Право/8.Конституционное право.

 

Есенов Д.Қ. «Экономикалық  қатынастарды құқықтық реттеу» кафедрасының аға оқытушысы

Қайриден Р. Е. «Бизнес және құқық» факультетінің студенті

 

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА СОТ БИЛІГІНІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Биліктің жіктелуі жеке тұлғаның ар-ожданы құрметтелетін, еркіндіктер кепілдендірілген конституциялық құқықтық мемлекеттің қажетті көрінісі ретінде айтылады. Бүгінде тәуелсіз, билікті жіктеуді танитын Қазақстанда шешіліп жатқан келесі мәселелердің бірі - мемлекетгік құрылым мәселесі болып табылады. Соңғы жылдары ол әр түрлі өзгерістерге ұшырап, тиімді басқару нысанын анықтау барысында үнемі жетілдірілу үстінде болды. Күрделі де мәнді өзгерістерге ұшыраған мемлекеттік-құқықтық институттардың бірі -сот билігі еді. Сондықтан да оның мәні, қызметі және мемлекет механизміндегі орны, мемлекеттік басқарумен арақатынасы мәселелері күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қатарында.

Бүгінде сот билігі мәселелерін зерттеуге үлкен назар аударылады. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының алғашқы кезеңінде биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары үстем түрде дамыса, соттық-құқықгық реформа жүргізу барысында сот билігі билікті жіктеу жүйесіндегі өз орнына ие бола бастады. Осыған байланысты сот билігінің кейбір теоретикалық аспектілерін зерттеудің сот мекемелерін ұйымдастыру мен олардың әрекетін жетілдіру шараларын дайындаудағы маңызы зор.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3 бабында «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады»- деп көрсетілген. Аталған норма соттың бақылау функциясын ажыратып қарастыруды, соттың жалпы, сондай-ақ бақылау әрекеті аймағындағы өкілеттіліктерін жаңаша қалыптастыру және заңдарда бекіту қажеттілігін туындатып отыр. Бұл міндетті шешу үшін сот билігінің, соттық бақылау идеясының тұжырымдалу негізін, фундаментін, оның әлеуметтік институт ретіндегі генезисін (шығу тегін) саралау қажет.

Кейбір жағдайларда мемлекеттік билікті құрамдас тармақтарға жіктеу қажеттігін айтқанда кейбір зерттеушілер өзінің зертгеу еңбегінің беделін көтеру үшін билік тармақтарының біреуінің мәртебесін жоғарылатып, асқақтатып жіберуге тырысады. Бұл әрине қажетсіз әрекет. Билік тармақтарының қай-қайсысын болса да жөнсіз абсолюттендіруге болмайды, олардың біртұтас мемлекеттік биліктің тармақтары екендігін ұмытпаған жөн. Биліктің әр тармағы биліктік өкілеттіліктердің әрекет ету аймағын көрсетеді. Биліктің үш тармағының болуын тану - мемлекеттік құрылыстың басты бағыттарына қатысты билікті мамандандыру қажеттілігін тану болып табылады. Мемлекеттік биліктің әр тармағының дербестігі туралы айтуға болады және ол қажетті де. Бірақ дербестік кейде практикада мемлекеттік билік тармақтарының автономдығы ретінде қабылданып жүргені бар. Ал бұл біздіңкөзқарасымыз бойынша болмайтын жағдай. Мемлекет мүддесін қамтамасыз етуге билік тармақтарының өз алдына жекеленуімен немесе бір-біріне қарсы тұруымен жетуге болмайды, бұл мақсатқа биліктің әр тармағы өз функциясын нақты атқаруымен және өзара тығыз әрекеттестігімен жетуге болады. Объективті шындыққа сәйкес билік тармақтарының барлығы бір-бірін қажет етеді, олар тұтас жүйенің элементтері ретінде көрініп, жиынтығында мемлекеттік билік деп аталатын бірлік құрайды. Аталған элементтердің біреуінің әлсіреуінің өзі жүйенің бұзылуына, биліктің тұралап қалуына немесе оның әрекет қабілеттілігінің төмендеуіне әкеліп соғады.

Биліктің жіктелуі теориясына сай тәуелсіз билік тармақтарының бір түрі - сот билігі. Сот билігі Қазақстанда Жоғарғы соттың басшылығымен сот органдарының жүйесімен жүзеге асырылады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүргізіледі, негізгі міндеті адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сот билігі азаматтық, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сот шешімдері мен судьялардың өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті.

Аталған тақырып бойынша келесі Қазақстан мен Ресей  авторларын атап кетуге болады: Авакьян С.А., Амандықова С.Қ., Әщеуілов А.Т., Баглай М.В., Баймаханов М.Т.,  Көбеев Е.Қ., Сартаев С.С., Сапарғалиев Г.С., Юдин Ю.А. және тағыда басқалары.

Құқықтық мемлекет құрылымында, дамыған азаматтық қоғамда барлық қарым - қатынастар шарттың негізінде реттелетін болса, онда қоғамдық дауларды, яғни сот ісін келісім түріндегі процедурамен шешуге болады. Бұл тұрғыда сот билігі органы әлеуметтік аласапыран құбылыстардың алдын алушы орган ретінде танылады.

Сот жүйесінің қазіргі даму кезеңінде басым міндеттер биліктерді бөлудің конституциялық қызметтерін неғұрлым толық және дәйекті іске асыру, билік тармақтарының тежемелік, әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасауы болып табылады. Сот әрекетінің құқықтық қайнар көздері ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасы сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңды, өзге де заңдар мен Президент жарлықтарын атауға болады.

Қазақстан Республикасында, бүкіл әлемдегі сияқты, сот билігі заң шығарушы емес, оны орындаушы. Сот билігі Конституцияның, заңдардың, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, республиканың халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады. Соттың кепілдігі мен тәуелсіздігі, азаматтар мен тұтас алғанда мемлекеттің кұқықтары мен бостандығы да осында. Сонысымен де сот биліктің басқа екі тармағына қарағанда "тежемелік әрі тепе-теңдік" ретінде билік етеді. Сот билігі заңға қатысты жанжал, дау болғанда ғана әрекет етеді. Жанжалда субъектілердің ешқайсысы өз ісінде судья бола алмайды. Бұл - соттың функциясы. "Азаматты Президент те, әкім немесе министр де емес, сот қорғауға тиіс, - деп жазды Н. Ә. Назарбаев. Сотқа оған келген адамның абыройына дақ түсіретін орган деп қарайтын көзқарастан түбегейлі арылу керек. Бұдан былай сот - әрбір азаматтың құқығын қорғайтын орган. Сондықтан судьяға қойылар талап та мейлінше жоғары"[1, 175-б].

Бұдан шығатын қорытынды, соттың негізгі қызметі заңды орындау, тұтас алғанда құқық жүйесін қорғау болып саналады.

Сот билігінің одан маңызы бір де кем емес келесі бір функциясы -қоғамдық қажеттілікке қызмет ету, әділсотты жүзеге асыру, ақиқатты орнықтыру және дау туған жағдайда, соның ішінде биліктің үш тармағының позициясының арасында алшақтық туған кезде құқығын қолданады.

Сот жүйесi құқықтық мемлекеттiң eң негiзгi органдарының бiрi болып табылады.  Сондықтан бұл сот билiгi әрбiр құқықтық мемлекеттiң Ата заңыңда көрсетiлуi тиiс. Қазақстан Республикасы өз eгeмендігі туралы 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Декларациясында мемлекеттiк билiктi тармақтарға бөле отырып, сот билiгiн, осы билiктiң бiр тармағында қалыптасқандығын көрсетедi. Сөйтiп, Жоғарғы Keңeстiң тоғызыншы сессиясында тұңғыш рет өз егемендiгiн алғаннан кейiн 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдады. Бұл Конституцияда сот билiгiн белгiлей отырып, оны жүзе­ге асыру тeтiгiн нақтылы белгiледi. Бiрақ бұл қабылданған алғашқы Конституция ұзақ өмip сүре алған жоқ [2, 9-б].

Бұл алғашқы Конституция жөнiнде атақты ғалым құқықтанушы С.З.Зиманов өзiнің “Конституция и Пар­ламент Республики Казахстан” деген еңбегiнде“ 1993 жылғы Конституция тарихи кезеңде, өтпелi кезеңнiң басында және Қазақстанның демократиялық мемлекеттiгiн қалып­тастыруда жағымды рөл атқарды. Сонымен бiрге ол “заң­дардың зaңы” рөлiн сөзсiз орындай алмады. Бұған оның демократияның тоқмейiлсу кезеңiнде қабылданғаны ықпал еттi, ал нормативтiк жағынан алғанда ол көп дәрежеде “борпылдақ” болып шықты. Жұмыстың аяғына дейiн жеткiзiлмеуi, ережелер мен баптардағы iшкi қиыспаушы­лық оның реттейтiн қатынастарына кepi әceрін тигiздi” [3, 76-б],– дейдi. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң бұрынғы Төрағасы Юрий Ким Қазақстан Республикасы Конституциясына бiр жыл толуына байланысты “Қазақстандағы Конституциялық реформа” дегeн мақаласында “Бұрынғы (1993 ж.) Конституцияда билiк тармағының бөлiну принципi қамтылғанымен, зaң шығарушы және атқарушы билiк ара­сында қайшылық туындаған жағдайда оны шешудiң Конституциялық тeтiгi жасалмады,– деп тұжырымдаған болатын [4, 4-б].

Сөйтiп,Қазақстан Республикасы 1995 жылы 30 тамыз­да бүкiл халық референдум негiзiнде қайтадан Қазақстан Республикасы Конституциясын  қабылдады.  Оғaн 89,1%  халық өзінің осы жaңа Конституцияны  қолдайтыны жө­нiнде дауыстарын берді [5] . Бұл жaңа қабылдаған  Конституцияда билiк болу теориясы нақтылы түрде көрсетілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4-бөлігінде көрсетiлгендей Республикада мемлекеттік билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тapмaқтарына бөліну, о­лардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады”, – делінген. Бұл билік бөлу теориясы барлық демократиялық мемлекеттердiң Конституциясында көрсе­тiлген. Билiктiң әрбiр тapмaқтapы өз қызметiне байланыс­ты, өзіне жүктелген мiндеттерді aтқapады. Билік бөлу теориясының дамуы Қазақстан Респуб­ликасының Ата заңында да көрініс тапты.

Республика Конституциясында қалыптасқан сот билiгiнiң бiрнеше Конституциялық негiздерi көрiнедi. Осы негiздердi саралау арқылы сот билiгiнiң қызметiн реттей отырып, ондағы нормаларды топтап қарайтын болсақ:

 

1. Сот билiгiн мемлекеттiк билiктiң бiр тармағы есебiнде бекiту ( 3-баптың 4-тармағы ).

2. Тiкелей сот арқылы адамдардың, азаматтардың құқықтapы мен бостандықтарын қоpғay ( баптар: 13-бап­тың 2-тармағы, 14-бап, 15-бап, 16-бап, 25-бап, 26-бап).

3. Сот органы және оның  құқықтық мәртебесi (75-бап­тың 1,4-тармақтары, 76-баптың 1-тармағы, 81-бап).

4. Судьялардың құқықтық мәртебесiн бекiтетiн негiздер (79-бап, 77-баптың 1-тармағы).

5. Сот билiгiн жүзеге асыру нысаны есебiнде белгiленген норма (75-баптың 2-тармағы).

6. Сот әдiлдiгiн жүргiзу принципi ( 77-баптың 3-тар­мағы ).

7. Соттарды қаржыландыру негіздерi ( 80-бап ).

 

Адамның құқықтары мен бостандықтары туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының өзiнде де мемлекетiмiздiң “... ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмipi, құқықтары мен бостандықтары" – деп керсетiлген. Mінe, бұның өзi халықаралық құқықтағы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын мойындаған талаптарға сай келедi. Демек, бұл жүйенiң жиынтығын азаматтық (жеке), саяси, әлеуметтiк, экономикалық және мәдени құқығын сaқтайтындығын керсетедi.

Қоғамда адамдардың пайда болғанынан бастап, қыл­мыс пен жазаның түрлерi де дамуда, мінe, осығaн байла­нысты сот, іскe қатысты субъектiлердiң қайсысының құқықтары мен бостандықтары бұзылғанын анықтай отырып, оның орынын толтыруға әрекет етедi. Сондықтан “Әpкiм өз құқықтapы мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы” (Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-бөлiмi). Демек, тәжiрибеде әрбiр адам өз құқығының бұзылғандығын бiлсе немесе осындай ойда болса, онда ол өз құқығын қорғау үшiн сотқa арыздануға құқылы. Ал сот бұл арыздарды қабылдап, ic бойынша бұл мәселенiң мазмұнын аша отырып әдiлеттi түрде шешiм шығаруға міндeттi [6].

Адамның құқықтapы мен бостандықтарын қоpғay, олардың заң мен сот алдында тeңдiгi туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тарма­ғында бекiтiлген. Яғни бұл ережеде “заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең”. Барлық азаматтарға – республика аза­маттары, азаматтығы жоқ адамдарға және басқа ел азамат­тарына тиесілі.

Адам құқықтарының iшiндегi ең негiзгiлерiнiң бiрi,  адамның туғанынан пайда болатын өмip сүру құқығы. Яғни, “Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмipiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасын ерекше ауыр қылмыс жасaғаны үшiн ең ауыр жаза ретiнде заңмен 6елгiленедi...” – деп Қазaқ­стан Республикасы Конституциясының – 15-бабының 2-тapмaғындa көрсeтiлген. Бұрынғы 1978 жылғы 20 көке­гiнде қабылдaнған қазақ Совeттiк Социалистiк Респуб­лнкасының Конституциясында мынадай ауыр қылмыс­тар үшiн өлiм жазасы туралы нормалар керсетiлмеген болатын [7, 45-б].

Қазақстан Республикасында, “Сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады”, - деп Конституцияның 75-бабының 1-тармaғында көрсетiлген. Яғни, бұл орган әдiлеттiлiктi жүзеге асыру үшiн құрылған. Демек, басқа органдар, ла­уазымды адамдар сот қызмeтiн мойнына aлyға хақысы жоқ. Ол әдiлеттік жүйесiнде жетекшiлiк етiп, жеке aдaмның  құқығы мен бостaндығын, әдiлeттiлiктi және демократияны жүзеге асыратын орган деп қараймыз.

Қазақстан Республикасының Конституциясы негiзiнде заңға сәйкес, соттың үкiмiнсiз ешкімдi де қылмыс жасады деп санап айыптауға болмайды. Қылмыстық жаза тек сот үкiмi бойынша ғaнa қолданылады.

Сот әдiлдiгi заңда көрсетiлген әдicтерге сүйене отырып көpiнic табады. Ол сот мәжiлiсiнде, бiрiншiден, азаматтар­дың, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға байланысты азаматтық iстердi қарайды және осыған тиесiлi шешiм­дер шығарады. Екiншiден, қылмыстық iстердi қарау, сотталушының кiнәлiлiгi туралы мәселенi анықтау, қылмыс жасaғаны үшiн кiнәлi адамдарға заңда белгiленген жазалау шараларын қолдану, не кiнәсiздердi ақтау жолымен жүзеге асырады. Демек, сот мәжiлiсi сот әдiл­дiгiне қол жеткiзетiн заңдық нысан. Сот әдiлдiгiн жүзеге acыpy  жaлғыз-ақ жолы бар, ол iстердi сот мәжiлiсiнде қарау [8, 224-б].

Қазақстан Республикасында өзге де сот органдары болуы мүмкін емес деп Конституцияда бекiткен. Кеңес өкiмeтiнiң Сталиндiк репрессия уақытында көптеген азаматтық және қылмыстық iстердi сот жүйеciнeн өзге де органдар (IIХК (НКВД) және “ үштiк ” негiзгi жиналысымен) мен әскери трибуналдар iстердi қарап шешiм шығарғаны белгiлi. Miнe, осы өзге соттарды құруға жол берiлмейтiнi жөнiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағында көрсетiл­ген, онда: “... қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi”, - делiнген. Яғни, Қазақстан Республикасының соттары “Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергiлiктi соттары (облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республикалық астанасынын қалалық соты,республикалық маңызы бар қалалардың қалалық сотта­ры мамандандырылған сот -  Қазақстан Республикасы Әскерлерiнiң әскери соты және басқалар) құрайды [9, 219-б].

Бiрақта сот жүйесiне әpi қарай өзгертулер енгiзiлуi мүмкiн деп айтуға болады,өйткені Қазақстан Республикасында сот жүйесiн әлi де болса реформалау кезеңi аяқтала қойған жоқ.Қазiргi yaқыттa сот жүйесiне жаңа өзгерiстер енгiзу туралы көптеген мақалалар жазылып, сухбаттар берiлyде. Miнe,солардың бiрi аумақтық (окружной) coттарын құру болып табылады. Яғни, бұлардың тиiмдiлiгiнiң дәлелi ретiнде, соттардың лауазымды адамдардан, билiктiң басқа да тармақтарынан және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан тәуелсiздiгiн apттыpaтындығы”, - дейдi. Бiрақта шынайы тәуелсiздiктi аумақтық бөлiнген сот емес, оны тек қана мемлекет тарапынан қамтамасыз eтeтiнi анық. Сондықтан бiздің ойымызша сот жүйесiнің қазiргi түрдегi құрылысы дұрыс. Тек бұл қызметтiн тиiмдiлiгiн apттыpy үшiн: штаттарды көбейту, заңды жетiк бiлeтiн заңгерлердi қабылдау және бұл органның қызметкерлерiн мате­риалдық-техникасымен қамтамасыз ету (судья айлықтарын көтеру, қаражатты сот жүйесiне бөлу) керектiгiн айта ала­мыз. Miнe, содан кейiн барып бұл органның жұмыстары тиiмдi жүредi деген ойдамыз.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Назарбаев Н.Ә. Тәуелеіздік белестері. Алматы: Атамұра, 2003.

2. Қазақстан Республикасының жаңа заңдары. / Құрастырған Ф. Т. Бейсенбина. - Алматы: Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнің редакциялық-баспа бөлiмi, 2012.

3. ЗимановС.З. Конституция и Парламент Республики Казахстан. Алматы: Жетi жарғы, 2008.

4. Садвокасова Д.С.  Тәуелсіз институттың бірі ретінде сот жүйесінің орны мен манызы // Егемендi Қазақстан. 9 ақпан, 2014.

5. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған (2011.02.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

6. «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 20 қаңтардағы № 240-IV Заңы(29.09.2014ж. берілген өзгерістер мен толықтырулар ескерілген)// www.zakon.kz

7. Сапаргалиев F. С. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы: Оқулық,. Алматы: Жетi жарғы, 2008.

8. Бекишев Н. А. Қазақстан республикасының конституциясы А., 2005ж.

9. Аяганов А. А. Роль судебной власти в Казахстане А., 2010.