Мизамбаева Сымбат Серікқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,

қазақ және орыс филологиясы факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының  4 курс студенті

Бекбосынова Асия Хасанқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан.

 

Сырбай Мәуленовтің соғыс лирикасы

 

Қазақ әдебиетінің  рухани кемелденуіне өзіндік қолтаңбасымен келген  үлкен тіректі тұлғалардың бірі – Сырбай Мәуленов. Сырбай Мәуленовтің ақын ретінде танылған тұсы – қырқыншы жылдардың соңы. Ақын ширек ғасыр жыр төгіп, сыр шертіп, халық жанын сусындатып, көп оқырманның мейірін қандырды. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ретінде С.Мәуленовтің шығармашылығында соғыс тақырыбы үлкен орын алады. Ақын майданға барып, өмірдің ащы шындығын көріп келген. Сырбай Мәуленов  қазақ поэзиясында оқырманды  нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын шынайы поэзияның орнығуына ықпал ете білген ақын.

Арманым жоқ көкірегімді кең ашып,

Туған елге тарту етсем барымды -

деп ақын артына өшпес із қалдырды. Жалынды жырларын жұртына тастады. Бүгінде Сырбай Мәуленовтің көптеген жыр жинақтары жарық көрген. Қазақ әдебиетінде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар. Ұлы Отан Соғысы ардагер ақынның тума талантына тосқауыл бола алмады. Бір қолына қаруын, бір қолына қаламын ұстаған жауынгердің  лирикасы асқақтыққа толы. Қаһармандық, өжеттілік, туған жерге деген махаббат, табиғатты сүю, тәтті сезім иірімдерін түсіну де ақынның шығармаларынан көрініс тапқан [1, 34].

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?!

Ақын балғын жастық шағын сұрапыл соғыста сарып болғанын айтып,    «Мың гүлдер солмасын деп, гүлдей жастық күнімді бердім» - дейді. Бірде ақын сүйген жарды, туған жерді жырласа, бірде өлім аузынан арқалап алып шыққан санитарканың жарқын бейнесін алғысқа толы жүрекпен егіле жырлайды, бірде жалғыз ұлынан, екі көзінен айырылған ана кегінің қажырлы қаһарын көреміз. Соғыста қолын ғана беріп қоймай, «жалын кешкен жастығын», жанбай сөнген махаббатын шалған ақын ендігі ұрпақтың сол жастығы мен махаббатын қызғыштай қорғауы әсерлі! Соғысқа кіріп шыққан адамның жан-жүйесі қандай екендігі, Сырбай Мәуленовтің «Солдат сыры» атты өлеңінде былайша сипатталады:

Көрдім кеше қияметін

Кереметті ұрыстың,

Шөліркесем айдалада,

Қан аралас су іштім...

Соғыстан кейін де қазақ ақындарынның алдыңғы қатардағылары өмір шындығына терең сүңги бастағанын біз олардың өлеңдерінен көреміз. «Мен он сегіз жасымда армияға алынып, Дондағы Ростовта болдым да, көп ұзамай аурулығыма байланысты әскери қызметтен босатылдым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін өз өтінішіммен майданға аттандым. Әскери өмір менің өлеңімнің де мектебі болды. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме өшпейтін таңбасын түсірді» - дейді ақын.

Соғыс жолы дауылмен,

Оқпен, отпен теңселген.

Шақырым емес адыммен,

Соғыс жолы өлшенген [2, 63].

Міне, осы сәттен бастап, бейбіт өмірдің бей-жай күйін, алаңсыз кескін-келбетін кестелеп, өз өлеңіне арқау етіп жүрген жас ақынның жырлары туған елден қан майданға аттанған алғашқы сәттен бастап-ақ, мүлде бөлек күй кешіп, ерекше  бұлқынысқа ие болды. «Қоңырау қағылды» өлеңі

Қоңырау қағылып,

Жылжыды эшелон.

Сағымды жамылып,

Қалды артта неше жон.

Қалды артта туған үй,

Қара түн жасырып.

Дауыл боп тула күй

Жарқыра жас үміт.

Мен енді жауынгер

Қатерге буған бел

Батысқа жол тарттым

Сен үшін, туған ел [3, 140].

Сырбайдың әр өлең жолынан қан майданның оқ дәрісінің исі мүңкіп тұрады, соғыстың жанды суреті елестейді, жалынды жүрек үні естіледі. Соғыс – ащы зар, зәрлі запыран, ызалы үн, орны толмас қасірет. Соғыс жайында жазған Қасым Аманжолов бастаған ақындар тобында үлкен бір өзгеше қасірет бар. Олар балдырған қызық шақты соғыс өртіне бірге ала кетті. «Дәуір дауысы» деген өлеңінде осы өкінішті ақын дәл береді.

Тауларды бомба төңкеріп,

Өмірге оқтар дақ салған.

Жиырмада өлең өртеніп,

Жиырмада шашым ақ шалған [4, 62].

Дегенмен жастардың балапан шағының осы соғысқа дөп келуі тарих тезімен өлшегенде олардың өмірінің мазмұнын күшейте түсті. Патриоттық сезімді, ел тағдыры, махаббатты, адам баласына тән жақсы қасиеттің бәрін өзімен бірге арқалап, ойынды ой жеңіп, қорқынышты жауапкершілік жеңді. Ақынды өмірден, мерзімімен бөліп алу қиын. Ендеше бұлар тарихтың аса жауапты кезеңінде ер жетті. Жер жүзін дариядай шалқытқан ала құйын уақытта бұғанасы қатып, азаматтық борышты қарулы мылтық кезенуден  бастады. Бұлардың түсінігінде Отан деген мағына кеңи түсті. Соғыс тақырыбына арналған тағы бір өлеңі «Окоп»:

Қара суық уілдеп,

Жерді жапқан жұқа қар.

Қыс лебінен дірілдеп,

Бұғып қалған бұталар.

Бақсылардай сарнап тал,

Бірде аңдай ұлиды.

Келе жатыр солдаттар

Арман етіп жылы үйді.

    Сырдария, Торғай төңірегі, Орал таулары, Волхов орманы, Назия өзені – бәрі ақын жанына жақын біртұтас Отан түсінігін береді. Есірген жаудан осы қасиетті даланың ұлтарақтай әр бөлшегін қорғау ортақ міндет, бірдей борыш. Бұл міндеттің оңай емес екенін, соғыс дегеннің алапат екенін жас ақын жақсы сезінеді.

Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,

Я өліп, я болмаса өлтіретін.

Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған

Жандыратын, болмаса сөндіретін.

Соғыс қанша қатерлі болғанмен, оның тағдырын шешетін адам. Соғыстың дәл қызу кезеңдерінде де ақын жеңістен түңілмейді. Совет адамдарының кекке суарылған қайратына, өжеттігіне сенеді.

   «Назияда күн ашық», «Украинаға» деген өлеңдерде осы түсінік анығырақ аңғарылады. Назия өзенін суреттей келіп, ақын:

Қаным күйіп тұнған жер

Іздеп келдім шалғайдан

Сен де маған туған жер

Айырмаң жоқ Торғайдан, -

десе, «Украинада»:

Қара торқа жеріңді

Жата қалып сүйіп мен,

Іздеп сенің кегіңді

Аттанғаным Киевтен, [4, 96]

деп түйеді.

Ақынның елу сегіз өлеңдер кітабы жарық көрген. Сырбайдың Отан, соғыс тақырыбына жазған өлеңдері өте көп. Бұлардан патриоттық сезімнен туған жігер, ерлік, қайғы-қасіретпен араласқан қуаныш бой көрсетіп отырады. Соғыс дертін бастан өткізген ақын бейбітшілік аспанды қайтадан торлай бастаған бұлтты сезіп, бар дауысымен соғысқа қарсы өлеңдер жазады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

         1.Жыр тұлпары, сыр сұңқары – Сырағаң. - Алматы: Атамұра, 1996. - 416 б.

2.Мәуленов С. «Алтын қалам», - Алматы 2010.

3.Мәуленов С. «Ақ түн». Құрастырған: Дүйсенбайұлы Е. - Алматы, 2003.

-192 б.

4. Мәуленов С. «Өлеңім – өмірім менің», Жыр жинағы. – Алматы. «Санат», 1997. -  576 б.