Кусаинова
Инабат, Жарылгасын А., Кырыкбаева Ж.,
Е.А.Букетов ат. КарМУ, Kарағанды,
филол.факультетiнiң студенттерi
Ғылыми
жетекшi: ф.ғ.д.,
профессор Мажитаева Ш.
АХМЕТ
БАЙТҰРСЫНOBTЫН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРI
Ахмет Байтұрсынов. Бұл
есімді білмейтін жан жоқ шығар?! Өйткені қазіргі кезде
мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміз – қазақ тілі
жайында сөйлесек, Ахмет Байтұрсынұлының есімі
қатар айтылады. Оның қазақ тілімен қатар
оқу-ағарту, ел мүддесін қорғау, әдебиет
саласында сіңірген еңбегі зор. Әрине, бүгінде Ахмет
Байтұрсынов мұрасы біраз зерттеліп, ол жайлы көптеген
еңбектер жазылды. Дегенмен де Ахмет Байтұрсыновтың мол мұрасы әлі де толық
зерттелді деу мүмкін емес.
Ахмет Байтұрсынов
алғашқы сауатын елдегі көшпелі мектептен алады. 1891 жылы
Орынбор мұғалімдер мектебіне қабылданып, 1895 жылы
ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш
училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі [1,96]. Оның
«Киргизские приметы и пословицы» атты тұңғыш мақаласы
1895 жылы «Тургайская газета» басылымының №39 нөмірінде жарияланады.
1901-1904 жылдар аралығында орыстың белгілі ақын-мысалшысы
И.В.Крыловтың мысалдарын аударады. 1905-1908 жылдары
Қарқаралы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы
әрі меңгерушісі қызметін атқарады. 1909 жылы Ахмет
Байтұрсынұлының «Қырық мысал», 1911 жылы «Маса»
жинақтары жарық көреді. Сондай-ақ осы жылдары
оның «Қазақ һәм түрлі мәселелер»,
«Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу
турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының
баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу
тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп», т.б. өзекті
тақырыптардағы мақалалары «Айқап» журналында
жарық көреді. 1912-1920 жылдар аралығында қазақ
әліппесінің бірінші кітабы – «Оқу құралы», «Тіл –
құрал», «Баяншы» еңбектері бірнеше мәрте жарық
көреді. Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылдың 8 тамызында
тұтқындалып, осы жылдың 8 желтоқсанында атылады.
Көрнектi қоғам
қайраткерi Ахмет Байтұрсынов – қазақ елiн
бiлiм алуға шақырған, ол үшін көп тер
төккен ағартушылардың
бірі. Ол – «Әлiпби», «Тiл құралы», «Баяншы», «Әдебиет
танытқыш» атты бiрнеше оқулықтардың авторы. «Оқыту жайында» атты мақаласында
А.Байтұрсынов: «Оқу
жұмысының үш жағы үш нәрсеге тiреледi. Бiрi
ақшаға, бiрi құралға, бiрi мұғалiмге.
Осы үш тiреуi бiрдей тең болса, оқу қисаймайды,
ауытқымайды, түзу жүредi…» дейдi. Оқу iсiн жолға
қою үшiн ғылыми жүйелiлiк жасалған оқу
бағдарламасы болуы керек. Сол бағдарламаға негiздей
жазылған оқулық болуы тиiс. Оқулықтағы
бiлiмдi оқушы бойына дарыта бiлетiн әдiскер мұғалiм
керек деген мәселелерді көтередi. Сондай-ақ А.Байтұрсынов
бiлiм негiзi бастауыш сыныпта салынады деп санаған. Бастауыш мектептерде
қандай пәндер оқытылуы керек дегенге арнайы тоқталып,
ол пәндердi: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, тарихы, есеп,
шаруа-кәсiп, қолөнерi, жағрафия, жаратылыс деп саралап
көрсетiп берген. Сонымен қатар осы пәндердiң
оқулықтарын шығаруды қолына алған. Өзi
бастауыш мектепке арнап “Әлiппе” кiтабын жазды. Сондай-ақ оның “Тiл жұмсар” деген атпен екi
бөлiмдi грамматика кiтабы 1925 жылы жарыққа шықты.
Ахмет Байтұрсыновтың
педагогикалық бағыттағы алғашқы кітабы 1912 жылы
Орынборда жарық көрген – «Оқу құралы»
(Қазақша алифа). Бұл кітаптың беташары ретінде «Балалар
бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту»
өлеңі алынған [2]. Кітаптың әріп үйретер
бірінші бетінің үстіңгі оң жағына
Құран сөзі: «Би исми-иллаһи-рахмани-рахим»
шырағдандай орналастырылған. Одан әрі қазақ
әріптері төте жазумен рет-ретімен берілген. Әрбір
әріптің жанына таңбасы мен атауы жазылған. Төменгі
жағында оқытушыға нұсқаулық
ұсынылған.
1913 жылы «Оқу
құралының» жалғасы ретінде толықтырылған
екінші кітабы шықты. Ал 1924 жылы әліппеге жетекші
құрал «Әліппе – астары» еңбегі жарық көрді.
Осы оқулықтардың бала сауаттандырудағы
қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913,
1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925 жылдары жиі басылым көруі
айғақ.
Ғалымның келесі бір
құнды еңбегі – «Тіл – құрал». Оқулық
үш жылдыққа арналған. Әр жылғы
сынаптарға жеке-жеке жазылған. Бірінші кітап – Дыбыс жүйесі
мен түрлері (1914), екіншісі – Сөздің жүйесі мен
түрлері (1914-1915), үшіншісі – Сөйлем жүйесі мен
түрлері (1923). Үш кітап та Орынборда жарық көрген.
Бірінші кітапта әріптер, буындар, әріптер туралы ережелер
оқытылса, екінші, үшінші кітаптарда оқулықта
қолданылуға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай
жолмен оқытылуы керектігін түсіндіреді. «Тіл –
құралдың» бірінші бөлімі – 7 рет, екінші бөлімі –
8 рет, үшінші бөлімі – 6 рет басылған.
Ахмет Байтұрсыновтың «Сауат
ашқыш» еңбегі сауатсыз үлкендерге арналған.
Кітаптың түпнұсқасы Семей баспасынан 1924 жылы
жарық көрген. Бұл кітапта әрбір әріптің
тұсына атау сөз беріледі де, соңына осы сөздерге арнайы
сөз тіркестерін қоса береді. Бұл кітапта 40 тақырып
берілген. Тақырыптар «Торайғыр бидің тақпақтарынан»
өріліп, «Қуанышты күн» деген Ғ.
Сұлтанұлының шағын әңгімесімен
аяқталады. Оның ішінде 7 өлең, 2
аударма-тақпақ, 4 мысал-өлең, 25 әңгіме, 2
көркем аударма қамтылған.
«Әліп-би» (Жаңа
құрал) 1926 жылы бұрынғы Оқу құралы
Қазақша алифбаға жалғасты кітап ретінде жазылған [3].
Кітап 14 жылдан соң қолданылған тәжірбие сынақтан
өтіп қайта өңделіп, 1926 жылы Қызылорда
баспаханасынан шыққан, 1928 жылы тағы басылды.
Алғашқы басылым 116 бет, кейінгі басылым 114 бет. 1927 жылғы
екінші басылымның түпнұсқасы табылған жоқ.
1928 жылғы оқулықтың ішкі мұқабасында 3 рет
басылғандығы айтылады.
А.Байтұрсынов пәндердi
оқытудың әдiстемесiмен де айналысты. 1928 жылы «Жаңа
мектеп» журналының 8-санында жарияланған «Қай әдiс
жақсы?» деген көлемдi мақаласында ұлы педагог
Л.Н.Толстойдың «Үйрету әдiстерi туралы» деген еңбегiне талдау жасай отырып, «әдiс
деген қатып-семiп қалған догма емес… Жақсы дерлiкте,
жаман дерлiк те бiр әдiс жоқ. Олқылықтың белгiсi
– бiр ғана әдiспен болу. Шеберлiктiң белгiсi – түрлi
әдiстi болу» деп ойын тұжырымдайды. Ол сауаттылықты негiзгi
жазуға жаттықтыру деп қарады. Жазу дегенiмiз – әрiптердiң
суретiн салу, ал оқу дегенiмiз – суретi салынған
әрiптердiң дыбысын дұрыс айту. Балалар дыбысты ажыратып
үйренген соң, сол дыбыстың таңбасы – әрiптi
көрсету керек. Оны меңгергеннен кейiн оқу, жазу
жұмыстарының бәрiне сол тiреу болады деп балаларды оқуға,
жазуға үйретудiң әдiс-тәсiлдерiн сөз еттi.
1920 жылы қазанда “Баяншы” деген атпен тiлдi оқытудың
методикасына арналған әдiстемелiк құрал шығарды [4].
«Баяншы» еңбегі – әдіскер-ұстаздың қазақ
мұғалімдері үшін жазған нұсқаулығы.
Ағартушы ұстаз өзінің 14 жыл бойы бала
оқытқан тәжірибесіне сүйене отырып, заман талабымен
келеген жаңа оқу жолын
қалай оқыту керектігіне мектеп оқушыларына «Қазақ
тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазылу белгілері», «Дыбыспен
жаттығу» деген аңдатпалық мағұлмат береді.
Қазақ өлкесінде
өмір сүрген белгілі ағартушы-педагог, халықтың
бір туар азаматы Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық
ой-пікірлері, оның ондағы қазақ балаларын ана тілінде
оқыту, оларға дүние ғылымдарын үйретуге,
төл оқулықтар жазып, мектеп үшін ұстаздар
дайындауға, т.б. өз үлесін қосқаны белгілі.
1. Исмаханбетова Р.С. Ғасыр саңылағы: Ахмет
Байтұрсынұлының ғұмырбаяны. Монография. – Астана:
«Педагогика ПРЕСС», 2010.
2. Байтұрсынұлы А. Оқу құралы. Бірінші кітап:
Балаларға арналған әліппе. Орынбор, 1912. 40 б.
3. Байтұрсынұлы А. Әліпби. Жаңа құрал.
Қызыл-Орда, 1926. 114 б.
4. Байтұрсынұлы А. Баяншы. Әдістемелік құрал.
Алматы: Ана тілі, 1992. 448 б.