Филологические науки

        

Жекеева К.О., ф.ғ.к., Орталық Азия университетінің доценті, Қазақстан

Омарова К.Т., Алматы қаласының № 178 лицей мұғалімі, Қазақстан

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ 

     Мақалада білім жүйесіндегі жаңа бағыттардың қалыптасуы, білім берудің ұлттық модулі жайында және өскелең ұрпақтың  сапалы білім алуы басты мақсат болса, білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі – сапалы білімнің жеке тұлғаға бағытталуы екендігі кеңінен айтылып, оның өзіндік ерекшеліктері мен оған қол жеткізудің тиімді жақтары қарастырылады.

 

     Қазақстан Республикасы ХХI ғасырда білім саласын реформалауда батыл қадамдар жасады. Білім жүйесінде жаңа бағыттар қалыптасып, білім берудің ұлттық модулі жасалды. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың  сапалы білім алуы болса, білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі – сапалы білімнің жеке тұлғаға бағытталуы.

     Ізгілендіре оқытуда оқу материалы жаңа мазмұнды тәрбие беретін күшке ие болатындай сипатта құрылады. Пәнді тереңірек оқуға деген ынта мен қызығушылық осыдан пайда болады.

    «Қазақстан - 2030» атты стратегиялық жоспарда Елбасы «Адамзаттың дамуы индексінің бірден-бір көзі – білім. Тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін тұрғындардың білім беру деңгейін көтеру маңызды болып табылады», - деп атап өтіп, мамандардың даярлығын, әлемдік еңбек нарығына бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін, әлемдік білім беру кеңістігіне ынтымақтастырылған білім ерудің ұлттық үлгісін құру – мақсатын белгілеген болатын. Осы ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарда көрсетілген мәселе жыл сайынғы Жолдауларда білім беру мақсаттары аталып анықталуда. Біртұтас ақпараттық білім беру кеңістігін құру мақсатында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман даярлауда білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқу үрдісін оқытудың жаңа технологиясын ендіру іс-шаралары жүзеге асырылуда.

      2007 жылғы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Білім беру реформасының ойдағыдай жүргізілуінің басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің әрбір азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу» - деп атап өтіп, еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат анықталды. Бұл саясаттың басты бағыты – оқу орындарын халықаралық стандарттар деңгейінде аттестациялау жүзеге асырылады.

      2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында «жас кәсіби мамандар ел өмірінде болып жатқан үдерістерде өз орнын тауып, болашақты орнатуға белсенді қатысу керек» нақтыланып айтылған болатын және Білім және Ғылым министрлігі заманға сай білім алуға және озық технологияларды игеруге мүмкіндік берудің инфрақұрылымы  жасалды.

     2010 жылғы «Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында жоғарғы оқу орындарындағы мамандарды дайындаудың сапасын қамтамасыз етудің бірталай жолдарын атап көрсетті.Олардың ішіндегі басты мақсат Қазақстанның Болондық үдеріске кіруі. Болондық декларация қағидаларын отандық жоғары білім беру  жүйесіне енгізу  мынадай мүмкіндіктерді қарастырады:

·        оқу бағдарламасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру;

·        білім берудің түрлі деңгейінде білім беру бағдарламаларының басымдылықтарын құру;

·        білім беру бағдарламаларын еңбек нарығына бейімдеу;

·        маман дайындаудың тиімді үлгісіне көшу;

·        оқу бағдарламаларының унификациясының арқасында студенттердің мобилдігін күшейту және т.б.

Қазақстан – 2030 стратегиясы мен «Білім туралы Заңы» Қазақстан Республикасының білім жүйесінде инновациялық технологияларды ұтымды қолдануға мүмкіндік береді. ХХI ғасыр педагогикалық білім беру үрдісінде инновациялық технологияларды меңгеру ғасыры болып табылады. Оқытудың инновациялық технологиясы бірінші білім алушының білімін білігі мен  дағдысын емес, оның тұлғасын,  білім алу арқылы дамуын қойып отыр.

     Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Интеллектуалды ұлт - 2020»  идеясында «... Заманауи прогрестің мәнін білуіміз керек. Қазіргі шындық:Бүгінгі мемлекет өзінің интеллектуалды ресурстарымен бәсекеге түседі. «Интеллектуалды ұлт - 2020» идеясының мақсаты - жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу. Елді адам капиталы арқылы бәсекеге қабілетті ету. Бәсекенің бастысы – білімнің бәсекесі. Бұл үшін біріншіден, білім жүйесінің инновациялық дамуына жол ашу керек,  екіншіден, электронды қызмет көрсетуді жаңа заманға сәйкестендіру керек», - деп бүгінгі егемен еліміздің ертеңі бүгінгі болашақ ұрпақтың қолында екеніне тоқталады. Расында да Елбасының Қазақстан халқына жолдауларында ұлттық экономиканы қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық мәдениетті дамыту, т.б. өзекті мәселелері қарастырылады. Еліміздің бәсекеге қабілетті 50 мемлекет қатарынан көрінуге негізгі үлес қосатын бүгінгі мектеп оқушылары. Ал сол оқушыларға білім беретін мұғалім. Болашақ мұғалімдерді кәсіби іс-әрекетін ынталандырудаы педагогикалық технология пайдалану арқылы құзіретті маман даярлау өте өзекті мәселенің бірі болып табылады.

      Қазіргі кездегі білім берудің басты мақсаты – өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді дара тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Ал үшін жоғарғы оқу орындарындағы әрбір маманды қоғам талабына сай жаңа педагогикалық технологияларды қлану арқылы кәсіби бағыттылығын қалыптастыру жолдарын қалыптастыру қажет.

    Қазақстанда жаңашыл педагогикалық технологияларды зерттеу, пайлану ғалымдардың еңбектері көптеп табылады. Қазақстанда Ж.Қараев, М.Жампейісов, Б.Тұрғымбаева, Ж.Кобдикова, т.б. атауға болады. Ж.Қараев, Ж.Кобдикованың деңгейлеп саралап оқыту технологиясы бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулері оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндіктер туғызады.

    Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы оқу үрдісінің құрылымына, дидактикалық құралдарға қойылатын жалпы технологиялық талаптардың орындалуын қажет етеді. Білім алушылар алдын-ала қабілет деңгейлеріне қарай шағын топқа бөлінбейді. Деңгейлік тапсырмалар орындалу барысында білім алушылар өздері-ақ сараланады. Технологияның басты компоненттері – оң мотивация қалыптастыру және табысқа жетелейтін бағалау тәсілін пайдалану негізінде білім алушылар төменгі деңгейден жоғары деңгейге ауыса алады. И.П.Подласыйдың пікірі бойынша үрдістердегі технология деп, қолданғанда алдын-ала көздеген нәтижеге жеткізетін, белгілі бір сапалық және сандық деңгейлердегі өнім алуға кепілдік беретін,  ғылыми негізделген алгоритмдер, әдістер мен құралдардың жүйесін айтады.

     Біздегі технология ұғымы Блумның «толық меңгерту» теориясына негізделген. Сонымен қатар, Ресей ғалымдары В.П.Беспалько, И.В.Кларин, В.М.Монахов, Г.К.Селевко, Т.И.Шамова, Т.И.Давыденко, т.б. ғылыми зерттеулерінде ерекше орын алып отыр. Қазақстанда педагогикалық технологияның мектепке енгізуді алғашқы зерттеген ғалым профессор Ж.А.Қараев болып табылады. Ол Ресей ғалымдарының идеяларын басшылыққа ала отырып, ақпараттық технология, компьютерлендіру мәселелерімен бірге педагогикалық технология мәселесін зерттеуге жол ашты. Оның ғылымға қосқан негізгі жаңалығы – деңгейлік саралап оқыту технологиясы. Деңгейлік саралап оқыту технологиясы В.П.Беспалько ұсынған педагогикалық технология ұғымына, оған негіз болатын консептуальдық көзқарасқа сәйкес және В.Блумның «толық меңгерту» технологиясының басты идеяларына сүйеніп жасалынған. 

      Осы зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне сай туындаған және бүгінгі таңда өз іс-тәжірибемізде кеңінен қолданылып жүрген технологияның бірі – модульдік технология. Бұл технология тілді оқыту барысында кеңінен  орын алған.

    Модульдік технология даралап оқыту ұстанымына негізделген. Бұл технологияның басты құраушысы төмендегі компоненттерден тұратын оқу модулі:

·        логикалық түйінделген ақпарат блогы;

·        білім алушы іс-әрекетінің мақсатты бағдарламасы;

·        бағдарламаны табыспен меңгеруге қажет оқытушының нұсқаулары.

Модульдік технологияның басқа оқу жүйелерінен басты айырмашылықтары мынада:

·        Қойылған мақсатқа сай меңгерілетін білім мазмұны аяқталған жеке дара кешендерден тұрады.  Оқу мақсаты меңгерілетін мазмұнның көлемімен қоса оны меңгеру деңгейлерін де көрсетеді.Мұнымен бірге білім алушы білім берушімен қалай тиімді әрекет жасауы керектігі жөнінде жазбаша түрде ақыл-кеңес ала алады.

·        Білім алушы білім берушінің қатынасы модульдер арқылы жүзеге асатын болғандықтан даралап  оқыту үрдісі іске асады.

·         Білім алушы көбіне өз бетімен жұмыс істеп, алдына мақсат қоя алады, өз іс-әрекетін ұйымдастырады. Бұл оны бағдарламалап оқытуға жетелейді. 

              Сонымен педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану арқылы    студенттің өздігінен білім алуына, яғни СОӨЖ, СӨЖ тапсырмаларын орындау барысында үлкен үлес қосады. Жеке адамның өзі басқаратын мақсатты танымдық іс-әрекеті, шығармашылық жұмыс, білім алушылардың өз қызығушылықтарына қарай өздігінен білім алуы, өз бетімен дайындалу ретінде анықталады.

      ХХI ғасыр – ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін жан-жақты қолдану ғасыры. Бүгінде мемлекеттік тілді жан-жақты меңгертуде ақпараттық технологияның мүмкіндігін тиімді қолдана білу, сабақ жүргізудің жаңа оқыту әдістерін әзірлеу қазіргі кезеңде   ең өзекті мәселелердің бірі. Басқа құралдармен салыстырғанда бұл жерде компьютердің атқаратын қызметі ерекше деуге болады. қызметі ерекше деуге болады. Компьютердің басымдылығы мынада:

·        әртүрлі жұмыстарды жылдам және қысқа уақытта орындай алуы;

·        бейнелеу мүмкіндігінің жан-жақтылығы;

·        дидактикалық мүмкіндігінің жоғарылығы.

Мысалы, оқытудың дидактикалық принциптерін орындауда компьютерді сабақта қодану білім алушылардың келесі мүмкіндіктері мен қабілеттерін дағдыландырады:

·        Студентті өз бетімен жұмыс істеуін;

·        Компьютердегі сілтемелерге сүйене отырып, өз іс-әрекетін басқара алуын;

·        Жаттығуларды орындаған кезде жіберген қателерін өзі тексеріп, өзі түзете алуын;

·        Тапсырмалар орындалып, бағаланғаннан кейін студенттің алдыңғы тапсырмаға қайта оралу мүмкіндігін;

·        Көп деңгейлік тапсырмалардың арасынан өзінің білім деңгейіне сүйене отырып, берілген тапсырманы орындауын.

Психологиялық тұрғыдан компьютердің көмегімен студенттің пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға жан-жақты мүмкіндік бар, әр студенттің жұмыс барысында қысылмай, өз білімін еркін қолдануына мүмкіндігі болады. Тағы да айта кететін тағы бір жай, оқыту барысында компьютерді қолдануда оқытудың жоғарыда сөз еткен деңгейлеп саралап оқыту принциптерін де жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

·        Балапанов Е.Қ., Бөрібаев Б., Дәулетқұлов А.Б. Жаңа информациялық технологиялар: Информатикадан 30 сабақ. – Алматы: ЖТИ, 2003.

·        Қазақстан мектебі. 1998, №7.

·        Айқынбай Б., Смағұлова Ғ., Алматова Қ., Ұлттық рух тәрбиесі негізінде мемлекеттік тілді дамыту жолдары. – Қарағанды, 2004.

·        Клейман Г.М. – Компьютеры в процессе обучения. – М.: Радио и связь, 1997.

·        Караев Ж.А., Кобдикова Ж.У. Актуальные проблемы модернизаций педагогической системы на основе технологического подхода. Алматы, 2007.

·        Кесимова А.Қ. «Инновациялық педагогикалық технологияны  пайдалану арқылы бәсекеге қабілетті, құзіретті маман даярлау мәселелері. – Қарағанды, 2011.