Мырзахмет Ғ.К.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ХІХ −ХХ ғ.ғ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ   КӘСІПКЕРЛІК ЖАҒДАЙ

 

ХІХ ғасырдың соңы −ХХ ғасырдың басында Қазақстанда капиталистік даму отарлық-бағынышты түрде қалыптасты. Бұл  жергілікті экономиканың көптеген салаларының кең түрде дамуын тежеді. Патша әкімшілігінің қазақ жерін тек шикізат көзі, тауар өткізу нарығы және арзан жұмыс күші ретінде бағалауы, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да отарлық сипат берді.

Қазақ елінің патшалық Ресейдің қол астына қарауы және оның тарихи ата – мекенінің бөгде мемлекеттің меншігі болып жариялануы билік жүйесіндегі құрылымдық өзгерістермен қатар, қазақ даласында қалалық орталықтар мен кәсіпкерліктің қалыптасуына жағдай туғызды. Үдеріс толқынында уездік қалалар өмірге келді. Олар белгілі мерзімде бекініс, әкімшілік, экономикалық-сауда орталығы міндеттерін бірдей атқарды. Өз ретінде бұл өзгерістер аймақтық кәсіпорындар мен сауданың дамуына, халықтар санының артуына, көшпелі халықтың мәдени бейнесінің өзгеруіне өзінше ықпал ете бастады.

Сонымен Қазақстанның кен өнеркәсібі жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.

Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде өзгерістер болып жатқанда, оның өткен тарихи кезеңдерін түсіну мен зерттеудің маңыздылығының артатындығы белгілі. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекеттік қолдау көрсету, оның аясын кеңейту мәселелері жолға қойылып отыр. 2007 ж. Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауының он үшінші бағыты − шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі дәйекті іс-қимылға арналды [1].Бұл міндетті жүзеге асыруда әлемнің дамыған елдерінің тәжірбиесіне сүйенумен қатар, отандық кәсіпкерліктің даму тарихына да назар аударудың мәні зор. Қазақстанға Ресейлік отарлау процесімен қатар енген капиталистік қатынастардың ерекшеліктерін анықтау, бүгінгі нарықтық қатынастардың заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы, оның аймақтық ерекшелігін тиянақты түрде зерттеу - заман талабынан туындап отырған қажеттілік.

Қазақстанның оңтүстігі ерте дәуірлерден бері геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, этно-демографиялық және мәдени жағынан маңызды аймақ болып табылады. Бұл өлкенің осындай артықшылықтарын қазіргі уақытта тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін, оның экономикалық тарихына, әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған жергілікті кәсіпкерлікті дамыту нәтижелеріне объективті баға беру қажет.

Қазақ шаруаларының ыдырауы ауылда жаңадан екі әлеуметтік халық санатының: байлар мен жұмысшылардың пайда болуын туғызды. Қазақ шаруаларының осы санаттарының арасындағы аралық буын орта шаруалар болды, олар көпшілік жағдайда ауыл шаруашылық жұмысшыларының қатарларын толықтырып отырды.

Қазақстанның бірқатар облыстарында ондаған мың қазақ кедей шаруалары табыс табуға шетке кетті. 1880–1890 жылдарда Семей облысында олардың саны 18–25 мың адамға, ал Сырдария облысында 1910 жылы – 39 мың, 1911 жылы – 41653 адамға жетті. Семей облысынан шетке кәсіп іздеп кетушілердің көпшілігі кен зауыттары, рудниктер, өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындары және әр түрлі кәсіпшіліктер шоғырланған Семей және Өскемен уездеріне шығып отырды. Бұл орайда Қазақ ауылдарынан шет кәсіпке кетушілер өз уездері мен облысында ғана жалданып жұмыс істеген жоқ, олардың табыс іздеп туған өлкесінің шегінен алысқа да кетулеріне тура келді.

«1897 жылғы Семей облысының шолуында» былай делінген: «Жұмыс қолының қажеттігі әрқашан аңғарылатын және жұмысшының еңбегіне ақы жақсы төленетін Семей қаласының арқасында Семей қазақтары қазірдің өзінде далаға бармай өмір сүруге дағдыланып алды, Сібір темір жолын салуға жақсы ақы төленеді, жұмысшылар қажеттігі туралы бірінші болып біліп, дала тұрғыны немесе диқан өмірін тастап, табыс табу үшін сол жаққа кетті» [2].Шаруалар қожалықтарының жартысынан астамы кедей және күнкөрісі нашарлар болған. Мұқтаждық шаруаларды табыс іздеуге итермеледі. Қостанай уезінде барлық шаруашылықтардың 34,8%–ы, ал Ақтөбе уезінде 34,2%–ы кәсіпшілікпен айналысты. Табыс іздеп кетушілердің негізгі көпшілігі ауыл шаруашылық жұмысшыларына айналды, ал кейбіреулері жақын маңдағы өнеркәсіп орындарына, темір жол құрылыстарына барды. Кең таралған кәсіпшіліктің бірі балық аулау болды. Сол кезде суы мол Әмудария мен Сырдария құйып жатқан Арал теңізі қоныс аударушыларды балық байлығымен қызықтырды. Бұл кәсіпшілік Көқарал түбегінде шоғырландырылды; балық аулаумен негізінен Қазалы, Перовск уезінің тұрғындары айналысты, сондай-ақ Ырғыз алқабында, Қамысбалық көлінде де ауланды. Сырдария өзенінің төменгі ағыстарында балық кәсіпшілігі сонау XIX ғасырдың 60-жылдарында, алғашқы отаршыл казактар шағын балық аулау компаниясын ұйымдастырған кезде басталған еді; 1861 жылы – 3000 пұт, 1862 жылы – 2600 пұт балық ауланды; Сырдария балықтары Жайық пен Еділдің балықтарымен ойдағыдай бәсекелесті; олардың уылдырығы Мәскеуде сатылды. Жайық қазақтары да балық аулаумен айналысты; Сырдарияның төменгі ағыстарынан ауланатын кептірілген табан балығының миллиондаған данасы еуропалық Ресейге тасылып, онда тұрақты және едәуір пайдалы бағамен өткізілді.

1905 жылы Шымкент уезінде көптеген қоныстанушы шаруалар өз шаруашылығын жүргізуге мүмкіндігі болмай, «көптеген жағдайларда өз селосында немесе көрші селоларда табыс тауып жүрді – ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарға жалданды. Кейбір қоныс аударушылар, әсіресе Арыс өзені бойында орналасқан қыстақтардан шыққан қоныстанушылар шаруашылығы қонданып, орнығып алғаннан кейін де басы артық қызметкерлерін Орынбор–Ташкент темір жолының оңтүстік бөлігінің құрылысына жер жұмыстары мен басқа жұмыстарға жіберіп отырды, сондықтан табыс іздеп кетушілер арасында Орынбор–Ташкент жолындағы жұмыстар көрнекті орын алды».

Күйзеліске ұшыраған қолөнершілер мен ұсақ ісмерлер жұмысшы болып кетті. Қазақстанда фабрика және зауыт өнеркәсібі нашар дамыған жағдайда қолөнершілер саны едәуір көп болатын. Мәселен, 1894 жылы Ақтөбе облысында – 9307, ал Семей облысында – 1895 жылы 10 329 қолөнерші болды [3].

Өлкеге шақыру бойынша да, өз еркімен де табыс іздеп Ресейдің ішкі губернияларынан күйзеліп келген шаруалар өлке жұмысшыларына айналды. Сөйтіп, жергілікті қазақтар мен қоныс аударушы шаруалардан шыққан шетке табыс іздеп кетушілер, жергілікті қалалардың күйзеліске ұшыраған қолөнершілері мен жұмысшылары, запастағы төменгі әскери шеңдегілер және өлкенің қала халқы, сондай–ақ Ресейдің ішкі және басқа губернияларынан келген білікті жұмысшылар мен күйзелген шаруалар – XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы Қазақстан жұмысшыларының негізгі қалыптасу көздері міне осындай.

Аймақ үшін жаңа болып саналатын кәсіпкерліктің маңызды саласының бірі - халыққа қызмет көрсету жүйесі, көлік тасымалы, тұрмыстық және қолөнер-шеберханалық қызмет түрінде қалыптасы. Кәсіпкерлердің бұл салаға көңіл бөлуі жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, жаңа мәдени дамуға жетеледі. Олар өз мүдделерін заңды түрде қорғау, кәсіптік деңгейді жетілдіру мақсатында кәсіпкерлік одақтарға, артельдерге бірікті. Сонымен бірге, кәсіптік білімдерін арнайы училищелерде жетілдірді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы оңтүстік аймаққа түрлі ұлт өкілдерінің қоныс аударуы нәтижесінде, өңір кәсіпкерлерінің әлеуметтік және ұлттық құрамы әр түрлі болды. Олардың ішінде орыстар мен өзбектер, ұйғырлар мен дүнгендер басым тұрды. Әлеуметтік және ұлттық әр түрлілігіне қарамастан, олардың кәсіпкерлікпен айналысуларына үкімет тарапынан кедергілер туындаған жоқ. Дегенмен, орыс кәсіпкерлері ерекше қолдауға ие болды.

Қазақтар арасында  кәсіпкерлік қалыптасып, ол үнемі даму үстінде болды. Бірақ, қазақ кәсіпкерлігі көбінесе, мал шаруашылығы саласына бейімделді. Ал, кәсіпкерліктің жаңа түрлерін, атап айтқанда өнеркәсіп, халыққа қызмет көрсету, т.б. баяу меңгерді.

 

Әдебиеттер

1.                     Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан // Егемен Қазақстан.  – 2007. – 28 ақпан. – 12 б.

2.                     Қазақстан тарихы. 5 томдық. Алматы, 2002.

3.                     Галузо Н.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг. –Алма-Ата: Наука, 1965. –345 с.