Мусаева А.Я., Досбаева М., Құрманбаева Д.П.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ЖӘНЕ ЗАҢ ЖҮЗІНДЕГІ МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАУ

 

Атам қазақ ерте кезден «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол себепті біз, яғни ертеңі мол еліміздің, елім десе елжіреп, халқым десе қасық қанын беретін азаматтары, ел болашағы жарқын болуы үшін халықтың құқықтары мен тәлімін ең алдымен жас өскелең ұрпақ — балалардан бастағанымыз жөн. Жастар  – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу мен жағымсыз әдеттерге бой алдырмауына тыйым салу бүгіннен басталады. Ал осы міндетті жеткілікті деңгейде орындамаған жағдайда бұл ахуал ушығып, қоғамымыздың басты мәселесіне айналуы мүмкін. Сондықтан мамандар қылмысқа бой алдырған жеткіншектерді дұрыс жолға салып, олардың әлеуметтік қалыптасқан жағдайларын дер кезінде сараптан өткізіп тұруы тиіс. Алайда, бұл салада кейбір жауапты тұлғалардың немқұрайлылығы салдарынан жасөспірімдер қараусыз қалып, тәртіп сақтамау, қылмыскерлерге еліктеу және солардың әдеттерін жұқтырып алып жатады [1]. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық азаматтарды алаңдатып отырған жағымсыз құбылыс соңғы жылдары жасөспірімдердің кісі өліміне қатысты қылмыстарының санының еселеп кетуі. Оның ішінде мектеп қабырғасында білім алып жүрген мектеп оқушылары кәмелетке толмай жатып, адам қанын мойындарына жүктеп отырған деректер көптеп кездеседі. Адам өмірінің құнын бағаламайтын жеткіншектердің ертеңгі күні қандай азамат болып өсетіндігі барлығымызды алаңдататындығы белгілі. Батыстың киноларындағы мылтық кезеген «батырларына» еліктеген бұзық жастар  қазір аса қатыгездікпен  қылмысты көптеп жасауда. Бейбіт күнде қару асынып, көшеде бейқам жүрген балалардың бассыздығы осы мәселеге жауапты құзыретті органдардың дәрменсіздігінен және жауапсыздығынан орын алып отырғанын айтпай кету жөн болмас [2]. Алайда, ерте кездің даналары  жайдан жай «шешілмейтін дау болмас,жеңілмейтін жау болмас» деп айтпаса керек. Бұл мәселенің де өз шешімі, өз ұшығы бар. Бүгінгі таңдағы оның заңды көрінісі –ювеналды юстиция.Ювеналды юстиция— кәмелет жасқа  толмаған азаматтардың ісімен айналысатын заң саласының бір тармағы (балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, кәмелетке толмағандардың қылмыстарын қарастырып, сараптама жүргізу) [3]. Қазіргі таңда көптеген батыс елдерінің сот жүйесінде қолданылады.  Балалардың  құқығын және заң жүзіндегі мүдделерін қорғау – бұл Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі  бағыттарының бірі. Ювеналды юстицияның пайда болу уақыты ерте кезден бастау алады. Оның бастамасы  балалар үйіндегі жасөспірімдерге қолданылатын заң жүйесі жетілдіріліп, барлық жеткіншектерге қатысты қолданыла бастауынан негізделеді. Бұл  әдіс қылмысқа қатысты қолданылатын дәстүрлі жазалау жүйесінің бір бөлігіне айналды. Алайда аталған әдіс дұрыс емес еді. Өйткені  кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен жасалынатын қылмыстар классикалық тәсілдегі, Чезаре Беккарияның тұсында қалыптасқан жазалау арқылы өтелетін қылмыстық- құқықтық  заң бұзушылық емес,  қалыптасқан әлеуметтік жағдайлармен байланысты  және реабилитацияны қажет ететін қоғамда жүріп жатқан кемшілік ретінде қарастырылуы тиіс еді [4].  Негізінен алғанда  балалардың құқығын қорғау,  кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сот ісін жүргізу жаңадан енгізіліп жатқан дүние емес. Тіпті  Рим құқығының орта ғасырларда жүргізілген құқықтық актілерінде, XVIII-XIX ғасырлардағы Еуропа елдерінің бірқатарының заңнамаларында  жасөспірімдер тарапынан жасалынатын қылмыстарды ерекше жағдай ретінде қарастырып, жасаған қылмыстарына қатаң жазадан қорғауға талпыныс жасағаны белгілі.[4] Кәмелет жасқа толмағандарға арналған ең алғаш рет арнайы  пенитенциарлық мекеме ұйымдастырған Италияның шіркеуі мұндай қадамға барған алғашқы еуропалық ел еді. Римде Папа Клемент XI өзінің жарлығы бойынша,  жасөспірімдерге арналған түзету үйін ашты. Ол үй Сан-Мишель дап аталып, Папа Клемент XI өзі балаларға арналған түзету ережелері мен тәртіптің негізін бекітті.Алайда  кәмелетке толмаған азаматтарға қатысты заңнаманың жоқтығын тіпті XIX ғасырдың басында көптеген елдерде кездестіруге болатын еді. Біздің еліміз 1994 жылғы 8 маусымда балалар мен ересектердің дүние танымын өзара реттейтін және балалыққа қатысты жаңа этиканы анықтайтын, ережелері мен принциптері халықаралық құқықтық нормалардың күшіне иеленген, бала құқықтары туралы конвенцияны бекітті.Соған сай Қазақстан Республикасының басқа да балалар мен жасөспірімдерге қатысты заңнамалары қабылданды. Қазақстан Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мем­лекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құр­мет­телетін тәуелсіз ел туралы арман­дарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі. Алайда соның өзінде бүгінгі таңда «бала құқығы» мәселесі  әлі күнге өз шешімін толық тапқан жоқ. Қазақстан республикасындағы осындай проблемалардың бірі ювеналды юстиция мәселесі. ҚР конституциясының бірінші бабында айтылғандай адам мен азаматтырдың құқықтары мен бостандықтары ең алдымен кәмелетке толмағандарды қамтуы қажет.  Себебі жастар еліміздің болашағы және ертеңге деген үмітіміз. Олардың деңгейі қандай болса, еліміз де сол деңгейде дамиды. Жас ұрпақ ел мәртебесінің өлшеуіші іспеттес. Республикамыздың түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм болып табылады. Соған сай, қазіргі таңда халқымыздың ертеңін ойлап,  елімізді көркейтетін жастарды тәрбиелеу үшін бар мүмкіндіктер жасалып, мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қарастырылып отыр. Данышпан ата бабаларымыз «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп тектен тек айтпаған. Себебі қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе сол мемлекеттің болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан қандай ел болмасын, мемлекеттік бірінші ұстанатын саяси қағидасы: «ел болашағы- жастардың қолында». Бұл қағида біздің елімізде де озінің нақты бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, соңғы кездері елімізде ювеналды юстиция жақсы дамуда. Оған дәлел болатын ҚР «балалар құқығы туралы» заңы, түрлі нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, халықаралық «Қазақстандағы ювеналды юстиция» жобасын іске асыру. Алайда Қазақстан республикасындағы заңның бұл жүйесі қарқынды даму жолына  енді ғана түсті. Ювеналдық юстицияның қалыптасуының алғышарттарының негізгілері: заңды әсер етудің айқын концепциясы, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, институционалдық базаны қалыптастыру, мамандарды кәсіптік даярлау мен деңгейін көтеру жүйесі. Ювеналды юстицияның нормативті және институционалды базасының өзекті сұрақтары Қазақстан Республикасының президенті бұйрығы бойынша қабылданған құқықтық саясат концепциясында көрініс тапқан. Мемлекеттегі сот жүйесін дамытудың перспективті бағыттарының бірі- ювеналды соттар.Әрине, арнайы сот  ювенальды юстиция жүйесіндегі маңызды бөлімдердің негізгісі болып табылуы тиіс және ҚР конституциясында баяндалғандай: ҚР сот билігі конституция негізінде пайда болған барлық істер мен дауларға, заңдар мен нормативтік актілерге, халықаралық келісімді реттеп, оларға әсер етеді.Көптеген заңнамалар қабылданғанымен, олқылықтар мен кемшіліктер әлі де болса да бар.Атап айтсақ, қазіргі кезде кәмелетке толмағандардың сот ісін жүргізуде педагог пен психолог қызмет атқарады. Алайда оның міндеті кәмелетке толмаған азамат немесе адамның құқығы мен бас бостандығын қорғау емес, қылмыстық сот ісін жүргізетін органның мүддесін қорғау болып табылады. Яғни бұл жағдайда жасөспірім ешқандай моральдық, психологиялық қолдаусыз қалады. Ал бұл өз кезегінде жас жеткіншектің ішкі жан дүниесіне орны толмайтын із қалдыру арқылы, оның болашағына балта шабады [5]. Сонымен қатар Қазақстандағы ювенальды юстицияны қалыптастырудағы тағы бір кемшілік-кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын арнайы әлеуметтік қызметкерлердің болмауы. Бүгінгі таңда аталған жүйе көптеген дамыған мемлекеттерде қолданылады. Қызметтің негізгі жұмысы: құқық бұзушылық жасаған жасөспірім туралы негізгі мағлұматтарды жинау, жасөспірім және оның отбасымен танысу, әлеуметтік жағдайын ескеру, психологиялық жағдайын тексеріп, керек болған жағдайда психолог көмегіне жүгіну. Жасөспірімдер туралы мәселенің тағы бірі- кәмелетке толмаған, қоғамға қауіпті қылмыс жасаған, қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген адамдар мен азаматтарға қазіргі кезде процессуалдық емес жүйе бойынша қылмыстық іс жүргізіледі. Мұның салдарында кәмелетке толмаған қылмыскер, жасөспірім құқықбұзушыға қарағанда мемлекет тұрғысынан жақсы қорғалған. Бізің ойымызша бұл жерде «Ерекше жағдайлар» қатарында ҚПК (қылмыстық процессуалдық кодекс) жеке бөліміне «кәмелетке толмағандардың қоғамға қауіпті әрекет жасаған жағдайларын қарау, ерекшеліктерін ескеру» сияқты  бөлім енгізген жөн деп санаймын. Аталған бөлімде сотқа дейінгі материалдарды даярлаудан бастап, сот қарауындағы материалдардың да ерекшеліктерін ескеру қажет [6]. Сонымен қатар қазіргі таңдағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылығының бір себебі- балалар үйінде тәрбие алған азаматтардың психологиялық, моральдық және материалдық жағдайдан қарастырғанда да өмір талабына сай болмауы. 1989  жылы 20 қарашада қабылданған «Балалар құқығы туралы халықаралық конвенциясының» преамбуласында  баяндалғандай, отбасы  баланың жақсы тәрбие алып, жанжақты дамуына негізгі септігін тигізетін қоғамдық ұяшық немесе механизм болып табылады. Конвенцияға сай әр бала отбасы атмосферасындағы ата ана қамқорлығы мен махаббатын сезініп, олар тарапынан түсінушілікке ие бола отырып өсуі қажет. Тек сол жағдайда ғана еліне елеулі, халқына қалаулы азамат ержететіндігіне кепілдік болады. Ал қазіргі кездегі еліміздің жағдайын алып қарайтын болсақ, балалар үйінің саны өте көп. Олардың көптеп пайда болуының негізгі бірнеше себептерін атап айтуға болады [7]. Басты себептерінің бірі, халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы. Көптеген ата аналар балаларын тиісті деңгейде материалдық жағынан қамтамасыз ете алмағандықтан ата ана құқығынан айырылып жатады. Сондықтан статистика бойынша  пайыз 63%  балалар үйінің тәрбиеленушілері  әке шешесі бола тұра, тірі жетім атануда. Жас өскелең ұрпақ, яғни кәмелет жасқа толмаған қыз жігіттерге  гинеколог, сексопатолог сияқты мамандардың жетекшілігімен танымдылық жиындарын жиі жиі өткізіп отыру. Бұл көптеген жас қыршын қаздардың ойнаймын деп от басуына жол бермей, балалықпен шалт басып,  кейіннен кінәсіз жас сәбидің көз жасына қалуына мүмкіндік бермес еді. Экологияның қолайсыздығы.  Себебі,  бүгінгі таңда еліміздің табиғи жағдайы өте мүшкіл. Атап өтсем: Арал, Балқаш мәселесі, Семей полигонының өткен күндердің қателігінен жас сәбилердің зардап шегуі, завод фабрикалардың улы газдарды ауаға жіберуі, ауыз су мәселесінің толық шешімін таппауы, зиянды қалдықтардың суға тарауы.т.б. Осылардың  барлығы дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне өз зиянын тигізеді. Сол себепті, көптеген ата аналар кіндік қаны бір балаларынан бас тартып жатады. Медициналық, әлеуметтік қамтамасыз етудің тиісті деңгейде жүргізілмеуі. Соған байланысты, ана мен бала өлімі көптеп белең алуда және кемістігі бар балаларға медициналық көмек көрсету орталықтарының аз болуы, оларға толыққанды емдеу жұмыстарының жүргізілмеуі соның айғағының бірі. Осыдан кейін баласына еш шарасы болмаған ата ана өз нәрестесін балалар үйіне беруге мәжбүр болады. Ата заңымыздың 28-бабында әрбір азаматтың жасы мен мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуынан байланысты заңды негізде оларды әлеуметтік жағынан қорғауға кепілдік беріліп [1], «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғау туралы» Заңында мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ұйымдардың меншік түріне қарамастан мүгедектердің кез келген ғимаратқа кедергісіз енуіне жағдай жасау жүктеліне тұрса да, көптеген жерлерде басшылардың жауапсыздығы салдарынан заңның осы талаптары сақталынбай келеді. Қысқасын айтқанда, арнайы арбаға таңылған мүгедектердің әкімшілік ғимараттарына, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымдардың нысандарына кедергісіз енуіне жағдай жасау назардан тыс қалған, облыс орталығы мен қалалардағы ғимараттар арбаға таңылған мүгедектердің кедергісіз енуіне лайықталынып, жасақталынбаған. Оны айтпағанда көптеген мемлекеттік органдар тарапынан мүгедек жандарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер жасауда да бірқатар заң бұзушылықтар орын алған.  Мысалға, Қызылорда облысының қылмыстық істер, прокуратура органдары және жастар ісі жөніндегі комитеттің деректеріне сүйенсек, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорңау бағытында 85 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1731 заң бұзушылық анықталған, 212 лауазымды тұлға тәртіптік, 11 әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 наразылық негізінде 50 заңсыз актінің күші бұзылды.Сотқа шағымдану нәтижесінде жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған 10 жеткіншектің қолы жетпей жүрген 2 млн.теңгеден астам жәрдемақылары қолды болғаны, 5 жетім баланың туу туралы ресми куәліктері болмағандығы, 967 кәмелетке толмағандардың құқықтары бұзылғандығы анықталды. Жоғарыда аталған «балалар құқығы туралы конвенциясының» 7 бабында , әрбір бала  бар мүмкіндігінше өз ата анасын білуге және олардың тарапынан қамқорлыққа ие болуға құқығы бар делінген. Яғни балалар үйіндегі кез келген бала ата анасынан қамқорлық немесе материалдық қамтамасыз етуді талап ете алады. Сол жағдайда  баланың заңды мүддесін тиісті заң органы қамтамасыз етуі тиіс, ал бұл біздің елімізде әлі дұрыс жолға қойылып, дамыған жоқ. ҚПК  495-бабында айтылғандай, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуін күштеп әсер ету арқылы тәрбие жұмыстарын жүргізу арқылы іске асады. Сонымен қатар мұндағы іс-әрекеттер детальды регламентациялық тұрғыдан толықтырылып, кәмелетке толмағандардың арнайы мекемелерде тәртіптік түзелу уақытын қарастыру қажет. Қорытындылайтын болсақ, қазіргі кездегі мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясат және Атазаңымыз өзінің фундаментальдылығы мен нақтылығын әбден дәлелдеді. Алайда соның өзінде кез келген заңнама уақыт талабына сай өзгертулер мен жаңартуларға мәжбүр. Сол себепті, біздің заңнамамыз да заман ағымына сай жаңарып, өзгеріп отыруы тиіс. Ол мақсатта еліміздің заңнамасына көптеген өзгерістер мен жаңартулар енгізілуде. Ең бастысы, аталған жаңартулар мен өзгерістердің барлығы халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын жақсартып, оңалтуға арналған. Біздің пікірімізше Қазақстан республикасындағы балаларды қорғау конвенциясы  ювенальдық юстицияға өтудің сатылы жүйесінің негізін құрайды. Оның ең бірінші баспалдағы болып табылатыны- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Және бұл  жан-жақты аспектілі түрде қарастырылған «ювеналды юстиция туралы» заңның қабылдануына өз үлесін қосады деген сенімдеміз!

 

Әдебиет:

1.   Қазақстан Республикасының конституциясы

2.   Мельникова Э. Б. Ювенальная юстиция: Проблемы уголовного права, уголовного процесса и криминологии. М., 2000.

3.   Юридическая газета, № 130 (1530), 27 августа, 2008 года, 4 стр

4.   Суд над семьей.Интервью с адвокатом Ларисой Октябристовной Павловой, http://www.portal-slovo.ru.

5.   Судебно-правовая реформа: Ювенальная юстиция

6.   Актуальные проблемы исполнения уголовных наказаний в отношении несовершеннолетних

7.   Қазақстан Республикасының қылмыстық процессуалдық кодексы

8.   «Заң және заман» ғылыми-құқықтық журналы,№ 3 (112) наурыз 2010 ж, 30 б.

9.   «Закон и время» научно-познавательный журнал, № 1 (110), январь2010 г, 23 стр.