Сұлтанова
Бибігүл Мыңбайқызы
Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық универсиеті
«Педиешіл молдалар» пьесасындағы өмір шындығы
Кілт сөздер: пьеса,
мінез-құлық, рухани жан, қақтығыс, диалог,
мінез жасау, психологиялық хал, мінезінде қайшылық, драма,
іргелі ізденісі.
Резюме
Султанова Б.М. в статье исследуется нравственные качества человека, конфликты в пьесах Сайполла Байғожаұлы.
20-жылдардың соңына қарай Кеңес
одағы нығайып, таптық тартыс идеясын дәріптеу
күшейе бастады. 20-жылдардағы әдебиеттің негізгі
тақырыбы – әйел теңдігі және молдалардың теріс
іс-әрекетін әшкерелеу ісіне әдебиеттің ұшқыр жанры драматургия да
белсене атсалысты. Осы кезеңде еңбек еткен, драматургтердің
бірі – Сайполла Байғожа ұлы. Өз шығармасында
қаламгер уақытқа үн қосумен бірге ол адамдар
бойындағы іс-әрекет, мінез-құлқындағы
кемшіліктерді мінеуге тырысты. Ол жекелеген адамдардың
ой-санасындағы жетімсіздік, рухани жан әлеміндегі таяздық
секілді ұлттық ой-сананың дамуына нұқсан
келтіретін проблемаларды қозғады. Сайполла
Байғожаұлының “Педиешіл молдалар” атты екі перделі пьесасы Қызылорда-Ташкент
қаласында 1927 жылы 35 бет болып басылып шығады.
Пьесадағы кейіпкерлер саны
– 13. Драматург
кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы,
қыр-сырын, табиғатын аша білген.
“Педиешіл молдалар” комедиясында тартыс – Ғаббас молда
мен Жағыпар молда екеуінің педиеге таласы төңірегінде өрбиді.
Драматург жалпы елді имандылыққа ұйытатын
“қазақтың қабырғалы жұрт аузына
қарайтұн патуалы молдасының “жаман-жақсы жақтарын
бүкпесіз шындықпен сомдайды. Пьесаның басты
кейіпкерлерінің бірі Ғаббас молда бейнесі – айла-шарғысы
сұмдық, түйені түгімен жұтатын нағыз жебір.
Пьесадағы негізгі тартыс
Ғаббас молда мен Жағыпар молда арасында күшті дамиды. Драмашы
молдалар арасындағы қақтығысты драмалық
ширыққан тартыс дәрежесіне жеткізе алған.
“…Төрде қатарлап
жиылған жүк, оған таяу молданың кітап,
құран салған жәшігі.
Оған таяу жәшік ағаш, кебеже, самауыр, кебеже
үстінде қатық құйған керсен, жанында
аяқ, ожау,
қазан-ошақ, шелекте су, от басында құман мен леген,
жүктің үстінде дәрет орамал, керегенің басында
молданың сәлдесі, шекпен- шапаны мен қамшысы ілулі
тұрады. Перде ашылғанда астында төрт қабат көрпе,
қолында құраны мүлгіп оқып отырады,”– деп драматург кейіпкерінің әлеуметтік
жағдайымен таныстырады. Содан
кейін кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіледі.
“Жәния. –
Үйде
ұн болса таусылып қабты, қағып илеп отырмын,
қалаға барушыдан ақша қосып жіберсейші, онсыз
қалай отырамыз.
Молда. – Күні кеше алдырғамыз жоқ
па еді. Неғып таусыла қалатұн болды.
Жәния. – Жалғыз бұт ұн келгелі екі
бейсембі...
Молда. – Келген кісіге бергенсіп, самауырды ала
жүгірмей-ақ,
менің үйде жоғымды айтып, жөнелтсең қайтеді. (Теріс қарап)
Ай,
оңбаған,
өзіңде де бар ғой”. Ғаббас молда характерін, оның
дүниетанымдық көзқарасын, адамгершілік деңгейін
білу үшін осы диалогтің өзі жетерлік.
“Дауыс. – Дәулеттің баласы
қайтып еді, жаназаға шақырып жүрмін.
Молда (жадыраңқырап).– Қашан жерлейді?
Дауыс.– Бүгін жерлемек, тез
келіңіздер.
Молда (қабағын сипап).– Жаңа мына
көзім тартып еді.
Комедияның бір табысы драматург
диалогті ситуацияға қарай құра білуінде. Драматург
молданың өмірге деген көзқарасын, ой-пікірін осы
диалогтер арқылы ашып көрсетеді.
Автор ырымшыл молданың
қуануын ащы юмор, кекесінімен береді.
Пьесадағы Ғаббас молдамен педиеге таласушы
Жағыпар молда да бір бет, қырыс, маңдайы терлеп
еңбек етпеген, бар тауқыметі – ел
үстінен күн көру.
“Жағыпар (қолын
көрсетіп).–
Ортан қолдай өгізден бір тиынды көзім көріп, қолым
ұстаған жоқ.
Өліктің бар күнә-сұмдығын арқалап, қара тер
болып жүргенім мынау, осының ретін өзің айтшы,
қалай тоқта дейсің?!
“Жағыпар төбелесіп жатыр”
– деп айтады екен деп, басы ашық
үлесімді алмай кете алмаймын” деген сөздерінен молда
Жағыпардың да болмысы танылып, тоңмойын мінезі
айқындала түседі. Осылайша
Ғаббас молда мен Жағыпар молда мінезі табиғилығымен,
нанымдылығымен көңілден шығып жатады. Драматург мұндағы
мінездердің арасындағы тартыс шындығын бар бояуымен беруге
ұмтылған.
Драматург кішкентай баласы ауырып, жаны қиналып
келіп тұрған Шалабайға
Ғаббас молданың жауабы арқылы молданың тағы бір қырын
айқындап береді .
“Шалабай (сасып).– Молдеке, үйдегі кішкене бала қысылып
жатыр, иман айтып жіберіңізші.
Молда.– Намазға шақырып, асығып
барамын, жас бала ғой. “Лиале ала я
Алла, Ла илахе инлала хале ла холе ола
қо тала балле” десең, сол иман болады. Менің бұрылуға
уақытым жоқ [72,18
б.].
Бірінші перде бас кейіпкердің ештеңеге қарамай, көбірек олжа
түсетін Дәулен үйіне асығыс аттануымен
аяқталады.
Екінші пердедегі оқиға
Дәулен үйінде жалғасады.
Оқиға тартысы да өрши түседі. Қыршынынан қиылған
Қапышынан айрылып, қара тұтып отырған Дәулен “Жирен атты аруағы разы болсын,
өзіне жұмсаңдар”
дегеннен кейін-ақ Ғаббас молда қутыңдап,
қуанып қалады.
“Молда (Өзіне).– Жирен атты аузына алғаны жарады.
Құранды молырақ сілтейін, бұйырса менікі болды
ғой,– деп
ішкі қуанышын жасыра алмай: – Сөзіңіз дұрыс, Дәуеке, тайшы атыңыз
болмаса да, қойшы
атыңыз бар еді. Қалық та тәуір
жиналған көрінеді, ұят алмайтын болып жақсылап
шығарған лайық.
Қапыштың сізден алған еншісі осы болады ғой”.
Драматург молданың бітімін одан
әрі айшықтай түскен.
Бар ақыл ойын, тәтті тілін ала беруге жұмсайды. Адамгершілік, өзгенің қайғысын түсіну
сезімдерінен құлқын жоғары тұр. Ол үшін ар, ұят, иман,
жанашырлық сезімдері ойыншық, ондайға бас ауыртқан
емес.
“Жағыпар (жігітке). –
Ай, Ғаббасты оңаша шығарып алып ақылдасып жүр
еді. Педиеге
не мал шығарғанын сен білдің бе?
Жігіт. – Менің
білгенім, басын Қапыштың мініп жүретін оңды жирен аты
қылып, тоғыз мал шығарыпты.
Жағыпар (өзіне).– Жирен ат… Екі
тоғыз… (Жігітке) Қалай
бөлгендерін білдің бе?
Жігіт. – Басқасын қалай
бөлгендерін білмеймін. Жирен атты құранға
шығарыпты.
Жағыпар (қуанып).– Құранға дейсің бе?
Аман болса,
бұл атты мен алам.
Жігіт. – Е, сізге молда бере ме? Алты
құран бағыштадым деп атының жанына байлап та
қойды.
Жағыпар.–
Қойшы рас па?”
Бұл диалог шығармадағы Жағыпар
молданың характерін ашуға қызмет етіп тұр. Характерді
ашу, кейіпкердің харакет, тірлігін бүркемелемей көрініске шығару
– драманың
басты шарты. Жағыпар молданың ойы, қуанышы, іс-әрекеті
шындыққа сәйкес суреттелген.
Драматург Ғаббас молданың да,
Жағыпар молданың да характерін
дамыта отырып,
олардың адамдық болмысын толық ашқан.
Осылайша екі молда характері бір
көріністен екінші көрініске ауысқан сайын солғындамай
толыға түседі.
Автор кейіпкердің ішкі ойын,
өзіне арнаған сөзі арқылы, оның бар қыры
мен сырын ашып береді. Ал белгілі драматургия жанрын терең зерттеуші ғалым
Р. Нұрғали: “Кейіпкер
сөзін белгілі мақсатқа ойластырғанда,
әрқашан мінез жасау, психология беру талабы бір бүйірде
жатпақ” [36,
140 б.]–деп атап көрсетеді.
“Молда. – Ораза-намазы жоқ, тартқаны – шылым, атқаны
– насыбай,
құдайдың бірлігін, құранның шындығын
білмейтін нашарларға садақа беруді кітап көтермейді.
Мұндай садақаны ебін сабыл мен құранға берген
артық.
Қазымбет. –
Қаріп-қасерлерге
бергенді бұрынғы молдалар сауап болады деуші еді. Сіз мұны
қалай айтып отырсыз?
Кітабыңыз солай ма, қайсыңыздікін дұрыс деп табамыз?
Молда. – Бұрынғы надан молдалар
нашарларға бергенді салт-сана қылып кеткен. Асылында оларға
беру дұрыс емес. Орынсыз берген садақа “о дүниеде шаян
болып шағады” деген. Садақаны орнына беру керек.
Қазымбет. – Молда,
нашарларға айрықша атап неге бермедіңіз?
Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп артынан
сөз болып жүрмесін [72,
32 б.].
Пьеса кейіпкерлерінің
көзқарасы, пікірі, олардың өзіне ғана тән
дара тілі ашылып танылған. Таза реалистік картина жасалған. Ғаббас
молданың бар бітім-тұлғасы
биік. Өрісінің деңгейі одан арыға бара алмайды,
өзеуреген өзімшіл жан. Бит терісіндей мал үшін айлакерлігі
де, қасарысып қалатын қатыгездігі де пьесада іс-әрекет
үстінде көрінеді. Басты
кейіпкерлер Ғаббас
молда мен Жағыпар
арасындағы қақтығыс, егес арнайы өрбіп барып, екеуінің
төбелесімен аяқталды. Бұлардың
көзқарасында, дүниетанымында, мінезінде қайшылық
жоқ. Қайшылық бір-біріне
қотыр тушаны қимайтын іштарлықтарында. Қайшылық
дүниені бөлісе алмауда. Ысқақ сөзімен
айтқанда,
“Олжаны алғанда бірігіп алсаңдар да, бөлуге келгенде, жанжалдасып
қоятұн әдеттерің болды-ау, қашан
көрсең де екеуіңнің тартысып жатқандарың.
Жұрттан ұят емес пе?”
Драматург Ғаббас молда мен
Жағыпар молда арқылы қара басының ғана
қамын ойлайтын адамдардың мінезі ащы мысқылмен ажуаланады.
Ғаббас молда – өмірде
жиі кездесетін өзімізде ғана болса болды деушіліктің типтік
көрінісі.
Ғаббас молда, Жағыпар
бейнелері біршама ашылған. Пьесаға тартыс, жалпы
тұтастық әкеліп тұрған негізгі желі – Ғаббас молда,
Жағыпар, Жәния, Қазымбет арасындағы байланыс. Міне, осы
тартыста олардың кім екені ашыла түскен.
“Педиешіл молдалар” пьесасы Сайполла
Байғожа ұлының
өмір шындығын тартыс үстінде ашуға жасаған
алғашқы қадамы, іргелі ізденісі болды.
“Педиешіл молдалар” пьесасы да “пьесаның
оқиғасы қою және шебер шиеленіскен сюжетке
құрылуы керек” деген М.
Горькийдің қойған талабына сай шығармалар қатарына
жатады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Нұрғалиев Р. Өнердің
эстетикалық нысанасы. – Алматы: Мектеп, 1979. – 192 б.
2
Аймауытов Ж. Шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 559 б.
3
Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. – Алматы: Жазушы, 1989. –319 б.
4
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. –Алматы: Ана тілі, 1993.–
242 б.
5
Ордалиев С. Сөз зергері. –Алматы: Жазушы, 1982.–168 б.
Жазушы, 1986.–400 б.
6
Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.–Алматы: Жазушы, 1986.– 400 б.