ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ

 

БЕКЕШЕВА ДАНА АЙТБАЕВНА

 

КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН ФАКТОРЛАРДЫ ТАЛДАУДЫ ЖЕТІЛДІРУ

 

 

Кәсіпорынның тұрақтылығы ең бірінші өндіріс шығындарымен үздіксіз байланысқан өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің құрамы мен құрылымына тәуелді. Сондай-ақ, тұрақты және айнымалы шығындар арасындағы қатынас маңызды болып табылады.

Қаржылық тұрақтылықтың ішкі, маңызды факторларының бірі – бұл қаржы ресурстарының құрамы мен құрылымы, оларды басқару стратегиясы мен тактикасының дұрыс таңдалып алынуы. Кәсіпорынның өз қаржы ресурсы, соның ішінде таза табысы қаншалықты көп болса, соншалықты ол өзін жайлы сезіне алады.

Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қарыздық капиталдар нарығындағы қосымша жұмылдырушы (мобилизацияланушы) қаражаттар үлкен әсерін тигізеді. Кәсіпорын ақша қаражаттарын қаншалықты көп тартатын болса, оның қаржылық мүмкіндіктері де соншалықты жоғары болады, алайда, сонымен бірге қаржы тәуекелдігі де өседі, яғни кәсіпорын өз кредиторларымен уақытында есептесе ала ма, жоқ па? – деген қауіп туады.

  Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына әсер ететін мынадай ішкі факторларды атап көрсетуге болады:

-  кәсіпорынның салалық топқа жатуы;

-  шығарылатын өнімнің (жұмыс, қызмет) құрылымы және оның жалпы төлем қабілеттілігі бар сұраныстағы үлесі;

-  төленген жарғылық капиталдың мөлшері;

-  шығындардың көлемі, олардың ақшалай табыспен салыстырғандағы динамикасы;

-  қорлар мен резервтерді, олардың құрамы мен құрылымын қоса алғандағы мүлік пен қаржы ресурстарының жағдайы;

-  кәсіпорындарды басқару тиімділігі.

Кәсіпорынның тұрақты қаржылық жағдайын қалыптастыруда оның өз контрагенттерімен (салық органдары, банктер, жабдықтаушылар, сатып алушылар, акционерлер және тағы басқалар) өзара қарым-қатынасы үлкен әсер етеді. Сондықтан да серіктестермен реттелген іскерлік қатынаста болу – жақсы қаржылық жағдайдын бірден-бір шарты болып табылады. Әрине, акционерлер өз жинақ қорларын тұрақты тиімділікке ие және дивиденттерді ұқыпты төлейтін қаржылық тұрақты кәсіпорындарға салады. Инвестициялық таратымдылығы болуы үшін, тек бүгінгі күні ғана емес, болашақта да кәсіпорынның қаржылық жағдайы көршісіне қарағанда жақсы болуы тиіс [1, 158 б.].

Осылайша, қаржылық жағдай кәсіпорынның бәсекелестік қабілетін және оның іскерлік қарым-қатынастағы потенциалын анықтайды, кәсіпорынның өзінің және оның серіктестерінің қаржылық және басқа қатынастар тұрғысындағы экономикалық қызығушылықтары қаншалықты дәрежеде кепілдендірілгенін бағалайды.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайының объективті дұрыс бағасын алудың ең жақсы тәсілі, бұл – талдау, ол кәсіпорынның даму бағытын бақылауға, оның шаруашылық қызметіне кешенді түрде баға біреуге мүмкіндік береді және сондай жолмен басқарушылық шешімдерді өңдеумен кәсіпорынның өзінің өндірістік кәсіпкерлік қызметі арасында байланыстырушы қызметін атқарады.

  Бұрынғы қолданылып келген талдау әдістемесінде әр түрлі баптардың мәндерін, баланс бөлімі мен топтарының жиындарын олардың мөлшерлік көлемдерімен салыстыру, мөлшерден ауытқуын зерттеу, бұл ауытқулардың кәсіпорынның қаржылық жағдайының тұрақтылығына қалай әсер етуін зерттеу шешуші роль атқарады. Жаңа қаржылық есептің маңызды ерекшеліктерінің бірі – онда жоспарлық көрсеткіштер мен нормативтердің жоқтығы болып табылады [2. 145 б.].

  Нарық жағдайында қаржылық жоспарлау кәсіпорынға оның қызметі жөнінде көптеген параматрлерді сырттан бекітетін орталықтандырылған әкімшілік сипатты жояды. Ол, ең алдымен бәсекелестік нәтижесінде қарқынды өзгеріп отыратын нарықтық коньюнктура жағдайында өзінің хал-жағдайын нығайтуға ұмтылатын кәсіпорынның шаруашылық әрекетінің икемді стратегиясы мен тактикасына жасауға қызмет етеді. Қаржылық қызметте нормативтерді пайдалану кәсіпорынның өз еркінде, сондықтан нормативтер туралы ақпараттар, коммерциялық құпияға айналады. Жоспарланған нормативтерден ауытқуды талдау, кәсіпорынның ішкі талдауының құрамдас бөлігі болып табылады. Бухгалтерлік есеп беруге негізделген қаржылық жағдайды талдау, сыртқы талдау сипатына ие болады, яғни бұл кәсіпорынның қызметі туралы ақпараттардың шектеулі бөлігінен тұратын есеп мәліметтері негізінде осы кәсіпорынның мүдделі контрагенттерінің – меншік иесі немесе мемлекеттік органдардың берілген кәсіпорынның шегінде жүргізетін талдауы. Қаржылық жағдайды ішкі талдау әдістемесі, әрбір кәсіпорын үшін тек потенциалды әріптестерін бағалау мақсатында ғана емес, сонымен қатар қаржылық есепті сыртқы пайдаланушылардың көзқарасы тұрғысынан алғандағы өзін-өзі бағалау үшін де қажет.

Кәсіпорынның стратегиясы қаржы ресурстарын оның қызметінің тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін іс-шараларға бағытталуын қамтамасыз етуі тиіс.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.     Русак Н.А. Анализ финансового положения предприятия. В учебнике «Анализ хозяйственной деятельности в промышленности». Под общ. Ред. В.И. Стражева – Минск: Вышэйшая школа, 2005. – 158с.

2.     Радионова В.М., Федотова М.А. Финансовая устойчивость предприятия в условиях инфляции. – М.: Изд-во «Перспектива», 2005. – 145с.