А.О. Балтабаева, Ж.А. Арунова

ЖММ "Болашақ" Академиясы, Қазақстан

Мектептегі инновациялық креативті білім беру

 

Креативтілік – рухани құндылықтарды жасаушы және жеке тұлғаның шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамыту шарты бола отырып, рефлексия мен субъективтік өзін-өзі бағалау негізінде жаңа нәтижелерге жетуде шығармашылыққа қабілеттілігінен көрінетін сапалық қасиеті.

Мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру өте маңызды, күрделі және көп салалы мәселе болып есептеледі. Шығармашылық дегеніміз – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам  дұрыс ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі.

Шығармашылық іс-әрекет – мәселелі қою, ойды тұжырымдап айту, идеяның пайда болуы, оны шешу, оның логикалық дамуы, аталған мәселені шешуде тиімді әдістерді қолдану, негіздеу, оны тәжірибе жүзінде дәлелдеу барысында нәтиженің нақты көрінуі.

Оқушының шығармашылық деңгейі – оның мәселені қою мен оны шешудің жолдарын табуынан көрінеді. Мұнда жаңа білімді меңгеру процесі шығармашылық ойдың қалыптасуымен және дамуымен бірге жүреді. Демек, шығармашылық ойдың нәтижесі - тек қана белгілі ұғымдарды қайталап, жаңғыртумен ғана емес, сонымен қатар жаңа білімді жасау, тапсырманы орындауда жаңа жолдарды ашу.

ХХІ ғасыр білімін адамның шығармашылық қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің жеке тұлғалық дамуы деп түсіну қажет. Бұл - әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, жеке тұлғасы қалыптасады. Шығармашылық қызығушылық әлеуеттің дамуы жаңашылдықтың қажеттілігін сезіну арқылы, оған деген өзінің сенімдерін қалыптастыру арқылы көрінеді де, өз білімін, танымын кеңейтуге негіз болады[1].

«Шығармашылық қызығушылық» ұғымының мазмұнын психологтар мен педагогтар төмендегідей сипаттайды:

- жаңалықты сезінуге деген тұлғаның сезімдері, жаңалыққа ұмтылу, ойлаудың жоғары деңгейі, жаңа жағдайға қарай әрекет түрлерін тез арада өзгерте алу қабілеті (Ю.Н. Кулюткин);

- тұлғаның шығармашылыққа бағытталған позициясы, бағыттылықтары    (А.М. Матюшкин);

- индивидтің шығармашылықпен  өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін көрсететін қасиет (Л.В.Занков).

Бүгінгі Қазақстанға қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл жеке тұлға қажет.

Әлемдік білім кеңістігіне енудің жаңашылдық стратегиясына сәйкес, мектептің ғасырлар бойғы даму тарихында алдыңға қатарлы педагогикалық ой өкілдерінің шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру идеяларын зерттеу және талдау негізінде маңызды бес бағытты бөліп көрсетеміз: философиялық-танымдық бағыт; дидактикалық-психологиялық бағыт; педагогикалық-әдістемелік бағыт; педагогикалық-инновациялық бағыт; акмеологиялық бағыт[2].

Сонымен, психологиялық-педагогикалық және философиялық зерттеулерді талдау мынадай  тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.

·                        Шығармашылық қызығушылықты қалыптастырудың қазіргі тұжырымдамасы жаңа парадигмаға сүйенеді, ол әр жеке тұлғаның ынтасы; әр жеке тұлғаның даму мүмкіндіктерінің, оның ішінде оның шығармашылық өзін-өзін дамытуды қажетсінуінен; ішкі еркіндігінің басылымдылығы – сырқы шығармашылық өзін-өзі дамытудың табиғатын танымдық қызығушылықтың ықпалдастырылған сипаттамасы ретінде түсінуден тұрады.

·                        Жеке тұлғаның шығармашылық қызығушылығы – бұл ішкі процесс, адамның орта әсеріне белгілі бір жауап беру тәсілі, өзіндік қарама-қайшылықтар әсерінен және қоршаған ортаға, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде өзінің субъективті қарым-қатынастарын есепке алу негізінде өзін саналы түрде жетілдіруге ұмтылысы.

·                        Шығармашылық қызығушылықтың жетекші функцияларына талаптанушылық, танымдық, реттеушілік, рефлексиялық, белсенді өзара қарым-қатынас т.б. жатқызылады. Олар өзін-өзі дамытудың бағыттылығы мен артуын, тұлғалық компоненттердің деңгейін және олардың сабақтастығын айқындайды, адамға өзін жетілдіруге орай дербес әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады.

·                        Шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру -  субъект-субъектілік бағдардың шығармашылық әрекетінің ерекше түрі, ол бір  жағынан  “өзіндік” процестердің “өзін-өзі тану, өзін-өзі айқындау, өзін-өзі  басқару, өзін-өзі  таныту” қарқынын күшейту мен тиімділігін арттыруға, екінші жағынан, педагог олардың шешімін табу барысында субъектілік бағыт ұстанатындай, тұрақты түрде күрделеніп отыратын проблемалық шығармашылық міндеттердегі қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталады[3].

Оқушының шығармашыл тұлғасын қарастыру оның көптеген сапалық қасиеттерінен тұрады:

1) когнитивтік (танымдық) сапалары – қоршаған әлемді түсінуі, құбылыстардың мәнін білуге ұмтылуы, танымдық ынтасының тұрақтылығы т.б.

2) креативтілік (шығармашылық) сапалары – ойлау белсенділігі, шығармашылық шабыт, қиял, болжай білу, ой тереңдігі, қарама-қайшылықтарды көре білу немесе сезу; өзекті мәселені табу; шығармашылық қызығушылығының тұрақтылығы т.б.;

3) әдіснамалық (ұйымдастырушылық) сапалар – тапсырманың мақсаты мен мәнін түсіну,мақсатқа жетуде іс-әрекетті оңтайлы ұйымдастыру, нәтижеге жетудегі табандылық, рефлексиялық ой-санасы, коммуникативтік қабілеттері т.б.

Білім беруде студенттің пәнді таңдауын сала бойынша мамандардың құзырлығына сәйкес қолдана білу пәнге өз дәрежесінде сыный ойлау технологияларын енгізу, яғни кәсіби деңгейде меңгертудің мәселелері бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Бұл мәселені көтергенде жұмыс берушілермен өткізілген кеңестің рөлі өте жоғары, ол болашақ мамандардың құзіреттілілігін қалыптастырудағы үлкен мәселе, жұмыс берушілердің сұранысы мен ұсынысына сәйкес білім алушының криативтілігін қалыптастыру үшін енгізілген пәндер мен қосымша білім беру бағдарламалары болашақ мамандарға өте қажет. Мұндай жүйелі жасалған оқу жоспары негізінде оқытылған мамандарға сұраныста жоғары болары әбден мүмкін [4].

Сонымен, білім берудегі инновациялық процестерді жүзеге асырып, дамыту – бұл білім беру жүйесінің дамуы, оны жаңарту мен тиімділігін арттырудың шарттары. Сондықтан да қазіргі таңда балаға деген көзқарас пен қарым-қатынаста баланы объект деп қарамай, оны дамушы тұлға ретінде қабылдап,  оқу-тәрбие жұмысын осыған лайық өзгерістерге сай, қазіргі педагогикадағы тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа технологияны енгізудің қажеттілігі туындап отыр. Ал жаңа технологияны пайдаланудың мақсаты – міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, шығармашылық деңгейге жету”.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Оқушылардың шығармашыл дербестігін қалыптастырудың дидактикалық негіздері. Оқу құралы.-Ақтөбе, 2007. –191 б. (бірлестікте: Нұрмұханова Г.Е.).

2. Гарунов М. Развитие творческой самостоятельности специалиста //            Высшее образование в России. – 1998. – № 4. – С. 83-87.

3.Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру: теориясы мен практикасы. Монография. – Ақтөбе, 2008. – 370 б.

4. Гартунг Т.А. Развитие креативности подростков средствами дисциплин гуманитарного цикла. Автореф. дис. к. пед. н.-Тюмень, 2008. -  23с.