УДК 34.06
Қалдарбек Ұ.Ж., Төлеген Г.Ө.,
Нұрғалиева Қ.Т.
Қазақстан Республикасы, ҚарМТУ
Құқық негізінде тұрмыстық
зорлық-зомбылықтың алдын алу
Әлем қазір жылап
тұр... Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті
тербететін әйелдердің жай күйі қалай?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық хақында...
Жалпы, тұрмыстық
зорлық-зомбылық – ауыр әлеуметтік салдары бар проблема.
Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің
құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең
ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Статистика бойынша
отбасындағы зорлық-зомбылық әйел адамдарға
қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық
әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Кейінгі жылдар ішінде
елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша
заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы
заң қабылданды. Бұл заң зорлық-зомбылық
құрбандарын қорғауды және отбасылық
жанжалшыларға қатысты қылмыстық-процестік
мәжбүрлеуді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір
кеңейтті. Соның арқасында
отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың
азаю динамикасына қол жеткізу мүмкін болды. Алайда бұл
мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде
маңызды әлеуметтік мәселе болып отыр. Көптеген
құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал
зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей
қалады. Ресми статистика жәбірленушілердің полицияға
шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан
жағдайдың нақты сипатын көрсетпей отыр. Сол себепті
бүгін отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің
алдын алудың тіптен жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай
әрекеттердің алдын алуда
әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық
беру керек.Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен сәтті
күрес жүргізудің негізгі шарты – қоғамның
көзқарасын өзгерту. Ол үшін қоғамдық
сана мен қалыптасқан стереотиптерді түбегейлі өзгертіп,
отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарына сәйкес
түсінік қалыптастыру қажет, қоғамға
қарсы мінез-құлықты еркімен жібермеу керек. Әрбір
жазасыз қалған үй бұзақысы өзінің
бойында бұдан да ауыр құқық
бұзушылықтарды жасауға негіз болатын жауапсыздық
сезімін дамытады. Бұл жұмыстың сәтті жүруіне
мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының біріккен
күшінің нығаюы септігін тигізеді, әсіресе
отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын практикалық
тұрғыда шешумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдармен
әрекеттестіктің зор ықпалы бар. Мысалы,
Қазақстанда зорлық-зомбылыққа
ұшыраған әйелдердің құқығын
қорғайтын мемлекеттік және тәуелсіз дағдарыс
орталықтары бар. Олар әйелдерге заң жөнінен кеңес
беріп, психологиялық көмек көрсетеді. Бірақ
зорлық-зомбылық көрген әйел бұл
орталықтарға қаншалықты жүгінеді? Бұл
орталықтар өз міндеттерін қаншалықты дәрежеде
атқарып отыр? «Қазақстандағы әйелдер»
ұйымының дерегінше, бір жылда елдегі дағдарыс
орталықтарына зорлық-зомбылыққа ұшыраған 12
мың әйел шағымданған. Алматыдағы полиция
басқармасы күніне он шақты әйел ерлер тарапынан
зорлыққа не қанауға ұшырағанын айтып
хабарласатынын мәлімдейді. Бұл шағымданғандары,
шағымданбай жүргендері қаншама? Әрине, біз бұл орталықтарға
айып таға алмаймыз. Біздің қазақтың
әйелдері сонау ілгеріден биязы, момын келеді. Оның үстіне
жұртқа күлкі боламын-ау, «ұят болады» деген ойлармен
шыдап жүре береді. Осы шыдамдылық ақыр соңында
түбіне жетеді. Сол себептен әр ауылға, әр
ауданға, әр облыс, әр қалаға осындай
әйелдің жай күйін бақылайтын орталықтар
қажет секілді. Бұл тек осы орталықтардың немесе
заң органдарының ғана мәселесі емес, бұл
қоғам мәселесі, қоғамның дерті. Сол себепті
бұл мәселемен жұмылған жұдырықтай
барлығымыз бірлесе күресуіміз шарт!
Ұлт жоспары – бес
институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100
нақты қадам» бағдарламасын, соның ішінде
құқық бұзушылықтардың алдын алу,
зорлық-зомбылық фактілеріне мүлдем төзбеушілікті
қалыптасытру мақсатында Бас прокуратурамен «Отбасында
зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы іске асырылуда.
Жобаның міндеті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен
күрес бойынша тиімді, кешенді тетіктерді дайындау, сондай-ақ
отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы
құқық бұзушылықтарды төмендету болып
табылады. Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық
зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 1-бабына
сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы
— тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының
субъектілері жүзеге асыратын, отбасы-тұрмыстық
қатынастар аясында адамның және азаматтың
конституциялық құқықтарын, бостандықтары
мен заңды мүдделерін қорғауға,
тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және
жолын кесуге, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер
мен жағдайларды анықтауға және жоюға
бағытталған құқықтық,
экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық
шаралар кешені. Статистикалық деректерге сәйкес 2010 - 2016 жылдар
аралығында ішкі істер органдарымен отбасы-тұрмыстық
қатынастар аясында барлығы 12 мыңнан астам әкімшілік
құқық бұзушылық анықталған,
оның ішінде 1,7 мыңнан астамы - 2016 жылдың өткен
кезеңінде орын алған. Талдау отбасы-тұрмыстық салада
көпшілік жағдайда зорлық-зомбылыққа отбасы неке
қатынастарында неғұрлым әлсіз болып табылатын
әйелдер душар болатындығын көрсетті. Облыстың
соттарымен 2010 жылдан күні бүгінге дейін
отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 12 мыңға
жуық әкімшілік іс қаралған. Көп жағдайда
істер ӘҚБтК 73-бабы бойынша (отбасы-тұрмыстық
қатынастар аясындағы құқыққа
қарсы әрекеттер) жәбiрленушiнiң арызының
негізінде қозғалатындықтан және ол әкiмшiлiк
құқық бұзушылық жасаған
тұлғамен татуласуына байланысты тоқтатылуға
жататындықтан, ӘҚБтК 64-бабының
1-тармағының негізінде тараптардың татуласуына байланысты
ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылады.
Тұрмыстық
зорлық-зомбылықтың көріністерінің негізгі
себептері тұрмыстық ұрыс-керіс, қолайсыз
материалдық жағдай, қызғаныш, отбасындағы теріс
психологиялық климат, басқалардың мүдделерін елемеу болып
табылады. Көбінесе құқық бұзушылықтар
кешкі уақытта жасалады.
Іс жүзінде
зорлық-зомбылық әр жағдайда ішімдік ішуден болады
және статистика аталған даулардың жиі денсаулыққа
зиян келтірумен аяқталатынын көрсетеді. Сондықтан,
тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының
әдістерін міндеттері адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары
мен заңды мүдделерін қорғау болып табылатын
психологтармен және басқа да мемлекеттік органдар мен
мекемелердің субъектілерімен біріге отырып шоғырландырып
қолдану қажет деп санаймыз.
Тұрмыздық
зорлық-зомбылық – әрине, ауыр тақырып. Отбасында зорлық – зомбылық
көрген бала, қоғамда қалай өсіп жетіледі деп
ойлайсыз? Оның денсаулығы қалай болады? Психикасына
қалай әсер етеді? Ал әйел адам психикасы
зақымдалған соң перзентін қалай тәрбиелейді? Сол
себепті бұл ауыр дертпен қоғам болып күресуіміз керек деп
ойлаймын!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Орысша-қазақша заңдық
түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті
жарғы» баспасы, 2008 жыл.
2. Сапаргалиев Ғ. Ибраева А. Мемлекет және
құқық теориясы. Оқу құқралы.
Алматы, 1997жылы. 23 бет
3. Жамбылова Р. Заң терминдерінің
қазақша-орысша, орыша-қазақша анықтамалық
сөздігі. Алматы, 2001 жыл 88 бет
4. Табанов С.А. Салыстырмалы
құқықтану негіздері. Т12. Алматы: “Жеті
Жарғы”,2003. 25 бет
5. Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және
құқық теориясы. С21. “Фолиант” баспасы, Астана-2007.
125 бет