Карманова Ж.А., Манашова Г.Н.,
Майданова Т.К., Копбалина К.Б.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан
КМҚК №134 "Гауһар"
балабақшасының тәрбиешісі. Қазақстан
КММ «№34
Негізгі орта мектебі», бастауыш сынып мұғалімі
Білім беру кеңістігіндегі
тұлғаның рухани-адамгершілік құндылығын
қалыптастыру
Білім беру
жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның
ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және
оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау;
баланы тәрбиелеу, білім алу және жан-жақты қалыптасу,
ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау,
ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты
құқықтарын іске асыру болып табылады.
Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20
қадам» атты мақаласында білім беру жүйесін
жаңғыртудың бағыттары төмендегідей
қарастырылған [1].
Қазақстандағы
білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт
бойынша жүргені көкейге қонымды: білім беру мекемелерін
оңтайландыру; оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін
арттыру. Ол үшін білім беру үдерісінде бала тұлғасының
дене бітімі және зияткерлік аспектілерін ғана емес, баланың
жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу қажет.Осы орайда
жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық
құндылықтарға негізделген «Өзін-өзі тану»
рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ролі ерекше.
Рухани-адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы
дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп
ұстанымын, оның қоғам өмірінің
нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік
қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды.
Рухани-адамгершілік құндылықтармен білім жүйесін
дамытып қалыптастыру жаңа
қоғамның дамуындағы мәні зор, маңызды
бағыт [2]. Балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына
жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе.
Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді.
Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту
нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері
қалыптасады. Рухани-адамгершілік тәрбиені қалай іс
жүзіне асырамыз? Олар мына қағидаларды сақтағанда
нәтиже береді. Егер: тәрбие үрдісі
балалардың рухани адамгершілік қасиеттерді игеруіне бағытталса;
балалар рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру
мақсатында әрекеттік, іскерлік дағдыларды игерсе; балалар
жеке тұлғаның және әлеуметтік мәні бар
рухани-адамгершілік қасиеттерді өз
іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен тіршілік әрекетіне
көрсете алу мүмкіндігін ерікті таңдаса.
Демек, рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты
мәселе – баланы құрметтеу. Қазіргі
уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік
ұлттық үлгісі қалыптасуда. Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту әдістерін,
технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім
педагогтарға өзіне ыңғайлы нұсқаны
қолдануға, педагогикалық үрдісті кез келген
үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға
мүмкіндік береді. В.Г.Белинский: «Тәрбие – ұлы іс,
тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» деген болатын. Тәрбиенің
маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден
ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам
болып қалыптасады. Біздің
мақсатымыз–балаларымызды мүмкіндігінше жан-жақты
тәрбиелеу.Оның тәртібі, іс-қимылы, балалар
және үлкендермен қарым-қатынасы балалар үшін
үлгі бола отыра, педагогтың ықпалы әсерлі енеді,
баланың жеке басы қалыптасады. Оның ықпалы
неғұрлым белсендірек болса, баланың сезімдерін
жан-жақты қамтыған сайын, олардың ерік күшін
жұмылдырып, санасына ықпал етеді. Мектепке дейінгі жастағы баланың
рухани-адамгершлік дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың
тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады [3].
Әрбір бала қандай да болмасын бір міндетті орындау үшін,
өзіндік ерекше жағдайлар жасалады. Мәселен, ойында
ұнамды әдеттер, өзара қарым-қатынастар,
адамгершілік сезімдер қалыптасады, еңбекте-еңбек
сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу,
сондай-ақ ұйымшылдық, жауапкершілік, парыздың сезімі
сияқты қасиеттер, патриоттық сезімдер жайлы
мағлұматтар. т.б. қалыптасады. Мектепке дейінгі жаста
балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері мына
жайлармен түйінделеді: ізгілік бастамасымен тәрбиелеу, балалар мен
үлкендер арасындағысаналы қарым-қатынас/ тұрмыстың
қарапайым ережелерін орындау/ кеңпейілдік, қайырымдылық,
жақын адамдарға қамқорлықпен қарау
және т.б. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады,
немқұрайдылықтың пайда болуына,
құрбыларына, төңіректегі үлкендерге қалай
болса солай қарауға мүмкіндігі жасалмайды. Қарапайым
әдеттерді тәрбиелей отырып педагог балдырғаннның бар
істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді,
яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан
дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын
айқындайды. Атақты педагог Сухомлинский «Бала кезде үш жастан
он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің
рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден
алады. Тәрбиенің негізгі мақсаты- дені сау,
ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік,
мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер,
бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ
тәрбиелеу. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға
рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың
рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол
қоры бар рухани азық», деп атап көрсеткен. Сананың
қалыптасуы-ол баланың мектепке бармастан бұрын,
қоғам туралы алғашқы ұғымдарының
қалыптасыуына, жақын адамдардың өзара қатынасынан
басталады. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мәдениетке
тәрбиелеуде тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері
күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген. Рухани бай адам
– ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді,
қанағатшыл, ақылды болады. Егер жабайы аңдар
Адамға мейірімділік көрсетсе, адамдар неге бірін-бірі тәрбиелемеске?
Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі
мен дағдысы емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы
дамуын қойып отыр. Я.А.Коменский
«Тәрбиені мойындамау – адамдардың, жанұяның,
мемлекеттік және бүкіл әлемнің құруы» деген
болатын [4].
Адамгершілік
құндылықтардың қалыптасуы үшін
жүйелілік және тұлғалық мүшелерінің
ара салмағын дұрыс айқындаудың маңызы зор. Жеке
адамды әлеуметтік қатынастардың жемісі деп қарастыру,
адамды бағаламауға әкеп соғады. Құндылықтар
әлемі – сөздің кең мағынасында мәдениет
әлемі, адамның рухани әрекетінің саласы,
тұлғаның рухани байлығы өлшемін білдіретін, оның
адамгершілік санасының, басымдылықтарының саласы. Әрбір
мәдениеттің өз құндылықтар кешені бар.
Құндылықтар адам болмысының әртүрлі
формаларына деген қатынасты білдіретін адамзат мәдениеті болып
табылады. Құндылықтар – өмірге, еңбекке,
шығармашылыққа, адамгершілік насихаттарға, адам
өмірінің мәніне деген бағалаушы қатынас.
Құндылықтар – материалдық және рухани
қажеттәләктерді өтеу үдерісіндегі қалыпты нәрселер.
Қалыпты мәнге қайырымдылық, сұлулық,
әділеттілік идеялары ие болуы мүмкін. Қасиетсіз адам жануарға
айналып кетеді. Оларға деген табынушылық қатынас бала кезден,
ана сүтімен бірге,өзінің ана тілі арқылы,мораль
негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін,
әдет-ғұрптары мен салт-дәстүрлерін игеру
нәтижесінде орнығады. Қасиеттер адам бойына моральдық
жауапкешіліктер жүктейді, сезімін айқындай түседі. Рухани дүниесі бай, құндылығы
мол, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы,
ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі
тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы
адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, балаларды рухани-адамгершілік
тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп
тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Назарбаевтың Н.Ә. «Қазақстанның
әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек
Қоғамына қарай 20 қадам» Бағдарламасы. – Астана.-10 .07.2012.
2. Құрманбаева М. «Тұлғаны рухани-адамгершілікке
тәрбиелеу». Бастауыш мектеп, №1. – 2005 ж.
3. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім
беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы. - Астана, 2009.
4. Утебаева А. «Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу –
басты мақсат». Бастауыш мектеп, №9.-2005ж.