Қазанбаева А.З., (фил.ғыл.канд, доцент),
Досмаханова Ғ.Қ. (студент)
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
АДАМҒА ҚАТЫСТЫ
МАҒЫНАЛАС ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Тіліміздегі
фразеологиялық тіркестер лексиканың ең бір негізгі саласы,
тіл байлығының көрсеткіші болып табылады. Тұрақты
тіркестер экспрессивті-эмоциялық әсерлігімен, образдылығымен,
көркемділігімен, мағыналық қабаттарымен ерекшеленеді.
Фразеологизмдер – түркі
тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, ертеден бар
құбылыс. Көркем шығарма тіліндегі
фразеологизмдердің қолданысы V-VIII ғғ. көне
түркі ескерткіштерінен, ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, орта
ғасырлық жазба ескерткіштер тілінен байқалады. Зерттеушілер
еңбектерінде көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдерді
қолданудың екі тәсілі байқалады: 1) фразеологизмдердің
жалпыхалықтық формада қолданылуы; 2) фразеологизмдердің өзгертіліп, авторлық
өңдеумен қолданылуы;
Фразеологизмдер –
ғасырлар бойы қорланып, дамыған халық даналығы,
көркем сөз құралы. Дайын қолданылатын
тұрақты тіркестермен қатар тілімізде жеке жазушының
шығармашылығы негізінде пайда болған авторлық
тұрақты оралымдар да байқалады. Тіл маманы, ғалым
Б.Шалабай көркем шығарма тілін зерттеуде оның мынадай
үш қырын ұсынады: таза тілдік қыр, стилистикалық
қыр, көркем-эстетикалық қыр [1.72].
Ғалым С.Сатенова сөз бен оған мағыналас
фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігіне қатысты білдірген
пікірінде фразеологизмдердің ойдың астарлы, бейнелі болуына
ықпалын айта келіп: «…іші өлген, сырты сау қос тағанды
фразеологиялық тіркесін «қайғылы, уайымды, шерлі»
тәрізді лексикалық эквиваленттерімен ұйқасын,
үйлесімін тауып ауыстырғанымызбен, фразеологиялық тіркес
қолданысындағыдай әсерлі, сазды болуы және жаны
күйзелген адамның сезім дүниесін соншалықты дәл
жеткізуі екіталай болар еді» [2.128]. Тілдік қордағы
фразеологизмдердің дәстүрлі қолданысынан басқа,
жекелеген авторлардың фразеологизмдерді, оның ішінде эмоционалды
реңкті фразеологизмдерді де құбылтып қолдануы жиі
болмаса да шығарма тілінде кездесіп қалатын құбылыс.
Бұл жөнінде С. Сатенова: «…тұрақты сөз
оралымдарын автордың өңдеп, құбылтып, контекске
сай орынды қолдануы ең алдымен пайдаланып отырған
фразеологиялық тіркеске өзгеше түр-сипат беріп,
микротекстің мәнділігін арттырып, экспрессивтілігін
күшейтеді. Кейде тіпті тың бағытта қолданылып,
мүлде жаңа мағына туындауы мүмкін», – деп қос
тағанды фразеологизмдердің құрамындағы
соңғы компоненттің басқа лексемамен ауыстырылып
берілуіне дастандар жинағынан: «Сыртым – бүтін, ішім шоқ», –
деген мысал келтіреді. Автордың пікірінше, сырттай жайдары
көрінгенмен, іші толы уайым-қайғы
ұғымындағы сырты бүтін, іші түтін фразеологиялық
тіркесінің құрамындағы соңғы
компонентінің өрістес, тақырыптас «шоқ» сөзімен
ауыстырылуы ұйқасқа, эмоционалды-экспрессивті реңк
беруге, бейнелілігін, мәнін арттыруға, фразеологизмге өзгеше
сипат беруге негізделген, – деп жазады [2.128].
Г. Смағұлова: «Тұрақты тіркестер қазақ лексикасының
ең өнімді бай қабатын құрайды. Осындай
ұлан-ғайыр тілдік қордың ішінде кездесетін
фразеологиялық факторлар табиғи тіл дамуының ажырамас
көрсеткіші болуы керек», – деген ойын келтіруімізге болады [3, 148].
Ғалым Ө. Айтбаев:
«Қандай тілде болмасын фразеологиялық единицалар астарлы, образды мағынада
қолданылады. Олардың қай-қайсысында да мәнерлеп,
бейнелеп айту қызметі күшті. Кейбір жеке сөздердегі
тәрізді, тұрақты сөз тіркестерінде де
эмоционалдық-экспрессивтік бояу мол. Көбіне осы өзгешелік
басым» [3,180]. Ғалымдарымыз фразеологизмдердің экспрессивті-эмоционалдылығына
баса назар аударады.
Сонымен қатар
тіл біліміндегі антропоцентристік фактор тілді талдау жүйесінің
аспектілерін, тілдік және сөйлеу категорияларының
арақатынасын, қызметін жаңаша қарастыруға
мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте ұлттық болмыстың,
ұлттық дүниетанымның тілдегі нақты көрінісі
болып табылатын фразеологизмдердегі көпмағыналылық
құбылысы да ескерілуі тиіс.
Бүгінгі күнге дейін фразеологизмдерге байланысты жазылған
еңбектер мен тұжырым, пікірлер, семантикалық топтастырулар біршама
қарастырылғаны байқалады. Мағыналас фразеологизмдердегі
көпмағыналылық туралы ой қазақ тіл білімінде
алғаш фразеологиялық сөздіктің негізін қалаушы
І.Кеңесбаевтың пікірінен бастау алады. Академик
көпмағыналылық құбылысы негізінен тілдік
бірліктерде кездесетіндігі, сонымен қатар фразеологизмдерде де
байқалатындығы, бірақ сөздерге қарағанда
фразеологизмдерде көпмағыналылық аз кездесетіндігі туралы
пікір білдіріп, мысал келтіріп өтеді.
Тіліміздің мағыналас
фразеологизмдерге бай екендігін анықтау барысында көркем
шығармалардан, сөздіктерден мысалдар жинақталып, талданады
және талдау барысында айқындала түседі.
Фразеологизмдерге тән бұл белгілер әркез бір-бірінен
айқын ажыратыла бермейді. Сондықтан фразеологизмдерді топтастыру
тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі тілдік
қорда қолданылып жүрген фразеологизмдердің біразы адам
эмоциясына қатысты. Адам эмоциясына қатысты фразеологиздердің
бір тобы жеке тұрып адамның түрлі көңіл-күйін
білдіретін болса, енді бір тобы контекс ыңғайына қарай
эмоциялық реңкке ие болады. Біреудің
қорыққандығын айтқымыз келсе жүрегі ұшты, зәресі ұшты, үрейі
ұшты, иманы қашты, көзі шарасынан шықты, көзі
алақандай болды, жүрегі тас төбесіне шықты,
зәресі зәр түбіне кетті, жаны мұрнының
ұшына келді, деген фразеологизмдерді, ал біреудің қатты
таң қалғандығын аузын
ашып, көзін жұмды, рахаттанғаннан айызы қанды,
қуанғаннан екі езуі екі құлағына жетті, жерден
жеті қоян тапқандай болды, құмартқаннан
аузының суы құрыды, аузынан суы ақты, аузынан сілекейі
шұбырды т.б фразеологизмдері
арқылы білдіреміз. Бұлардың барлығы тілімізде жиі
қолданылып, фразеологизмдердің эмоциялық реңк
жасаудағы орамдылығын көрсетеді. Фразеологизмдер сөйлем
ішінде қолданылғанда стильдік ерекшелікті, эмоциялық
реңкті айқын көрсетуге қызмет етеді. Мысалы,
қуанды деген сөз бен екі езуі екі құлағына жетті
фразеологизмінің, қорықты деген сөз бен жүрегі
тас төбесіне шықты фразеологизмінің, арасында мағыналық
сәйкестік болғанымен, бұл сәйкестік толық балама
бола алмайды себебі қуанды, қорықты сөздерінде
фразеологизмдердегідей экспрессивті реңк жоқ.
Сол сияқты жылқы мінезді фраземасы адамды
жағымды жағынан көрсетеді, яғни бұл жерде
төзімді, кеселсіз, күшті адам сөз етіледі, сиыр сипағанды білмейді деген
фразема жақсылықты, ізгі сезімдерді түсінбейтін,
бағаламайтын адамдарға қатысты қолданылды. Бұл
жағдайда сиырдың физиологиялық қасиеті соған
ұқсас адамның мінезі немесе психологиясына ауысқан. Қабырғасынан күн
көріну ауру, жүдеу деген мағыналарды ашып
көрсетеді, жұмған аузын
ашпау үндемейтін момын адамға қатыстырылып айтылады, бүйректен сирақ шығару
шатақ, ұрыс шығарушы адамның мінезіне байланысты болса,
көзді ашып, жұмғанша
лезде, тез деген мағына береді, тас
бауыр мейірімсіз адамның тұлғасы дегендердің
бәрі құрылымы құрылысы жағынан
түрлі болғанымен,
әрқайсысы мағына тұтастығымен сипатталады [4.
11].
Сондай-ақ мағыналас
фразеологимдер төрт түлік малға байланысты айтылып адамның нақты өмірлік
жағдайдағы мінезіне, психологиясына, қоғамдағы
қарым-қатынастары мен іс-әрекетіне байланысты ерекшеліктерін бейнелі
не ассоциациялы негізде салыстырудан туған түрлері: қой аузынан шөп алмайтын,
түйе үстінен сирақ үйіру, түйе шөккендей
ету, тойған қозыдай томпию, егінге түскен сиырдай жайпау, боз
інгендей боздау, бөрі көрген сиырдай мөңіреу,
қолынан қой жарысы келмей, тұлпардай делебесі қозу, ат
үстінде күн көру, ат арылту және тағы
басқа кездеседі.
Фразеологиялық мағынаның пайда болуына
дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері
мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы
жарыққа шыққанда, ондағы ұлттық
қабылдау, қазақы дүниетаным мен ойлау ерекшеліктері
бірден аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек,
негіз болатын нәрсе - адамдардың күнделікті өмірінде
көріп жүрген дүниедегі заттар, айналадағы
құбылыстар, содан туындайтын жағдайлар, түрлі
жағымды-жағымсыз әрекеттердің ықпалы әсер
етіп отырады. Фразеологизмдер көркем әдебиет тілінде
халықтың эстетикалық талғамын танытатын ең
күшті тілдік құралдардың бірі болып есептеледі.
Тілдің әдебилігінің сипаттарының бірін, әдеби
тілдің даму кезеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің
бірін фразеологизмдер танытатыны сөзсіз [4.12].
Қорыта келгенде, тіліміздегі тұрақты тіркестердің
мағыналық астарында халықтың бүкіл болмысы,
танымы, мінез- құлқы сақталып отырады. Айтар ойымызды
бейнелі, әсерлі етіп, айқын жеткізуде өзінің бейнелілігімен,
әсерлілігімен, экспрессивті-эмоционалды бояулылығымен және
ұлттық сипатымен айрықша көзге түсетін
мағыналас фразеологизмдердің маңызы ерекше құнды
болып табылады. Осы орайда қазақ тілінің фразеологиялық
қорындағы даяр қалпында қолданылатын тұрақты
тіркестердің мағыналық топтарын, қалыптасу
уәждерін, шығу тарихын зерттеу, көркем
шығармалардағы қолдану мүмкіншілігін айқындай –
тілтану ғылымындағы күрделі мәселелердің бірі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Махметова А.С. Етістікті фразеологизмдердің лексика-
семантикалық ерекшелігі мен грамматикалық қолданысы.
Қарағанды университетінің хабаршысы, 2006-73б.
2. Сатенова С. Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің
авторлық қолданысына қарай өзгеруі. – Алматы:
Ғылым, 1997. – 126 б.
3. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің
ұлттық мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. -196
б.
4. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. –Алматы:
«Санат»1996.-
11-12 б.