Право/9.Гражданское  право.

 

Оралбаев Н.К.

Амантай А.

Қарағанды мемлекеттік Е.А.Бөкетов атындағы университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Бұл мақалада мұсылмандық құқықтағы және одан басқа әртүрлі құқықтық жүйелердегі әйелдердің құқықтық жағдайының өзгешеліктері қарастырылады. Мақалада әйелдің мемлекет пен қоғамдағы, отбасындағы орны мен ролі, құқықтары мен міндеттері мәселесінің көкейтестілігіне байланысты тарихи, әлеуметтік, заңдық себептер анықталады. Зерттеу жүргізу барысында салыстырмалы-тарихи және салыстырмалы-құқықтық әдістер қолданылған. Әйелдердің құқықтық мәртебесі туралы тарихтағы және қәзіргі кезеңдегі исламдық және одан өзгешелетін әртүрлі көзқарастарға теориялық және тәжірибелік тұрғыда салыстыра отырып талдау жүргізіледі. Мәселе шегінде мұсылман мемлекеттерінің заңнамасы мен шариғат ережелері арасындағы өзгешеліктерге назар аударылады, өйткені ислам елдері бір-бірінен әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттамалары бойынша, сонымен қатар ислам мен мұсылман құқығының олардың мемлекеттік-құқықтық дамуына ықпалының көлемі мен бағыттылығына байланысты ерекшеленеді.

Кілтті сөздер: тұлғаның құқықтық мәртебесі, әйелдердің құқықтық жағдайы, ислам, мұсылмандық құқық, шариғат, феминизм, гендерлік саясат.

Құқық пен жеке тұлғаның әртүрлі арақатынастары құқықтық мәртебе түсінігі арқылы анағұрылым толығырақ сипаттала алады. Құқықтық мәртебеде жеке тұлғаның заңдық болмысының барлық негізгі жақтары көрініс береді. Бұл жеке тұлға мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің, индивид пен ұжымның арақатынасын және өзге де қоғамдық байланыстарды сипаттайтын кешенді құбылыс, өйткені оған адамның мүдделері, қажетттіліктері, мемлекетпен арақатынасы, тұлғаның қоғамдық-саяси және еңбектік іс-әрекеттері, әлеуметтік сұраныстары мен олардың қанағаттандырылуы енеді. Құқықтық мәртебе – ол жеке тұлғаның заңнамалық жағынан бекітілген қоғамдағы орны. Жеке тұлғаның «құқықтық мәртебесі» мен «құқықтық жағдайы» түсініктерінің ұғымдары бірдей мағынаны береді, өйткені латын тіліндегі «мәртебе» сөзінің баламасы, яғни «статус» сөзі, қандай да бір нәрсенің немесе әлдекімнің жай-күйін, жағдайын білдіреді. Индивидтің құқықтық жағдайының негізін оның өмір сүріп отырған қоғамы мен мемлекетінде танылған құқықтың негізгі қайнар көздері мен оларға бағынышты ережелерінде бекітілген құқықтары, бостандықтары мен міндеттері құрайды. Әрине оған әртүрлі деңгейде ықпал ететін басқа да көптеген факторлар, өмір шынайылығы болатынын да ескереміз. Адамның құқықтық жағдайын ол өмір сүріп отырған уақыт пен елдегі қоғамдық болмыстың мәнін, қоғамдық басқару қағидаларын, әрекет етіп отырған саяси-заңдық жүйені түбегейлі қарастырмай ашу толық мүмкін болмайды. Оның себептік негіздері көпқырлы және өте күрделі.

Өткен адамзат тарихына көз жүгіртсек, азаматтардың құлиеленушілік, феодалдық, социалистік және буржуазиялық кезеңдерде құқықтық мәртебелері біртекті болмағандығын, тіптен бір уақыттағы мемлекеттерде олардың саяси режимінің тегіне байланысты әртүрлі болып, бір бірінен ерекшеленгендігін байқаймыз.

Құқықтық жағдайдың құрылымына мына элементтер кіреді: құқықтар мен міндеттер, заңдық мүдделер, құқықсубъектілік, азаматтық, заңдық жауапкершілік, құқықтық қағидалар, осы құқықтық мәртебені орнататын құқықтық ережелер және жалпы тектегі құқықтық қатынастар. Құқықтық мәртебе категориясы заңдық ілімнің дамуына байланысты тек ХХ ғ. 70-80 ж.ж. ғана кеңінен қарастырылып, құқыққабілеттілік түсінігінен бөлініп алынды, тек содан кейін ғана құқықтану ғылымының негізгі түсініктерінің бірі ретінде заңнамаға енгізілген болатын. Ал қәзіргі уақытта ол мемлекет және құқық теориясының және салалық заң ғылымдарының жеке дербес маңызды ғылыми бағытын құрайды.

Біздің қарастыратын сұрағымыз осы ғылыми бағыттың аумағында, оның ішінде мұсылмандық құқық, ислам құқығы немесе шариғат деп әртүрлі айтылып жүрген құқықтық жүйедегі ережелер қарастыратын әйел тұлғасына қатысты болмақ.

Қәзіргі жаһандану дәуірінде әлемде болып жатқан құбылыстар қоғамның құрылысын өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге ондағы индивидтердің атқаратын әлеуметтік-жетекшілік қызметтерінен де көрініс табуда. Осыған байланысты әлемнің барлық дерлік мемлекеттерінде әйел мен ер адамның тең құқылығы туралы сұрақ көпшіліктің қызу талқылайтын тақырыбына айналды. Тіптен, БҰҰ, Халықаралық Еңбек Ұйымы, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар қәзіргі кездегі әйелдердің құқықтық жағдайын адамзаттың жаһандық мәселелерінің біріне жатқызады. Ал әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірінде түбегейлі өзгерістер бұрын соңды болмаған жылдамдықпен іске асырылып жатқан Қазақстанда бұл сұрақ ерекше маңыздылыққа ие болып отыр.

Біз қарастырып отырған сұрақтың өзектілігі қазіргі кездегі ислам дінінің, шариғаттың қоғамдағы орны мен атқаратын роліне байланысты жалпы әлемді қамтыған әртүрлі пікірталастармен, әйелдер құқықтың жағдайы мен мәртебесіне қатысты гендерлік саясаттың әлі күнге дейін тиімді шешімін таба алмай отырғандығымен анықталады. Мұндай әлемдік жағдай ықпалынан әрбір төрт адамның үшеуі өзін мұсылманмын деп санап, онымен тыныс тіршілігін байланыстыратын еліміздің азаматтарының ойында Исламдағы әйелдерге қатысты көзқарас қандай екен деген сұрақтың тууы заңды құбылыс. Бұл сұраққа мәселенің күрделілігіне байланысты бірден жауап беру оңай емес және объективті болу үшін әртүрлі уақыттағы әртүрлі өркениеттердегі әйелдердің құқықтық жағдайына салыстырмалы талдау жүргізе отырып, олардың әйел тұлғасына әсер ету салдарын бағалай білген жөн. Осы мақсатта төмендегі тарихи жағдайларға көз салып өтелік.

Ежелгі Вавилонда «өз үйінде қожайын бола отырып, ер адам балалары мен әйелін құлдыққа сату құқығына ие болады»... Ежелгі Үндістанның Артхашастарсына сәйкес, «күйеуі әйелін жүріс-тұрысқа үйретуге міндетті және арқасынан үш рет ұра алады: түтілген арқанмен, жіппен немесе қолмен». Әйел үшін ажырасу мүмкін емес: «сатып алумен де, ажырасу төлемімен де әйелі күйеуінен босатылмайды»[1;53]. Үндістанда Ману заңы бойынша әйел күндіз-түні қамқоршыларының қамқорында бағынышты тұлғаның жағдайында болуға тиісті. Мүлікке мұрагерлік тек ер адамдарға тиесілі, ал әйелде ондай құқық жоқ. Индустық Киелі кітаптарға сәйкес, «әйел бағынышты қалыптағы сана, сөз және тән, ол осынысымен бұл дүние мен о дүниеде, солай өз үйінде өз күйеуімен үлкен құрметке ие болады». Афина әйелінің жағдайы ерекше назар салуға тұрарлық. Оның не саяси, не азаматтық құқықтары болған жоқ... Ежелгі Рим заңдарына сәйкес, «өзіне тән жеңіл ойлылығына байланысты» әйелдер мүліктермен, ақшалармен мәміле жасай алмайтын, ал саяси өмірге тіптен қатыса алмайтын... Бірақ Афина әйеліне қарағанда Римдағы әйел жақсы жағдайда болды[1;82]. Некелесу уақытында әйелдің келісімі есепке алынбады, және «ол өз әке-шешесінің еркіне бағынуға міндетті болды, және олардын өзіне бейтаныс болса да күйеуі мен әміршісін алды»... Скандинавия халықтарының ішінде тұрмыстағы және некеленбеген әйел ылғи қамқорлықта болды. Кейінірек ХҮІІ ғ. аяғында Христиандық Кодексте Егер әйел оның қамқоршысының рұқсатынсыз берілсе, қамқоршысы мүлікке зиян тигізбей оның мүлкін өз қалауымен пайдалануға мүмкіндігі болды. Ал ағылшындық Қоғамдық Заңға сәйкес, «... тұрмысқа шығу сәтіне дейінгі әйелдің барлық жылжымайтын мүлкі күйеуінің иелігіне көшті. Оның бірлескен ерлі-зайыптылық уақытында оның (әйелінің) жері үшін жалға беру ақысын және оның мүлкі мен иелігінен түскен барлық кіріс түрлерін алуға құқығы болды. Уақыт өте келе ағылшын соттары жылжымайтын мүлкін әйелдің рұқсатынсыз күйеуінің иемденуіне тыйым салатын құралдарды ойлап тапты, бірақ, сонда да ол жылжымайтын мүлікті басқару және әйелінің мүлкін пайдаланудан түскен пайданы алуға құқығын сақтап қалды. Ал әйелдің жеке иелігіндегі меншігіне қатысты күйеудің билігі толық көлемінде сақталды. Ол оны өз қарастыруы бойынша пайдалануға құқылы болды.

Британияда тек ХІХ ғ. аяғында ғана әйелдердің құқықтық жағдайы жақсара бастады. 1882 және 1887-жылдары түзетулер енгізілген 1870-жылғы тұрмыстағы әйелдердің меншігі туралы заң алғашқы рет тұрмыстағы әйелдерге тұрмысқа шықпаған, ажырасқан және жесір әйелдермен бір деңгейде шарттар жасау құқығын берді[2].

 Әрине, жоғарыда көрсетілген тізімді жалғастыра берсе осы күндердегі әйел құқығының да көп жағдайда оның табиғатына сәйкес емес, формальды заңнамаға сәйкес жүзеге асып жатқандығының талай мысалын келтіруге болады. Енді әйелдің рухани, әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтық жағдайы мен мәртебесіне қатысты Ислам не айтатынына назар салып көрелік.

Құранда Рұм 30-сүресінің 21-аятында айтылған: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғаны да Оның белгілерінен. Сөз жоқ осыларда ойланған елге белгілер бар»[3;406]. Исламда некеге байланысты шарттар ер адам мен әйелге бірдей әділетті болып табылады. Бұл әйел қажеттіліктерінің ерлердікіндей назарға алынатындығын білдіреді. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекстің» 33-бабының 1-тармағына сәйкес: «Ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады». Осы Заңның 34-38-баптарына сәйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірінің келісімінсіз ортақ мүліктерін жұмсай алмайды, әркімнің жеке меншігіне некеге дейінгі, мұрамен алынған немесе қайтарымсыз мәмілелер бойынша келген мүліктер жатады, бірақ олардың өзі егер екі жақтың еңбегі сіңгендей болса, сот арқылы ортақ меншікке өтуі мүмкін[4].

 Исламда күйеудің өз әйеліне жасаған той сыйлығы (маһр), әйелдің қай кезде де тапқан мүлкі тек оның жеке меншігі болып табылады. Мұнда күйеуі мен әйелінің мүліктерінің ортақтығы міндет емес және тек күйеуі отбасының экономикалық тұрмысына жауапты. Кейбір факиһтардың айтуынша, әйелдің қарапайым үй жұмыстарын атқармауға, бірақ отбасына пайда келтіру, үнемдеу үшін орындауға құқығы бар. Күйеуі мен әйелі де неке бұзудан сақтанулары керек. Шариғат неке одағының абсолютті мызғымастығын талап етпегенмен, кездейсоқ, уақытша некелерді танымайды. Ұлттық заңда «отбасы басшысы» деген ұғым жоқ және әйелінің құқығы ерімен қай кезде болмасын тең деп танылса, Исламда ер кісі - отбасының басшысы. Бұл ер кісінің асырау міндетімен, әйелдің әлсіздігімен түсіндіріледі. Ислам әйелі мен күйеуінің жүріс-тұрыс ережелерін де бекітеді. Бұл туралы Сахих Муслимде жеткен хадисте қоштасу қажылығында Мұхаммед Пайғамбар мына сөздерді айтты: «Әйелдер жөнінде Аллаһтан қорқыңдар. Өйткені, сіздер оны Аллаһтың аманаты етіп алдыңыздар. Сондай-ақ олармен қосылуды Аллаһтың сөзімен халал етіп алдыңыздар. Сіздердің олардағы хақтарыңыз: олар сіздер жақтырмайтын ешбір кісіге төсектеріңізді бастырмайды. Егер олар мұны істеп қойса, онда оларды ауыртпайтындай етіп ұрыңыздар. Ал олардың сіздердегі хақтары: оларды әділетпен асырау, киіндіру» . Егер күйеуі әйелін сүймесе, құрметтемесе, әйел ажырасуды талап етуге құқығы бар. Ал күйеуі әйелі тарапынан сенімділікке, балалы болуға, әйелімен бірге болуға құқылы. Әйел үйінде басқа ерлерді қабылдап, күйеуінің рұқсатынсыз сыйлықтар ала алмайды. Мұнысымен ол сезіктен, қызғаныш туғызудан, ұрыс-керістен сақтанады. Некелесу кезінде әйел күйеуіне қайда тұрғысы келетіндігі туралы талап қойса, күйеу бұл талапты сақтауы тиіс. Мекен жағдайлары әйелдің тәуелсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Әйел өз күйеуінің шамасына қарай оның қамқоршылығын сезінуге құқылы. Күйеуімен жасалған сыйлық ажырасқаннан кейін де әйелдің жеке меншік құқығында сақталады. Ал көптеген зайырлы мемлекеттердің заңнамасы бойынша, оның ішінде қазақстандық заң ережелеріне сәйкес, күйеуі ажырасқанда құнды әйел әшекейлерін бөліске салуға құқығы бар, тіптен өзі сыйласа да.

 Әйел шариғатқа сәйкес білім алуға, еңбек бостандығына құқығы бар. Бұл ҚР Конституциясының 30-бабының және Қазақстан республикасының Еңбек Кодексінің 7-б. ережелеріне сәйкес келеді: «Орта білім алу міндетті. Азаматтың жоғары білім алуға құқығы бар»[5], «Әркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды»[6]. Исламда әйелдің басты міндеті - некеде бақытқа қол жеткізу, күйеуі, балаларының жағдайын ойлап, күйеуінің мүлкіне жауаптылықпен қарау, өзіне сенілген затты ұтымды жұмсауы, отбасы құпия-сырын сақтауы қажет. Ол күйеуінің рұқсатынсыз тек кем-кетіктерге және қажетсінген адамдарға тамақ жағынан өздері зиянға ұшырамайтындай шектерде көмек көрсетуге құқылы. Әйел адам өзінің дене бітімін өзгелерге көрсетпеуі керек. Бұдан әйелдің жан дүниесінің тазалығына назар аударылатындығын көреміз. Мұндай ережелерді ҚР Конституциясындағы 17-18-б.б. атқарылуының кепілдігі деуге болады: «Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды... Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар»[5]. Ислам құқықтық идеологиясына көз салып қарасақ, ол әйел мен ерлердің тең құқылығын, ұлттық заңдағыдай формальды анықталған теңдіктен емес, олардың ерекшеліктерін ескере отырып, табиғи гармониядан тапқысы келгендей. Әрине, мұндағы басты фундамент – Аллаһқа сенім. Әрқайсысы өзінің табиғи ерекшеліктеріне сай, өз орнын, тағайындалуын, қызметін біледі. Ислам әйелдің еріне бойұсынуына соншалық мән берген, егер әйел нәпіл ораза тұтпақшы болса, ерінен рұқсат алуы керек. Тек көрші үйлерге, базарға бару үшін ғана емес, тіпті мешітке бару үшін де ерінен рұқсат сұрауы керек. Бір хадисте бұл жөнінде былай делінген: «Ерінен рұқсат алмастан көшеге шыққан әйелге үйге қайтқанша періштелер лағынет айтып тұрады», - делінген[7;14-15]. Бұл Конституциямыздың 21-бабының «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар»[5] деген ережесіне қайшы. Бірақ, шариғат әйелге күйеуі асырамаса немесе аса мәжбүр жағдайларда жұмыс істеуге құқық береді. Ер кісі әйел құқығын жөн-жосықсыз шектей алмайды. Бұған Құран Кәрімнің Ниса 4-сүресінің 19-аяты: «Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Аллаһтың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін»[3;80] және Талақ 65-сүресінің 6-аяты: «Оларға зорлау үшін (қиындық туғызу) үшін түрткі салмаңдар»[3;559], сосын Мұхаммед Пайғамбардың Термизиден жеткен: «Ей үмметім, сіздердің ең жақсыларыңыз, жанұясына жақсы болғандарыңыз. Мен де жанұяма жақсымын»[8;48],- деген сөздері дәлел.

Шариғат әйел мен ердің бірінің міндетін екіншісі атқаруын денсаулыққа, қадір-қасиетке, балаға, қоғамға кері әсері ететіндіктен құптамайды. Шариғат әйел мен ердің өзгешеліктерін куә болуда да көрсеткен. Құранда Бақара 2-сүресінің 282-аятында айтылған: «Егер екі еркек болмаса, өздерің ұнатқан айғақтардан бір еркек, екі әйел болады»[3;48]. Бұл әйелді кемсіту немесе қорлау болып табылмайды. Әйел кісі табиғаты бойынша қылмыс, сатып алу-сату, қарыз беру секілді істерге аз мән береді. Сондықтан әйел мән бермей немесе балалар тәрбиесі, үй жұмыстары секілді істермен шұғылданып, ұмытып қалуы мүмкін. Оның тағы да бала емізу, хайыз, нифас сияқты мерзімдері бар. Сондықтан оның қасында тағы бір әйел болса, оның есіне салады. Бұл шындықтың бас көтеруін, зұлымдықтың кетуін жақындатады[9]. Сол үшін Аллаһ аяттың жалғасында: «Егер екеуінің бірі жаңылса, екіншісі оның есіне салады»[3;48], - деді.

Әйелдің құрметтелуі мен мәртебесі оның әдемілігімен, әлеуметтік өмірде ер кісімен бірдей қатысуымен емес, оның ар-ожданымен және өзінің сексуалдығын жасыруға ұмтылып, өзін тек күйеуі үшін сақтаумен сипатталады. Мұсылман елдерінде әйел үшін чадра, чаршаф, хиджаб, парда, паранжа, чачван сияқты киімдер бар. Қазақ даласында да сәукеле, жаулық, шәлі, кимешек және т.б.болған.  Бұл киімдер әйел мен еркектердің арақатынасындағы екеуіне де қатысты шектеу болып табылады. Ислам әйел киіміне мынадай талаптар қояды: бет пен қолдан басқа дененің барлық жері, дене мүсіні көрінбейтін болуы керек; киімнің түсі мен ұсқыны ел назарын аудармайтындай болғаны жөн, киімнен хош иісті заттардың иісі шықпау керек.

Қәзіргі таңда әйелдің мұсылмандық киімі туралы сөз қозғалса оны өткен тарихтағы ұлттық киімдермен салыстыратын пікір білдіру әдеті қалыптасқан. Мұнда ескеретін жайт қатып қалған қағидаларға, догмаларға толы Ислам өзі таралған аймақтарға ғасырлар бойы қалыптасқан ғұрыптарға, қоғамдық қарым-қатынастарға бейімделген жоқ, керісінше олар дінге сәйкес өз жүріс-тұрыстарын, киім киу үлгілерін өзгертті. Нәтижесінде киінудің ұлттық ерекшеліктерін ескерген әрі шариғатқа сай жергілікті жаңа нысандары пайда болды.

Ислам Қазақстан даласында емін-еркін тарай бастаған кезде 16-50 жас аралығындағы қазақ қауымының мұсылмандар киіміне қандай көзқараста екендігін анықтау мақсатында 2005 жылы Паулодар қаласы тұрғындарына сұрау салынды. Оның қорытындысы: 61 %: «Мұндай киімді бала кезімізден кимеп едік, қазіргі кезде киюді жөн деп санамаймыз»,-десе, 35%: «Мұсылман елі болғандықтан, шариғат талабынша киюіміз керек»,-деді. Қалған 4%: «Бұл сұраққа әлі ойланған жоқпыз»,-деген жауап қайтарды. Бұл пікірлерді бүкіл еліміз бойынша дей алмаймыз. Павлодар орысы көп, қазағы аз өңір екенін де, яғни мұнда дініміз де, ұлттық салт-дәстүр де көп қажау көріп, енді ғана жандана бастағанын ескерген жөн[10;22].

Мұсылмандардың мұндай киіну әдісінің С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина университетінің емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаеваның айтуы бойынша, өзіндік емдік қасиеті бар, Құранда ашық айтылғандай, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін нәзік жыныс өкілдері шариғат талабына сай хиджаб киюі тиіс. Яғни шашы, мойны, білегі, аяғы, күллі денесі жабық болу керек. Ашық-шашық киінген әйелдер көркімен ер азаматтарды еліктіріп құмарлықтарын қоздырып қана қоймай, ол өзіне қатер де төндіреді екен. Әйелдің хиджабы мен тәрбиелігі ер кісілердің оған сексуалдық объект емес, тұлға ретінде қарауына жол береді[11;25]. Бұл медицинада дәлелденген факт[12].

Тіптен христиандық Библияның 1-Коринфияндарға 11:6 бөлігінде «Ибо если жена не хочет покрываться, то пусть и стрижется; а если жене стыдно быть остриженной или обритой, пусть покрывается»[13],- делінген. Мұның нәтижелерін қоғамдық масштабта алып қарасақ, Араб елдері мен Батыс Еуропадағы әйелдерге деген көзқарастан көре аламыз. Әйелдердің тәндерін сатуы, тұрмысқа кеш шығуы, демографиялық өсудің төмендігі, өмір ұзақтығының аздығы, ажырасу деңгейінің жоғарлылығы, тастанды балалардың көптігі Еуропа үшін қалыпты жағдай. Мұның барлығы – табиғаты нәзік әйелдің үстіне қоғамның бар ауыртпалықтарын салудың салдары.

Ислам еңбегі қоғам мен отбасының пайдасына жүрсе, әйелдердің еңбекке құқығын қадірлейді. Исламда әйел еңбегіне қатысты абсолютті шектеу жоқ, бірақ, шариғат әйелдің ар-намысының, денсаулығының және қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз ететін шарттарды қояды: әйел мүмкіндігінше ер адамнан жеке жұмыс істеуі керек; жұмыс істегісі келген әйел өзінің күйеуі, әкесі немесе қамқоршысы тарапынан келісім, рұқсат алуы тиіс; жұмыс оның физикалық, рухани жағдайына кері әсерін тигізбеуі керек; өз күшін әйел қолынан жақсы келетін және ақылға сыйымды, тиімді жерлерге жұмсағаны жөн. Мысалы: тәрбиелеу, білім беру аумағы, негізінен қыздарға; денсаулық сақтау аумағы, әсіресе гинекология; әйел киімдерін тігу, сату және психология, дизайн аумақтарында кеңесшілік. Көбісін жұмыс алмай, өзіне, балаларға және күйеуіне қарайтын уақыты болуы керек. Және оның тапқаны оның өзіне ғана тиесілі, ер адамдар сияқты отбасын асырау міндеті емес, құқығы десе де болады. Осыған байланысты Құран Кәрімде Ниса 4-сүре 32-аятта: «Аллаһтың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән. Аллаһтан оның кеңшілігін сұраңдар. Шәксіз Аллаһ әр нәрсені толық білуші»[3;83], – десе, ал Ниса 4-сүренің 34-аятында: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Аллаһ бірін бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар малдарынан пайдаландырады (Әйелдерге маһр, нәфақа береді)»[3;84], - дейді.

Исламда бала алдында ана мәртебесі ер кісіге қарағанда жоғары. Хадистерде анасын сыйлағанның жәннатқа кіретіндігі, әуелі жақсылықтың көбісін анасына, кейін әкесіне жасайтындығы, анаға бала борышы өмірі өтелмейтіндігі және т.б. жайттар туралы нұсқамалар бар. Бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекстің» 62‑бабында көрсетілген баланың өз ойын білдіру құқығына[4] қайшы деген сөз емес. Бала шариғатта тыйым салынған нәрселерге апаратын әке-шеше бұйрықтарын орындамауы тиіс және өз ойын білдіре алады. Баланың ұстанымы немқұрайдылықпен де, талқылаусыз бағынумен де сипатталмауы керек.

Мұрагерлікте біздің заң әйел мен ерді тең қойса, Исламда әйел үлесі екі есе кем. Бұл әйел құқығын шектеу емес, қорғау. Ер кісінің екі есе артық алауының себебі: ер кісі әйел адамды асырауға міндетті әрі оған маһр береді және аза тұтып отырған әйелге материалдық жағынан көмектеседі. Әйелге бұл міндеттелмеген, сондықтан да әйелдің ер кісіден аз алуы оның құқығын бұзу болып есептелмейді. Әйел адам өз бала-шағасын, күйеуін асырау міндетті болмағандықтан алған үлесі тек өзіне ғана тиесілі, артық жұмсаусыз қалады. Ал ер адам алған үлесінен қаншама адамды асырауға немесе басқа қажеттеріне жұмсайды. Сонда, қараңыз, кім ұтты деп ойлайсыз?

Мұсылман елдерінде әйелдердің құқықтық мәртебесіне байланысты пікірталастар өрши түспесе, басылар емес. Бір жақтағылар олардың жағдайы кемсітілген десе, екіншілері, керісінше, барынша қорғалған, тіптен әйелдерге ер адамнан көбірек құқықтар берілген деп қарастырады. Мұнда мұсылман әйелдердің құқықтық жағдайын әлемдегі барлық әйелдердің құқықтық жағдайы мәселесінің ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қарастырған дұрыс деп ойлаймыз. Осы заманда БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар шегінде әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын халықаралық-құқықтық актілердің кешені бар. Оларға 1948-жылғы Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларациясы, 1966-жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, 1979-жылғы Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық нысандарын жою туралы конвенция және т.б. жатады.

Ислам құқығындағы әйелдің құқықтық жағдайы сұрақтарына жауап табудың қиындығы көптеген заңдық, әлеуметтік, діни және мәдени мәселелелермен тығыз байланысты болуында. Заңдық мәселесіне келер болсақ, мұнда халықаралық құқық пен мұсылмандық құқықтың өзара сәйкестендірілуі мәселесі бой көтереді.

Халықаралық құқық келісімдік және зайырлы сипатта болса, мұсылмандық құқық өз негізінде құлшылық нормаларына, догмаларға негізделген. Сондықтан да шариғат ережелерін оның табиғатына қарсы өзгерту мүмкін емес.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей исламдық декларациясы адам құқықтарының мынадай түрлерін жариялайды: өмір сүруге, бастандыққа, теңдікке, кемсітушілікке жол бермеуге, әділдікке, жеке өмірге, ар-намыс бостандығына, ой және сөз еркіндігіне, баспана құқықтарына және т.б. Бірақ бұл актілердің маңыздылығы мұсылмандық құқықтың негізгі қайнар көздері болып табылатын Құран мен сүннет сияқты дәрежеге қайтсе де жете алмайды. Тіптен оларды білуді немесе орындауды әрбір мұсылман өзінің қасиетті парызы деп білмейді. Осы сияқты адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық нормаларды орындамау үшін жауапкершілік түрлері де қарастырылмаған. Мұның себебі исламдық деп танылған елдердегі мұсылмандар мемлекеттің зайырлы заңдарынан гөрі діни мағынадағы исламдық ережелерді орындауды жоғары қоюында.

Құранның аяттарында әйел мен ер адамның дәрежелері бірдей емес екендігі, бірақ олардың бір-біріне қатысты құқықтары ұқсас екендігі көрсетілген: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар»[3;36].

Еуропада ұрандатып кеңінен тарап кеткен жыныстық теңдік бір қарағанда дұрыс көрінгенімен, ол ер мен әйелдің ерекшеліктерін ескермегендіктен қаншама қиынықтарға ұшырап, қаншама рет бағытын өзгертті. Тіптен бірнеше тармақтарға бөлініп кетті және әйел мен ер адамды бар жағынан теңестіреміз деп, қиыншылықтарды шешуге ұмтылған идеяның өзі үлкен қиыншылыққа айналған сияқты. Әйел құқықтарының теңдігі үшін күрескен феминистер 18-ғ. пайда бола бастады. Бұл қозғалыс екі кезеңнен тұрады: 1) 19-ғасырдың ортасынан бастап 1960-ж.ж. дейін, яғни суфражизм деп аталған, әйелдердің тең құқылы сайлау құқығы үшін басталған күрес. 20-ғасырдың 20-ж.ж. сайлау құқығы Финдляндия, Норвегия, АҚШ, Канада, Польша, Дания, Бельгия, Германия және т.б. мемлекеттерде әйелдерге беріле бастады. Мұндай құқықтарға қол жеткізу әйелдер қозғалысын біраз уақытқа тыныштандырды. 2) 1960-ж.ж. соңы – 1970 ж.ж. басында феминизм «өзгешеліктердегі теңдік» деген ұранмен қайтадан АҚШ-та бас көтерді. Ол үш түрлі феминистік саяси ағымға жіктелді: либералды (Мэри Эстелл, Мэри Уоллстонкрафт, Гарриет Тэйлор Милль, Кэтрин Маколей, Олимпия де Гуж), радикалды (К.МакКиннон, С.Браунмиллер) және социалистік феминизм (А.Дэвис).

Либералды феминизм патриархалды отбасын өзгертпестен, жыныстық ерекшеліктеріне байланысты еңбектің бөлінуін болдырмауға бағытталған. Радикалды феминизм отбасын әйелді сексуалды құлдыққа және мәжбүрлі ана болуға итермелейтін зұлымдық ретінде көреді. Социалистік феминизм таптық және расалық жіктелумен қоса жыныстық жағынан кемсіту де жойылуы керек деп есептеп, жыныстардың әлеуметтік өзгешеліктері болмауын, толық сексуалдық еркіндікті және ана болудан бас тартуды насихаттайды. Бұдан басқа да ағымдар жетерлік: анархофеминизм, постмодернистік феминизм, психоаналитикалық феминизм, антирасистік феминизм, лесбийлік сепаратизм және т.б.[14].

Жалпы айтқанда, феминистік теорияның ұстанған ортақ қағидасы, теориясы мен көзқарастары жоқ. Бұл көзқарастар 20-ғасырға дейін, тіптен әлі күнге дейін ер адамдардың езгісінде болып келген батыстық әйелдердің әйелдің қоғамдағы жағдайы туралы жаңаша көзқарастарын сипаттайды. Ал мұсылман әйел үшін мұндай көзқарастар оның наным-сеніміне, исламдық құндылықтарына сәйкес келмейді.

Қәзіргі кезде көптеген мұсылман мемлекеттері отбасы құқығы аумағында шариғаттың модификацияланған ережелерін қолданады. Бұған әртүрлі жағдайлар: отаршылдық, құқық рецепциясы және т.б. факторлар ықпал етті. Бұл елдерде шариғат ережелерінің әрекеттегі заңдарға әсерінің деңгейлерін әртүрлі топқа саралауға болады.

Алғашқы топтағы мұсылмандық құқықтық жүйедегі мемлекеттерге Сауд Арабиясы мен Иранды жатқызуға болады. Оларда мұсылман құқығының ережелері кеңінен қолданылады, ал әрекеттегі заңдар мен билік нұсқасы шариғат нормаларына сәйкес келмесе, олардың күші жоқ деп есептеледі. Мысалы, Сауд Арабиясында ер адамдарға төрт әйелге дейін алуға рұқсат беріп, олар үшін заңдық жауапкершілікті мойнына іледі.

Келесі топтағы мұсылман елдеріне Ливия, Судан және Пакистанды жатқызуға болады. Бұл елдердің құқықтық жүйесінде алғашқылардікі сияқты ислам нормалары кеңінен қоданбаса да, елеулі орынды алады. Әсіресе, жеке мәртебеге қатысты қатынастарды шариғат нормалары реттейді.

Үшінші топтағы елдерге Мысыр, Ливан, Ауғанстан, Сомали, Ирак, Сирия және Мавританияның құқықтық жүйелерін жатқызуға болады. Бұл елдердің негізгі заңдары ислам діні мен мұсылмандық құқықтың ерекше орынды алатындығын атап көрсетеді. Олардың көбісінің конституциялық құқықтарында мемлекет басшысы тек мұсылман бола алатындығын және құқықтың негізгі бастаушы қайнар көзі ислам құқығы екендігін бекіткен.

Тунис, Түркия және Йемен сияқты елдер төртінші топтағы елдерге жатады. Олардың неке және отбасы заңдылықтарында шариғат негіздерінен бас тартып, зайырлы елдерге тән ережелерді таңдаған институттар енген. Мысалы, 1974-жылғы Йеменнің отбасы кодексі отбасы құқықтарында әйел мен ер адамдарды теңестірген. Түркия мен Тунисте заң көп әйел алушылыққа тыйым салып, әйелдердің жеке құқықтық жағдайына шариғатта жоқ құқықтарды енгізген.

Соңғы топтағы елдерге тарихи-этникалық себептерге байланысты мұсылман елдері саналатын мемлекеттерді жатқызуға болады. Мұндағы мемлекеттер таза зайырлы болғанымен, қоғамдық деңгейде тұрғындардың елеулі бөлігі дәстүрлі-тұрмыстық және мінәжәттық негізде шариғат ережелерін ұстануға тырысады. Оған посткеңестік аумақтағы Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және т.б. жатқызуға болады. Мысалы, біздің заңнамада бірнекелік қағидасы бекітілсе де, қоғамда көп әйел алушылық фактілері аз болса да, кездеседі. Олар заң тарапынан рұқсат етілмесе де, жауапкершілік бекітетіндей қатаң тыйым да салынбаған. Қазақстан эгалитарлы отбасын, яғни отбасында ерлі-зайыптылай тең дәрежеде болатын отбасын[15] қалыптастыруға ұмтылып отырған мемлекеттер қатарына жатады. Осы жөнінде «Қазақстан Республикасында 2006-2016-жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005-жылғы 29-қарашадағы N 1677 Жарлығы қабылданған болатын. Онда мынадай жайттар баяндалады: «Әлем елдерiнiң көпшiлiгi қол қойған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000-ж.) ерлер мен әйелдердiң теңдiгiн көтермелеу, әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiн кеңейту үшiншi мыңжылдықтағы адамзат дамуының негiзгi мақсаттары ретiнде айқындалған. Қазiргi кезде бүкiл дүние жүзiнде тарихи қалыптасқан ерлердiң әйелдерден басым болу жағдайы өзгерiстерге ұшырауда. Өнеркәсiбi дамыған және әлеуметтiк бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң ерлермен тең болуына iс жүзiнде қол жеткiздi. 1998-жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердiң саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдiң азаматтығы туралы» конвенциялары да бекiтiлдi. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы пактiге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды. Үкiметтiң 2003-жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлiк саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол елiмiздегi гендерлiк саясаттың негiзгi бағыттарын - ерлер мен әйелдердiң билiк құрылымдарына теңгерiмдi қатысуына қол жеткiзудi, әйелдердiң экономикалық тәуелсiздiгi, өз бизнесiн дамытуы мен мансап жолында iлгерiлеуi үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етудi, отбасындағы құқықтар мен мiндеттердiң тең жүзеге асырылуы үшiн жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады. 2004-жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткiзiлген Қазақстан әйелдерiнiң IҮ Форумында ел Президентi Үкiмет пен Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға аталған Тұжырымдаманың негiзiнде Қазақстан Республикасында Гендерлiк теңдiк стратегиясын әзiрлеп, онда экономикалық, әлеуметтiк және саяси салаларды қоса алғанда, қызметтiң негiзгi бағыттарын анық белгiлеу, әйелдерге тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету үшiн шаралар жүйесiн мерзiмдерi бойынша әзiрлеу керек екенiн тапсырды. Қазақстан Республикасында Гендерлiк теңдiк стратегиясын iске асыру әйелдер мен ерлердiң өздерiнiң өмiр сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсiтусiз iске асыруы үшiн жағдай жасауға ықпал ететiн болады»[16].

Ислам әйелдің мемлекеттегі жоғары лауазымды мансапты иеленуіне шек қоймайды. Әйел өзінің мінезі, білімі, қабілеті мен мамандығына сай қызмет орнын иеленуге құқылы. Факиһтердің әйелдің жоғары лауазымды қызмет орындарын иеленулеріне болмайды дегенде сүйенері Мұхаммед пайғамбардың: «Әйел кісіні өзіне басшы етіп алған қауым жетістікке жетпейді» - деген хадисіне келсек, бұл ерекше бір жағдайға қатысты айтылған (хадисті имам әл-Бухари «Әл-Муғази уәл-Фитан» кітабында риуаят еткен). Аллаһтың елшісі бұл хадисті парсылықтар өздеріне патша етіп Хосройдың қызын сайлап алғандығы жайында хабарды естіген кезде айтқан болатын. Осы хадиске сүйенген факиһтер әйелге ерлерге басшылық етуге, яғни президент немесе патша етіліп сайлануына болмайды деген тұжырымға келген. Алайда біз Құран Кәрімнің «Нәмл» сүресінде Сәба (Йемен) мемлекетіндегі Шахылқызы Билқис есімді патша әйелді марапаттап, оның мемлекеттік мәселелерді даналықпен шешкенін, жоғары бағалағанын ұмытпағанымыз жөн[3;378-380]. Мұның мәнінің ерекше маңыздылығы сонда— Құран Кәрімнің мемлекеттік жоғары лауазымды қызметті атқарудағы әйелдің қабілетгілігі мен ақылдылығын жоғары бағалайтындығын көрсетуінде.

Түрлі дәуірдегі көптеген Ислам ғұламалары әйелдің қоғамдык қызметі туралы тамаша көзқараста болды. Имам Ибн Хамз: «әйел адам билік басында тұруына болады», - деген. Белгілі мазһабтың негізін салушы имам Әбу Ханифа да осындай көзқарасты ұстанған. Ал имам Ибн Жәрир ат-Табари: «Ер кісілер шешетін барлық мәселелерді әйелдің де шешуіне болады», — дейді. Сондай-ақ екінші әділ халиф хазіреті Омар ибн әл-Хаттаб Әш-Шифа бинт Абдуллаһ әл-Махзумийаны Мәдина базарындағы таразыларды бақылаушы қазы етіп тағайындағаны жайында мағлұмат та бар. Ал бұл тәжірибе мен қатандықты талап ететін діни азаматтық қызмет.

Ислам лайық болған жағдайда әйелге мемлекеттік жоғары лауазымды қызмет орындарын иеленуіне тыйым салмайды. Алайда әйелдің қоғамдық қызметі мен үйден тыс жұмысы оның отбасы, бала-шаға және күйеуі алдындағы міндетіне кері әсерін тигізбеуі тиіс. Өйткені патриархалдық отбасы — қоғамның өзегі мен түйіні. Патриархалдық отбасы бұзылған жағдайда қоғам да бұзылады. Сондықтан да жалпы қоғамның пайдасы үшін әйелдің үйінен тыс жұмысы оның отбасы алдындағы жауапкершілігі мен міндетін атқаруында үйлесімділік болуы қажет.

Мұсылмандық құқықтық жүйедегі әйелдің құқықтық жағдайы мәселесі батыстық құқық туралы ілім мен исламдық құқық арасындағы терең қайшылықтардың бар екендігін көрсететін айқын мысалдардың бірі ғана. Мұндай қиындық екі тараптың дүниетанымдық ерекшеліктеріне байланысты орын алып отыр. Осы қайшылықтарды шешу қәзіргі уақыттың ең көкейтесті әлеуметтік, фәлсәфалық және заңдық мәселесі болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

                           1.                 Черниловский З.М. Всеобщая история государства и права. -М., Юристъ, 1996. - 576 с.

                           2.                 http://woman.upelsinka.com/modern/islamhtm_3.

                           3.                 Құран Кәрим.Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. - Мәдина, 1991, - 662 бет

                           4.                 О браке (супружестве) и семье. Кодекс Республики Казахстан от 26 декабря 2011 №518-IV (с изменениями и дополнениями с 29.01.2013.) // Казахстанская правда. - 2012. - № 6-7.

                           5.                 Конституция Республики Казахстан. Конституция принята на республиканском референдуме 30 августа 1995 года. (с изменениями и дополнениями по состоянию на 02.02.2011 г.) // Ведомости Парламента Республики Казахстан. – 1996. - № 4.

                           6.                 Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі. Қазақстан Республикасының 2007-жылғы 15-мамырдағы N 251 Кодексі. // Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, - 2007. - N 9, 65-құжат

                           7.                 Мансур А., Халмурадұлы А.М., Дадаұлы А. Мұсылман әйелдердің ері алдындағы міндеттері. –Алматы: «Шапағат-Нұр», 2002. -56 бет

                           8.                 Дадаұлы А. Мұсылманның әйелі алдындағы міндеттері. –Алматы: «Шапағат-Нұр», 2002. -56 бет.

                           9.                 Мухаммад Жамил Зайну. Ислам және әйелдер мәселесі.// Шапағат-Нұр. – 2002. - №8. – 10-бет.

                        10.                 Г.Ж. Асылханова, М.Е Асылханов. Ислам және әйелдің Қазақстан қоғамындағы рөлі. // С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми журналы. Гуманитарлық серия. 2010. - №3. -172 бет.

                        11.                 Қ. Тоғызбаева. Ғибадаттың денсаулыққа пайдасы. // Мұсылман журналы. - 2004 . - №1.

                        12.                 http://www.nld.by/information/Muzhchini_vosprinimayut_seksualnuyu_zhenschinu_kak_predmet

                        13.                 http://allbible.info/bible/sinodal/1co/11/#9

                        14.                 ЭНЦИКЛОПЕДИЯ «BRUMA.RU». http://bruma.ru/enc/istoriya/FEMINIZM.html

                        15.                 Райзберг Б.А., Лозовский Л.Ш., Стародубцева Е.Б. Современный экономический словарь. — 2-е изд., испр. - М.: ИНФРА-М, 1999. - 479 с.

                        16.                 Об утверждении Стратегии гендерного равенства в Республике Казахстан на 2006-2016 годы. Указ Президента Республики Казахстан от 29 ноября 2005 года N 1677. // Казахстанская правда. – 2005. - №333-334.