Педагогика.  Современные  методы  педагогики

Құрманәліқызы  Салтанат

директордың  тәрбие  ісі  жөніндегі  орынбасары

                                                    13 М.Мақатаев атындағы орта мектеп

                                    Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті

 

Этнопедагогикалық  тәрбие- азаматтық-патриоттық  рухты дамытудың  негізі

  Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа  Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өткен болатын.  

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі - қазақстандық патриотизмге, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізінде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады.

Біз тәрбиенің қойған мақсатынан және одан туындайтын міндеттерге сүйене отырып, тәрбие жұмысының бағыттарының ішінде мынадай бағыттардың  айқындалғанын білеміз:

Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ  халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты қалыптастыруы тиіс. Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық білім беру ұйымдарында азаматтық құқықтық, патриоттық тәрбие беруде мазмұны мен әдіс тәсілдер мен оқу тәрбие құрылымының өзара іс әрекеттестік негізінде деңгейін көтеру белгіленген.

Ондай әрекеттестікті  біздің ұлы ойшылдарымыз ертеден -ақ ескеріп, өз ойларын қосқан. Осындай адамның еркін әрекеттесетін мінез-құлқын тәрбиелеуде Әл-Фараби:

«Әдеттенудің арқасында бізді жақсы мінез - құлыққа жеткізетін әрекеттер жақсы әрекеттер болып табылады. Ол адамның жетілуі оның мінез-құлқының жетілуіне сайма-сай келеді» деген  ойы арқылы қазіргі кезде тұлғаның жеке   қасиетін, мінез-құлқын қалыптастыруда жақсы әрекеттер қалыптастыру керектігі туралы ой айтады.

Бүгінгі күндегі Еліміздің  егемендікке жетуі  халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.

Қазіргі кездегі  білім  беру  жүйесі тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және оқушылардың патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық туралы білім ғана емес, өнегелік, тәрбиелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды.

Ал қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Қазақстанның патриоты дегеніміз:

1.   Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері  Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлеуі. 

2.   Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болуы. 

3.   Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімінің болуы. 

4.   Қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға ынталы болуы т.т.

Өз тарихын білу - ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындарда жалғасын табуда маңызды.  Қазіргі ұрпақтың  өз халқымен бірлігін сезінушілігі және өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры мен нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы  ретінде  сезінуінің мәні зор болмақ.

«Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths - отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді .Оның қазақшасы-жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау.

Осылайша, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қашанда ұлттық сипатқа ие, өйткені, патриоттық сезім мен көзқарастар қашанда белгілі бір ұлтқа, ұлысқа жатады.

Қазақ халқы ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған.

Оны Қазыбек би  өз сөзінде былай келтіреді: «Біз  қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз;ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дей отырып, қазақ халқының өз елін, жерін қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, такаппарлығын көрсетеді.

 Олай болса, біз жастарға осындай ұлағатты сөздерді санасына сіңіру арқылы, оның өз ата-тегін, ұлтын, халқын силауға, Отанын сүюге, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуға бағыт береміз.

 Қазақ халқының өз елін шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қабанбай т.б. батырлар жастайынан халық тәрбиесінің бесігінде тербеліп өскен, елін, жерін сүйген батырлар.  Мұндай батырларға арналған батырлар жыры да қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуінің негізі болып табылады.

Бүгінгі күндегі патриоттық сана-сезімнің әлсіреуі, адамдардың өз елі мен оның жетістіктері үшін ұлттық мақтаныш сезімінің өзгеруі – бұл қоғамның өнегесізденуінің, халықтың тұрақсыздануы мен ыдыраушылығының ажырамас сипаты. Қазірде Қазақстанда отанға деген сүйіспеншілік қоғамдық қатынастарды демократияландыру және гуманизмдендіру негізінде патриотизмге тәрбиелеу қажет. Бұндай жаңарған қазақстандық патриотизм мазмұнын    қазіргі озық мәдениет құндылықтары ғана емес, сондай-ақ, қазақ мәдениетінің дәстүрлі құндылықтары, оның айрықша руханилық, азаматтық пен өнегелілікке ұдайы ұмтылушылық құндылықтарын да құрайды. Өткеннің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы өркениеттің мейлінше озық бағыттарын игере отырып, қазақстандықтар өз елін ең алдыңғы қатарлы шепке қайта шығара алады. Бұған халқымыздың жоғалмаған, қайта, жаңа әлеуметтік өмір жағдайында жаңарған патриотизмі қайта кепіл бола алады. 

Патриоттық тәрбие-  тұлға қалыптасуының құрамдас бөлігі болып табылады, ол жастардың алған білімдерінің негізінде азаматтық борыш ұстанымымен, жеке бастық мүдделері қоғамдық ұстанымдармен астасып жататын тіршілік әрекеті үлгісіне даярлығын қамтамасыз етуі тиіс.

Қазірде қазақ халқының дәстүрлері негізінде жүзеге асырылатын патриоттық тәрбие әлеуметтендіру процесін тұлғаға дәл осы Отанға, Атамекенге қызмет ету арқылы, өз тарихы үшін, өз Отанының әлеуметтік дүниенің ғылымына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қосатын үлесі үшін мақтаныш сезімі арқылы өз қабілеттерін мейлінше терең ашуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізеді.

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері - рухани және адами қасиеттері, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие - ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.

Ұлттық тәрбие - адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам -рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл Адам дәрежесіне тезірек  жетеді. Ұлттық менталитет - тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсынмұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер.

 Этнопедагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал, ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді.