БАСТАУЫШ
СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН
РЕФЛЕКСИЯ
ТҮРЛЕРІ
Базарбекова
Рабиға Жолшықызы
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
оқытушысы
Алматы
қаласы
Қазіргі
таңда оқушылардың өз әрекетіне рефлексия
жасаудың көптеген түрлері бар. Бастауыш сынып оқушыларының рефлексиялық
қабілеті оқыту
үдерісінде жүзеге асады. Бұл үдеріс баланың
өз бетінше білім алуымен, өзін-өзі бағалай алумен,
өзін-өзі реттеумен тығыз байланысты. Дәстүрлі
оқытуда мұғалім дайын білімді оқушыларға
өзі мазмұндап айтып береді, ал оқушы дайын «білімді» алады. Рефлексия
туралы сөз болмады. Ал қазіргі оқыту жағдайында жаңа талпыныс, өзгерістердің бірі –
білім берудің жаңа жүйесінің жасалуы. Білім беру
салаларында жаңаша көзқарас, жаңаша
қарым-қатынас (білім мазмұнын жаңарту, жаңаша
базистік оқу жоспарына көшу, жаңа оқулықтар мен
оқу-әдістемелік кешендердің эксперименттік сынақтан
өтуі т.б.) жаңаша ойлау қалыптасуда.
Қазіргі заманғы педагогикалық
және психологиялық зерттеулерде
бастауыш сынып оқушылары оқу материалын тек түсініп
қана қоймайды, сонымен бірге өздерінің оқу
әрекетін өздері саналы түрде ұйымдастыра
алатындығын дәлелдеп отыр. Олай болса бастауыш сынып
оқушылары «Мен не істедім? Оны не үшін жасадым? Қандай
нәтижеге қолым жетті? Қай
нұсқа (вариант) тиімдірек? деген сұрақтарды
өздеріне қойып, өзінің әрекетін саналы
түрде түсінеді, рефлексия жасай алады. Рефлексия жасау арқылы
оқыту барысында мұғалім мен шәкірт арасында
өзгеше қарым-қатынас пайда болады.
Мұғалімнің көмегімен ол жаңа материалды
өздігінен түсінеді, шығармашылық ізденіс
қалыптасады. Рефлексияның негізінде оқушының оқу
белсенділігі артады, оқудағы мақсатын түсіне бастайды,
өзін-өзі бағалау арқылы әрбір оқу
әрекетін саналы түрде ұйымдастыра алатын болады. Рефлексияны
тек сабақ соңында ғана емес, әртүрлі
жағдайда ұйымдастыруға болады, сабақтың жеке
кезеңдерінде, тақырыппен танысу барысында біртіндеп
тұрақты ішкі рефлексияға ауысуға болады.
Педагогикалық ғылыми әдебиеттерді
талдау барысында рефлексия түрлерін былайша топтауға болады:
-
эмоциональдық жағдай мен көңіл-күй рефлексиясы;
-
сабақтағы әрекет рефлексиясы;
-
оқу материалының мазмұнына рефлексия.
Эмоциональдық жағдай мен
көңіл-күй рефлексиясы
Сауалнама:
Сабақ
соңында балаларға сабаққа талдау жасауға
мүмкіндік беретін сауалнама таратылып беріледі. Оқушы
өзінің әрекетіне баға беретін сәйкес
жауаптың астын сызады.
1. Мен сабақта |
белсенді болдым / жайбарақат болдым |
Шартты белгілер. Мұғалім ұсынған стикерге шартты белгілер
арқылы оқушылар өздерінің белсенділігі мен
сабақтағы әрекетін бағалайды.
«V» - мұғалім сұрады,
бірақ жауабым дұрыс болмады.
«W» - мұғалім сұрады, жауабым дұрыс болды.
«| » - өз еркімен шықтым, бірақ жауап
дұрыс болмады.
«+» - өз еркімен шықтым,
жауабым дұрыс болды.
«0» - жауап бергем жоқ.
Смайликтер. Өзін-өзі
бағалаудың қарапайым тәсілі ретінде смайликтерді
қолдануға болады. Оқушыларға
көңіл-күйді білдіретін (көңілді,
көңілсіз, бейтарап) смайликтер беріледі. Сабақ соңында
олар өздерінің көңіл күйін осы смайликтер
арқылы білдіреді.
«Бағдаршам». Балалар дөңгелекпен бағдаршам
түстерін көрсетеді. Сабақты жақсы түсінген болса
жасыл, толық түсінбесе сары, маған көмек керек десе
қызыл түсті қолданады.
Комплимент. Сабақты
жақсы көңіл күймен аяқтау үшін балалар
бір-біріне сабаққа жақсы ат салысқаны үшін
және мұғалімге сабақ үшін жақсы
комплименттер айтады. Сабақты бұлай аяқтау әр
оқушының жеке тұлға ретінде өзінің сол
ортадағы мәнділігін бар екенін сезінуге көмектеседі.
Нәтиже баспалдағы. Сабақтың
әр кезеңінде
орындаған жұмыстар, оқу әрекеттері бойынша
белсенділігін балалар баспалдаққа шартты белгілерді қойып,
өзін бағалауға үйренеді.
Эмоциональды
музыка. Оқушылар екі түрлі
композитордың шығармасынан
фрагмент тыңдайды (мұғалім шығарма авторын айту керек). Көңілді, көңілсіз
екі әннен үзінді тыңдайды да, сабақ
соңындағы көңіл-күйіне сәйкес сол әндердің бірін
таңдайды. Оқушылардан музыка тыңдаған кезде
қандай сезімде болдың? Қазір қандай сезімдесің?
деген кері байланысты жүйелі түрде жүргізіп отырған
жағдайда балаларға бұл тәсіл үйреншікті болып
қалады.
Пейзаж. Мұғалім
оқушыларға табиғат көрінісін бейнелейтін пейзажды
өзінің сабақтағы көңіл-күйін
бағалау үшін таратып береді. Суреттің бірінде ашық
күн, сұлу табиғат бейнеленсе, екіншісінде жаңбыр,
сұп-сұр, шөбі курап
жатқан дала суреті беріледі.
Оқушылар сабаққа көңілі толмаса
көңілсіз пейзажды, ал сабақ қызықты болса
ашық, әсем пейзажды таңдайды.
Сабақтағы әрекет рефлексиясы
Рефлексияның
5 тәсілі:
·
Бүгінгі
сабақ бойынша үш сұрақ құрастыр.
·
«Менің
пікірім» тәсілі. Сен өзіңнің бұрынғы
пікіріңе жаңа пікір
қоса аласың ба?
· Сабақта жаңа не үйрендің?
·
«Телеграмма» тәсілі. Сабақта не
үйренгенің туралы өзіңе таныс адамға 11
сөзден тұратын хабарлама жаз.
·
«Келіңдер,
сыбырласайық». Қасында отырған көршісіне
өзінің бүгінгі сабақтағы
көңіл-күйі туралы сыбырлап айт.
Плюс-минус-қызық. Бұл тәсілді сабақтағы уақыт
көлеміне қарай ауызша да, жазбаша да орындауға болады.
Жазбаша түрде орындау үшін балалар үш бағаннан тұратын мынадай кестені толтырады.
П- плюс |
М-минус |
Қ-қызық |
Бұл жерге
балалар сабақта не ұнағанын жазады. |
Бұл жерге
сабақта ұнамаған, қызықсыз, мәнсіз нәрселерді жазады |
Ал сабақта
алған жаңа мәліметтер мен қызықты оқу
әрекеттерін осы бағанға жазады |
Бұл
таблицаны медицина ғылымының докторы, Кембридж
университетінің профессоры Эдвард де Боно ойлап тапқан. Бұл
кесте мұғалімге өз сабағына оқушы көзімен
қарауға мүмкіндік береді, мұғалім әрбір
оқушы үшін сабақтың құндылық
деңгейі қаншалықты екенін саралай алады. Ал оқушы
үшін «плюс» және «қызық» деген кесте бағанын
толтыру маңызды, өйткені бұл бағандағы деректер
оқушының келешек оқу әрекетіне қажет болуы
мүмкін.
Оқу
материалының мазмұнына рефлексия
«Қанатты
сөздер» тәсілі. Балаларды
оқуға жұмылдыру үшін атақты ғұлама
адамдардың бірнеше қанатты сөздерін ұсынады. Балалар өздеріне ұнағанын
таңдап жатқа айтады. Сабақ соңын сол қанатты сөзбен аяқтайды.
Мысалы, М.Әуезов.
Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең
әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң –
тәртіп керек.
Күшіңе
сенбе, адал ісіңе сен.
Өзіңе
қарай дос таңда,
Күшіңе
қарай жүк көтер
А.Байтұрсынов.
Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ.
Қанатты
сөздер мен мақалдарды қолдану оқушылардың тілін анық,
жарқын, әсерлі етеді, бұл тәсілдің адамгершілікке
тәрбиелейтін құндылығын да ескерген дұрыс.
«Аяқталмаған сөйлем»
тәсілі. («Әдебиеттік оқу», 4 класс, С.Рахметова, Р.Ж.Базарбекова).
Тақырыбы: «Менің атым
Қожа»
Маған
Қожа ұнады (ұнамады), өйткені ол:
-
еңбексүйгіш,
-
мейірімді
-
салмақты
-
алғыр
Маған
Жантас ұнамады (ұнады), өйткені ол:
- жалқау
- қу
- дөрекі
-
өркөкірек
«Егер
..., онда ...?» тәсілі. Бұл сұрақ түрінде
берілетін рефлексиялық тәсіл оқушыға осы мәселеге
басқа көзқараспен қарауға, өзінің
пікірін айтып, оқиғаның ары қарай дамуы жайлы болжам жасайды, сол арқылы оқушының сөйлеу гипотеза ойлауын дамытуға
мүмкіндік береді.
Рефлексиялық тақта. Балалар
шеңбер бойымен тақтадағы сөздерді оқып, бір-бір
сөйлемнен оқып, өз үйренгенін айтады:
1.
Бүгін мен …
2.
Маған … қызық болды.
3.
Маған … қиын
болды.
4.
Мен мынадай тапсырмаларды орындадым…
5.
Мен … түсіндім.
6.
Мен енді …
7.
Мен … түсіндім
8.
Мен … үйрендім
9.
Мен … жасай алдым
10.
Мені … таң
қалдырды.
11. Сабақтан өз өміріме
қажетті ... алдым.
Синквейн тәсілі. Бұл тәсіл өткенді
жаңамен байланыстыруда өте тиімді.
- бірінші жол – тақырып (бір зат
есім);
- екінші жол – екі сөзден тұратын сын есім;
- үшініші – тақырып аясында әрекетті білдіретін үш сөз;
-
төртінші – тақырыпқа байланысты өз пікірін білдіретін
төрт сөз (толық сөйлем)
- соңғы – тақырып мәнін ашатын синоним.
Әрбір оқушы синквейн
арқылы өзінің білімін, қиялын, сезімін «бес жол
өлеңге» біріктіруді үйренеді.
Мысалы, («Әдебиеттік оқу», 4
класс, С.Рахметова, Р.Ж.Базарбекова).
Тақырыбы:
«Әскербектің әтеші»
1. Әтеш
2. Әдемі, сұрықсыз
3. Шақырады, кербезденеді, қырылдайды,
4. Әскербек әтешін құтқарып қалады
5. Қырылдауық
Топ рефлексиясы.
Топта рефлексияны мынадай тірек
сөздер мен сөз тіркестерін қолдану арқылы
ұйымдастыруға болады: көмек, достасты, кеңес берді,
бәрі, көмектесті, айтты, кеңес, дос т.б.
Мысалы: Біз өз ойымызды айтуды ....
Маған Айдос… көмектесті.
Көпшілігі үндемеді, себебі …
Біз бірге сурет салдық
Біз ..... жазбақшы болдық.
Оқушылардың бірлескен
әрекеттері арқылы істеген оқу тапсырмаларын сабақ
соңында сурет сызбаға салып айтып шығуға болады.
Рефлексия алгоритмі. Оқушылардың
топта қалай жүмыс істегенін, коммуникативтік дағдылары
қалай қалыптасқанын білу үшін тек өзара
бағалау жеткіліксіз. Олардың топта қалай жұмыс
жасайтынын білу үшін тек нәтижені ғана талдап қоймай,
оқу үдерісін де талдауы керек. Оны мынадай алгоритммен ауызша да,
жазбаша да жүргізуге болады:
Тапсырманы орындау барысында өзара
әңгімелесудің ықпалы болды ма?
· Оны үздік
орындауға тырыстық
· Тапсырманы
кешіктіріп орындадық
· Жанжалдасып
қалғандықтан ж ұмысты
аяғына дейін орындамадық.
Топта өзара
қарым-қатынас қалай жүргізілді?
· Өзара
әңгімелесті
· Түсіністі
· Бәрі
әрекет етті
· Әркім
өз бетінше отырды.
Тапсырма орындау барысында топтың
бірлестігі болды ма?
· Топта бірлескен
әрекет пен ынтымақтастық болды
· Топта бірігу
болмады.
Рефлексия оқушының
бойында XXI ғасыр адамына керек
ең маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал
етеді:
Біріншіден,
оқушы өз бетінше шешім қабылдап, әрекет жасай алады.
Оқушы үшін мұғалім жауапты емес, керісінше оқушы
өз әрекетіне талдау жасай отырып, өзінің
мүмкіндігін бағалай алады, өзіне не қажет екенін
түсініп, шешім қабылдайды, өз әрекетін белсендіріп,
жауапкершілігін күшейтеді.
Екіншіден, алғырлыққа
үйренеді. Оқушы өзінің оқу әрекетін жақсарту үшін дәл
қазір осы сәтте не істеу
керек екенін аңғара бастайды. Ол өзінің
жіберген қателіктеріне бұрынғыдай қатты уайымдамауды,
жағдайды бағалап, не үшін ондай болғанын талдау жасай
отырып, баға беруді үйренеді. Өзінің алдына мақсат,
міндеттер қойып, соны ұтымды шешудің жолын іздестіреді.
Үшіншіден,
бәсекеге қабілетті болудың не екенін түсінеді.
Басқалардан жақсы жасай алуға, кез келген жағдайда
сәтті орындауға тырысады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Рефлексия,
// Психология. Словарь. Под. общ. ред. А.В. Петровского, М.Г. Яроршевского.
-М., 1990.-494 с. -С. 340-341.
2. Рефлексия в науке и
обучении. — Новосибирск, 1984.
3. Дубровская Е.М., Улановская И.М., Яркина О.В.
Экспериментальные исследования содержания рефлексивного компонента совместной
учебной деятельности. // Проблемы рефлексии. Современные комплексные
исследования. – Новосибирск: «Наука» 1987.-С. 93-101
4. Ладенко И.С, Семенов И.Н., Степанов С.Ю. Философские и психологические
проблемы исследования рефлексии. Новосибирск, 1989. - 56 с.
5. В.В.Давыдов, А.З.Зак. Уровень планирования
как условие рефлексии. // Проблемы рефлексии. Новосибирск, 1987. - С. 43-48