Фс.ғ.к., профессор Иманбеков М.М.,

МДОжТ-31 тобы студенті Батырбаева Л.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.

Жеткіншектердегі девиантты мінез-құлықтың пайда болуына әсер ететін отбасылық факторлар

 

Қоғамның қазіргі күйінің үрей тудыратын симптомы – мінез-құлқында ауытқушылық бар кәмелетке толмаған балалар  санының өсуі болып табылады. Әдетте бала мектепке дейінгі және оқу кезеңдерінде өсу және даму эволюциясынан өтеді. Сол кездерде жанұядағы тәрбиеде орын алған кемшіліктер мен оқу-тәрбие жұмысындағы ақаулар ұштасып баланың қалыпты жағдайынан ауытқуына себепші болады. Отбасында қалыптасқан микроклимат отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, адамгершілік қадір-қасиеті, қоршаған ортаға көзқарасы, олардың алатын әсерлері мен күнделікті дағдылары баланың мінезінің жақсы немесе керісінше жаман болуына көп ықпал етеді. Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27 бап, 2 – тармағында «Балаларына қамқорлық жасау жане оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінсе [1].

Елбасы үстіміздегі жылдың 17 қаңтар күні «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында өмірдің баға жетпес құндылығы – балаға, бала тәрбиесіне, болашағына көп көңіл бөлді. Отбасы, әке мен бала, бала мен ана мәселесіне –«Бала тәрбиелеу - болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән жатыр [2].

Қазіргі уақыттағы көптеген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, қылмысқа көп баратын жастар ішінде 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны артып отыр. Бұл әрине, қоғамдағы жағдайға, баланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, отбасындағы ата-анасымен қарым-қатынасы жағдайына тікелей тәуелді болып келеді. Осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдермен жан-жақты жұмыс жүргізіп, педагогикалық-психологиялық міндеттерді алға қоюымыз қажет.

Жалпы девиантты мінез- құлық дегеніміз не? Девиантты мінез- құлықтың пайда болуына қандай факторлар әсер етеді? деген сұрақтарға жауап берейік. Өз көзқарастарының басты ой-желісін ескере отырып, В. Д. Менделевич  девиантты мінез – құлық ұғымына мынадай анықтама береді: «Адамның девиантты мінез-құлқы қоғамда қабылданған нормаларға сәйкес келетін және психикалық үдерістердің теңсіздігінде, бейімсіздікте, өзін-өзі актуальдендіру үдерісінің бұзылу кезінде және өзінің мінез-құлқына эстетикалық және өнегелі қадағалаудан ауытқу кезінде пайда болатын қылық жүйесі немесе жеке қылық болып табылады» [3].

Девиацияны зерттеуші көптеген ғалымдар девиантты мінез-құлықтың пайда болу факторларын түрліше түсіндіреді. Біріншілері оларды:

1.                 Биологиялық факторлар;

2.                 Психологиялық факторлар;

3.                 Әлеуметтік-педагогикалық факторлар;

4.                 Әлеуметтік-экономикалық факторлар;

5.                 Моральдық-этикалық факторлар деп бес топқа бөлсе, екіншілері оларды бөлмей балада девиантты мінез-құлықтың пайда болуына мына факторларды жатқызады: жанұяда берекенің болмауы; ата-ананың ерекше қамқорлығы; тәрбие берудегі кемшіліктер; өмірде кездесетін қиыншылықтар мен күйзелістерді жеңе алмау; өмірлік дағдының болмауы, айналасындағы адамдар мен құрбыларымен жарасымды қарым-қатынасқа түсе алмауы; сырттан келген қысымға төтеп бере алмау, өз бетінше шешім қабылдай алмау, сынаушылық ойды дамыта алмау; психоактивті заттарды жиі пайдалануы; агрессиялық жарнаманың ықпалды болуы.

Қазіргі уақытта отбасы мәселесі, соның ішінде девиантты мінез-құлқы бар ата-анамен немесе баламен  педагогикалық – психологиялық  жұмыс жүргізу оларды девиантты мінез-құлықты болдырмаудың алдын-алу шараларын жүргізу үлкен жауапкершілікті талап етуде. Ендеше аз жылда кең етек алып кеткен нашақорлық пен маскүнемдік, шылымқорлық, жезөкшелік, кісі өлтіру, қарақшылық және т.б ата-аналар мен тәрбие ісі мен айналысушы көпшілік қауымды алаңдатуы заңды құбылыс. Өйткені мұның бәрі тәрбиенің «нәтижесі» әрі жіберген кемшілігі екені түсінікті [4].

Психологиялық шиеленісушілік атмосферасы, отбасында кикілжіңдердің жиі болуы балаға қатты әсер етеді. Бұндай күйде  балалар ықпалға тез көнеді, өйткені олар ішкі күйзелісінен арылуға тырысады. Тағы бір айта кететін нәрсе ата–аналардың ажырасуы. Бала психикасына, әсіресе ұл балаға үлкен әсерін тигізеді. Алдында үлкен өнеге алатын, сырласатын, үлкен адамға тән қасиет, жүріс–тұрыс мәнері мен әдеттерін үйрететін әкенің рөлі ер балаға ауадай қажет. Осының барлығының жоқтығы ер баланың ұжымнан оқшаулануына, тұйыққа әкеп соғады. Сөйтіп барып мектеп тәртібін бұзып қана қоймай теріс жолға түседі.

Педагогикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша ұрыс, жанжал, төбелес, бір–бірін жәбірлеу кездесіп тұратын отбасында, ішімдік орын алған, жезөкшелік пен моралға қайшы әрекеттермен айналысатын отбасында өскен балалар «қиын бала» деп аталады. Оларға тән қасиеттер: дөрекілік, қатыгездік, жалқаулық, ұрлық. Статистикалық зерттеулерге қарағанда жасы толмаған құқық бұзушылардың  44 пайызы сәтсіз отбасында тәрбиеленгендер.

Жеткіншек кезеңнің баланың дамуындағы ерекше орын оның “өтпелі”, “бетбұрыс ”, “қиын”, кезең деген атауларында бейнеленген . Бұл атауларда осы жастарда болатын , өмірдің бір дәуірінен екіншісіне өтуімен байланысты даму  процестерінің күрделілігі мен маңыздылығы айтылған. Балалық шақтан ересектікке өту осы кезеңдегі дене, ақыл-ой, адамгершілік, әлеуметтік дамудың барлық жақтарының негізгі мазмұны мен өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Өтпелі кезеңде балалар сабағы өзгереді, жақсы оқып жүрген балалар сабағы нашарлайды. Балаларда өзіндік “ мен ”сезімі пайда болады. Олар еркін жасауға құмар келеді.Тым еліктегіш болады. Бұл кезеңде балаларды ересектермен, әсіресе ата-аналармен көбірек ерегіске барып, ортақ тіл табыса алмайды. Балалар ата-аналарының тең құрдастай қарым - қатынас жасауын қалайды.

Жасөспірімдер ата-анасының сөздері мен іс-әрекеттерін олардың кәсіби дәрежелері мен білім деңгейлерімен салыстыруға бейім. Жасөспірімдік кезеңде ата-аналардан ерекше психологиялық түйсік пен педагогикалық мәдениет талап етіледі. Бұл ата-анаға жасөспірімдермен өзара қарым-қатынас сипатын дер кезінде өзгертіп, жасөспірімдерге өмірлік тәжірибесі мен өзінің біліктілігінің арқасында олардың өздері дұрыс шеше алатын міселелерге қатысты іс-әрекеттеріне еркіндік беру қажет.

Ата-аналар мен жасөспірімдердің арасындағы қарым-қатынас сипаты олардың қарым-қатынасының өмірлік болашағына қатты әсер етеді. үлкендер балалардың орнына бірдеңені жиі жасай салуға тырсады не бәрін жасай салады немесе олардың іс-әрекетін, әр қадамын қадағалап кірісіп отырады. Бұндай жағдайда жеткіншекте таңдау болмайды , оларға өз бетінше шешім қабылдаудың қажеті жоқ болады. Осыдан өмірде кездесетін әр алуан жағдайлармен бетпе-бет  келгенде дәрменсіздік, тұрақсыздық пайда болады. Жасөспірімнің мінез-құлқын анықтайтын негізгі мотив, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеуді қалау бұндай тыйымдар атмосферасында жүзеге аспай қалады. Осының кесірінен өзара қарым-қатынас босаңсып, тіпті нашарлап кетуі мүмкін [5].

Білім және мәдени өрісі төмен ата–аналар баланың ішкі жан дүниесіне үңілмей, педагогикалық заңдылыққа сыймайтын талап қояды, әрі оның сөзсіз орындалуын талап етеді. Бұл жердегі қателік баланың қабілетіне, іскерлігіне көңіл бөлінбеуінде. Соның салдарынан баланың отбасы ортасындағы адамгершілік, эстетикалық сезімдер дұрыс өріс ала алмайды.

Біздің ойымызша, мұндай қиын өтпелі кезеңде ата-ана тарапынан жеткіншекке дұрыс қарым-қатынас жасай білу керек. Яғни, “Мен саған сенемін”, “Мен сені жақсы көремін”, “Мен әрқашан сенімен біргемін”, “Сенің жетістігіңе мен сенемін” т.б. осы секілді сөздерді қолданып, ата-ана тарапынан қолдау көрсету керек. Ата-ана тарапынан қолдау дегеніміз бұл – жеткіншектің жақсы қасиеттеріне көңіл аудару; жеткіншектің қателік жасамауға өз ақылын, көзқарасын білдіру; өз күшіне сенуіне көмектесу; сәтсіздіктерде қолдау көрсету. Жеткіншекке қолдау көрсету – оған сену.  Көптеген өмірлік қиыншылықтарды бірге бастан кешу. Жеткіншек өз күшіне деген сенімділігі пайда болу үшін, ата-ана шыдамды, қайратты әрі сабырлы болу керек.

Қорыта айтқанда, отбасы – болашақ азаматтың әлеуметтену жолындағы қадамдарын жасайтын бастапқы ұя. Бүгінгі күннің талабына сай отбасы өмірін ұйымдастырып, балалар бойында ұнамды қасиеттерді қалыпсатыруда ата-аналар білімін жетілдіру қажет. Ертеңгі ел басқарар азаматтарымыз осы жас ұрпақ екенін ескере отырып, әрбір отбасы баланың денсаулығы мен тәрбисіне көңіл бөлсе дұрыс болар еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.                 Қ.Р Ата Заңы Толық тарауларымен 21.05.2007 ж. – Алматы, 1995

2.                 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана:  Елорда, 2014

3.                 Менделевич В. Д. Психология девиантного поведения. – Санкт-Петербург, 2005. – 245б

4.                 Джаманбалаева Ш. М. Социальные проблемы девиантного поведения Афтореферат.-Алматы, 1996. – 25б

5.                 Акажанова А. Т. Девиантология. – Алматы , 2009. – 126б