Оспанова Гуьлпат Айбасовна статистика магистрі, аға оқытушы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Күріш өндірісінің технологиялық және бухгалтерлік есебін ұйымдастыру ерекшеліктері

 

Ауыл шаруашылығы өндірісінің, оның ішінде астық өндірісінің негізгі ерекшелігі жерді басты және ауыстырмайтын өндіріс құралы ретінде пайдалануы және оны табиғи экономикалық – жағдайға тәуелділігі болып табылады [1, б.52]. Күріш дақылдарының өнімділігі алдымен тұқым себілетін жердің сапалығына байланысты. Өнімділікті жоғарылату мақсатында топырақтың құнарлылығын арттыру шаралары жүргізіледі, өндіріске жаңа технологиялар енгізіледі. Осыған байланысты оны өңдеуге, тыңайтуға, мелиорациялауға кеткен шығындар есебін ұйымдастыру және жүргізілген жұмыстар мен дақылдар өндірісінң тиімділігін анықтау қажеттілігі пайда болды. Астық шаруашылығының биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес олардың әрқайсысынан осы салаға қажетті бірнеше өнім түрлері алынады. Ал, осы жерде өндіріс шығындарын өнімнің түрлеріне қарай межелеу ісі бухгалтерлік есептің міндетіне кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс кезеңі мен өндіріс уақыты бір – біріне өзара сәйкес келе бермейді және осыған орай ол маусымдық сипат алады. Мұндай ерекшеліктеріне байланысты шаруашылық субъектілері өздеріне күріш шаруашылығынан түскен өнімдерінің өзіндік құнын ай сайын есептей алмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін жылдың барысында жоспарланған өзіндік құны бойынша бағалайды. Оны жылдың аяғында, өндіріске жұмсалған шығындар жөнінде есеп берулерді жасағаннан соң және өзіндік құн айырмашылықтарын тиісті шоттарына есептен шығарғаннан кейін ғана нақтылы бағасына жеткізеді. Бұл өз кезегінде маусымдылық жыл кезеңдері бойынша еңбек пен құралдар шығындарының сәйкес болмауына ықпал етеді [1, б.52]. Шаруашылықтағы заттай және еңбек шығындарының көп бөлігі көктемде егістік кезінде және күзде егін жинау кезінде жұмсалады. Бұл кезеңдерде есеп мәліметтерінің ағыны мен оның сыйымдылығы сәйкесінше артады да, ол, өз кезегінде есеп қызметкерлеріне жүктемесін молайтады. өндірістің бұл ерекшелігін ескере отырып, күріш шаруашылығы субъектілерінің есеп бөлімінің қызметкерлері есеп жұмыстарын уақытылы, нақтылы, жоспарлы ұйымдастыруы керек. Биологиялық ерекшеліктеріне байланысты астық дақылдарынан өнімнің бірнеше түрлері алынады: дән, қалдық және сабан. Дән мен қалдықтар арасындағы шығындар әдістемеген сәйкес толыққанды дәнге қайта есептелген массасына қайта бөлінеді. Әдістемеген сәйкес сабан есеп объектісі болып табылмайды. Сондықтан оның өзіндік құны нормативтік тәртіпке сәйкес анықталады. Сабанның өзіндік құнын анықтаудың нормативтік тәртібі тәжірибеде тиісті нормативтік базаның жоқтығына байланысты өз дәрежесінде анықталмайды.

Өндіріс көлемін ұлғайтумен байланысты, астық дақылдарын егуді ұйымдастыру мен оның технологиясындағы өзгерістер есепті жетілдіру мәселесін алға тартады. Өз кезегінде, өнімнің өзіндік құнын есептеу мен шығындар есебінің әдістемесін жетілдіруде аймақтағы  табиғи – экономикалық жағдай  мен өндіріс ерекшелігін  толық білуге және оны орынды пайдалануға сүйену керек.

Біздің зерттеуіміз бойынша осы нақтыланған міндеттерді жүзеге асыруда күріш өндірісінің технологиялық ерекшеліктеріне сәйкес, бухгалтерлік есепті жетілдіру жолдары анықталды.

Күріш шаруашылықтарында өндірістік шығындардың ішінде күрішті суаруға кеткен шығындар есебі маңызды орын алады.

Осыған орай күріштен мол өнім алу үшін оның өсіп - өнуі  кезеңінде күріштің суару нормасын бақылап отыру керек, яғни кезеңге орай суарудың есебін жүргізіп отыру қажет.

Еліміздегі күріш және тағы басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға қажетті су шығындарын есептеудің қазіргі қолданылып жүрген тәжірибесі бүгінгі күн талаптарына сәйкес емес.

Қазіргі таңда судың дұрыс және қатаң есебін жүргізбей, күріш аймақтарында егістік жерді суаруға арналған судың ұтымды түрде қолданылуы мүмкін емес. Қызылорда облысы шаруашылықтарында  күрішті суарумен байланысты шығындар – оларды өндіру шығындары құрылымында біршама салмақты үлес алып отыр. Олар күрішті өсірудің барлық өндірістік шығындарының 10 – 15 %-і құрайды. Суаруға арналған барлық шығындардың жартысына жуығы – жалпы суару шығындарының үлесіне тиеді.

Мысалы 2014 жылы күріштің өндірістік шығындарының құрылымындағы суару шығындарының үлес салмағы Қызылорда облысы бойынша орта есеппен 15 -20 % құрады. Мұндай жағдай жалпы суару шығындарын дұрыс бөлуді талап етеді. Ол үшін дақылдар бойынша суару шығындарының есебін қалпына келтіру қажет.

Ауыл шаруашылығы компанияларында бухгалтерлік есеп жүргізудің мақсаты – ең аз шығындармен бастапқы құжаттарды өткізіп, есептілікті алуға мүмкіндік беретін ең қолайлы есеп схемасын әзірлеу және ендіру болып табылады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер көзі

1.                     Камышанов П.И., Камышанов А.П., Камышанова Л.И. Бухгалтерский учет и аудит – М.: «ПРИОР», 1998.

2. Кондраков Н.П. Бухгалтерский учет: Учебное пособие. –М.: ИНФРА-М, 1997.

3. Радостовец В.К, Радостовец В.В, Шмидт О.И. Бухгалтерский учет на предприятий. 3-е изд, перераб.и доп.-Алматы:Центраудит-Казахстан,2002.-567с.Абленов Д.О.Аудит:теория и практика  /Учебник/ Алматы: Экономика, 2005.- 420с