Фил.ғыл.кан., доцент Қазанбаева А.З, Ахмет К.Е.

        Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Дидактикалық ойын – оқушы шығармашылығын дамытудың тәсілі

         Бүгінгі таңда, жалпы орта білім беретін мектептерде қазақ тілінің берілу сапасына ерекше мән беріліп, оқыту үрдісінде жаңа әдіс-тәсілдерді, инновациялық технологияларды енгізу уақыт талабы десек те болады. Дидактикалық ойын түрлерін сабақ барысында ұтымды қолдану мұғалімнен шеберлікті, ізденісті қажет етеді. Дидактикалық ойындар оқушылардың шеберлік қабілеттерін жетілдіріп, өз пікірін дәлелдеуге, сыныптастарымен еркін пікірлесуге ықпал жасайды. Оқушылардың танымын кеңейтіп, ойлау қабілетін, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын жетілдіруге, олардың сөздік қорын дамытуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Жалпы, педагог ғалымдар ойын түрлерін оқыту үрдісінде қолдану мәселесіне ерекше көңіл аударып келеді. Ж.Аймауытов былай дейді: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер». А.Қыраубаеваның пікірінше: «Нағыз мұғалімнің еңбегі – суреткердің еңбегі сияқты шығармашылық еңбек» [1.65]. Осы тұрғыдан алып қарағанда, оқыту үрдісінде ойын әдісін  қолдану тиімді әдіс-тәсілдердің бірі болып табылады.

        Ойын – күрделі философиялық, психологиялық, педагогикалық ұғым. Философия адам мәселесін зерттегендіктен, бұл жерде адамның санасы мен ойын арасындағы қарым – қатынасы тыс қалмайды. Философиялық еңбектерде ойын әр түрлі көзқараста, пікірде түсіндіріледі. Мысалы, сонау ерте заманғы грек ойшылдарынан бастау алатын ойын теориясы қазірге дейін өрбу, даму үстінде. Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда өмір сүрген грек философы Гепокрит ойынды мәңгілікке теңеген. Оның пікірінше, «Ойын мәңгілік -  шахмат ойнап отырған бала» [2.22]. Ойын  балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі — дидактикалық ойындар. Дидактикалық ойынның мақсаты – бағдарламада алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау. Міндеті – оқушының қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру. Дидактикалық ойындар – оқушылардың білімдерін арттырудың құралы. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар. Дидактикалық ойын оқушылардың жас ерекшеліктеріне және өткізлетін сабақтың тақырыбына, мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс – әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс.

         Ойын әдісімен сабақты өту жұмыстары бірнеше маңызды мәселелерді шешеді: біріншіден, оқушылар ойын кезінде бір – бірімен тілдік қатынасқа тез түсіп, бір - бірімен  қарым-қатынасы артып, шығармашылық қабілеттері артады, бұл оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытады; екіншіден оқулықта берілген материалды  қызығып, ынта-жігермен оқиды, бұл оқушыларды білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз етеді; үшіншіден, оқушылардың арасында жарыс пайда болады, оқушының жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады; төртіншіден, оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері дамиды. Оқушылардың белсенділігін, саналы ойлана білуін, қиындықты жеңуінде, шыдамдылыққа үйретуде ойынның ықпалы өте жоғары. Осы орайда қазақ тілі сабағында оқушыларды қызықтыратындай, ойын оятатындай, іскерлігін дамытатындай дидактикалық ойындарды жиі қолдану қажеттілігі туындайды. Дидактикалық ойындар ретінде  ребус, сөзжұмбақ, үндемес, ұйқасын тап ойындарын пайдалануға болады.  Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады, қазақ тілі сабағында ойын формаларын енгізу барысында интерактивті тақтаны да қолданудың маңызы өте зор. Дидактикалық ойындар – оқушылардың білімдерін арттырудың құралы. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Ойын сабақтың басында өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында – тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді. Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан осындай ойын түрлері балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін сабақтың тақырыптарына мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс – әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс [3.7].

        Қазақ тілі сабағында ойын түрлерінің қолдану тиімділігі: жаңа тақырыпты ойын арқылы меңгертуде не бір жақсы нәтижеге жетуге болады; сабақты жандандырып, оқушыларды ынталандырады; шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін арттырады; өзіне деген сенімділік пайда болады; логикалық ойлау қабілеті дамиды. Дидактикалық ойын адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ойын өмірде өте ерте жастан басталып, адамның кәсіпті толық мегергенінше жалғасады. Ал оқыту процесінде жаңа технологияның маңызды бөлігінің бірі. Дидактикалық ойын баланы қимылға, әрекетке, дене шынықтыруға төселдіреді. Сол арқылы өмір күресіне, еңбекке баулиды. Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ. Дидактикалық ойын арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттері, логикалық ойлауы, түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіреді. Ойын екі немесе одан да көп адамдардан құрылатын топтардың өз мүдделерін іске асыру үшін жүргізілетін процесс түрі. Әрбір топтың өз мақсаты, стратегиясы болады [4.28]. Педагогикада  қолданатын дидактикалық ойын түрлері бірнеше бағытта жүргізіледі. Дидактикалық ойындар баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі, сабаққа эмоциялық бояу береді. Дидактикалық ойындарды құру мына негіздерге сүйенеді:

Балалардың іс – әрекетіне ойын түрлерімен оқуды байланыстыру, біртіндеп қызықты жеңіл ойындардан ойын – тапсырмалар арқылы берілген оқу – тәрбие мәселелеріне көшу; шарты мен міндеттерін біртіндеп күрделенуі; берілген тапсырмаларды шешуде баланың ақыл – ой белсенділігінің күшеюі; оқу – тәрбие мақсаттарының бірлігі. Дидактикалық ойын түрлері: заттық дидактикалық ойындар (Бұл ойын әртүрлі ойыншықтармен және әртүрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады); «Жаңылтпашты тез айт», «Фонетикалық жаттығулар», «Мақалды жалғастыр»; Сөздік дидактикалық ойындар, яғни ауызша ойналатын ойындар. Әр сыныпта жас ерекшеліктеріне байланысты ойындар іріктеледі, сондай-ақ тапсырмалар арқылы оқушылардың білімін тереңдете түсеміз және сөздерді дұрыс айтуға, оқуға, есте сақтауын дамытуға көмектесе отырып, ойын түрлерімен жұмыс жүргіземіз. Іс жүзінде ойын арқылы оқушыларға сапалы білім беруге болатынын  сабақ беру тәжірибемізден дәлел келтіруге болады. Оқушыларға дауыссыз дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін ұғындыруда, сабаққа деген қызығушылығын оятуда, шығармашылық қабілетін жетілдіруде ойын түрлерін қолданамыз. «Әңгімені аяқта» ойыны. Берілген сөйлеммен аяқталатындай етіп, әңгіме құрау. «… Осы оқиғадан кейін біз бір-бірімізге өтірік айтпауға уәде бердік». «… Арада қанша жыл өтсе де, Қожа сол оқиғаны ойынан шығара алмады».  «Бұл қай есімдіктер» логикалық ойыны. Етікші аспабының бірімен ұқсас есімдіктің түрі (біз). Басқасының бәрін өзі сұрайды, өзінен ешкім сұрамайды (сұрау есімдігі).

«Сыңарымды тап» ойыны. Шарты: бірнеше сөздер тізбегі беріледі, оқушы сыңарын табады. Нәтижеде оқушы сөз тіркесін жасай отырып, сын есімді меңгереді. Мысалы: қызыл алма, үлкен үй, жасыл жапырақ, ала доп, кең жол дәптер, ақ нан, гүлді көйлек, қызықты кітап.

        Осындай дидактикалық ойындар ойнатқанда оқушыларда әрекет пайда болады, сөздік қоры молаяды, білімі, сауаттылығы күшейеді, танымдық белсенділіктері артып дүниетанымы кеңейеді. Әр сабақтың тақырыбына сай ойындарды пайдаланып отыру оқушылардың ынтасы мен зейінін арттыра отырып, тез жазу, оқу, қазақ тілі пәнін игерудегі белсенділіктерінің артуына ықпал жасайды. Дидактикалық ойынның ролі ерекше. Дидактикалық ойындар тілді меңгеру құралдарының бір түрі. Бұл  дидактикалық ойындарды бұрыннан танымал ойындармен бірге пайдалана отырып, баланың ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштауға, одан әрі дамытуға қадам басамыз деп ойлаймыз. Дидактикалық ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертіп, икемдеуге оңай, әрі балалардың өздері де өздігінше жүргізе алатындай жеңіл түрде беріледі. Дидактикалық ойын арқылы оқыту балалардың жүйке жүйесіне салмақ салмай, қызықтыра, ұғындыра оқыта үйретуді ұйымдастыру әр ұстаздың шеберлігіне, шығармашылығына байланысты болмақ [5.20].

         Қорыта айтқанда, ойын оқу үрдісінде оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория болып табылады. Сол сияқты ойынды оқушылар мен мұғалімдер бірлескен оқу әрекетінің өзара байланыста болатын технологиясы ретінде қарастыруға болады. Педагог – ұйымдастырушы, ақыл – кеңесші, ойын барысында болатын даулы мәселені шешетін әділ төреші. Ең бастысы – баланың досы. Дидактикалық ойындар оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөз қорын молайтуға көмектеседі, сабақта дидактикалық ойындарды пайдалануда оқушыларды әдептілікке, адамгершілікке, қамқорлыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Ол баланың қиялынан туындайды, дамиды. Дидактикалық ойын түрлері – белгілі бір білімді, іс-әрекетті үйретуші тәсіл болып табылады. Сабақ барысында дидактикалық ойын түрлерін тиімді пайдаланудың қажеттілігі жоғары деп айта аламыз [6.60]. Ойын оқушы шығармашылығын дамытудың, танымдық әрекетті қалыптастырудың бірден-бір тәсілі ретінде қолданылады.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Керімбаева Р. Ойынның психологиялық-педагогикалық мәні // Қазақстан мектебі. – 2008. - №2. – Б. 65

2.Тілдерді оқытудың ойын әдістері // Қазақ тілі: әдістеме. – 2009. - №3. – Б. 22-25.

3.Нұрпейісова Г. Оқытуды технологияландыру // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде. – 2004. - №10. – Б. 3-7.

4. Жалғас Н. Ойын іс-әрекетінің тәрбиесі // Қазақстан мектебі. – 2009. - №4. – Б. 28-29.

5. Қабидоллина Қ. Оқу үрдісінде ойын элементтерін қолдану // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде. – 2004. - №1. – Б. 20-23.

6. Меңдаяқова Қ. Ойын-жаттығулардың тіл дамытудағы маңызы // Қазақстан мектебі. – 2009. - №5. – Б. 60.