Педагогика

 

Қағазбаев Ж.А. (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстан)

Хажымурат М.М. (Қарағанды қ. №61 орта мектеп мұғалімі, Қазақстан)

 

ТІЛДІК БІЛІМ БЕРУДІ АҚПАРАТТАНДЫРУ: НЕГІЗГІ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ДАМУ БОЛАШАҒЫ

 

Кілт сөздер: тілдік білім беру, ақпараттандыру, бағдарлама, негізгі бағыттар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.

 

Оқытудың жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларын меңгеру – қазіргі заман  талабы. ХХІ ғасыр – ақпараттық технология ғасыры. Қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың маңызы зор. Білім беруді ақпараттандыру және пәндерді ғылыми-технологиялық негізде оқыту мақсаттары алға қойылуда. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді әрі білікті маман даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру үдерістерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.   

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне  мұқият қарайтын дәуір. Жалпы оқытудың мақсаты – оқушыны дамыту. Білім беру үдерісін ақпараттандыру және жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту,  дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үдерісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлату бүгінгі күннің басты талабы болып саналады.

1997 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Жарлығымен бекітілген білім беруді  ақпараттандыру бағдарламасы (1997-2002 жж.) қабылданған болатын [1].

Ал Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды [2].

Бағдарламада «Е-learning» электрондық оқыту жүйесі бойынша білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу үдерісін автоматтандыру, педагогтар мен оқушыларды ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаты атап көрсетілді. Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру енгізілді. Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр.

Білім беруді ақпараттандыру бағдарламасы мектеп оқушыларын компьютерлік оқытуға, ақпараттық-қатынастық технологиялар (АҚТ) саласындағы қазіргі заманғы жетістіктерді олардың белсенді игеруіне, Қазақстан Республикасында біртұтас ақпараттық-білімдік ортаны жасауға бағытталған. Осының барлығы білім берудің сапасын жаңарту мен арттыруға, мектеп оқушылары мен болашақ мамандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға, әлемдік қоғамдағы Қазақстан азаматтарының мәдениаралық және тілдік қатынастары үшін негіздерді жасауға бағытталған болатын.

Қазіргі уақытта білім беруді ақпараттандыру бағдарламасы кең ауқымды сипат алды және білім берудің барлық саласына: кәсіптік мектептерге, коледжілерге, жоғары оқу орындарына, институттарға және кәсіптік кадрлардың біліктіліктерін арттыру курстарына  тарады.

Білім беруді ақпараттандырудың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында біртұтас білімдік ақпараттық ортаны құру болып табылады. Бұл өз кезегінде білім беру саласында жаңа ақпараттық технологияны пайдалануға, Қазақстан Республикасындағы ақпараттық кеңістікті әлемдік білім беру кеңістігімен сабақтастыруға мүмкіндік береді.

Білім беруді ақпараттандырудың негізгі міндеттері:

ақпараттық және телекоммуникациялық техникалық құралдармен қамтамасыз ету;

білім беруді ақпараттандыру бойынша практикалық шараларды анықтап, жүзеге асыру;

оқу-тәрбие процесінде жаңа ақпараттық технологияны енгізуді қамтамасыз ету бойынша ғылыми-ізденушілік және оқу-әдістемелік жұмыстарын жүргізу;

мектеп пәндері бойынша жасақталатын жалпыға міндетті білім стандарттарының және оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұнын ақпараттық технологияны пайдалану мүмкіндіктерімен жетілдіру, білім беруді басқаруда ақпараттық жүйені құру;

білім беру мекемелерінің қызметкерлері үшін программалық-техникалық құралдарды қамтамасыз ету және мультимедиялық программаларды, электрондық оқулықтарды жасақтау;

педагог кадрларды жаңа ақпараттық технологияны өз қызметтеріне еркін пайдалана білуге дайындау және жүйелі түрде біліктіліктерін көтеру [3].

Білім беруді ақпараттандырудың қағидалары:

қоғамның әрбір мүшесі үшін алынатын білімдер мен мәліметтердің түсініктілігі;

жеке тұлғаның интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

білім мен тәрбиенің бірізділігі;

жалпы компьютерлік сауаттылық;

оқыту мен тәрбиелеудің жылдамдығы ( интенсификация).

Күтілетін нәтижелерге төмендегілерді жатқызамыз:

жаңа ақпараттық технолгияны қолдану арқылы білімнің сапасын көтеру;

жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды енгізу арқылы білім беру мазмұнын жаңарту;

жаңа ақпараттық технологияны қолдану саласы бойынша оқушылардың мамандыққа баулу механизмін құру;

біздің еліміздегі және шет елдердегі жинақталған ақпараттық ресурстарға жедел ену;

білім берудің телекоммуникациялық желілерін құру;

республиканың білім беру мекемелерін басқарудың біртұтас ақпараттық желісін құруға негіздеп, білім берудің басқару салаларының ақпараттық желісін құру [4].

Егемен Қазақстанның гүлденген өркениетті ел болуы, бүгінгі жастардың көзі ашық, білімді азамат болып жетілуіне байланысты.
Қазіргідей санның сапаға ауысуы кезеңінде, ұстаз алдында мынадай талап, міндеттер туындайды:

ұстаздың алдымен өзінің білімді болуы;

шәкірттерінен білімді талап етуші болуы;

білімді тыңдаушы болуы;

сонымен қатар білім жолындағыларды қолдаушы болуы.

Әр мұғалімнің алдындағы мақсат-мұраты өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланы шығармашылыққа шыңдау, баланың өзіне деген сенімін туғызу.

Жаңа формация мұғалімі – рухани адамгершілігі, рефлекцияға қабілетті, ақпараттық-коммуникативтік, әлеуметтік-тұлғалық және басқа да құзырлылықтары қалыптасқан, шығармашыл ұстаз.

Ақпараттандырудың негізгі бағыттары:

·                     АҚТ-ды оқу үдерісіне енгізу бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;

·                     компьютерлік техникамен қамтамасыз етушіліктіктің әлемдік көрсеткішіне жету үшін орта білім беру ұйымдарын одан әрі компьютерлендіру;

·                     орта білім беру ұйымдарын Ғаламтор желісіне қосу;

·                     білім берудің барлық деңгейлерінде арақашықтықтан оқыту технологияларын дайындау және енгізу;

·                     аймақтарда білімдік ақпараттық ресурстық орталықтарды және министірліктің білімдік порталын құру;

·                     білімдік бағдарламаларға сәйкес орта білім беру ұйымдарын электрондық оқулық басылымдармен жасақтау;

·                     мемлекеттік органдардың біртұтас көліктік ортасының базасында портал мен аймақтардың ресурстық орталықтарын біріктіру;

·                     мониторингтің (сараптаманың) ақпараттық жүйесін енгізу;

·                     білім беру ұйымдарын басқару және талдау [6].

Ақпараттық қатынастық технологияларды оқу үдерісіне енгізу және білім берудің жай-күйін сараптау мен талдаудың шек келтірмейтін мәліметтерінің негізінде басқарушылық шешімдерді қабылдау есебінен білім беру сапасының деңгейін арттыруға қол жеткізе аламыз.

Қазіргі заман талабына сай адамдардың ақпарат алмасуы, қарым-қатынасына ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп жылдам дамып келе жатқан кезінде ақпараттық қоғамдық қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Келешек қоғамымыздың мүшелері – жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет (Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы) [7]. Осы орайда ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды білім беру саласын жақсартуда қолданыс аясын кеңейту керек деген сөзін басшылыққа ала отырып, сабақта жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалануға жаппай көшуіміз керек.

Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық коммуникациялық технологиялар педагогтар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр. «Білім берудегі АКТ» ұғымы «оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және т.б., тіркестермен тығыз байланысты.

Білім беруді ақпараттандандыру үдерісі пән мұғалімдеріне, әдіскерлерге, білім мекемелерін басқарушыларға жаңа ақпараттық технологияны өз қызметтеріне жан-жақты пайдалану саласына үлкен талап қояды. Ақпараттық–коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр. Білім беруді ақпараттандыру, білім салаларының барлық қызметіне ақпараттық технологияны енгізу және ұлттық модельді қалыптастыру қазақстандық білім беруді сапалы деңгейге көтерудің алғы шарты.

Білімді ақпараттандыруды іс-әрекет ретінде қазіргі педагогтарға да, келешектегі педагогтарға  да оқыту керек. Педагогикалық жоғары оқу орындары студенттерінің барлығы білімді ақпараттандыру саласы бойынша дайындықтан өтуі тиіс. Педагогикалық жоғары оқу орындарында әдістемені қалай оқытатын болса, білімді ақпараттандыруды да солай оқыту керек.

Білімді ақпараттандыру – бұл оқытуды ғана ақпараттандыру емес. Бұл дегеніміз – оқу қызметін, оқу нәтижелерін бақылау мен өлшеуді, оқудан тыс қызмет пен тәрбиелеу үдерістерін, ғылыми-зерттеу қызметін және ғылыми-әдістемелік қызметті, сол сияқты ұйымдастыру-басқару қызметін ақпараттандыру. Бұның барлығы өзара байланыста әрі қайшылықсыз ақпараттандырылуы тиіс.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Білім беруді  ақпараттандыру бағдарламасы (1997-2002 жж.). – Астана, 1997.

2. Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2011.

3. Бiлiм беру жүйесiн 2003-2005 жылға дейiн ақпараттандырудың Мемлекеттiк бағдарламасы. – Астана, 2003.

4. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы. Астана, 2011.

5. Бұзаубақова Қ.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз,2003.

6. Әбілқасымова А.Е. Қазіргі заманғы сабақ. Алматы, 2004.

7. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана, 1999.