фс.ғ.к., профессор Иманбеков М.М.,
п.ғ.м., аға оқытушы Абылайхан С.М.,
МДОжТ-31 тобының студенті Саматова Ұ.
Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қарағанды қ.
Баланың қалыптасу негізі – отбасы мен балабақшаның
ынтымақтастығында
«Балапан ұяда
не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың
қасиетті сөзінен отбасының бала тәрбиесіндегі орны
ерекше екенін көруге болады. Отбасынан бастау алған бала
тәрбиесі, балабақша тәрбиесіне ұласады. Баланың
сәби кезіндегі аса жауапты тіршілік әрекеттері,
отырып-тұрудан бастап, тамақ ішу, тазалық сақтау,
бір-біріне қайырымдылық жасау, тіл үйрену, айналаны
танып-білу балабақшадағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны
даусыз. Дегенмен де, осы заманғы балабақша, мектеп тәрбиесі
бұрын-соңды болмаған отбасы қолдауын қажет етеді.
Сондықтан да бала тәрбиесін дұрыс жолға қою
үшін тәрбиешілер мен ата-аналар барлық уақытта да өзара
ынымақтастықта болуы керек.
Қазақстан
Республикасының «Білім беру туралы заңында» елдегі білім беру -
тәрбиелік процесті мемлекеттік- құқықтық
реттеудің мәселелеріне айырықша көңіл
бөлінген. Ата-ана және басқа құқық
өкілдері балаларға өмір сүру мен білім алу үшін
салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасау керек, бала жеке
тұлғасының интеллектуалды, дене-күш және
адамгершілік қасиеттерінің дамуын қамтамасыз етуі керек
делінген [1]. Қазақстан Республикасы Конституциясында «балаларына
қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың
табиғи құқығы әрі парызы»,- отбасының
міндеті деп нақты көрсетілген [2].
Н.К.Крупская «мектеп
жасына дейінгі балалар мекемелері семьямен тығыз байланыста болуға
тиіс»,- деп үйретті. Ол қоғамдық тәрбие мен
отбасы тәрбиесі арасында тұрақты байланыс жасап аналардың
балбақшаға келуіне мүмкіндік беру, бала мен балабақша
арасындағы қатынас үзілмеу үшін балалармен
жүргізілетін жұмысқа көмектесу керек дегенді алға
тартты. Н.К.Крупская балабақшаны балалардың ата-аналары жұмыс
істейтін ұйымдармен тығыз байланысты мәдени
қоғамдық ұя деп қарап, балабақша
қызметкерлерінің мектепке дейінгі тәрбие беру идеяларын
жаппай насихаттауға шақырды [3].
Ф.Жұмабекованың
«Мектепке дейінгі педагогика» оқулығында педагогикалық білім
беру - бұл бала тәрбиесінің көкейкесті
мәселелерімен ата-аналарды таныстырады және олардың негізгі
педагогикалық мәдениетін қалыптастыруға
көмектеседі делінген [4].
Ата-аналардың
педагогикалық білімін, мәдениетін жоғарылату үшін
тәрбиеші педагогтармен қарым-қатынаста болуы керек.
Педагогтардың ата-аналармен қарым-қатынасына байланысты
А.С.Макаренко мынадай пікір айтып кеткен болатын: «Көптеген жақсы
педагогтар бар, алайда олардың барлығы да бірдей ата-аналармен
жоғары деңгейде дұрыс жұмыс жасай алмайды, оларға
ата-аналармен қарым-қатынас өнерін үйрету керек» [5].
Яғни, кез келген педагог ата-аналармен жағымды
қарым-қатынас орнатып, жұмыс мазмұны мен формаларын
ойластыруы міндетті.
Мектепке дейінгі
ұйымдардың басты мақсаты – отбасында баланы тәрбиелеуге
кәсіптік көмек беру, оны ауыстырмай, тәрбиелік
қызметтерін жүзеге асыруды толықтыру және
қамтамасыз ету арқылы жүргізу. Одан кейін отбасының
ортақ мәдениетін көтеруге және ата-аналардың
психологиялық – педагогикалық құзырлығына
ықпал ету, оларға балалармен жұмыстың дағдыларын қалыптастыруда
теориялық және практикалық көмек көрсету,
отбасына жеке - дифференциалды тәсіл нәтижесінде ата-аналармен
жұмыста әріптестіктің әртүрлі формалары мен
біріккен шығармашылығын қолдану.
Балабақша мен
отбасы бірлестігінің негізгі бағыттары:
- Ата-аналардың педагогикалық, психологиялық
сауаттылығын арттыру;
- Балалармен бірлескен шығармашылық іс-әрекет
түрлеріне қатысу;
- Отбасы жағдайында жеке тұлға қалыптастыру;
- Балабақша мен отбасы бірлескен түрде - баланы мектепке
даярлауды қамтамасыз ету;
Отбасымен
педагогикалық ынтымақтастық - баланың
қанағаттану деңгейі мен тәрбиешінің
жұмысының сапасын арттырады, ол төмендегі
жағдайларға негізделеді: өзара сапалы
қарым-қатынас, өзара сыйластық, әлемге деген
түсіністік көзқарас және оның тиімділік
ықпалын ұзақ уақыт бойы сезіну, бір-біріне серіктестік
барлық қатысушыларға жағымды әсер ететіндей болуы
тиіс, сонда ғана тәрбие мен білім беру өз нәтижесіне
жетеді [6].
Педагогтардың
ата-аналармен қатынасында мынадай қағидалар есепке алынады:
- Ақыл үйретпей кеңес беру керек. Бірлескен
іс-әрекеттер туралы бірге ойласу, кеңесу;
- Өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын,
олардың көмегі мен кеңесіне мұқтаж екендігін
көрсету;
- Ата-аналық құрмет пен сүйіспеншілікке үндеу;
- Балаларды сипаттай отыра, ең алдымен бала туралы жақсыны
ғана айту қажет;
- Ата-аналардың тұлғасына, олардың еңбектегі
жетістігіне жоғары құрмет көрсету.
Жоғарыда айтып
өткеніміздей отбасы тәрбиесінде кездесетін сәтсіздіктер
ата-аналардың педагогикалық сауатсыздығынан және оларда
тәрбие жұмысын жүргізуге қажетті
тәжірибенің жоқтығынан болады. Балаларды
тәрбиелеудің дұрыс жолын табу үшін ата-аналарға
көмектесу тәрбиешілердің міндеті.
Осы орайда
«ата-аналармен жүргізілетін жұмыс түрлерін қалай
ұйымдастыруға болады?»,- деген сұрақ туындайды. Ол
үшін педагогтар ата-аналармен
жақынырақ танысып, отбасының әлеуметтік жағдайын,
отбасы мүшелерінің бала тәрбиелеудегі рөлін анықтау
үшін, ата-аналардың ұсыныс-пікірлерін, ойын бөлісу
мақсатында сауалнамалар, анкеталық сұрақтар алуға
болады. Сонымен бірге жыл бойғы жұмыс түрлерін ата-аналармен
бірлесе отырып жасаған тиімді. Себебі ата-аналар заман талабына сай
өзекті мәселелерді, отбасы тәрбиесіне байланысты
тақырыптарды өздері ұсына алады. Сонымен қатар ата-
анлардың ұсыныс пікірлерімен санаса отырып, ата-аналарға
арналған дәрістер, конференциялар,
практикумдар, дөңгелек үстел, ашық сабақтар, жеке
тақырыптық кеңестер, ата- аналар жиналысы, ата-аналар
кештері, ата-аналармен жүргізілетін тренингтер өткізуге болады [5].
Ата-аналарды
ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне
қатыстырудың маңызды нәтижесі ата-аналар өз
балаларының оларға тән емес ортадағы
қылығын, оның басқалармен қалай араласуын, білім
деңгейін, құрдастарының оған деген
қарым-қатынасын зерттей алады. Өз баласының дамуы
басқалардан артта қалған жоқ па, балабақшада ол үйдегідей
емес, өзін басқаша ұстауын еріксіз салыстырады. Бәрін
мен дұрыс істеймін бе, неге менде тәрбиелеудің өзге
нәтижесі қалыптасқан, неге үйрену керек деген
рефлекстік қызмет «іске қосылады».
Әлемнің
екінші ұстазы атанған ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-
Фараби «Адамға ең әуел білім емес, тәрбие керек,
тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген екен.
Осы орайда ертеңгі ел басқарар азаматтарды тәрбиелеу
ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымның бірден-бір мақсаты
жан-жақты жетілген, үйлесімді дамыған, адамгершілігі мол
парасатты, ұлтжанды тұлғаны қалыптастыру. Баланы
тәрбиелеуде әр ата-ана өздері білімді болуы керек. Ол
үшін ата-ана педагогпен тығыз байланыста болып, түсінбегенін
сұрап, пікірлесіп отыруы керек. Осындай жағдайда ғана
балалардың жағдайын түсініп, олардың адами
қасиетінің дамуына ықпал жасай аламыз деп ойлаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Білім беру туралы заңы.-
Астана: Елорда, 2007.
2. ҚР «Неке және отбасы»
заңнамасы.- Астана: Елорда, 2011
3. Н.К. Крупская Мектепке дейінгі тәрбие туралы.-Алматы: «Мектеп»,
1988.-284б
4. Ф. Жұмабекова, Мектепке дейінгі педагогика.-Астана, 2008ж .- 327 б.
5. Т.А.Маркова Детский сад и семья - Москва: «Просвещение», - 1986. – 235с.
6.
Акаунова С.Ш. Тұлғаның қалыптасуы
негізі - балабақша мен ата-ананың ынтымақтастығында //
Отбасы және балабақша 2013. - № 4. – С.8-10.