Құрманбаев С., Әбілқасым А.Б., Башпанова Э.Ө.

Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті

 

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ҚАУІПТЕРЛЕРІ

 

Кез-келген мемлекет үшін өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып, заман талаптарына сай күрделене түсіп, мемлекет және қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын жүйелі саясатқа айналды. Жаһандану үрдісі күшейген сайын ұлттық қауіпсіздік мәселесі, әсіресе экономикалық қауіпсіздік бағыты ерекше орын алды. Өйткені әлемдік қауымдастықта егеменді ел ретінде әрекет ету мемлекеттің экономикалық қуаттылығы, ал түбінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуінің бірден-бір көрсеткіші – ұлттық экономикалық даму деңгейі болады [1].

Қазіргі ұлттық экономиканың қуаттылығы өндіргіш күштердің даму деңгейімен ғана анықталмай, бірінші кезекте мемлекеттің сол өндіргіш күштердің немесе ұлттық экономиканың белсенді дамуына жағдай жасап, ұлттық мүдделерді анықтап, оларды қорғау мүмкіндігімен көрінді. Жаһандану үрдісінің ұлттық экономикаға тигізетін оң ықпалын барынша тиімді пайдалану мен оның теріс әсеріне тойтарыс беру мемлекеттің белсенді іс-әрекетімен жүзеге асады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Қауіп-қатерлерді алдын-ала анықтап, жоюға, тұтастай алғанда елдің дағдарысқа қарсы әлеуетін арттыруға бағдарланған тиімді де осы заманғы ұлттық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру қажет, бұл ретте аталған жүйе халықаралық қауіпсіздік саласындағы осы заманғы әлемдік үрдістерге бейімді келіп, икемді, қауіпсіз ішкі және сыртқы ортаны қалыптастыру жөніндегі белсенді іс-әрекетке қабілетті болуы тиіс», - деп көрсеткен.

Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі елдің ұлттық мүдделерінің нақты және әлуетті қатерлерден қорғалған жағдайында өз құрамына экономикалық, қорғаныс, білім, ақпараттық, т.б. құрамдас бөліктерді біріктіреді. Ашық экономика бағытында дамып келе жатқан Қазақстан Республикасына, осы жағдайларда ұлттық экономикалық мүдделерді қалыптастыру, оны қорғау мен жүзеге асыру қажет. Ұлттық экономикалық мүдделерді жүзеге асыру мен оларды қорғаудың дәстүрлі құралы протекционистік саясат. Әлемдік рыноктағы шиеленісті бәсеке барысында талаптарына сай түрленгендіктен, біздің еліміздің алдында әлемдік тәжірибеге сүйеніп, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүмкін болатын шаралар жүйесін жасақтау өзекті болып табылады.

Себебі, әлемде ғаламдану үрдістері кең құлашын жайып отырған кезеңде, Қазақстан Республикасының экономикалық өсуінің әлемдік экономикалық кеңістікке интеграциялануынсыз өтуі мүмкін емес. Интеграция барысында ел экономикасы оң нәтижелерін, ұтымды тұстарын, қауіпсіздігін жоғалтып алмауы керек. Осы тұрғыдан елдің экономикалық қауіпсіздігін макро-, мезо-, микродеңгейлерде қамтамасыз ете білу бүгінгі күннің өзекті талабы болып отыр. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы ұлттық қауіпсіздікке қол жеткізуге үлес қосылады.

Қазіргі жағдайда ұлттық қаупсіздікке қол жеткізу, ең алдымен экономикалық қаупсіздікке сүйенеді, яғни Қазақстанның даму стратегиясының негізгі бағыттарының маңыздысы экономикалық жүйенің қаупсіздігі болып табылады. Экономикалық және саяси тұрақсыздық, Қазақстан мен тек әлеуметтік экономикалық байланысты емес, сонымен бірге ондаған жылдар бойы ұлтаралық және жеке байланыстармен қарым-қатынасатын көршілес мемлекеттердегі ұлтаралық шиеленістер, республикадағы жағдайға теріс ықпалын тигізеді. Еңбекті аймақтық бөлу және орталықта жоспарлау жылдарында қалыптасқан өнеркәсіптік және минералдық шикізаттан және қайта өңделетін кейбір өнімдерден  басқалары өнімдерді өткізудің альтернативті  рыногының болмауы, өндірістің технологиялық артта қалуы, оның өтелмейтін монополиялануы мен шоғырландырылуы  Қазақстан экономикасын қауқарсыз етеді.Ол  экономикалық тетіктерді,  республикалық саяси қысым жасау үшін, Қазақстаннан басқа елдермен қарым-қатынасындағы ұлттық мүдделерге қысым жасауға пайдалану мүмкіндігін тудыруы тиіс. Сондықтан да, біздің пікірімізше, «экономикалық қауіпсіздік - азаматтардың әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында аз еңбекті шығындай отырып, шикізат ресурстары мен қоршаған ортаны табиғи қорғап, пайдалану арқылы елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ету, яғни экономикалық қауіпсіздік – тек ұлттық мүдденің қорғалуы ғана емес, сондай-ақ Үкімет институттарының отандық экономиканы дамытудағы және қоғамның әлеуметтік саяси тұрақтылығын сақтап тұрудағы ұлттық мүддені қорғауға қабілеттілігі және даярлығы болып табылады».

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үрдісі ішкі және сыртқы қауіптерден немесе қатерлерден қорғалу механизмдерін қалыптастыруға негізделген. Өйткені, экономикалық қауіпсіздік – ішкі-сыртқы экономикалық қатерлердің бетін қайтаруға қабілетті, экономикалық тұрақтылықты сақтау және ұлттық экономиканың мемлекет тарапынан қорғалуына бағытталған өзара байланысты экономикалық кешенді шаралардан тұратын динамикалы жүйені білдіретін экономиканың жай-күйі ретінде анықталады [2].

Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуінің сандық және сапалық көрсеткіштері бар болғанымен, оның негізгі түйіні ұлттық экономикалық мүдделерді жүзеге асыру қабілетімен көрінеді. Экономикалық мүдде қоғам мен мемлекеттің қысқа мерзімдегі мақсаттарына ғана емес, ұлттық экономиканың стратегиялы дамуын қалыптастыруға әсер етеді. Оны жүзеге асыруда басты субъект мемлекет болып табылады.

Экономикалық қауіпсіздік жағдайы кері шамалармен – қауіптермен анықталады. Экономикалық қауіпсіздік қатерлері деп – ішкі және сыртқы факторлардың (немесе олардың жиынтығы) әсерімен экономиканың негізгі звеноларының, оның басқару жүйесінің бұзылу қаупі, ұлттық байлықтың азаюы, технологиялық артта қалуы, қаржы-несиелік және валюта жүйесінің бұзылуы, ғылыми және әлеуметтік регресс, қоғамдағы интеграцияның бұзылуы, конституциялық әлеуметтік құқықты қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы әсерінен ситуациялық дамудағы потенциалдық мүмкіндікті айтамыз [3]. Осылайша, экономикалық мүддеге қатер дұрыс дамушы қоғамдық ұдайы өндірістің жолын бұзатын экономикалық қауіптерді туғызады. Жалпы түрде оларды ішкі және сыртқы қауіптерге байланысты топтарға бөлуге болады.

Ішкі қайшылықтардың өрши түсуінен, басшылықтың тиімді шешім қабылдай алмауынан ішкі қауіптер өсу үрдісіне ие болады да, сыртқы қауіптер үшін қолайлылық тудырады. Бұл, біріншіден, ішкі қауіптер мемлекеттің экономикалық, әсіресе, қаржылық қуаттын әлсірете отырып, әскерді модернизациялауға  мүмкіндік бермейді.  

Екіншіден, мемлекеттің экономикалық әлсіздігі ұлтты халықаралық қаржылық ұйымдардың алдында тәуелді етеді, өйткені, елдің бюджеттік ресурстары мемлекеттің минималды әлеуметтік міндеттемелерін де төлеуге мүмкіндік бермейді. Қарызды көптеп алу бюджет мәселесін шешпейді, қайта сыртқы қарызға көрсетілетін қызмет шығындарын өсіре түседі.

Үшіншіден, ішкі қауіптер отандық тауар өндірісінің ішкі сұранысты қанағаттандыра алмауы экономиканың импортқа, сыртқы рынок конъюнктурасына, оның тауарлық және қаржылық сегменттеріне, оның ішінде азық-түлік, машина құрал-жабдықтар, халықаралық несиелерге деген  тәуелділікке әкеп соқтырады. 

Төртіншіден, ішкі қауіптерді жеңе алмаған мемлекет сыртқы саясатты да белсенді жүргізе алмайды, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғамайды, бәсекеге қабілетті өнім шығармайды.

Осы орайда жоғарыда көрсетілген экономикалық қауіпсіздіктің басты қауіп-қатерлердің тереңдеуіне және дамуына жол бермеу мақсатында тиісті басымдықтар мен стратегиялық міндеттерді айқындау керек. Экономикалық қауіпсіздік саласындағы мақсат ұлттық экономиканы ғаламдану жағдайында жұмыс істеуге бейімдеу, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДИБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.       Саймагамбетова А.О. Сыртқы экономикалық қауіпсіздік және оны қамтамасыз етудегі протекционистік саясат // «Қазақстан қоғамының даму тенденциялары: әлеуметтік-саяси, инновациялық аспектілері». Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 25 қараша 2011.

2.   Бекешова Р.З. Экономикалық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы факторлары // Экономика факультетінің 20 жылдығына және Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 жыл: экономикалық өрлеу және тәуелсіздік туы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, 2012 ж.

3. Саймагамбетова А.О. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асыру бағыттары // Қызылора мемлекеттік университетінің 75 жылдығына арналған жас ғалымдардың ғылыми еңбектерінің жинақтары, Қызылорда, 2012 ж.