МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ  ТІЛ ДЫБЫСТАРЫН МЕҢГЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 

 

   Омарова Г.Ж.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

 

  Тіл – адам өміріндегі ең күшті құрал. Тілді мектеп жасына дейін меңгерту арқылы бала келешек өмірге жолдама алады, мектепте білім алуға дайындалады. Бала тілінің толыққанды дамуы - оның мектепте жақсы оқуының басты шарты. Баланың анық, айқын ойын жеткізе алмауы оның келешегіне жағымсыз әсер етеді. Бұл бала тілін мектеп жасына дейін дамытудың маңызды мәселе екенін көрсетеді.

Педагогикалық және психологиялық әдебиеттерде мектеп жасына дейінгі балалардың тілдің дыбыстық жағын меңгеру үдерісі А.Н.Гвоздев, В.И.Бельтюков, Д.Б.Эльконин, М.Е.Хватцев, Е.И.Радиналардың еңбектерінде зерттеліп, сипатталған [1],[2],[3]. Дыбысты меңгеруі бала өзінің сөйлеу және тыңдау аппараттарын меңгерген өмірінің бірінші жылында басталады. Алғашқыда бала белгілі бір эмоциялы жағдай негізінде әлеуметтік мәні жоқ дыбыс шығарады. Тілдің дыбыстық жағын меңгеру, Д.БЭлькониннің пікірі бойынша, тіл қарым-қатынас құралы ретінде қызмет ете бастаған кезден басталады. Бір жағынан, бұл балаға қаратып айтылған сөзді түсінуі, екінші жағынан – алғашқы өзінің айтқан сөздері.

      Баланың сөзді ерте кезде қабылдауы ырғақты-мелодикалық құрылым негізінде жүреді. Сөздің фонематикалық құрылымы қабылданбайды.  Н.X.Швачкин бұл этапты «фонемаға дейінгі тіл дамыту» деп атады [4]. 10-11 айда сөз қарым-қатынас құралы бола бастайды және тілдік құрал сипатына ие болады.  Фонемалы тіл дамыту кезеңі басталады.

       Бірінші жылының аяғына қарай алғашқы сөздер пайда болады. Өмірінің екінші жылы басталуымен дыбыстарды дифференциациялау басталады.   Алдымен дауысты дыбыстар дауыссыздардан дифференциацияланады (жекешеленеді). Одан кейінгі дифференциация дауыссыздардың өз ішінде жүреді. Қатаң – ұяң, жуан-жіңішке және т.б. бір-бірімен салыстырылады.

       Бастапқы кезеңде дыбыстың қойылуына тән ерекшелік дыбысты айтуда артикуляцияның тұрақсыздығы болып табылады.  Жаңа фонетикалық элементтер тобымен пайда болады, ал дауыссыздар тобын меңгеру реті осы топты құрайтын дыбыстардың артикуляциялық ерекшеліктеріне байланысты болады.  Көпшілік дыбыстар дұрыс қалпында бірден қалыптаса қоймайды, ол біртіндеп, аралық дыбыстар арқылы қалыптасады. 

       Ауысатын «орынбасар дыбыстарды» білудің үлкен мәні бар. Дыбыстардың ауысу үдерісі күрделі және ерекше. А. Н. Гвоздев тіл дамыту үдерісінде айтылмаған дыбыстар баланың мүмкіндігіндегі басқа дыбыстармен ауысады деп санайды. «Бір дыбыстың басқамен ауысу жүйесі, негізінен, дыбыстардың артикуляциялық жақындығына, ең алдымен жасалу орнына қарай топтасуын негізге алады» [ 1].

       Балалар дыбыстың дұрыс айтылуын меңгерген кезде оны керек жерінде де, керек емес жерінде де пайдалана бастайды, тіпті сол дыбысты кезінде ауыстырған дыбыстың орнына да айтады. Бала ш дыбысының айтылуын меңгергеннен кейін (бұрын с деп  айтқан),  енді с дыбысы айтылатын сөзде де ш-ны айтады, «шағат», «шу» деп айтатын балалар кездеседі. М.Е.Хватцев бұл құбылысты «артығымен қолдану» деп түсіндіреді немесе дыбыстың кері ауысуы бұл меңгерілген дыбыс біршама уақыт күшті тітіркендіретін – доминант болып, орнына жұмсалған дыбыстан жекешеленуінің жеткіліксіздігінен соңғы меңгерілген дыбыс алдыңғыны заңды тұрған орнынан ығыстырып жібереді. 

      Тілдің фонетикалық жағын дамытудың негізгі жолынан бала 3-5 жас аралығында өтеді. Үш жасқа дейін баланың сөйлеу тілі қалыптасқанда, ызың (ш, ж, с, з),  үнді (р, л, ң)  дыбыстарын айту қиындық тудырады.  

     Дыбыстау мәдениетін тәрбиелеу мәселесін дұрыс шешу үшін мектепке дейінгі кезеңде дыбысты дұрыс айтуды меңгерудің анатомо-физиологиялық және психологиялық алғышарттарын қарастырудың маңызы зор. Сөйлеу орталық және перифериялық органдардан тұратын күрделі анатомо-физиологиялық аппараттың қызметімен іске асады. Барлық сөйлеу мүшелері мидың басқаруымен тығыз байланысты және өзара әсер етеді. Дыбысты айту үдерісі тыныс алу мен сөйлеу аппараты қызметінің негізінде іске асатыны белгілі.   

      Сөйлеу естудің бақылауымен қалыптасады. Зерттеулерде есту анализаторы қызметінің өте ерте қалыптасуы тілдің дыбыстық жағының ерте дамуына мүмкіндік туғызатыны атап айтылған.  

      Өмірінің екінші жылының аяғында бала тілдің барлық дыбыстарын фонематикалық қабылдауын тілді түсінуде пайдаланады [5].

      Есту және сөйлеу анализаторларының қызметінде белгілі байланыс бар.

      Балалардың тілдің дыбыстық жағын ерекше қабылдағыштығы, сөздегі дыбыстарға қызығуы, олардың айтылуын меңгеруге ұмтылысы дыбыстарды дұрыс айтуын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  

      Осыған сәйкес, мектепке дейінгі кезеңде дыбыстарды таза айтуды меңгертудің басты алғышарты тілдің дыбыстық жағын ерекше қабылдағыштығы және балалардың тіл дыбыстары мен оларды меңгеруге ұмтылысымен бірге есту анализаторы мен фонематикалық естуінің сәйкесті дамуы болып табылады. 

     Дыбыстарды айтуда мектепке дейінгі жаста қалыптасқан, бірақ кейбір ерекшеліктері бар сөйлеу аппараты қызметінің мәні ерекше. 

      Дыбыстар мен сөздерді айту біліктілігі біртіндеп дамиды. Тіл дыбыстарын артикуляциялау үдерісі сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің жиырылуынан пайда болған түйсік пен адамның айтқан дыбыстарынан пайда болған есту түйсігінің арасында байланыстың болуынан тұрады. Бұл байланыстарға көру түйсігі де қосылады (сөйлеушінің артикуляциясын қабылдаудан). Көзбен қабылдауы дыбыстардың көрінген артикуляциясын байқап алып, сонымен өзінің артикуляциялық қозғалысын өзі нақтылауына көмектеседі [5].

      Сөйлеуді қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі баланың еліктеуге қабілеттілігі. Тілдің фонетикалық жағын бала айналасындағы үлкендердің сөзін қайталау арқылы меңгереді. Көптеген зерттеушілер баланың тілдік еліктеушілігін атап айтқан.

     Тіл дыбыстарына еліктеу өмірінің бірінші жылының екінші жартысынан басталады, бұл, әсіресе, екінші жылында жылдам дамиды. Сәбидің 8-9 айында айтылған дыбысты ересектерден кейін қайталауға қабілетті кезіндегі еліктеушілігін дамытуға болады. 10-11 айында сәби өзінің былдырлауында әлі айтпаған жаңа дыбыстарды ересектерден кейін қайталай біледі. 

      Сонымен, мектепке дейінгі кезеңде тілдің дыбыстық жағын жақсы меңгерудің барлық алғышарттары бар. Оған ми қабығының, сөзді фонематикалық қабылдауының, сөйлеу аппаратының сәйкесті дамуын жатқызуға болады. Сөздің дыбыстық құрамын меңгеруіне мектепке дейінгі жастағы баланың жүйке жүйесінің жоғары созылмалылығы (пластикалылығы), тым еліктегіштігі, тілдің дыбыстық жағын ерекше қабылдағыштығы, баланың тіл дыбыстарына сүйіспеншілігі сияқты  ерекшеліктері мүмкіндік жасайды. 

      Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, мектепке дейінгі жас ана тілінің барлық дыбыстарының толық қалыптасуына өте ыңғайлы. Зерттеушілер бес жастан кейін баланың дыбысты дұрыс айтпауы баланың әдетіне айналуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан осы кезеңде балалардың сөзді айтуын мұқият қадағалау  қажеттігін ескертеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Гвоздев А.Н. Вопросы изучения речи. – Москва, 1961.–284 с.

2. Бельтюков В.И. Взаимодействие анализаторов в процессе восприятия и усвоение устной речи. – Москва, 1977. – 121 с.

3. Эльконин Д.Б. Детская психология. – Москва, 1960. – 328 с.

4. Швачкин Н.X. Психологический анализ ранних суждений ребенка. Вопросы психологии речи и мышления. – Москва, 1954.

5. Жинкин Н.И. Механизм речи. – Москва, 1958. – 370 с.