Кенжегалиева Гулбадан Максотовна

№4 ЖББОМ, қазақ тілі мен әдебиетінің

 I санатты мұғалімі,

Орал қаласы, БҚО

 

Деңгейлік тапсырма беру – бағалаудың тиімді жолы

 

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда деңгейлік тапсырмалар маңызды орын алады. Деңгейлік тапсырма кезінде әр деңгейдің алатын орны бар. Әр деңгейде орындалатын тапсырмалар түрлі талапты қамтиды. Орыс ғалымы Л.В. Зенков «Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану - білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы» деп атап көрсеткендей, күн сайын  өзгеріп отырған әлемдік ақпаратқа ілесу оны пайдалана  білу, бүгінгі күннің мұғалімнен үлкен ізденісті, зор талапты, өз білімін жетілдіріп арттыруды қажет етіп отыр. Деңгейлік саралау технологиясы оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған. Деңгейлік тапсырмаларға қатысты талаптар әр деңгейде берілетін білім көлемін  белгілеу үшін қажет. Сонымен қатар, бұл  талаптар әр деңгейдегі (оқушлық, алгоритмдік, ізденімділік, шығармашылық) тапсырмалардың қандай болуы керек, қандай мақсатқа берілуі керектігін анықтайды. Сондықтан деңгейлік тапсырмалардың маңызы зор деуге болады. В.П.Беспалько оқу материалын меңгерудің 4 деңгейін ұсынады: 1. Оқушылық (ученический) 2. Алгоритмдік (алгоритмический) 3. Эвристикалық (эвристический) 4. Шығармашылық (творческий). Ғалым оқушылық деңгейден бастап шығармашылық деңгейге дейінгі даму кестесін былай көрсетеді. Оқушылық деңгейде білімнің берілуі, деңгейлік тапсырмалардың іске асырылуы бағдарлама талабына сәйкестігіне байланысты. Алгоритмдік деңгейде оқу материалдарының түсініктілігі, мазмұны деңгейлік тапсырмалардың күрделене түсуінен аңғарылады. Эвристикалық деңгейде білімнің берілуі жүйелілігі, сабақтастығы, іздендірушілік ерекшелігі басым болып, деңгейлік тапсырмалардың танымдық жағынан жетілуіне, тереңдетілуіне айрықша назар аударылады. Шығармашылық деңгейде баланың дарындылығы, таланты, тапсырмаларды орындаудағы ізденімпаздығы танымдық, рухани интелектуалдық шеберлікке ұштасады.

Әр деңгейге  қатысты қойылатын талаптарды ескере отырып, тапсырмаларды сұрыптап, таңдап алудың маңызы зор. Ол үшін тапсырма қызықты болса, оқушы тапсырманы зор ынтамен орындайды. Кейбір шарты біртектес болып келетін тапсырмаларды орындауға оқушының құлшынысы аз болады да, нәтижесінде тапсырманы орындауға селқостық пайда болады. Тапсырманың танымалдығы жоғары болса, оқушының ой-санасының өсуіне әсер етеді.  Тапсырма мазмұны оқушыны қоршаған ортасын, өмір сүрген қоғамын танып білуге үйретеді. Мұндай тапсрыманы орындау барысында оқушының дүниетанымы кеңейіп отырады. Егер аз уақыттың ішінде оқушы көп тапсырма орындап үлгерсе, ол оқушының іскерлігі, шеберлігі, белсенділігі мен қабілеттілігі жоғары. Оқушының осындай зеректігін одан әрі дамыту үшін де деңгейлік тапсырмалар қажет. Мұғалім деңгейлік тапсырмалар арқылы сабақ кезеңдерінде оқушының танымдық ойын, белсенділігін, икемдігін арттыру жұмыстарын шеберлікпен жүргізе алады. Деңгейлік тапсырмаларды құруға қойылатын талаптар мынадай: Біріншіден, мұғалім деңгейлік тапсырма құрылатын сыныптың бағдарламасын, мемлекеттік, стандартты, базалық оқу жоспарын толық білуі тиіс. Екіншіден, оқушының физио-психологиялық ерекшелігі, қабілеті, білім деңгейі назарға алынғаны жөн. Үшіншіден, оқушылардың басқа пәндерден алған білімдері ескеріліп, пәнаралық байланыс жүзеге асырылады.   

«Сөйлем түрлері мен сөйлем мүшелерін қайталау» тақырыбына жасалған деңгейлік тапсырмалардың үлгісі.

I деңгей

1. Сөйлемді түрлеріне қарай ажырат. Тыныс белгісін қой:

1) Көлшүмектің жағасындағы көк ала қамыс, судыр құрғақтар айнаның жиегіне салынған салынған әдемі өрнек сияқты

2) Қап, жығылуы жаман болды-ау (М.Ә)

3) Кешірек келуіңіздің себебі неде, әлде еш барсақ та құр қалмаспыз дедіңіз бе (М.Ә)

4) Атаның баласы болма, адамның баласы бол

2. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін құрамына қарай (дара, күрделі мүше) талда.

1)  Жылыжайда ақ, көк, қызыл, сары гүлдер өсірілуде.
2) Өзен, көлдер – елдің, жердің берекесі.
3) Бидай мен арпа, жүгері мен күріш және тары – дәнді дақылдар.
4) Алтайдың қарлы шыңдарында бүркіттер де, ұларлар да мекендейді.

3. Мына сөйлемдердегі сызықшаның не үшін қойылғанын түсіндір.

1) Абай – қазақтың ұлы ақыны.

2) Қайталау – оқу анасы.

3) Бұл дүниенің бақыты – мұратқа қол жеткізу.

4) Төрт жерде төрт – он алты.

5) Жақсы – жанына жолдас, жаман – малыңа жолдас.

II. 1. Сызықшаны тиісті жеріне қой.

1)     Мен тауда ойнаған қарт марал.

2)      Ата-ананың ақ тілеуі  ақ жол. 

3)     Қыздардың үлкені  Майра да, кішісі Сайра. 

4)      Байлықтың атасы еңбек, анасы жер. 

5)     Дөңгелек үстелді айнала отырғандар төртеу.

2. Мәтін қай шығармадан алынды? Шығарманың авторын ата. Бақтығұл кім? Шығармаға қажетті тыныс белгіні қой.

Тау ішінің аш қасырындай бұралып, Сарымсақтының қарағайында бір күн, бір түн бекініп жатты. Қой торыған бөрідей енді жұтынып, қомданып алған дөңгелек денесі анда-санда маңайды болжағанда, алды-арты, жан-жағына шапшаң бұрылады. Барлық қозғалысына ұршықтай үйірілген жіті сергектік пайда болған. Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей. Бақтығұл қоралы қойға шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басын төмен салып, елеусізденіп, сөлпеңдеп жүргені сияқты. Қалың топырдан адасып шаң қуып қара үзіп, қаңғып қалғандай сезінді. Ел бір бөлек, бұл бір бөлек. Баяғы жалғыз жорытқан көк қасқырша өзімен-өзі ғана болып қалған қу жалғыздық күйін қайта көрді. Бұл кезде Бақтығұл елден, жұрттан безіп шығып, тау ішінің жайын тағысы сияқтанып жүрген қашқын.

3. Берілген мақалдың жалғасын тап.

1) Ел іші........

2) Жақсымен жолдас болсаң, ......... Жаманмен жолдас болсаң, .....

3) Көп түкірсе ....

4) Жеті атасын білмеген......

III деңгей.

1.     Өлеңнің жалғасын жаз. Авторы кім?

Қалқам, мен Лермонтов та, ...........

Есенинмін демедім ...............

Қазақтың қара өлеңі ...............

Онда бір сұмдық сыр .............

2.     Мағжанның бір өленінен үзінді келтір.

3. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» тақырыбына эссе жаз.

Оқушыларға осындай деңгейлік тапсырмаларды беріп отыру оқушы білімін бағалауда өте тиімді. Себебі оқушы өзінің деңгейін біліп, өз білімін өзі және жолдастары бағалап,  сезініп отырады. Мұғалім жетектеуші, бағыттаушы рөлде болып, оқушы орындаушы қызметін атқарады.  

           Қорыта келгенде, деңгейлік тапсырмалар орындау негізінде оқутудың тиімділігі:

-қазақ тілі сабақтарының мазмұны мен сапасы артады. 

-оқушы өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланады.

Деңгейлеп саралар оқыту барысында жеңілден ауырға қарай өсу бағытында күрделендіру принципіне сәйкес, қорытындылау, жинақтау жұмысын, бақылау жұмысын, тест, сауалнама әдісін пайдалану – мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүзеге асады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қараев Ж.. Деңгейлік оқыту технологиясы. 

2. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде №5, №6 2010ж.

3. Қадашева К. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –А: Мұрагер, 2005. 168 б.