатын, көмек берер
адамның бары қандай жақсы» - деп ойлады» («Инеш», 130-бет).
«Жұрттың айтуынша ғажап адам
көрінеді ғой өзі, жастар үшін, ғылым үшін белі қайысатын» («Инеш», 205-бет).
Белі
қайысатын адам – жаны ашитын,
көмек көрсететін адам мағынасында.
«Сәске кезінде шығыс беттегі
құздар айрықша ашық, көз ұялатар түрге енеді, жалтылдақ
қымбат тастардың шоғы сияқтанады» («Инеш», 137-бет).
Көз
ұялату – тамашалау;
көздің жауын алар, көркем, сымбатты мағынасында.
«Инеш ішінен
тұтанып, төзімсізденіп қалды» («Инеш», 183-бет).
Ішінен тұтану – тағатсыздана күту
мағынасында.
«Күлімдеген қоңыр көзінде
ұяңдық жоқ та, осындай жаңа пісіп, толса да, әлі уызы жарылмаған
қыз балаларда кездесетін соқтыққыш
ойнақылық бар» («Қарғаш», 9-бет). Уызы жарылмаған – уызы кеппеген; жас.
«Бірақ жұрт ықыласының дұрыстығын жадыраңқы қабақтан
танитыны айдан анық» («Ит ашуы», 91-бет). Жадыраңқы қабақ – ашық жүзді,
шырайы жарқын.
«Семіз
айтасыңдар да, арық
шығарасыңдар» («Ит ашуы», 97-бет).
Семіз сөйлеп, арық шығу – асқынсып сөйлеп, іс жүзінде қаңқу
сөз болып шығу мағынасында.
Жалпыхалықтық қолданыстағы
фразеологимздер
«Сыз окопта, жер үйде, не
болмаса майданның толас
алған бір қабақ қағысында әр
солдаттың аузында осы бір сағынышты сөз ғана болатын» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 10-бет).
Қабақ қағыста – қас қаққандай, қабақ
қақтырмай; өте тез; лезде; әп-сәтте (ҚТФС,
167-бет).
«Жол бойғы станцияларда кездесетін құлақ үйренген
көңілді шу, адам шуы» (Сафуан
Шаймерденов «Инеш», 11-бет).
Құлақ
үйренген –
құлаққа сіңген; үйреншікті; дағдылы
(ҚТФС, 199-бет).
«Мәулен бір байламға тез келді де, Инеш
пен Гүлшаттан екі минутке рұқсат алды» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 12 бет).
Байламға
келді – тоқтамға келді; келісті, уәделесті;
бір пікірге, шешімге келді (ҚТФС, 52 бет).
Қабақ қағыста
өзін тамбурда көрген ол Мәуленнің мына қимылына қайран болып қалған
еді» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 13-бет).
Қайран
болды//қайран қалды – таң
қалды; таңданды; таңырқады (ҚТФС, 170- бет).
«Адассаң өзім барамын. Жарғақ
құлағым жастыққа тимейді. Іздейтін боламын» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 14-бет).
Жарғақ құлағы
жастыққа тимеді – тыным таппады; дамыл көрмеді (ҚТФС,
107 бет).
«Жүріп кетсе мына тұрған
жер болса да, қол жетпес бір
қиян алыс секілді соның бәрі» (Сафуан Шаймерденов «Инеш», 17-бет).
Қол жетпес – қолға түсе қоймас; тым
қымбат, аса бағалы (ҚТФС, 190-бет).
Тіс жарған
жоқ – тіс жармады//тіс жарып тіл (сөз)
қатпады//тіс жарып сөз айтпады; үн-түнсіз қалды;
үндемеді; ләм-мим демеді (ҚТФС, 296-бет).
Қазіргі лингвистер тілді жан – жақты
зерттеген. Соңғы кезде тілдің әр саласының
өзіндік ерекшеліктері мен қыр – сырлары тұтастай зерттелуде.
Солардың бірі – әлі күнге дейін толық зерттелмеген
аксиологиялық лексика.
Аксиология – құндылықтар туралы ілім.
Ал құндылықтар тілмен тығыз байланыста жүзеге
асады. Аксиология қазақ тіл білімінде баға, бағалау,
баға беру тұрғысынан қарастырылып келеді. Бағалау
субъект пен объект арасындағы тікелей қатынас арқылы
жүзеге асады. Жұмыста бағалаудың оң//теріс,
жағымды//жағымсыз қасиеттері анықталып,
талқыланды. Баға берудің субъектісі мен объектісінің
бір – біріне қатынасы «жақсы//жаман» белгілерінің негізінде
тілде қолданылатын аксиологиялық мағыналардың негізгі
екі түрі – жалпы бағалауыштық және жеке
бағалауыштықты құрайды. Жалпы және жеке
бағалауыштық мағынаны көрсетуде қазақ
тілінің лексикалық мүмкіндіктері көп. Жалпы бағалауыштық
мағына субъектінің объектіге қатынасын «жақсы//жаман»
белгісі тұрғасынан көрсететін болса, жеке бағалауыштық мағына
дескрипция мен бағаны байланыстырады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1.
Словарь
лингвистических терминов. Сост., Ахманова О.С. – М, Сов. Э нциклопедия,
1966.
– 608 с.
2.
Есенова Қ.
Баға немесе бағалай сөз саптау // Қазақ тілі мен
әдебиеті. 1996. № 7-8. – 62-66 бб.
3.
Момынова Б.Қ.
Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы) – Алматы. 2003. – 228
б.
4.
Темиргазина З.К.
Оценочные высказывания в современном русском языке. Дисс. д-ра филол. наук.
– Алматы, 1999.
– 287 с.