Педагогические науки / 5.Современные методы преподавания

Д.м.н. Тебенова К.С., Дузбаева Қ.Д.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың ұсақ моторикасын қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің элементтерін қолдану арқылы дамыту

 

Қазіргі кезде қимыл-қозғалыс аппараты зақымданған балаларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік реабилитация жасау, ауыр кемістіктің алдын алу мәселесі алға қойылған. Оларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі міндеті әлеуметтік бейімдеу мен қоғамға интеграциялау, яғни қоғамға пайдалы еңбекке араластыру. Сондықтан балалардың церебральды сал (БЦС) науқасына шалдыққан балалардың оқыту мен тәрбиелеу мәселесі дефектология ғылымындағы ғана емес, жалпы әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі болып саналады.

Соңғы кезде тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар санының артуы және бұл балалардың өз кемістіктерінің зардабынан қоғамға бейімделу қиындығы, өздеріне қажетті мамандықтарды игере алмауы. БЦС шалдыққан балалардың еңбек әрекеттерін зерттеу саласында ең алдымен оның ұсақ моторикасының жетілуін зерттеп қарастыру өте маңызды, себебі, баланың қол икемділіктерін сипаттауда бұл негіз болып табылады.

БЦС кемшіліктері, әсіресе психофизикалық дамуында, церебральді параличпен байланысты. Ол қимыл, сенсорлы және сөйлеу бұзылыстарымен сипатталады: бас ұстау функциясы, отыру, манипуляция әлсіз дамып, тежеліп қалыптасады. Қозғалыс саласындағы бұзылыстар балалық шақтан көрінеді, перцептивті зақымдалулармен тығыз байланысты, жайсыз әсер ету болғандықтан, баланың жалпы жүйке-психикалық функциялары да бұзылыспен дамиды. Қозғалыс бұзылыстары тіпті баланың емін еркін жүруіне, өз-өзіне қызмет көрсетуіне тосқауыл болады.

Біздің зерттеу жұмысымыздың мақсаты – тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың ұсақ моторикасын қазақ ұлттық ою-өрнектердің элементтерін қолдану арқылы дамыту болып табылды. Осы мақсат аясында психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік зерттеу барысында тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың психомоторлық деңгейінің көрсеткіштері мен критерийлерін сипаттап ұсақ қол икемділігін жетілдіруде ұлттық ою-өрнектердің элементтерін белсенді түрде қолдану шаралары жүргізілді.

Қимыл-қозғалыстың  бұзылуы аталған категориядағы балалардың еңбек, бейнелеу, құрастыру, ойын, спорт әрекеттерімен айналысуына қиындықтар келтіреді. Тіпті ерте сәбилік шақта басын ұстау, отыру, еңбектеп жүру, тік тұру сияқты жалпы моторлық дағыдылардың өзі кеш дамиды.

И.П.Акименко, В.И.Бондарь, Г.М.Дульнев тәрізді ғалымдардың еңбектерінде бұл балалардағы еңбек әрекетіндегі қимыл-қозғалыс дағдыларының кемшіліктері – дәлдіктің, ырғақтың, қарқынның, бейімделудің бұзылулары, бағдардың бұзылуы, қимылдардың тым баяулығы мен ерікке бағынбайтындығы болып көрсетілген. Мысалы, геометриялық фигураларды қиып алуды көрнекі түрде елестете алса да дұрыс қиып ала алмайды, себебі, біреулері екі қолмен қатар жұмыс істей алмайды, енді біреулері қайшыға салмақ түсіріп басуды реттей алмайды.

Еңбек дағдыларына қажетті қолдың ұсақ, нәзік қимыл-қозғалыстары жұмыс тәсілдерін игеруде қиындықтар туғызады. Сондықтан еңбекке баулу сабақтарының ролі ерекше. Еңбекке баулу процесінде емдік міндеттер (қолдың ұсақ моторикасын дамыту мен түзету) және әлеуметтік бейімдеу міндеттері (болашақ мамандыққа даярлық) жүзеге асырылады.

Еңбекке баулу курсы жалпы үш кезеңнен тұрады, соның алғашқысы бастауыш сыныптардағы еңбек сабақтары. Мұнда балаларда ерте жастан еңбек дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Яғни еңбектің әр түріне деген қызығушылықтар қалыптастырылады, материалдармен және құрал-саймандармен жұмыс істеудің элементарлы әдістері үйретіледі (ермексаз, бояу, жіп, қайшы т.б.), бұлардың барлығы да қолдың икемділігін арттыруда өте маңызды, әрі өте қажетті жаттығулар [1].

Халқы мен елінің бүкіл әлемдік процестегі алар орны, бүгінгі күннің болмысын жете ұғынуға талпынған адамға өз тарихының беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер слып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Халқымыздың мәдени- тарихи мұраларын сақтап, болашаққа жеткізу педагогтардың тікелей міндеті.

Дәстүрлі өнерде әйелдер айналысатын өнер түрлері - өрмек тоқумен, киіз басумен, сырмақ сырумен, кесте тігумен, шілтер шалумен, тері киім тігумен, ши ораумен байланысты болса; ер адамдар ағаш ию, сүйек ою, мүйіз балқыту, тас қашау, металл өңдеу, оны өрнектеу секілді іс-әрекеттермен шұғылданады.

Тірек - қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған  мектеп  оқушыларын еңбекке үйрету мен  тәрбиелеу мәселесінің маңызы айрықша.Бірақ мектепке дейінгі жастан бастап-ақ церебральды сал аурулы балалардың еңбек дағдылары мен машықтарын қалыптастыра бастауға болады. Мектепке дейінгі жастағы  балалардың еңбек әрекеттерінің ұйымдастырылуы  спецификалық сипатқа ие.  Себебі ол түпкі нәтижеге қол жеткізуге емес,  процестің өзін орындауға бағытталады. Мектепке дейінгі жаста бұл әрекет  баланың жан-жақты дамуының құралы ретінде  өте маңызды: баланың  қоршаған орта туралы, заттардың  қасиеттері мен сапалары туралы, олардың өзара қарым-қатынастары мен себеп-салдар байланыстары  туралы  білімдері мен мағлұматтары молаяды. Яғни осы әрекет шеңберінде барлық танымдық  психикалық процестер дамиды.  Еңбек әрекеті жеке тұлғалық дамудың қайнар көзі  ретінде қарастырылады : ол ерік сапаларын,  тұлғаның  ынта – түрткі мен қажеттіліктер саласын, мінез-құлықтағы  еңбексүйгіштік, ұқыптылық тәрізді сапаларды қалыптастырады. Еңбек адамгершілік жағынан дамудың да күшті қайнар көзі. Әдетте еңбек әрекеті ұжымдық сипатқа ие және еңбек процесінде балалардың коммуникативтік  дағдылары, өзара  бірігіп әрекеттену, ұжымдық шешім қабылдау, міндеттерді тағыйындау, істі біріге жоспарлау қабілеттері дамиды.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қол ұсақ моторикасының бұзылуы мен жетілмеу көріністері ырықты, нәзік қимыл-қозғалыстардың тапшылығын туғызуынан, қол қимылдарының жете дифференциалданбауымен байқалады. Қимыл-қозғалыс кемістігінің ауырлығы міндетті түрде эмоционалдық бұзылулардың болуына келпілдік береді. 

Зерттеудің міндеттері мен гипотезасы, қарастырылып отырған балалар контингентінің ерекшеліктері бір топ зерттеу әдістемелерін таңдап алуды қажет етеді. Эксперименттік зерттеу әдістері – ЦС бар балалардың еңбек сабақтарындағы дағды, машықтарын зерттеуге бағытталған клиникалық-психологиялық бақылау әдісі мен әңгіме – сұхбат әдісі және қол икемділігін анықтайтын әдістемелер болып табылады. Бақылау күнделікті, табиғи жағдайларда еңбек сабақтары барысында деректерді мақсатты түрде тіркеп отыру түрінде бірқалыпты жүргізілді. Қол икемділіктерін анықтау түрлеріне бірнеше рет жүйелі бақылаулар жүргізілді, бұл өз кезегінде кездейсоқ сәйкестіктер мен тұрақты заңдылықтар байланыстарынан ажыратуға мүмкіндік берді; балалардың күнделікті өмірінің табиғи жағдайлары сақталды. Бұл үшін балалармен алдын ала танысылып, олардың ортасына бейімделу жұмысы жүзеге асырылды. Зерттеуші балалардың іс-әрекеттеріне араласқан жоқ; алынған мәліметтерді хаттамада тіркеудің тәсілі алдын-ала даярланды; бала жайлы нақты және объективті, қосымша  мәліметтер алу үшін ата-аналармен, тәрбиешілермен және мұғалімдермен әңгіме-сұхбат жүргізілді.

Зерттеу жүргізу мақсатында тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының 4 «а» сыныбы мен 4 «б» сыныбының 12 оқушылары алынды.

Тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардың еңбек сабақтарында ұсақ моторикасын дамыту мақсатында пайдаланылған қазақ халқының ұлттық ою - өрнектерінің дамытушылық–түзетушілік маңызын дәлелдеу үшін жыл басында жүргізілген тексеру әдістемелері жыл соңында қайтара жүргізілді.

Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнердің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.

Түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Түркі халықтарының қолтаңбаларында өрнексіз заттың мәні жоқ. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген. Қырғыздарда «қошқар мүйіз», «тұмар», «теке мүйіз», ұйғырларда «бадам», «шәдә», өзбектерде «пахта гүл», «бадам» деп аталады. Қазақтардың оюын сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деп үш топқа бөледі.

Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Ескіден келе жатырған мешіт, күмбез ою-өрнексіз жүзеге аспаған. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

Қазақ даласында оюлар әр түрлі үлгіде дамыған. Еліміздің әрбір ай-мағының өзінің стильдік ерекшеліктері, үлгілері болған. Соған карамастан, барлық оюлардың бастапқы элементінің негізі – «мүйіз» тектес ою-өрнек болып саналады. Қазақ халқының түрмысында жиі қолданылатын: өру, тігу, тоқу, құрау, еріту, балқыту, қию арқылы үй жиһаздарын, құрал-саймандарды, киіз үйлерді, зергерлік бұйымдарды, кілем, алаша, сырмақ, терме алаша, қоржын, ыдыс-аяқтарды, киім-кешектерді ою-өрнектермен әшекейлеп, безендіріп отырған. Ғалымдардың пайымдауынша қазақ ұлттық ою-өрнектерінің, әзірше 230-дай түрі ғана анықталған.

Тексеру нәтижелері ұлттық қолөнерді кеңінен қолдану балалардың ұсақ моторикасының жетілуінде айтарлықтай жетістіктер барлығын көрсетті. Балалардың өз жұмыстарында түпкі нәтижеге жетуді мақсат етіп қойып, барынша тырысып әрекеттенуі олардың жасаған бұйымдарының сапасын да жақсарта түседі. Балалардың қол еңбегі сабағына деген және қазақ халқының ұлттық ою-өрнектеріне деген қызығушылықтары арта түсті деп сеніммен айтуға болады, себебі, оқушылардың сабақтағы белсенділіктері мен өз беттерімен іздене әрекет етулері арта түсті. Сонымен бірге оқушылар ою-өрнектерде қолданылтын композиция, колорит, ритм сияқты кәсіби терминдермен, ою-өрнектердің әртүрлі атауларымен, оларға қатысты халық аузындағы аңыз - әңгімелермен  жете танысты.

Сабақ кезінде тыңдатылатын ұлттық күйлер оларда жағымды эмоционалдық күй туғызғаны мәлім.

Оқушылар әр еңбекке баулу сабағыда өздерінің жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге тырысады, жасалған бұйымдар көрмесін ұйымдастырып, әрқайсысы оған өз еңбектерін орналастыруға ұмтылады. Еңбекке баулу сабақтарында оқушылар ұлттық ою-өрнектер тарихымен, түрлерімен ғана емес, ұлттық музыкамен де жақынырақ таныса түсті. Мұның барлығы жүргізілген эксперимент жұмыстарынң оң нәтиже бергенін дәлелдейді.

Оқу жылы аяғындағы жүргізілген тексеру барысында төмендегі нәтижелер анықталды: 3 тесті бойынша жыл басында бақылау тобындағы – 25%, 37%, 71% оқушы, ал эксперимент тобында – 40%, 50%, 86% оқушы жоғары нәтиже көрсетті. Монометрлік тест бойынша – 18% және 30%, «Жолдар» әдістемесі бойынша – 39% және 74%, іс-әрекетті өзіндік реттеуді тексеру әдістемесі бойынша – 62% және 74% оқушы тапсырманы дұрыс орындай алған.

Жүргізілген зерттеу жұмыстары балалардың церебральды салы балада алғашқы күндерден бастап-ақ қимыл-қозғалыс тапшылығын туындатуымен қабат, оның мектеп бағдарламасын толыққанды меңгеруінде де бірқатар қиындықтар қалыптастыратынын көрсетті.

Қорыта келгенде, жүргізілген зерттеу жұмысы церебральды сал науқасына шалдыққан балалардың ұсақ моторикасының дамуы мәселесін толық, әрі жан-жақты шешіп берді деп айта алмаймыз. Себебі бұл көпқырлы, әрі өте күрделі мәселе. Сөйткенмен, белсенді коррекция жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі барлығын дәлелдейміз.

 

Әдебиет:

1. Төленбаев С.,Өмірбекова М. Қазақтың ою-өрнектерінің жасалу жолдары. - А.: «Қағанат» ЛТД, 2003. – 115 б.