Әдебиет сабақтарында көркем мәтінмен жұмыс жүргізудің психологиялық негізі

 

Сахипова Зульфия Жалғасқызы

№12 ОЖББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі, Орал қаласы

 

Мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігі, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту мектептерде әдебиеттік оқу пәнін оқыту – білім берудің аса маңызды, әрі күрделі жұмыстарының бірі. Бұл мәселелерде де оқушылардың психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Тиімділік идеялары, саралап-даралап оқыту, оқушылардың бүкіл ой еңбегін, оқу еңбегін оған ерекше күш түсірмейтіндей, қонымды, қолайлы, нақтылы, белгілі бір уақыттарда нәтижелі, жемісті болатындай етіп ұйымдастыру, жүргізу туралы сөз етеді. Көптеген ғалымдар, психологтер, мұғалімдер зерттеулері, пікірлері бойынша, оқушыларды көркем шығарманы оқытуға баулу, оны оқырман ретінде қалыптастыру бірнеше сатыдан тұрады.

1. 1-2 сыныптардағы 6-7-дегі бөбектер.

2. 3-4 сыныптардағы 8-9-дағы балалар.

Балаларды топқа бөлу, әрине, қатып қалған дүние емес. Қабілеті, дарыны, ынтасы, еске ұстауы, алғырлығы, ойлылығы жағынан бір сыныптағы бір жастағы балалардың өзі әр түрлі болып келетіні тәжірибеден белгілі.

Бөбектер – психологиясы абстракті ойлаудан гөрі объективті ойлауға көбірек бейім, қоршаған орта жөіндегі таным, түсініктері әлі толық қалыптаспағандар. Олар тез шаршайды, тез жалығады, айтылған нәрселерге сеніп қалады. Үнемі берілетін материалды жаңаша әдістер, көрнекіліктер арқылы түрлендіріп отыруды қажет етеді. Өз ойларын қорытып жеткізе білу қабілеттері әлі жетілмеген. Көрген, білгенін тек мазмұндап беруден әрі аспайды. Өз бетімен оқу дағдылары әлі толық қалыптаспағандықтан, мұғалімнің, я болмаса ата-анасының көмегінсіз материалды өз беттерімен оқып, игере алмайды.

8-9 жастағылар – психологиясы, мінез-құлқы, физиологиялық жағынан толық қалыптасып, толысып жетпегендер. Олар - қимыл-қозағылысы жағынан өте шапшаң, өте әсершіл, әр нәрсеге де сенгіш, барлығын шындық деп қабылдайтын, жақсылыққа да, жамандыққа да құлай берілетіндер. Бұл жастағылар да ертегілерге қызығады, фантастикалық, қиял-ғажайып оқиғалары бар шығармаларды беріле оқиды. Қиялдары ұшқыр, қабылдаулары алғыр. Олар оқып отырған кітаптарға, ондағы оқиғаларға толық сенеді, дегенмен «шіркі, ол неге былай істеледі екен, әттең олай істегенде» деген сияқты өз қиялдарына да ерік беріп, толғанып жүреді, бірақ ол толғаныстары уақытша болады, тез ұмытады, себебі келесі кітапты оқығанда, ол басқаша толғанысқа тап болады. Әрине 8-9 жастағылар оқығандарының барлығын, одан алған әсерлерінің барлығын тез ұмытады деуден аулақпыз. Оқыған дүниелерін, әсерлерін 2-3 айдан кейін қайта сұрағанда, олар басыңқы дауыспен, байыпты баяндай бастайды. Кейіпкерлер тағдырына да мойынұсынушылықпен қарауды сезуге болады. Мұның барлығы, яғни, сондай «тұрақсыздық» - баланың жас ерекшелігі, психологиясынан туып отырған мәселелер[1, 16-17]. Ендеше бастауыш сыныптардың «Әдебиеттік оқу» пәнінің базалық мазмұнына мысалдардың енгізілуі тегін емес. Себебі бастауыш сынып оқушылары мысалдарды оқығанда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады, оны шындық деп қабылдайды.

Психология оқулықтарында бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады.

Тұтас сыныппен жұмыс істейтін мұғалім өзінің оқытқан әрбір оқушысының психологиясын, қабілетін жетік танып, солардың ыңғайына орай сабақ жүргізуі тиіс. Әңгіменің тетігі - жүрдім-бардым сабақта емес, баланың жалпы жағдайын дер кезінде біліп, оның білімін, ойын, тілін, танымын күн санап дамыта білу. Бірақ білім алу ісі баланы көп қиындыққа салмай, өте-мөте жеңіл түрде жүргізілуі тиіс. Баланың табиғатында бірдейлік жоқ. Соған орай Я.А.Коменский бала психологиясын зерек, ынжық, тік мінез деп үшке бөледі де, соны алты түрлі қырынан көрсетеді.

1) Білімге бейім, зерек бала. Оларға ғылым таңсық. Жеміс беретін жақсы ағаштай, олар өздігінше өсіп жетіледі. Ондай оқушыларды саналы түрде қолдап, байсалды білім алуына, уақыттан озып, күшін ретсіз сарп етіп, қажырын кемітіп, қанатын қайырып алмауына көмектесеміз.

2) Ынтасы болса да, шабан қимылдайтын момын балалар. Олар арық ат сияқты қамшымен ғана жүреді, яғни көп бақылауды керек етеді.

3) Алғыр, бірақ тік мінез, өркеуде, өжет балалар. Ондайларды мектепте ұнатпайды, оқып береке таптырмайды деп біледі. Алайда ұсақ ұқыптылықпен тәрбиелесе, солардан әдетте ұлы адамдар шығады. Ежелгі Грециядағы Афинаның атақты қолбасшысы Фемистокл жасында сотқар болған. Сонда ұстазы оған: «Балам, сен тегін адам болмайсың. Сен мемлекетке не ұлы пайда, не ұлы зиян келтіресің», - деген. Мектепке түскен соң сол баланың мінезі тезге салған шыбықтай түзелген.

4) Тапсырманы орындағыш, білгісі келетін, бірақ табиғатынан сылбыр балалар. Олар озат бала қатарынан көрінгісі келеді. Озаттар қатарында ұстау үшін олардың әлсіз жерін біліп, жағдайына қарау керек. Оларға қатал талап қоймай, тапсырманы оңайлатып, өздеріне жылы шырай көрсетіп, ынтасынан айрылып қалмас үшін мадақтап, қолдап отыру қажет. Кенже түйнектейтін жеміс ағашындай, олардың мақсатқа тез жетуі қиын. Алайда ғылымға олар кеш келсе де, ұғымы орнықты болады.

5) Қабілеті төмен, ешнәрсеге қызығып кіріспейтін бала. Егер кекшіл болмаса, оларды түзетуге болады. Тек оған жылы шырай мен көбірек көмек керек.

6) Ең соңғы орында мінезі бұзық, қытымыр балалар тұрады. Бұл топтағы оқушылардың көпшілігінен үміт күту қиын. Алайда табиғатынан жеміс бермейтін бедеу ағашты дұрыс ексең, оның да жеміс беретіні белгілі. Ондай баланың қыңырлығын, «өжеттігін» жеңу үшін мұғалім көп еңбек сіңіруге тиіс [2, 6-7]. Әрине мысалдарды оқытуда мұғалімге тек қана балалардың жас ерекшелік психологиясын біліп қою аздық етеді. Мұғалім ең алдымен оқыту мен білім берудің теориясы – педагогикадан хабардар болу керек, яғни оқыту процесі бағынатын заңдылықтарды білу керек. Педагогиканың бір бөлігі – дидактика ең алдымен оқушыларға берілетін білімнің көлемі мен мазмұнын анықтап алуды талап етеді.

Ал білімнің мазмұны бағдарлама арқылы айқындалады. Осы бағдарламаға сәйкес бастауыш сыныптардағы «Әдебиеттік оқу» оқулықтарына мысалдар енгізілген. Әдеби шығармалардың басқа түрлерінен мысалдың мынадай өзгешеліктері бар:

-         аллегориямен айтылатыны;

-         мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны;

-         оның оқылу ерекшелігі.

Әдебиеттік оқу сабағында оқушылардың көркем туындыны қабылдауы, одан әсер алуы, бүкіл бітім-болмысымен түсіне білуі үшін мұғалім осы мақсатта іздене отырып, оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптап пайдалануы керек. Мұғалім осы жұмыстың басы-қасында, оны ойластырушы да, орындаушы, орындатушы да болып қызмет атқарады.

Көркем мәтінмен жұмысты мазмұнымен таныспай тұрып жүргізу мүмкін емес. Кіріспе сөзден кейін мұғалім мәтінді оқудан өткізеді. Бұл – әдеби оқу сабағының ең маңызды буыны. Сол тұста оқушылар мәтінді оқиды, оқығанын ауызша мазмұндайды, бөлімдеріне ат қояды. Оқушылар оқып, айтып болған соң, мұғалім сұрақ-жауап әдісі бойынша шығарманың проблемалары мен тақырыбын анықтайды. Мұның бәріне жүйелі жаттығу керек. Оқу сабағы тұсында істелетін жұмыс формалары өте көп. Сондықтан бастауыш сыныптарда көркем мәтінді оқудан өткізуге мұғалім барлық сағаттың үштен екі бөлігін оқуға жұмсауға тиіс. Білім, эстетикалық әсер, таным, ең алдымен, көркем мәтіннің өзінен басталады. Жедел оқу, көркем оқу, сөйлету, қоғамдық таным -  соның бәрі де оқу сабағымен көбірек байланысты. Онда мәтін бірте-бірте оқылады.

Мұғалім өлең сөздің бәрін жатқа білсе де артық емес. Сонда ғана мәтіннің нәшіне келтіріп, көркемдеп оқи алады, өлеңнің рухына қарай түрліше дауыс ырғағын қолданады. Мысалы, күлдіргі, мысқыл түріндегі мысал, сатира мен пейзаждық, ағартушылық, эпикалық өлеңдердің оқылуы бірдей емес. Көңіл күйін білдіретін өлеңдерге әуен керек. Мұғалім мәтінді көркем оқуы тиіс. Рас, мәтінді сыныпта оқушылардың өздеріне оқыту әсерлі болмай жүр. Бұл қиындықты жеңе білу қажет. Оқушы көп оқып, жаттығуы тиіс.

Мәтінді оқушылар сыныпта, үйде оқып мазмұндайды, бөлімдеріне ат қояды. Мәтінді түгел оқып болмайынша талдауға көшуге болмайды. Кейбіреулер, әуелі талдамалық сұрақтар беріп, мәтінді содан соң ғана оқыта бастау керек деп ойлайды. Алдын-ала талдау – жұмысты түйіндеуден бастағандық болады.

Оқушылар шығарманың мазмұнымен тұтас оқып танысқаннан кейін мазмұнға байланысты сұрақтар бір бөлек (тақырыбы не, қай заманның шындығын береді, неше бөлімі бар, олардың қызметі қайсы, пейзаж, портрет бар ма, кім мазмұндап береді), талдауға байланысты сұрақты екінші бөлек (мұнда кімдер жайлы әңгімеленген, олардың ісі, мінез-құлқы қандай, кімнің ісі ұнайды, кімдікі ұнамайды, салыстыру элементі жоқ па, әрбір кейіпкердің мінездемесін атап, теріп жазуға болмас па), түйіндеуге байланысты сұрақтар (идеясы не, образдар қандай ортадан алынған, кейіпкерлердің тілінде ерекшелік жоқ па) үшінші бөлек беріледі. Бұлар оқушылардың өз тәжірибесіне негізделеді. Жүйелілік – деген сол. Кейбір әдіскерлер мұндай бөлек-бөлек сұрақтарды схематизм деп жүр. Мүшелі оқу, мүшелі талдау мақсатқа жақынырақ.

Екінші оқу – тұтас оқу емес, көбіне шығарма бөлімдерін теріп талдап оқу (жоспары, композициясы, тілі, тақырыбы, образы). Мұның түрлері: а) шығарманың біткен бір бөлшегін жеке оқушыға оқыту, ә) сол бөлімді бірнеше оқушыға айтқызу, б) мысал, әңгіме, драмалық шығармаларды рольге бөліп оқыту, в) оқушыға жаттағанын айтқызу, тағы басқалар. Мазмұндық-композициялық оқу бар да, мінездемелік, тақырыптық, тілдік оқу бар. Бұдан басқа жаттықтыру, жинақтау мақсатын көздейтін көркем тәсілдері болады.

Көлемі шағын шығармалар, әсіресе өлеңдер сыныпта оқылады, ал әңгімелердің басы сыныпта, аяғы үйде оқылады. Сыныпта оқығанын оқушылар шығарманың бөлімдерін табу, оған ат қою, мазмұндау, мінездеу түрінде бекітсе, үйде оқығанын мазмұндап айтып береді.

Оқу ылғи бір сарында өтпес үшін кейде оны мазмұн мен мінездемеге ғана құрмай, шығарманың тілін, суреттеу тәсілдерін тақырыбы мен идеясын ашуға да құрал етеміз.

Өздігінше оқуда сыныпта жүргізілетін ұғынып оқу, талдап оқу, көркемдеп оқудың элементі бар. Оны оқушының өздігінше оқу тәжірибесі арқылы бекітіп, жетілдіру қажет.

Мәтінді оқудан өткізу тұсында жүргізілетін үш түрлі сыныптық жұмыс формасы бар екендігін әдіскер Ә. Қоңыратбаев өз еңбегінде атап көрсетеді. 

Ауызша суреттемелер, бейнелемелер, кескіндемелер жасату – оқушыларды көркем мәтінді талдау жасауға жетектейтін, әрі шығармашылық қабілеттерін ұштайтын тәсілдердің ең күрделі, әрі маңызды түрі. Ауызша суреттеу үшін, кез-келген көрініс, не бейнелерді ала салуға болмайды. Көркем туынды негізіндегі идеяны немесе кейіпкер бейнесін ашатын жерлерді таңдап алып, суреткер стилін, бай поэтикалық тілін талдау мақсаттарында осындай шығармашылық жұмыстар жүргізуге болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Виноградов В.В. Русский язык (грамматическое учение о слове). – М. – Л., 1947.

2.     Новиков А.И. Семантика текста и ее формализация. М: Наука, 1983.