Д. Есімов., ЭЭ-15-1 тобының студенті

Ғылыми жетекші: з.ғ.м.,  Н.Ж. Сарсенбеков

Қазақстан Республикасы

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті

 

Қазақ би-шешендер дүниетанымындағы сөздің құдіреті

 

«Шешеннің тілі – семсердің жүзімен бірдей».

Халық даналығы.

 

Халқымыздың даналығының  үлгісі-шешендік сөздер ғасырлар бойы халық сынынан екшеліп өткен құнды мұра, асыл қазына. Шешендік сөз-сөз мәдениетінің  жоғарғы формасы. Ауызекі сөйлеу мәдениеті  мен жазба тіл мәдениетін меңгерген адам ғана шешендік сөзді туындата алады. Шешендік ақыл-ойға негізделгендіктен, халық жадында сақталып, нақыл сөздер сияқты ұрпақтан-ұрпаққа қалып отырады. Шешендік сөз көпшілікке қаратып айтылады. Сондықтан, шешен сөйлеу өнерінде де қарым–қатынасқа түсіп отырған  адамдарды мінез-құлқы, адами қасиеті, сөйлеу мәдениеті  мен тыңдау мәдениеті  әдеби тіл заңдылықтарын  жетік білуі негізге алынады. Шешендік өнер  грекше риторика деген ұғым, шешен сөйлеу дегенді білдіреді.

Шешендік  сөз-тауып айтылған  тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретін  даналық сөз, қиялға әсер етіп, сезіміңді қозғайтын көрікті сөз, бұра тартпас дәлелімен сендіретін білімді сөз, оқиғаны  жанды суреттей көз алдына алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз сөздің түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз.

Шешендік өнер тарихы сонау ерте замандардан басталады. Адамзат баласы алғашқы игерген әрі желісі үзілмей келе жатқан өнерлердің бірі. Оның тарихын білу халық тарихын білумен бірге, сөйлеу мәдениетін, әдебін үйрену, сөздерді дұрыс таңдай алу ерекшеліктеріне жаттығу. Шешендік өнер қоғамның саяси-экономикалық, саяси-әлеуметтік негіздері қажеттіліктерінен туған. Саяси-әлеуметтік  қоғамдағы басқару, билік жүйесіндегі жер дауы, жесір дауы, құн дауы, екі ел арасындағы мәмілегерлік байламға келуі айтылады.Сол шешендік өнердің шарықтау шыңына шыққан,  қоғамда беделі бар, сөзін өткізе білетін, асқан шыншыл адамдар тобы-билер. Билер қоғамдық өмірдің әр саласындағы, сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың мүмкін-дігінше әділ шешілуін қадағалайтын дана, өткір тілді, ұшқыр ойлы, көреген,  жылдам шешім қабылдай алатын  саясаттың белді мүшелері.  Д.Раев: «Қоғамды билеу дәстүрі мен ел билеген игі жақсылардың қалыптасу үрдісі әр ұлттың саяси билік жүйесінің тыныс-тіршілігінің, ондағы іс-әрекет пен саяси қатынастар алуандығын, саяси басшыларды тағайындау мен ел билеу әдіс-тәсілінің ерекшеліктеріннен аңғаруға болады»,-дейді. Яғни адамның жеке бас ерекшеліктері алдыңғы орынға қойылады.

Шешендік өнерді кезең – кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі Майқы би мен Аяз биден басталады. Майқы Мәнұлы өз заманында бүкіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болатын. Майқы би елді бейбітшілік жолымен әділ де адал басқарған. Өзінен бұрын бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген. Майқының Әндір, Мәді деген білімпаздары болса, Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би, әрі жан серігі болған. Бір жолы екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті. Сонда Майқы былай депті:

Билер бүгін Майқының алдын кесесің,

  Ертең жұрттың төбесін тесесің.

Майқының да айтатын кебі бар,

Айтуға аузының да ебі бар.

Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,

Әзір сөзімде болмас бұрыс.

Ақылым алжыған жоқ,

Ондайды болжағам жоқ.

Орынсыз ауыз ашсаң,

Екі би, басарсың шоқ.

Аяз би, әліңді біл,

Құмырсқа, жолыңды біл,-деп, әрбір адам өзінің шама-шарқына қарай әрекет ету керек екенін баса айтады.

Шешендік  дәстүрде жаңа талап жас баланың аты әйгілі билерден барып бата алатыны болады. Сол жүйемен Төле би атақты Әнет бабаға барып сәлем беріпті. Жүзге келген қарт би ел бірлігі, ынтымақ жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?» - деп сұрапты. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып: «Осыны сындырып көрші», - десе керек. Жас Төле  оны олай бір, бұлай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би: «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы»,-десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындырып беріпті. Әнет Баба жас баладан: «Бұдан не түсіндің?» - деп сұрағанда, Төле: «Мұның мәнісі – ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!» - депті. Сонда Әнет Баба: «Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! «Бақ қайда барасың?» дегенде, «ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы»,-депті.

Қаз дауысты Қазыбек би аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешті. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да:

-Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен-қалмақта, біз-қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең,  шабысқалы келгенбіз. Сен – қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Сен – темір де, мен – көмір, еріткелі келгенмін. Екі еліктің баласын теліткелі келгенмін, егесетін ер шықса, иілткелі келгенмін. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт,-деп, саңқылдаған сұңқар дауысымен түйдекті,  жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты. 

Ойлау қабілетінің аса жоғарылығы, жаратылыс дарытқан судай төгілген қасиетті тілінің оралымдылығы арқылы дұшпанын бордай егілткен. Құйылта құйқылжытқан даусымен Жоңғар ханының аузын аштырмаған. «Біз қазақ деген мал баққан елміз»- деп, өр дауысын айтуының өзіндік сыры бар. Елдің малшылары – жер-судың саналы сақшылары, Отанын бөтен көзден шынайы қорғаушылары екенін көрсете білген.

Қазақтың әйгілі де айбарлы билерінің бірі – Әйтеке. Ел мүддесін көздеп сөйлеу, халықтың қамын жеу Әйтекенің «Қасқакөл дауында» көрінеді. Орманбет биге айтқан: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып еліңе пайдаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген сөздерінің өзі әділдікті ту етіп көтерген шыншылдығының дәлелі болса керек.

Тереңнен толғаған Әйтекенің бұл жүйелі сөзі астарында көп мағына сыйғызған даналығы танылады. Әсіресе елдің татулық-бірлігін, тұтастығын сақтауға үлкен мән бергенін дәлелді де қисынды сөздерінен анық байқаймыз. Тартымды сөздермен өз ойын анық жеткізіп, «халқыңа пайдаң тимесе, тірлігің шамалы» -деп ой-тұжырым түйіндейді. 

Ел аузында «Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады» деген ұлағатты сөз бар. Әділ сөйлеу, ойды шегелеп, нақты, жарып айту батырлық пен батылдықтан, даналық пен білімпаздықтан туады.

Ұлтының ұлы мұраттары мен ұлылығы, ірілігі мен бірлігі, саналығы мен пәктігі, есендігі мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, тәуелсіздігін қорғау, тұтастығын сақтау,  қорғаныс қабілетін күшейту жолында   күш-қуатын, білім-білігін сарқа пайдаланған  бір заманның жарқырап туған жарық жұлдыздары, мемлекет мәмілегерлері Үйсін Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің  таспадай өріліп, кестедей төгілген тұрлаулы тұжырымды билік кесімдері, жан толқытарлық ғажайып құлшыныспен, терең тебіреніспен айтылған  айшықты да асыл ойлары аспандай көнермейді, көктемдей қартаймайды.

 Билердің осындай ел ішінде бұзақылықты жөнге салу үрдісі «ақсақалдар алқасы» сияқты салауатты ұйымдар арқылы әр ауылда жалғасын тауып жаңғыртса  қазіргі қазақстандық қоғамды жетілдіруде маңызды рөл атқарар еді. Нәтежиесінде темір тордың ар жағындағы жігіттер саны азайып, бүгінгі таңдағы еліміздің демографиялық жағдайы, экономикалық күш қуаты артатыны сөзсіз. Қоғамның дамуының әр кезеңі адам болмысының дамуы арқылы болады. Адам өзін-өзі жетілдіре отырып қоғамды жетілдіреді, өздерінің іс-әрекеті арқыл қоғамның алға ілгерілеуіне тікелей қатысады. Сондықтан, қазақ хандығы тұсындағы билер атқарған ұлы істер адамды рухани жетілдіруге бағытталғандығымен құнды.

Елбасымыздың: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік ел» боламыз» - деген сөзі ұлтымыздың жарқын болашағы осы мұраларды әрдайым ескеріп отыруда екенін ашық айқындайды.

Естіге айтқан тура сөз

Шыңға тіккен тумен тең.

Езге айтқан тура сөз

Құмға сіңген сумен тең,- деп, қорытындылағым келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Тіл мен мәдениет, 6-том. Алматы, 2005.

2.  Салқынбай А.Б. Тіл және мәдениет. Алматы, 2002.

3.  К.Қоңырбаева. Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы. Алматы, 2013.