СОЦИОЛОГИЯ/ Кадровый менеджмент

 

ЭЭ-15-3 тобының студенті М.И. Қозы-көрпешов

жетекші: з.ғ.м., Н.Ж. Сарсенбеков

Қазақстан Республикасы., ҚарМТУ

 

Несие-әлеуметтік дағдарыс ретінде

 

Несие («Кредит»)  сөзі латын тілінен «қарызға беру», «сену» деген мағынаны білдіреді. «Несие - белгілі-бір мерзім бойы пайдаланып, қайтарылу үшін әдетте, пайыз төлеу шартымен ақшалай немесе тауар түрінде берілетін қарыз».  Оның түрі және оны беретін банктердің де саны көп. Бүгінгі таңда несиені қарапайым халық та, кәсіпкер де, мемлекет те алады. Алғашқы уақытта несиені тек оны қайтара алатын, тұрақты жұмысы, кіріс ақшасы бар, т.б. қажетті талаптарға сай құжаттары бар адамдар алатын еді. Ал бүгін  несие беру  жүйесінің дамығаны соншалықты адам болсаң бере беретін болды. Халықтың санасының уланғаны соншалық жалақыдан алуға болатын қажетті затты ертерек алғысы келіп, банктерге жүгіретін болды. Ал жалақысын алған соң оны пайызымен қайтаратынын да жақсы біледі. Ұялы телефон, компьютер, көлік, үй сатып алу, той жасау, оқуға түсу, саяхатқа бару, т.б. барлық өмірге қатысты мәселенің бәрін несие арқылы жолды жеңілдетуге болатынын жарнамадан әр сәт сайын қайталап, насихаттап жатыр. Бірақ бірде - бір несие беру банктері несиесін қайтара алмаған адамның жай – күйін, өтемді қайтару шарттарын жарияламайды, бірақ келісім шарттың негізі сол болып  табылады. «Несие адамның қалауын жедел жүзеге асыратын құрал»  деп түсінеді алғашқыда оны алған адам.  Ал ақшаны пайызымен қайтарғанда уақытын, денсаулығын, күшін несие берушілерге арнайды.  Өмірден мысал келтірейін: Менің бір ұстазым өте ауыр жағдайға тап болды. Шұғыл арада қомақты ақша керек болды. Үш банктен несие алып, мәселесін шештім деп ойлады. Автоматты түрде банк карточкасынан ақша ұсталып отыратын еді. Бар жалақысы несиеге кетіп, қолына ақша тимеген соң мемлекетті жұмысын тастап кетті. Қазір ол ұстазымыз бейресми құрылыс жұмысында жұмыс істеп жүр. Оның есімі барлық банктік қара тізімінде тіркеліп, мемлекеттік мекемелерден іздестірілуде,  сотқа шақыру үшін. Әр күн сайын уақтылы қарызын қайтармағаны үшін пайыздық үстеме де қосылып  келеді.  Бұл жағдай көп азаматтың басынан өтуде. Несие алушы ауырып, басқа да жағдайларға түсіп, уақтылы қарызын қайтара алмаса, пайыздық үстеме қосылу арқылы оның жүгі ауырлай түседі.

Бүгінгі экономикалық дағдарыстың да болуы осы жүйенің белең алуынан. Адам түгілі мемлекеттер де қарызға батып, дағдарыстан шығу үшін тағы де несие алуда (Греция, Италия т.б.). Дамушы алдыңғы қатардағы елдердің өзі (Америка, Ресей, Ұлыбритания, Жапония, Қытай) де қарызға батқаны жасырын емес.

Несие алу арқылы кәсібін жүргізген кәсіпкер, мекемелер де жоқ емес.  Жобалар да жүзеге асып, зауыттар жұмысқа қосылып жатыр.  Сонымен қоса мақсатына жете алмай қалған, банкротқа ұрынған  немесе қарызын төлеумен күн өткізгендер қаншама. Несие алушы адамды айыптау дұрыс емес дер едім. Өйткені несие беруші мекемелер адамның табиғи жаратылысының ерекшеліктерін ескере отырып өз қызметтерін ұсынады. Несиені алатын адамдар қаржылық тұрғысынан көбінесе орта және төмен деңгейлі адамдар алады. Және олардың несие алуына себеп қажеттілік болып табылады.  

Сырттай қарағанда адамдардың киімі көк, тамағы тоқ, астында көлігі, басында баспанасы бар болғанымен  ол дүниелер несиеге келген болса ол адамның жүрегінде тыныштық болмайды.

Ата  дінімізде  несие беруге рұқсат берілген, бірақ пайыздық үстемесі болмауы керек. «Кредит» сөзінің негізгі мағынасы да осы еді. Яғни «сенімділік». Қарыз берушіге оны қайтарарына сеніп, қажетті дүниені табыстау. Арнайы куәлар мен келісім шарт та жүзеге асырылады, тек пайыз жүрмеуін  Жаратқан әмір еткен. Кеңес дәуірінде өмір сүрген ата – аналарымыз  несиесіз де күн көріп, тойға барған. Несиесіз де  елдің  дамығанына тарих куә. Яғни несие жүйесінің ықпалысыз да ел дамитынын дін де, тарих та көрсетіп отыр.

Қорытынды сөзімді ұсыныспен аяқтаймын. Несиені мекемелер мен банктердің қарауына тастамай мемлекеттік ұйым ретінде қалыптастырмса екен.  Несиені  пайызсыз  беріп, оны алушы тұлға мақсатына жеткеннен кейін мемлекетке жанама түрде пайдаға кенелтетіні анық. Яғни жұмыс орындары ашылып, кәсіп дамиды. Халық несиені пайызсыз қайтару арқылы да мемлекетке қызмет жасаған болып табылады.