Мәмбетова А.М., Бекбаев Ғ.С.

Тараз мемлекеттің педагогикалық институты, Тараз қаласы

 

ТЕРРОРИЗМНЕН КЕЙІНГІ  ЖАҒДАЙДЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЫҚТЫРУ АМАЛДАРЫ

 

Жақын  болашақтағы террористік  актілерді болдырмау мүмкін емес, осымен барлығы келіседі, саясаткерлер де, экономисттер де және басқа да ғалымдар. Осыған сәйкес, террористік жағдайларда немесе одан кейінгі кезде,  өзін дұрыс ұстау тәсілдерінің ғылыми негізделген ұсыныстарды жасау қажет. Өкінішке орай, қазір адамды бала кезінен сақтануға, күдіктілікке тәрбиелейтін заман келді. Бұл мамандардың, педагогтардың, психологтардың алдында маңызды мәселе тұр дегенді білдіреді: адамдардың оптималды күдіктілік, сақтанғыштық деңгейін  анықтау және бұл сақтанғыштық қиын жағдайда көмектесіп, бірақ өз кезегінде ауру мен патологиялық күдікке айналмауы тиіс. Террористік  актілерден кейінгі психолог пен психиатрлар, сонымен өатар әлеуметтік педагог  көмегі өте маңызды.

Психологтың көмегінсіз қалдырылған стресс  жарылғыш зат секілді, бәрібір қай кезде болмасын көрініс береді. Стресстерді едәуір әсерлі қабылдайтын адамдар қатарына: емделмейтін ауруға шалдыққан адамдар, жасөспірімдер, қарттар және де 30-40 жас шамасындағы әйелдер жатады. Біріншілері, өздерінің әлсіз күйінен болса, екіншілері, өткінші жас кезеңі мен гормональдік  өзгерістерге байланысты [1;26].

Егер кез-келген адам террористік акттың  куәсі болса, онда ең бастысы зардап шегуші адамды  жұбатып, егер сөйлегісі келсе мұқият тыңдау қажет. Егер де оның  террористік акт жайлы сөйлегісі келмесе, оны қинап сұрастыруға болмайды, ол адамның  өзі-өзіне келуі үшін мүмкіндік беру қажет. Сондай-ақ,  зардап  шегуші адамға «Бәрі де артта қалды, ұмыт!» деп айтудың әсері болмайды. Өйткені, мұндайды ұмыту  мүмкін емес, адамға өз эмоциясын басқару қиынға түседі.

Террористік актілердің негізгі мақсаты – мүмкіндігінше көбірек адам санына қорқыныш, үрей сезімін туғызу. Соңғы кездегі жағдай осы мақсаттың орындалуына толық негіз бар деуге болады. Барлығына белгілі, қазіргі замандағы әлем деңгейіндегі негізгі  мәселелердің бірі – бұл теракт қорқынышы жағдайындағы  күнделікті өмір: ол кез-келген жерде, кез-келген сәтте болуы мүмкін. Күнделікті өмірдегі үнемі қорқыныш  жағдайы адамның  психикалық денсаулығының нашарлауына алып келеді [2].

Халықаралық ұйымдар мен ғалымдар терроризмді тудыратын себептерді анықтауға көп көңіл бөлуде. Өйткені онымен күрес жүргізу шараларының нәтижелілігі, осы қауіпті қылмыстың себептерін анықтаудың нақтылығына тәуелді.

         Қазіргі кездегі  терроризмді тудырушы негізгі себептер:

1. Өмір сүру деңгейінің төмендеуі, әлеуметтік-психологиялық фактор.

2. Экономикалық және энергетикалық дағдарыс, инфляция.

3. Жекеленген  әлеуметтік-кәсіби топтардың, әсіресе жарылғыш заттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар  әскерилердің кризистік жағдайы.

4. Нарық заманындағы жұмыссыздық  деңгейінің өсуі, миграция мәселелері.

5. Жергілікті тұрғындарға  әскери қарудың көптеп таралуы (Ауғаныстан, Ирак т.б.)

6. Үкіметті орнынан алу немесе  әлсірету.

7.Ұлтшылдық мотивтер.

8. БАҚ құралдары  арқылы террористердің күштілігі мен әр түрлі зорлық-зомбылық пен жан түршігерлік кадрлерді адамдарға көрсету [1].

Соңғы себептің көмегімен  тікелей емес, жанама  түрде   террористік актілердің  құрбандары  саны  көбейе түсті

Терроризмнен кейін пайда болған психологиялық бұзылыстар, дер кезінде көмек көрсетілмеген жағдайда, әлемдік  психикалық эпидемияға алып келуі мүмкін. Жарақаттан кейінгі стресстік күйзеліс және жарақаттан кейінгі стресс  кез-келген драмалық оқиғалардың құрбандарына қатысты зерттелгенімен, арнайы террористік акт әсерімен пайда болған психологиялық стресстерді зерттеу жұмыстары жоқ. Террористік актілердің  көбеюіне  қатысты  оның куәлары мен құрбандарында пайда болған посттравмалық стресстерді  диагностикалау мен коррекциялауға бағытталған тиісті зертттеу  жұмыстардың  көбеюі тиіс  екендігі айдан анық.

Терроризмнен кейінгі жағдайда зардап шеккен адамдарды реабилитациялаудағы негізгі мақсаты – адамды күнделікті өміріне  және өзіне деген  сенімділікті қайтару. Мұның маңызы зор.

Қазіргі кездегі  психотерапия  мүмкіншіліктері  мол және  қысқа мерзімде  адамды посттравмалық  стресс жағдайынан   шығарып,  сауықтыра алады. Ең бастысы – бұл адамның  жағдайды өзінің және туыстарының тарапынан   түсініп, өз мәселелерін   шешуге  талпынысы мен  дайындығы.

Көп жағдайда психотерапевттер классикалық және қазіргі заман  технологияларын қоса қолданады -  NLP, гипноз, психоанализ, психодрама, гештальттерапия. Әдетте нәтижеге жетіп, оны тұрақтандыру үшін  8-12  сеанс жеткілікті  болады. Клиенттердің көпшілігі  интенсивті психотерапия   курсын   өткеннен   кейін де, ай сайын стресстің   профилактикасы үшін  өз өз психотерапевттеріне келіп көрінеді [3;88-93]. Жеке тұлғалық  және кәсіби өсуге  бағытталған, белсенді өмір  позициясын   ұстанушыларға қысқа мерзімді  психотерапияны қолдану  тиімді.   

Бүгінгі таңда терроризмнің қауіп-қатеріне қарсы сақтандыру шараларын жасау - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өту қажет. Республика аумағында террористік әрекеттердің нақтылы төбе көрсетпегендігіне қарамастан, бұл ахуал кейбір топтардың терроризм әдістерін пайдалануды қоздыратын қабілеттеріне айғақ болатын факторлардың бар екенін естен жоққа шығармайды. Қазақстан Республикасында 1999 жылдың 13 шілдесінде Қазақстан Республикасында терроризмнің пайда болуына қарсы әрекеттің құқықтық жэне ұйымдастырушылық негізін анықтап беретін «Терроршылдыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды [4;17-19]. Сонымен қатар басқа да салааралық нормативтік құқықтық актілердің терроризмге қарсы күрестегі қызметін айтуға болады.

Терроризм қаупі  қазіргі кезде адамзатты  ерекше толғандыруда. Осы мәселеге қатысты   қарама-қайшылықтар  БАҚ өкілдері мен  психологтар арасында  көптеп кездеседі. Көп жағдайда сенсацияны  көрсету мақсатында БАҚ журналистері  аса қайғылы теракт оқиғаларындағы кадрларды  қайталап демонстрациялайды. Осының салдарынан әлемдегі адамдардың 70% (пайызы)  жарақаттан кейінгі стресске шалдығады. Мұндағы маңызды   мәселелердің бірі:  адамдардың  тұрақты   жағымды  психологиялық күйде болуы, немесе  әлемдегі  барлық жаңалықтар жайлы объективті, нақты ақпаратты дер кезінде алу [5;15-19]. Жалпы терроризмнен кейінгі жағдайда халықтың  қорқынышы  мен   үрейін, зомбылықтан кейінгі психологиялық сауықтыру жұмыстары әлі күнге  нақты әрі жүйелі  түрде   ұйымдастырылып,  нәтижелі  шаралары  бағдарлы  жүргізілген  емес. Террористік  актілердің   адам денсаулығына тигізер әсері,  улы газдар мен радиациялық  сәулелендіру әсерімен пара-пар; «көрінбейтін стресс»  факторларына   жатқызылады.  Терроризм  «мәдениетті   соғыс»  тәрізді, шайқас  майдан даласында емес, адамның  ішкі  әлемі:  психикасында жеңіске жетеді. Ал  осы жағдайларды болдырмау үшін   терроризмнің пайда болу себептерін, оның көпғасырлық   тарихын зерттеп,  XXI ғасырда мейлінше  дұрыс  алдын-алу  шаралары мен  психологиялық сауықтыру  амалдарын меңгеруіміз қажет. Осы  себептерге байланысты  террористік жағдайдан  кейінгі  халықтың   стресс  психикалық  денсаулығын  қалпына  келтіру,  психологиялық сауықтыру амалдарын  жан-жақты, жүйелі түрде жүргізу үшін  алдымен  «Террорзимнен кейінгі жағдайда әлеуметтік-психологиялық қызметті ұйымдастыру» мәселесін жүйелі ұйымдастыруымыз қажет.

 

Әдебиеттер:

 

1.                     Салимов К.Н. «Современные проблемы терроризма».  М; 1999 ж. 39 б.

2.                     Киреев М.П. «Терроризм на воздушном транспорте: анализ и проблема   регулирования». / Проблемы обеспечения личной безопасности граждан. Труды Академии МВД России. М; 1995 ж 102-103 б.

3.                     Karen Seeley. March, 2003. «The   Psychotherapy  of  Trauma  and  The Trauma of  Psychotherapy: Talking  to  Therapists  About  9-11». Сокращенный перевод с англ. Н.Ю. Федуниной. 133 б.

4.                     Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы:ЮРИСТ, 2011. 44 б.

5.                     Алибеков М. Н. Терроризм және мемлекетаралық қатынас // Заң және заман. - 1999. –№ 7. 15-19бб.