Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сатуға криминологиялық сипаттама

Алдекова Аида Абжановна

Ақтөбе қ., Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Экономика және құқық факультетінің «Құқықтану» мамандығының 4 курс студенті, Aida_aldekova@mail.ru

 

Бу Свенсон экономикалық қылмысты экономикалық қылмыстар ұзаққа созылатын, жүйелі, пайдакүнемдік ниетпен жасалынатын, шаруашылық қызмет саласында жиі кездесетін, жазаланатын әрекет, деп есептейді. Алайда, қылмыстың созылмалығы қасиеті барлық экономикалық қылмыстарға тән емес. Дженаро Д.Д. мен Бетерс Э.: "Экономикалық қылмыстар - байлық жинаудың әділ процесі, ол заңмен қорғалынатын нарықтың ойын ережесін бұзады",-дейді [1].

Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату көне заманда, ақша пайда болғаннан-ақ қоғамда кездесіп отырған. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сатқаны үшін жауапкершілік туралы заңнамалардың даму тарихы ерекше жағдайлардан өтті. Ресейдің алғашқы қылмыстық кодексі (1922) бұл қылмыстық әрекетті құжаттарды бұрмалаудың түрі ретінде қоғамдық тәртіпке қарсы қауіпті қылмыс деп қарастырды. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сатуға мемлекеттік қылмыстық сипат беріп, ОАК мемлекеттік қылмыстар туралы (1927) жалпы одақтық ереже қабылданды. 1959ж. Қазақ Советтік Республикасы қылмыстық кодексінде жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау шаруашылық қылмыстар қатарында қаралды. И.А. Сербина: "Жалған ақшаны жасау, сақтау, не сату банктік операцияларды, не басқа мәмілелерді жүзеге асыру процесінде кездеспейді. Бұл құжаттар әріптестер арасында шарт жасамай сатылады", - деп есептейді [2].

Экономикалық қылмыстар саласындағы  ҚР ҚК бойынша өндірісте         тіркелінген  жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар санының көрсеткіші төмендегідей: 1998 жылы 3593 экономикалық қылмыстардың 871-і жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыс, 1999ж. 3538 экономикалық қылмыстардың 866-і, 2000ж. 5292 экономикалық қылмыстардың 639-ы, 2001ж. 5622 экономикалық қылмыстардың 590-ы, 2002ж. 6036 экономикалық қылмыстардың 797-ы, 2003ж. 4669 экономикалық қылмыстардың 844-ы жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар. Профессор Қайыржанов Е.І. қылмыстардың себептерін екі топқа бөледі: макродәрежедегі мән-жайлар (әлеуметтік-экономикалық формацияның, идеологиялық, әлеуметтік құндылықтардың және т.б. өзгеруімен), екіншісі -нақты қоғамға қауіпті әрекеттердің жасалуына әсер ететін микродәрежедегі мән-жайлар. Мысалы, фашистік төңкеріске даярлық кезінде қаражат тарту мақсатында жалған француз банкноттарын шығару үшін 1920 жылы ұйымдасқан топ құрылған. Оның құрамында Венгрия мемлекет басшысының хатшысы Харти-Барта, министрлер де болған. Топтың құрамына мүшелікке алу үшін ант берілген. Қылмыстық әрекет мемлекеттік масштабта (!) жүргендіктен ақша даярлайтын қағаз, бояулармен қамсыздандырумен байланысты қиындықтар болған. 1922 жылы 3000-ға жуық 1000 франктік билет даярланған. Кейін югославиялық динар, чехословакиялық крон, румыниялық лейлер жасауға көшкен. Бұл қылмыс халықаралық деңгейге көтерілгендіктен, қылмыс ашылып, 24 чиновник және атақты өкілдер ұсталынған. Қылмысты ұйымдастырушы князь Виндингред түрмеге қамалған[3].

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау тарихында  қалған кейбір қылмыскерлер жөнінде  бірер ой айтсақ. Мұндай тұлғалардың  бірі - одақ кезінде дүниежүзіндегі нөмері бірінші жалған ақша жасаушы Виктор Баранов. Оның арнайы шеберханасы болған. Мұнда қылмыскер теңдесі жоқ полиграфиялық шешімдерді, химиялық қоспалар, бояулар мен техникалық құралдарды ойлап тапқан. Сол уақыттағы 25, 50 сомдық банкноттардағы В.И.Ленин суретінде микроскоппен қарағанда әрең көрінетін, кірпіктің қабағына сәл тимей тұруы қажетті қорғану белгісі болған. Барановтың жасаған ақшаларының барлығында осы белгі сақталынған. Аға мемлекеттік сарапшы Тимофеев "Барановты дер кезінде ұстағандары дұрыс болған, бәлкім ол жарты жыл уақыт салып, ҒЗИ-на келгенде, жалған ақшаны жасау жөніндегі қылмысқа байланысты докторлық диссертацияны қорғап алар еді", деп қылмыскердің іскерлігін мойындаған екен. Барановтың ақшадағы сулы белгі құпиясын ашқандығы туралы оқиға қызық. Бір жарым жыл еңбектенген Баранов, еңбегінен түк шықпағанына ашуланып, қағазын умаждап шелекке тастайды да, түкіріп жібереді. Түнде оянып, қағазына қайта үңілген данышпан жұлдызша белгінің бейнесін көріп, қиын жұмбақтың шешімін тапқан. Сонда қағаз қоспасының құрамында белок жетпеген көрінеді. Барановтың жасаған жалған ақшалары өзі құқық қорғау органына ұсталғаннан кейін 10 жылға дейін айналымнан табылып отырған. Егер де Ресей ақша реформасы дер кезінде жүргізілмегенде, бүгінгі кезге дейін сол жалған ақшалар азаматтық айналымда жүрер ме еді, - дейді Ресей сарапшысы. Иванов И.И., Фрунзелік  Далдолов, Бурда сынды кәсіби ақша жасаушылар білгір қылмыскерлер 10 профессорға  тең келетін болған. Баранов пен  Бурда жасаған қылмыстары үшін 12 жылға, Далдолов 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Баранов сот шешімімен алғашқыда өлім жазасына кесіледі, кейіннен іс қайта қаралып, сот қылмыскерді 12 жылға бас бостандығынан айырады[4].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.     Солопанов И.В. Ответственность за фальшивомонетничество: Учебное пособие. –М:1962.

2.     Бу Свенсон. Экономическая  преступность /Перевод со швед. Решетова  Ю.А.; 1987.

3.     Тленчиева Г.Д. Проблемы  борьбы с экономической преступностью  в Казахстане. -Алматы: Жеті жарғы, 1996.

4.     Стручков Н.А.  Изучения обстоятельств, обуславливающих  преступность в СССР //Советское  государство и право. -1971