С.Ж.Бупетаева, П.С.Алиева, П.Ж. Абдикеримова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

 «ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕБІ» ЖУРНАЛЫНДА ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН МҰРАСЫНЫҢ НАСИХАТТАЛУЫ

 

Қай ғасырда болсын, ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік, ағыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі кең ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндет. Халық ұрпағын өзіне дейінгі қоғамда қолы жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны жинақтап пайдалана отырып, шынайы адамгершілік қасиеттерге баулып тәрбиелеуді мақсат еткен.

Осындай мағлұматтарды насихаттап жүрген басылым – «Қазақстан мектебі» журналы.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік унирверситетінің доценті, педагогика ғылымының кандидаты  Ыбыраева Күләннің «Жүсіп Баласағұн – тәрбие туралы» /1/ атты мақаласында Х-ХІ ғасырларда өмір сүріп, сол дәуірдің озық өнер  туындысын  дүниеге әкелген Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі адамгершілік тәрбиесінде маңызы зор мұра екені анықталған. Онда әділдік туралы былай делінеді:

Қылығымды көр, қылаудай жоқ иіні,

Өзім де әділ, сөзім де әділ – сот күні.

Әділдікпен кеспей тоқтаман

Құл ма, бек пе, еш айырымы жоқ маған (805,120)

Өткенге көз жіберіп, талғап-таразылап алып, ертеңге сеніммен қарау қажет. Адам бойындағы асыл қасиеттер мен жағымсыз әдеттер жөніндегі күні кешегі данышпан ата-бабаларымыздың өсиет-өнегесін бүгінгі мен ертеңгі ұрпақ оқып білсін, содан тағылым, тәрбие алсын дейміз.

Не дер екен, тыңда, білімді адамды,

Жасы жеткен, сынап көрген ғаламды (260, 73), - деген Баласағұн сөзі осы ойға жетелейді.

Халық ауыз әдебиетін оқып, сусындаған әрбір баланың адамгершілігі мол, ақылы толық азамат боларына шүбә жоқ.

Жастарды адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде өскен ортаның, құрбы құрдастың, тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген:

Жақсы, қанша жасар, кәрі болмайды,

Жаман қанша түзегенмен оңбайды.

Жаман жасы - қысқа, өкініп қартаяр

Жақсылық жасы – ұзақ, қамсыз марқаяр. Осы жақсылық пен әдептілік, ұят пен ар-намыс, шындық пен бірлік, жолдастық пен достық, ата-анасын, үлкенді сыйлау, тағы да басқа қасиеттер туралы Баласағұнның өсиет сөздері өте көп. Шығармада тұлғалық қасиеттерден бастап, түрлі әлеуметтік топ өкілдері мен қоғамды басқарушылардың мінез-құлық ережелері, олардың арасындағы қарым-қатынас мәселелерінің көрініс табуы еңбектің педагогикалық қызметінің ауқымды екенін байқатады. Баланың жеке  басын құрметтеу, оған талап қоя білу - дастанның басты қағидаларының бірі екенін насихаттаған.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік унирверситетінің доценті, педагогика ғылымының кандидаты Ыбыраева Күләннің Баласағұн Қазақстан жерінде

/2/ атты мақаласында ертедегі орта ғасырда Қазақстанда отырықшы мәдениеттің орталығына айналған үлкенді-кішілі қалалар көп болған.Арабтың Х ғасырдағы ұлы географтардың бірі, Әл-Макдиси «Ахсан ат-такасим фи-Ма рифат ал-акалим» деген еңбегінде Орта Азия және Қазақстанның көптеген қалаларын сипаттап жазғаны насихатталған..Осы ғалым Қазақстанның Оңтүстік және Шығыс жағында 200-ден астам қала бар екенін баяндапты... Олардың ішінде дүниеге әйгілі, мемлекет астанасы болған ірі-ірі қалаларда болған. Солардың бірі, Шу өзенінің өңірінде орналасқан Баласағұн қаласы. Өкінішке орай, Баласағұнның орналасқан жерін анықтау өте қиынға соғып келді. Себебі Шу, Талас өзендерінің алқаптарында біздің дәуірге дейін сақталып қалған орта ғасырлық қалалардың орындары көп кездеседі. Заманы ескіргендіктен, олардың көпшілігі өздерінің алғашқы аттарын қойған. Ол қалалар біздің дәуірімізге үлкенді-кішілі төбелер күйінде жеткен.

Ортағасырлық ұлы ғалым, біздің жерлесіміз Жүсіп Баласағұни өзінің тамаша «Құтты білік» поэмасында бұрынғы өткен өмірге көз жіберіп:

Болған талай қалалар да, халық та,

Уақыт көмді бәрін жердей табытқа.

Болған талай ауылымыз, тайпамыз,

Енді соның ізін тауып байқаңыз...-дейді. (Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» Алматы, «Жазушы». 1986. 602-бет).

1893-1894 жылдары академик В.В.Бартольд Талас,Шу өңірлеріне келіп, бұл жерлерден қираған көптеген ортағасырлық қалалардың орнын көрген. Осы саяхат кезіндегі зерттеу жұмысының нәтижесін ғылыми мақала етіп жазған. Осы еңбегінде мүмкін Ақбешімнің Баласағұн болуы, Бурана оның шетіндегі қалалық орындары сияқты, бірақ, Баласағұнның қай жерде екенін дәлелдейтін деректер жеткіліксіз деп, Баласағұнды Таластың (Тараз) шығыс солтүстігінен-Шу өзенінің бойынан іздеу керектігін айтқан болатын. Бұл пікірін өзінің «Баласағұн» деген мақаласында да қайталаған.

Белгілі шығыстанушы профессор А.Н.Барнштам .ОлТоқмақ қаласының қасындағы орта ғасырлық Ақбешім және Бурана қоныстарында қазба жұмыстарын жүргізеді.1953-1955 жылдардағы осы қалалардан табылған археологиялық деректердің нәтижесін мақала етіп жариялаған.Осы ғылыми еңбекте, А.Н.Барнштам мен Л.Р.Қызласов Ақбешім қонысын Баласағұн деп дәлеледеген ғылыми еңбектерде, Қырғыстанның тарихында, қилы карталарда Ақбешімнің орнына Баласағұн деп жазылып та кетті.Осы ғылыми тұжырым кең өріс алып, көптеген ғалымдар және мәдени қызметкерлер Ақбешімді, Баласағұнға айналдырды. Бірақ бұл пікір ұзақ уақыт өмір сүре алмады.

Сонымен, Ұлы Жібек жолының үстіндегі 6-7 ғасырлар бойына Батыс түріктердің ірі астанасы болған, аты әлемге әйгілі, отырықшы мәдениеттің ірі орталықтарының бірі Баласағұн қаласы, осы күнгі Ақтөбе деп аталатын ортағасырлық қаланың орны екеніне күмән жок. Біз ортағасырдың әдеби деректеріне, археологиялык қазба жұмыстардың нәтижелеріне географиялық деректерге, халық арасынан жиналған этнографиялык-фольклорлық мағлұматтарға сүйене отырып, осындай қорытындыға келдік. Ғасырлардан бері орны белгісіз болып келе жатқан Баласағұн қаласын тек археологиялық деректермен шешу өте қиын. Сондыктан, бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін жан-жақты мағлұмат жинауға тура келді. Қайталап айтсақ, Қырғызстандағы аты аталып жүрген Акбешім мен Бурана Баласағұн бола алмайды. Себебі, екеуінің де көлемдері тарихта белгілі Баласағұнның орналасқан жерінен кем. Тарихи деректерге Баласағұн Талас (Тараз) қаласының солтүстік-шығысында, Жібек жолының бойында. Таластан 200—250 км жерде орналаскан делінсе, оған дәл осы күнгі Ақтөбеге тура келді. Әдебиеттерде көрсетілген Баласағұнның төңірегіне орналасқан қалалардың, ауылдардың және ірі су жүйелерінің аттары аталған болса, олар да осы күнгі Ақтөбенің маңында сол аттарымен тұр.

Халқымыздың ортағасырлық тарихында өзгеше орны бар, ірі экономикалық, әкімшілік орталығы ғана емес, өз кезінің мәдениет ордасы да болған Баласағұн қаласының ашылмай жатқан сыры әлі де көп.Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің неше мың жылдық тарихында тексерілетін, айқындайтын, бүгінгі ұрпаққа танытатын тарихи мұраларымыз Баласағұнмен ғана шектелмейді. Бірақ сол Баласағұнның ғана өзінде неше жүз мың жылдық тарихымыз жатыр-ау!...

 

Әдебиет:

1.Ыбыраева К. Жүсіп Баласағұн – тәрбие туралы. //Қазақстан мектебі.-1996 №5

2. Ыбыраева К. Баласағұн Қазақстан жерінде //Қазақстан мектебі.-1992 №4