Конакбаева Т.Е.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ АУЫТҚЫҒАН БАЛАЛАРМЕН ӘЛЕУМЕТТІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жеткіншектер арасындағы тәрбиесі қиын мінез-құлқы ауытқыған балалармен психологиялық, педагогикалық жұмысты ұйымдастыру керектігі педагог ғалымдар қауымы ізденістер үстінде. Аталған мәселенің тарихына жүгінсек, А.С.Макаренконың атақты «Ұстаздық дастан» атты көркемдік шығармасында қиын балалар мен жасөспірімдерге арналған өзінің тәжірибелік еңбектері педагогика ғылымының алтын қорына енді. Антон Семёнович өз еңбегінде: «Бала тәрбиесі біздің өміріміздің саласы. Біздің балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы шеше болып өсуі керек. Бірақ мұнымен де бітпейді. Біздің балаларымыз – біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие - бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел алдындағы кінәміз» /1/.

В.В.Трифонов жазбаларында «қиын жасөспірім» анықтамасы – бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қаруды, әлеуметтік педагогтің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы. Бұл шексіз ұғым. Ол жеке адамның өзгеру құбылысын жинақтаушы. Осы категориядағы балалардың жалпы адамдық және өзге ешкімде қайталанбайтын қасиеттері, әлеуметтік және биологиялық факторлардың ықпалымен қамтамасыз етіледі /2/.

А.В.Аверин еңбегінде «мінез-құлқы қиын балалар үшін рухани қажеттіліктері мен қызығушылықтарының кедейлігі, адамгершілікке жат мінез-құлықтың тәсілдері тән, мұндай балалардың басым көпшілігі сабақты нашар оқиды, олардың танымдық қабілеттерінің дамуы қалыс қалған»,-деп көрсетті /2/.

Г.А.Фортунатов (1935ж) өз зерттеулерінде «қиын бала» ұғымына үлгермеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды жатқызады. «Қиын балаларға» психикалық бұзылудан жапа шеккендерді жатқызады. Ғалым қиын балалардың пайда болуының себептерін екі тобын көрсетті. Бірінші топқа ол ескінің әсерін, ал екіншіге оларды қиналатын ішкі дау-жанжалдарды жатқызады. Дау-жанжалдардың тууы негізінде балаларда көбінесе мынадай мінез-бітістер: қозушылық, ұстамдылық, кейде ақылға сыймайтын қасарғыштық, кекшілдік, мейірімсіздік пайда болады /3/.

А.Е.Личко қиын баланың мінез-құлқындағы ауытқушылықты көрсетті. Акцентуациялық балалар бұлардың кейбір мінез-құлық нормаларынан анық ауытқушылық формалары көрінетін, патологиялық бұзылыстары бар балалар. Оның алғашқы пайда болу себептері қаңғыбастық, оқудан және жұмыстан қашу, майда ұрлықтар /3/.

Сондай-ақ, зерттеушілер В.И.Куфаев, И.А.Невский, Л.К.Керімов қиын оқушыларға тән ерекшеліктерді бөліп көрсетуге тырысты.

И.А.Куфаев өз еңбегінде «...өсіп, ер жету, әлеуметтік жағдайларына байланысты, бетімен кетудәрежесіне қарай, әртүрлі себептерге байланысты» қиын оқушылардың әрқайсына тән ерекшеліктері болатынын, сондықтан мұндай балалар өздеріне ерекше тәсілмен қатынас жасауды және олармен тиісінше жұмыс жүргізуді талап етеді»-дей отырып, қиын оқушыларға мақсатқа бағытталған адамгершілік тәрбие берумен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін мынандай мәселелердің шешімін табу қажеттілігін көрсетті:

- балалардың өз бетімен жүруіне қарсы күрес жүргізу мәселері;

- оқу орындарын балалардың денсаулығына, әлеуметтік және педагогикалық бақылаусыз бетімен кетуіне және сонымен қатар тәрбиеленуі қиын балалармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының түрлерімен тәсілдеріне қарай бөлу қажеттілігі;

- тәртібі қиын балаларға арналған мекемелер мен оқу орындарында жұмыс істейтін тәрбиеленушілердің арнай білімі болуы;

- тәртібі қиын балаларға адамгершілік тәрбие беруді қоғамдық пайдалы еңбек барысында жүзеге асыруды белсендіру /4/.

Қиын баларды тәрбиелеу мәселесімен айналысқан еліміздің белгілі ғалымы Л.К.Керімов әлеуметтану мен заң ғылымдарына және психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде талдау жасай отырып, кәмілеттік жасқа толмаған құқық тәртібін бұзушылар, педагогикалық тәртібі нашар оқушылар, «қиын» балалар сияқты терминдік ұғымдарды анықтайды. Қиын оқушылардың адамгершілік сапаларының төмендеуіне отбасы тәрбиесінде кеткен қателіктермен қатар, мұғалім мен олардың арасындағы қарым-қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді де бөліп көрсетеді:

1.                     Мораль белгілері мен заң ережелерін ұстамауға бейімділігі бар оқушыларды алдын-ала айқындай алмау. Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының дара ерешеліктеріне, адамгершілік тәрбиесі нормасынан ауытқусебептеріне көңіл аудармаған. Мектеп ұжымы тәрбие жұмыстарын жоспарлы қадағаламаған.

2.                     Қиын оқушылармен тіл табыса алмай, яғни жеке психологиялық ықпалдар жасай алмаудан барып, этикаға жатпайтын тәсілдері: ұрысу, әрбір «қылықтарын» талдауға алу, орынсыз жазалау, қандай да бір жөнсіз «әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б. қолданған. Дұрыс қолдалмаған шара жасөспірімнің ыза-кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.

3.                     Кейбір педагогтардың кәсіптік деңгейлерінің төмен болуы және психологиялық тұрғыдан балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығы, тәрбие жұмыстарын өткізу мен ұйымдастыруда әдістемелік шеберліктерінің төмен болуы себеп болған. Олар балалардың денсаулық жағдайынан хабардар болмаған /5/.

  Г.А.Уманов өз еңбегінде: «қиын балаларға олар жекелік тұлғасын түзетуде өз уақытында шара қолданбағандықтан, дер кезінде зейін аудармағандықтан жіберілген педагогикалық қателіктермен байланысты педагогикалық шет қалған балалар»,-деп көрсетті /6/.

    Теориялық талдау нәтижесінен қазіргі таңда зерттеулер мен ғылыми басылымдарда «қиын бала», «мінез-құлқы ауытқыған бала» және «тәрбиеленуі қиын» бала ұғымының көп қолданысқа ие екендігін айт аламыз. Зерттеулерге сүйене отырып, «қиын бала» - бұл, ақыл-есінің дамуы қалыпты, бірақ түрлі себептерге байланысты әлеуметтік және педагогикалық ауытқуға түскен «мінез-құлқы ауытқыған бала» болғандықтан,«тәрбиеленуі қиын бала» деген атаққа ие болады деп айуға болады.

Қазіргі жағдайда қиын жасөспірімдердің туындау себептерін: әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ата-ана қарауынсыз және шектен тыс қамқорлық; мектептің және отбасының оқыту мен тәрбиелеу үдерісі байланысының әлсіздігінен мінез-құлықтың қалыптан ауытқуының нәтижесі болып табылады деп айта аламыз.

 

Әдебиет:

1.   Халитова І., Әлеуметтік педагогика.: Оқу құралы-Алматы: «Білім» баспасы, 2007-200б

2.   Аверин В.А. Психология детей и подростков. –М., 2011. 236с.

3.   Акажанова А.Т. Девиантология / Учебное пособие. - Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 114 с.

4.   Нұрмағанбетова А.Д., Қиын балаларды қайта тәрбиелеу мен түзету жолдары /А.Доғдырбекқызы// Қызықты психология. 2012. - №5.-С.6-7

5.   Керімов Л.К. Қиын балаларды қайта тәрбиелеу. – Алматы: Рауан, 1996. – 80б.

6.   Уманов Г.А. Трудный подросток. Алма-Ата, 1990