Ахметова Б.Б., Болатбекова А.К.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,

Қазақстан Республикасы

 

Жоғары оқу орнында кәсіби бағытталған шетел тілін оқытудың мәні

 

Жоғары мектепте мамандарды кәсіби негізде даярлаудың мазмұнын қайта құрумен байланысты қоғамның қазіргі дамуының өзекті қажеттіліктері Қазақстанда кәсіптік білім беру саласының алдына күрделі міндеттер қойып отыр. Жоғары кәсіпті білім беруді жаңартудың бағдарламалық құжаттарында ең негізгі мақсат ретінде жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті, кәсіби деңгейінің тұрақты өсуіне дайын, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген білікті маман даярлауды анықтайды.

Қазіргі заманғы жағдайда қоғамдық дамудың барлық деңгейлері мен салаларында ақпарат ролі өсуде. Маман үшін туған тіліндегі білімі жеткіліксіз болуда, оның әлемдік тәжірибеде өз саласындағы даму туралы хабардар болуы қажет. Мәселен, мектеп қабырғасында шетел тілін үйретудің негізі қаланса, ал университетте болашақ мамандарға шетел тіліне кәсіптік бағдар беріледі. Сонымен қатар шетел тілін оқыту мақсаттары қоғамның мұқтаждығына байланысты өзгеріп отырады.

Шетел тілін меңгеру жаңаша технологиялармен, ғылым мен техниканың дамуындағы соңғы жаңалықтар және бағыттармен уақытында танысу, шетелдегі серіктестіктермен кәсіби байланыстар орнату сияқты кәсіби іс-әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол маманның кәсіби біліктілік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

Ғаламдану және Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа белсене кiруi жағдайында шет елдермен қарқынды дамып келе жатқан iскерлік, құқықтық, мәдени және ғылыми байланыстар жағдайында шетел тілі кәсіби мамандық ретінде оқытылмайтын мамандықтар түлектеріне ұсынылатын талаптардың бірі халықаралық қарым-қатынастың бiр немесе бiрнеше тiлдерiн меңгеру болып табылады. Қазіргі жағдайда жоғары білімі бар әрбір маман шетел тілін меңгеруі және кез-келген кәсіби маңызды жағдаяттар мен тілдесім аясында шеттілдік қарым-қатынасқа қабілетті болуы керек.

Кәсіби бағытталған шетел тілін меңгерудің түпкiлікті талаптары кәсіби қызмет саласындағы білікті ақпараттық және шығармашылық іс-әрекетке қажетті коммуникативтік құзыреттілік жетістігі болып табылады.

Студент «Шетел тілі» пәнін оқу аясында меңгерген, сонымен қатар мамандықтың базалық және кәсіптендіру пәндері аясында мамандықтың пәндік саласындағы білім шегінде меңгерген сөйлеу әрекетінің төрт түрі: айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылымның негізгі дағдыларын игеруге міндетті.

Пәнді оқу барысында студент шетел тілінде мамандық бойынша мәтіндермен жұмыс жасау дағдылары мен іскерліктерін, шетел тіліндегі кәсіби терминологияны, ғылыми-техникалық әдебиетпен және терминологиялық сөздіктермен жұмыс тәсілдерін, екіжақты аударма дағдылары мен іскерліктерін, кәсіби қарым-қатынас жағдаяттарында алған білімдерін қолдана алу біліктерін меңгереді. Кәсіби бағытталған тілді оқыту қолданылған оқу материалдарының тақырыптық шарттастығын ұйғарады, өйткені маманның кәсіби құзыретін құрастыратын фактологиялық және контенттік мәліметтерден бөлек мамандық тілін оқыту және оған сәйкес коммуникативтік дағдылар мен іскерліктерді қалыптастыру мүмкін емес. Студенттердің коммуникативтік-кәсіби құзіреттілікті меңгеруі оқу-кәсіби қарым-қатынаста олардың өзара әрекеттесу қабілеттерін және кәсіби-бағытталған міндеттерді шешуді ұйғарады.

Аталмыш пәнді оқытудың сипатты ерекшеліктері кәсіби мақсаттарға арналған шеттілдік тілдесім іскерліктерін қалыптастыруға өту және ең алдымен, жалпы-кәсіби, содан кейін тар мамандандырылған жағдаяттармен танысу болып табылады.

Шетел тілі бойынша кәсіби даярлық пәнаралық ғылыми білім жүйесі ретінде қарастырылады. Заманауи маман бәсекелестігі кәсіби саласындағы жоғары біліктілігімен ғана емес, сонымен қатар шеттілдік қарым-қатынас жағдайында кәсіби міндеттерді шешу дайындығымен де анықталады.

Айтылғандар мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: шетел тілін кәсіби бағытта оқытудың мәні студент бойында кәсіби шеттілдік құзырет қалыптастырумен тұжырымдалады.

 

Әдебиет:

1. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы.

2. Иностранный язык как фактор становления профессиональных качеств современных специалистов // Сборник тезисов научно-практической конференции – Ростов н/Д, 2000. – с. 52-53.

3. Пассов Е.И. Новая концепция иноязычного образования. // Е.И. Пассов – М., 2000, с.16

4. Поляков О.Г. Цели профильно-ориентированного обучения иностранному языку в вузе. Опыт формулирования Текст. / О.Г.Поляков // Иностранные языки в школе. - 2008. - №1. - 3-7.