БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МӘНІ  

 

Омарова Г. Ж.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

Қазіргі мектептегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін, тәжірибесін пайдалана отырып, оқушының тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін жаңа педагогикалық технологияларды іздестіруге және оларды қолдануға бағытталған. Оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін қолдану оқушылардың жеке белсенділігін арттыру, білімін дамытуға қызығушылықтарын қалыптастыру болып табылады.

Я.А.Коменский, К.Д.Ушинскийлер қалаған педагогика ғылымының нақты зерттеулерінен өткен оқыту әдістерін заман талабына сай дамыта қолданушы Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, В.П.Беспальколар жаңа технология бойынша оқытудың негізін қалады.

Барлық оқыту технологияларының негізгі мақсаттарының бірі – баланың жан-жақты дамуына ықпал ету. Сабақтың мақсатына жету үшін мұғалім сабақ үдерісінің әр кезеңіндегі стратегиясын нақты анықтап алғаны тиімді. Жаңа технологияның басты мақсаты осыны көздейді. Қазіргі сабақтың әдіс-тәсілдері көп. Соны саралап өзіне қажеттісін, бастауыш сынып оқушысының жас ерекшелініне сай келетінін таңдай білу керек. Жалпы педагогикалық технологияларға тоқталар болсақ:

         Дамыта оқыту технологиясының көп нәрсеге көңіл бөліп, жан-жаққа қызығушылық танытатын балалар үшін қажеттілігі зор.

         Оқу үдерісінде оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану маңызды.

         Үй жұмысын орындауда, сабақ барысында да топқа бөлу, ақпараттық технология да ұтымды.

         Жобалау технологиясы арқылы оқыту. Жобаны іске асыруда әдетте бір емес бірнеше оқушы бірге отырып жұмыс атқаратыны да бұл тәсілдердің маңызды сипатының бірі болып табылады.

         Ж. Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы. Оқушыларды деңгейге бөліп оқыту кезінде жеке тұлға тәрбиелеуде оқушылардың теориялық - тәжірибелік дайындығын, оқуға деген ынтасын, дара қасиетін ескеру талап етіледі.

         Коммуникативтік технология арқылы оқыту. Осы технология арқылы қазақ тілінде сөйлеуге үйретіп, мақсатты нәтижеге қол жеткіземіз.

Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Сондықтан жаңа педагогикалық технологияларды мемлекеттік стандарт талаптарына сай, оқытудың басты мақсатына жетуге көмектесетіндей қолдана алуымыз керек. Оқыту барысында сыныптың шығармашылыққа мүмкіндік деңдейінде ұйымдастыру оны өткізудің формасымен анықталады. Педагогикалық технологияның өзіндік ерекшелігі: қойылған мақсатқа жету мүмкіндігіне кепілдік беретін оқыту үдерісін құрастыру және оны жүзеге асыру.

Мысалы:

 Л.Занковтың оқыту жүйесінде оқушы өзін емін-еркін сезінеді, оның әлеуметтік мүмкіндігі мен дербестігінің дамуына жағдай жасалады. Осы жүйеде оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынастың іргесі қаланады. Мұғалім түсіндіруші, оқытушы тұрғысында емес, оқушының оқу әрекетін ұйымдастырушы, бағыттаушы ретінде көрінеді.

Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы білімнің дайын күйінде берілмеуі. Нақты жағдайда «мынаны былай жасау керек» деп рецепт берілмей, өзінің шығармашылық ойлауының орын алуына мүмкіндік беріліп, шешім қабылдауға үйретеді, жауапкершілігін арттырады.

Технологияның құрылымы 3 кезеңнен тұрады;

    1. Қызығушылықты ояту

    2. Мағынаны тану

    3. Ой толғаныс

М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясына» тоқталсақ, технологияның ерекшелігі- оқушының танымдық қабілеттерін, есту, көру, қимыл, ойлау, ынта, зейін, қабылдау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл технология бойынша мұғалім кеңесші және оқушылардың танымдық процесін ұйымдастырушы рөлінде болады.

Сонымен, педагогикалық технологиялардың барлығы оқушының жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға, шыңдауға бағытталған. Ал мұғалім –ұйымдастырушы, бағыт беруші.

Сабақты өткізуге таңдаған кез келген технология оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға негізделуі қажет. Сонда ғана технологияларды қолдану арқылы оқушылардың өз қабілетіне, болашағына сенуіне, қоғамда дара тұлға болып қалыптасуына ықпал ете аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      Бұзаубакова Қ.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, ТарМУ, 2003.

2.     Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы, 2005.

3.     Таубаева Ш.Т., Лактионова С.Н. Педагогическая инновация как   теория и  практи­ка нововведений в системе образования. Алматы, "Ғылым", 2001.

4.   Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілігін арттыру жағдайында дамыту. Алматы, 2005.