Күмісбекова Ж.Н.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

ДУАЛДЫ БІЛІМ БЕРУ – ТЕОРИЯ МЕН ПРАКТИКАНЫ ҰШТАСТЫРА ОҚЫТУ

 

 

ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев жыл сайынғы жолдауында білім саласына ерекше басымдылық беріп, жастардың білім-біліктілігін жетілдіру үшін барлық жағдай жасауда «Қазақстан- 2050» Стратегиясында: ―Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек.... «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» деп нық айтқан болатын.

Дуалды білім беру  алғаш  рет Германияда енгізілді. Сондықтан, бүгінгі таңда Германия осы салада танымал көшбасшы болып саналады.      Германияның дуалды білім беру жүйесі өмірде дәлелденген және бүкіл Еуропалық Одақ үшін үлгі болып табылады.

Практикалық (өндірістік) бөлігі шамамен  оқу уақытының үштен екі бөлігін, ал мектеп (кәсіптік-теориялық) бөлігі шамамен оқу уақытының үштен бір бөлігін құрайды. Бұл жүйе Германияда ғана емес, сондай-ақ Австрия мен Швейцарияда  тәжірибеге енген.

Дуалды білім беру жүйесі  -    оқу  орындарындағы оқытуды өндірістік іс-әрекетпен ұштастырып  қарастыратын білім беру жүйесі.

Дуалды сөзі  «қос бірлік,  екі жақтылық»,   «бірыңғай ұйымдасқан тұтастық»  дегенді білдіреді.

Білім берудің дуалдық жүйесі деп  білім алушылар таңдаған мамандықтары бойынша білімді екі  білім беру мекемесінде алатын, яғни білім беруге екі  мекеме  ат салысатын жүйені атайды. Бір жағынан  ол кәсіби мектеп, ал екінші жағынан оқытатындай өндіріс орны. Екі мекеме бір-біріне тәуелсіз серіктестер  болып табылады.

Дуалды оқытудың мақсаты – студенттердің теориялық және практикалық құзыреттілігін қалыптастыру, оған танымдық және кәсіби іс-әрекетте оны  белсенді қолдана алатындай етіп  көмектесу.

Кәсіптік білім берудің аталмыш формасы еңбек нарығының сұраныстарын қанағаттандыратын жоғары білікті мамандарды дайындау   мақсатында мемлекет, жұмыс беруші, кәсіподақтар және түрлі  қоғамдық бірлестіктердің  тығыз ынтымақтастық байланысы негізіндегі әлеуметтік серіктестіктің өнімі ретінде   өмірге келді.

Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, стажировкадан өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.

Осы қабілетті игере отыра, болашақ мұғалім білуі керек :1) теориялық білім, білік және дағдыларын  тәжірибе аясында қолдана алуы; 2)болашақ мамандардың жеке мүдделері мен қабілеттерін қалыптастыру; 3) екі оқу  мекемесінде жүзеге асырылатын  оқытуда бәсекеге қабілетті тұлға ретінде  өзін көрсете алуы.

Қорыта келер болсақ, студенттер теориялық алған білімін практикамен ұштастыра білсе, келешекте жоғары білімді, жаңашыл, жан-жақты қалыптасқан, мектептің қажеттілігін қанағаттандыратын, еркін жұмыс жасай алатын, бәсекеге қабілетті мұғалім болары сөзсіз.