Қазанбаева А.З., (фил.ғыл.канд, доцент),
Бекашпекова А.Р. (студент)
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚ ТІЛІ
САБАҒЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Қазіргі
таңда жалпы орта білім беретін мектептерінде қазақ тілі
пәнінің берілу сапасына заман талабы артып отырғаны
мәлім. Қазіргі жас ұрпақ өз Отанына адал
қызмет ететін талабы мен біліктілігі, білімі мен мәдениеті
жоғары, бәсекеге қабілетті, әлемдік өркениетке ұмтылған,
мемлекеттік тілді жетік меңгерген, өз пікірін еркін айта алатын
маман болуы қажет. Осы талапқа сай оқушылардың
белсенділігі мен танымдық іс-әрекеттері арқылы оқушылар
шығармашылығын дамыту, қажетті жағдайда айрықша
шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру,
осыған орай оқытудың жаңа технологияларын енгізе
отырып, білім беру мен тәрбиелеу-мұғалімдер алдындағы
басты міндет.
Білім беру
саласының қызметкерлері алдына қойылатын мақсат —
оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру
және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды
меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар сабақ барысында
инновациялық және интерактивтік технологияларды пайдаланып,
сабақтың сапалы және жоғары дәрежеде өтуіне
ықпал етіп отыр.
Оқытудың
бірден-бір тиімді технологияларының бірі – инновациялық
технологиялар. “Инновация” ұғымына ғалымдар
әртүрлі анықтамалар берген. Инновация латын тілінен
аударғанда «жаңа», «жаңалық», «жаңарту» дегенді
білдіреді немесе "инновация" – бұл нақты
қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған
жаңа нәтиже. Э.Раджерс инновацияны былайша түсіндіреді:
“Инновация – нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея”.
Майлс: “Инновация – арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан жүйелі
міндеттеріміздің жүзеге асуын, шешімдерін күтеміз” - дейді
[1, 69-70]. Инновациялар қоғамның пайда болу кезеңінен
бері жүзеге асырылып келе жатса да, педагогикалық категория ретінде
ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында ғана қолданысқа
енгізілді. Әдетте инновация бірнеше өзекті мәселелердің
түйіскен жерінде пайда болады да, берік түрде жаңа
мақсатты шешуге бағытталады, педагогикалық
құбылысты үздіксіз жаңғыртуға жетелейді.
Осыған орай, Р.Масырова мен Т.Линчевская “Жаңару” дегенімізді былай
деп түсіндіреді: “Жаңару – белгілі бір адам үшін әділ
түрде жаңа ма, әлде ескі ме оған байланысты емес,
ашылған уақытынан бірінші қолданған уақытымен
анықталатын жаңа идея» дейді, яғни инновациялық
технологияның негізі – жаңалықтарды қалыптастыру,
практикада қолдану, жүзеге асыру және оның тиімділігін
айқындау.
Қазақстанда
ең алғаш «Инновация» ұғымына қазақ тілінде
анықтама берген ғалым Н.Нұрахметов. Ол “Инновация,
инновациялық үрдіс деп отырғанымыз – білім беру
мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру,
қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі”
деген анықтаманы ұсынады. Н.Нұрахметов “Инновация”
білімнің мазмұнында, әдістемеде, технологияда,
оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектеп жүйесін
басқаруда көрініс табады деп қарастырып, өзінің
жіктемесінде инновацияны, қайта жаңарту кеңістігін бірнеше
түрге бөледі: жеке түрі (жеке – дара, бір-бірімен
байланыспаған); модульдік түрі (жеке – дара кешені, бір-бірімен
байланысқан); жүйелі түрі (мектепті толық
қамтитын) [2, 17]. Ал жалпы инновацияны модификациялық,
комбинаторлық, радикалдық деп үш түрге бөлуге
болады. Модификациялық инновация – бұл бұрын қолда
барды дамытумен, түрін өзгертумен айналысу. Бұған
В.Ф.Шаталовтың математикаға жазған тірек конспектісі
және оны көптеген мұғалімдердің пайдалануы мысал
бола алады. Комбинаторлық модификация – бұрын
пайдаланылмаған, белгілі әдістеме элементтерін жаңаша
құрастыру. Бұған пәндерді оқытудың
қазіргі кездегі әдістемесі дәлел. Радикалдық инновация
– білімге мемлекеттік стандарттарды енгізу жатады. Мемлекеттік стандарт білім
беруде, негізінен, мөлшерлерді, параметрлерді, деңгейлік және
сапалы оқытудың көрсеткіштерін қалыптастырады [3, 12-13].
Қазіргі
кезеңде қолданылып жүрген инновациялық
технологияның негізіне жататындар: әрбір білім алушының жеке
және дара ерекшеліктерін ескеру; оқушылардың
қабілеттері мен шығармашылығын арттыру;
оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу, іздену
дағдыларын қалыптастыру. Инновациялық технология
түрлеріне: ынтымақтық педагогикасы; білім беруді ізгілендіру
технологиясы; проблемалы оқыту технологиясы; тірек сигналдары
арқылы оқыту технологиясы; түсіндіру, басқарып оза
оқыту технологиясы; деңгейлік саралап оқыту технологиясы;
міндетті нәтижеге негізделген деңгейлеп саралап оқыту
технологиясы; модульдік оқыту технологиясы; жобалап оқыту
технологиясы; сын тұрғысынан ойлау технологиясы; ірі блогты
шоғырландыра оқыту технологиясы.
Қоғам
талабына сай инновациялық технологияны меңгеруде ғалым
В.Максимов өз зерттеулерінде келесі инновациялық
технологиялардың түрлерін ұсынады:
-құрылымдық
логикалық технология;
-интеграциялық
технология;
-ойындар
технологиясы;
-тренингтік
технологиясы;
-ақпараттық
технология;
-сұхбаттық
технология [4].
Оқу
процесініңдегі негізгі инновациялық технологиялар:
1.
Кейс-технология.
2.
Web- технология.
3. Коммуникациялық
технология.
4. Ақпараттық
технология.
5. Интерактивтік әдіс
технологиясы.
6. Мультимедия технологиясы.
7. Телекоммуникация немесе
электронды оқыту технологиясы[5].
Қазақ
тілі пәні сабағын оқытуда жаңа технологиялардың
элементтерін қолдана отырып, деңгейлеп оқыту технологиясына
ерекше көңіл бөлу қажет.
Өйткені
бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне, жеке
тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған.
Жаңа әрі
пайдалы ізденістердің бірі қазақ тілі мен әдебиеті
сабағында қолданылып жүрген әдістердің бірі –
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау»
технологиясы. Бұл технология 18 елдің тәжірибесіне
енгізілген. Бұл әдіс оқушылардың сабаққа
деген қызығушылығын арттырады, ойлау белсенділігін,
тапқырлығын, өзіне деген сенімділігін, іскерлік
дағдысын қалыптастырады. Бұл технологияда бұрынғы
білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Ал,
соңғы кезеңде оқушы өз
шығармашылығынан қабілетін таныта алады. Мұнда
оқушыға ойланып-толғануға уақыт берілуі керек,
ойын айтуға оқушы шығармашылығын
қалыптастыратынын атап өту керек. Сабақтың қай
құрылымында болмасын оқушы осындай стратегияларды
қолданғаны дұрыс “Мен не ұқтым?” және “Мен
нені білгім келеді?” деген сұрақтарды есінен шығармауы керек.
“Мағынананы
тану” кезеңінде оқушыларды топқа бөлу арқылы
сұрақтар дайындап, оны мазмұны, стратегиясы арқылы
жүзеге асыруға болады. Сұрақтар үш деңгейде
әзірленеді. Дайындалған сұрақтарға оқушылар
өз ойларымен жауап бере отырып, бұл сұрақтар
оқушылардың деңгейіне сай топтастырылады немесе
сұрақтардың өзін сұрыптауда “Жуан және
жіңішке сұрақтар” стратегиясын мұғалім жүзеге
асырады. Осы кезең бойынша жұмыс істеу барысында қорытынды
шығаруға болады.
Бұл
технологияның келесі бір кезеңі – «ой-толғаныс». Мұнда
“Венн” диаграммасын қолдану арқылы тақырыптардың
ұқсастығы мен айырмашылығын көрсетуге болады. Осы
кезеңде оқушылардың тілдік дағдыларын
қалыптастыру мақсатында сабақ тақырыбына байланысты
яғни, пікір-сайыс өткізуге немес “5 жолдық өлең”
(синквейн) жаздыруға болады. Мұндағы мақсат –
оқушылардың өзіндік көзқарасын
қалыптастыру. Сол 5 жолдық өлеңді жазғанда
сабаққа қабілеті төмен деген оқушылардың
өзі 3,4 сөз тіркестерін құрастырып өз ойын жазса,
соның өзі оқушының сабаққа деген
қызығушылығының артқаны болып табылады.
Сын
тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша сабақ
құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны
ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр
кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр
түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат
қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, оқушылардың
өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді [6, 215].
Инновациялық
білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық
қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін
тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін
арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге,
пайдалануға және шығармашылық жұмыстар
жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды
қолдануда оқытушы
ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға
көмектеседі, оқушының пәнге деген
қызығушылығы артады.
Қорыта
келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның
негізгі, басты міндеті мынадай:
– әрбір білім
алушының білім алу, даму, басқа да іс-әрекеттерін
мақсатты түрде ұйымдастыра білу керек;
– өз бетінше
жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, дамыту;
– аналитикалық
ойлау қабілетін дамыту.
Қазақ
тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесінің негізін
салушылардың бірі, ғалым-ағартушы А.Байтұрсынұлы:
"Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ.
Әдіс керектіктен шығатын нәрсе. Әдістің
жақсы жаман болмағы жұмсалатын орынның керек
қылуына қарай... Әдістің де озығы бар,
тозығы бар, әрбір ұлт тіліне лайықты-лайықсызы
бар, қолайлысын таңдап алу күрделі іс" - деп түйін
жасайды [7, 259]. Ғалымның жоғарыда келтірілген
пікірінің күні бүгінге дейін өзектілігі жоғары
және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан тәрбиелік,
тәлімдік мәні зор екенін байқаймыз.
Әрбір
оқытушы кез-келген инновациялық технологияны қажеттілігіне
қарай ұтымды, тиімді қолданғанда ғана
нәтижеге қол жеткізеді.
Ұрпақ
тәрбиелеу мәселесі – қоғам дамуының талабына
қарай өзгеріп, дамып жетіліп отыратынын ескерсек,
оқушыларға тек пәнді игертіп қана қоймай, оны
болашақта қажетіне жарата алатын, мемлекеттік тілді жетік
меңгерген, жан-жақты дамыған тұлға ретінде
тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Оған жету үшін білім
беру үрдісіне оқытудың инновациялық технологияларын
енгізіп, сол арқылы оқушының шығармашылық
ойлауын, рухани-мәдени дамуын, танымдық деңгейін жетілдіру,
интеллектуалдық өсуін қалыптастыруымыз қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Арысбаева З.
“Инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану ерекшеліктері” //
Қазақстан мектебі. № 1. 2007.
2. Бейсембаева А.
“Оқу-тәрбие үрдісін ізгілендірудің мүмкіндіктері”
// Қазақстан мектебі. № 4. 2001.
3. Жүнісбек Ә.
Жаңа технология негізі – сапалы білім. – //Қазақстан мектебі,
№ 4, 2008.
4. Нағымжанова
Қ. Инновациялық технологияның құрылымы. – Алматы:
Өркен, 2007.
5. Гин А.А. Приёмы педагогической техники: Свобода выбора.
Открытость. Деятельность. Обратная связь. Идеальность. – М.: Вита-Пресс, 2003.
6. Садуова
Ж.Н. Жаңа педагогикалық технологиялар арқылы болашақ
мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын
қалыптастыру // Қазақстан мектебі, № 5,
2013.
7. Байтұрсынұлы
А. Тіл тағылымы. Алматы. 1992.
8. Мұхамбетжанова С.Т., Мелдебекова М.Т. Педагогтардың
ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдану
бойынша құзырлылықтарын қалыптастыру әдістемесі.
– Алматы: ЖШС «Дайыр Баспа», 2010.
9. Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруда оқытудың
жаңа технологияларын енгізудің тиімді жолдары. – Алматы. 2006.
10.
Қадірқайырұлы Қ., Монахов В.М., Оразбекова Л.,
Әлдібаева Т. Оқытудың педагогикалық жаңа
технологиясы. – Алматы. 1999.