ЖЕТІ САНЫ
КИЕЛІ ҰҒЫМ
Ерманова
С.Б
Абдрашева
Ә.Қ.
Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институты.
Қазақ халқы ертедегі мифопоэтикалық
дәстүрлердегі сан ұғымдарына киелі мән беріп, өн бойына
космонимикалық мағыналар жүктеген. Адамзат
қоғамында сандар, діни, тәңірлік және әлемдік
символдар ретінде қарастырылып,
олардың бойында адам санасы жете қоймайтын құдіретті
құпиялар мен сырлар жатқанына, сонымен қатар бұл
құдіретті күштердің адамға жақсылық
та, жамандық та алып келетініне сенген. Сондай құдіретті,
киелі сандардың бірі – жеті саны. Дүниедегі барлық
құбылыстар осы тәңірлік, әлемдік, символдық
санмен ұштасқандай. Қазақ халқы ел –
жұртын, ата – бабасын, салт – дәстүрін қадірлеген халықтың бірі. Осы
қасиеттің өзін жеті санымен байланыстыра білген. Жеті саны
түркі тілдерінде туыстық қатынастарды білдіреді. Оған
жеті ата, қазақ
халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның
ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі,
дәлел. І.Кеңесбаевтың пікірінше, жеті ата - арғы ата, ата – баба. Қазақтың ескі рулық жігінде
ата, аталастық негізгі орынға ие.
Жеті ата:
1.Бала.
2.Әке.
3.Ата.
4.Арғы ата.
5.Баба.
6.Түп ата.
7.Тек ата.
Жеті атаны білу не үшін керек? Бала
өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы,
т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап
өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан
баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай
жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар
бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі
күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін
жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін
болған. Бұл – қазақ
халқының салт-дәстүрді берік ұстанатындағының белгісі.
Жеті
санының құдіреті салт
– дәстүрде ғана емес, қазақ
хандығының саясатында да өзіндік бір із қалдырған.
Ол Әз Тәукенің тұсында жарық көрген «Жеті
жарғы» заңдарында көрініс тапқан. Тәуке хан
заманы тарихта «Қой үстінде бозторғай
жұмыртқалаған заман» деген атпен белгілі. Ол заманның тыныш, берекелі болуына
билердің әсері орасан болған. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында
Ұлы жүз Әлібекұлы Төле,
Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек,
Кіші жүз Байбекұлы
Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы
Көкім, қарақалпақ Сасық
би, қатаған Жайма
секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп
шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен,
қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары
бұл күнде аңызға айналған атақты
билердің болғанын айтады.
Қазақтың билері – ерте заманда осы күнгі
соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған.
Билер өзінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы
мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған.
Жоғарыды көрсетілген билердің ішіндегі
қазақтың атақты билері Төле би, Қазыбек би,
Әйтеке би еді. Қазақ халқының бұл ұлы
билері елді үш жүздің билігін сақтауға
шақырды. Қазақтың қоғам қайраткері,
шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Қарлығаш әулие»
атанған Төле би:
«Атадан
ұл туса игі,
Өзі
біліп тұрса игі.
Ата жолын қуса
игі.
Жаудан
бұққан немені,
Өзіне келер
ұятын,
Ортасынан
қуса игі!» - десе, көрнекті
қоғам және мемлекет қайраткері Қаз дауысты
Қазыбек би:
«Қазақ
деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай
жатқан елміз.Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын
таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан
сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан
болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын
деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды,
ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп
отыра алмайтын елміз», -десе, қазақ халқының бірлігін
нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты
үш бидің
бірі,
мемлекет қайраткері Әйтеке
би:
«Ашу бар жерде ақыл
тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Туысқан сон сөз
қуыспау керек.
Алдын ашсаң
арқырар.
Сөз қуған
бөлеге жолымды,
Ақыл
деген дария,
Жол қуған
олжаға жолығады.
Алдын тоссаң
тоқырар» деген екен. Осындай
шешендіктерінің арқасында, әділдіктерінің арқасында үш би Әз
Тәукеге «Жеті жарғы» заңдарын жасауға
көмектескен. «Жеті жарғы» - қазақ
халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып
заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ
хандығының ыдырау
қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің
ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті
нығайту мақсатында «Жеті жарғы»
заңдар жинағын билердің
көмегімен құрастырған. Заңдар, салт –
дәстүрлер саны шексіз. Себебі қазақ халқы - ырымдарға сенетін, салт –
дәстүрді берік ұстанатын халықтардың бірі.
Заңдардың саны шексіз болса да, Әз Тәукенің осы
сансыз заңдар мен салт – дәстүрлерді бір арнаға жинап,
жеті ғана жарғыны құрастырғаны таң
қалдырады. Бірақ саны емес, сапасы маңызды емес пе? «Жеті
жарғы» заңдарының мазмұны төмендегідей:
1 –
жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге
өлім жазасы бұйырылсын.
2 – жарғы. Түркі халқының
мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына
бұйырылсын. (Бұл жарғы халықтың ортақ
мүддесі – елдің бүтіндігін қоғаған біртұтас
қоғамдық сананың жемісі).
3 – жарғы. Мемлекет ішінде
жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.
(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына
тән кісі өлтірушілікке тыйым салған және
мәдениеттіліктің белгісі
ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).
4 – жарғы. Өзге
біреудің әйеліне зианқорлық жасап, ақ некені
бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл
жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен,
неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор
жаңалық).
5 – жарғы. Өреде
тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты
ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. (Ол кезде «ер
қанаты – ат» елдің, мемлекеттің соғыс күші
ретінде бағаланды).
6 – жарғы. Төбелесте
мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей
құн төленсін:
А)
біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын
береді., ал қызы жоқ болса, қыздың орнына
қалыңмалын береді.
Ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі
айыпқа ат береді.
7 – жарғы. Ұрланған
жылқы өзге де құнды мүлік үшін он есе
артық айып төлеттірілсін.
Заңдар, салт – дәстүрлер саны сансыз.
Себебі қазақ халқы -
ырымдарға сенетін, салт – дәстүрді берік
ұстанатын халықтардың бірі. Заңдардың саны шексіз
болса да, Әз Тәукенің осы сансыз заңдар мен салт –
дәстүрлерді бір арнаға жинап, жеті ғана жарғыны
құрастырғаны таң қалдырады. Бірақ саны емес,
сапасы маңызды емес пе? Ия, салт – дәстүрлер жетерлік.
Солардың бірі – қазақ халқының жетімді жылатпауы.
«Жетім көрсең жебей жүр» деп тегін айтылмаған.
Қанаттыға қақтыртпай, тұмсықтыға
шоқтыртпай өсірген ата – анадан айырылу адам үшін әрине
өте ауыр. Қазақ халқының кеңпейілділігі,
мейірімділігі соншалық олар ешқашан да жетімді далада
қалдырмаған. Халық санасында жетімнің жеті түрі
қалыптасқан. Жеті жетім:
Тыңдамаған сөз жетім,
Киюсіз тозған бөз жетім,
Иесіз қалған жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Аққу-қазсыз көл жетім,
Жерінен айрылған ер жетім,
Замандасы қалмаса –
Бәрінен де сол жетім. Бұл бірден туа
салған тоқтам емес. Бұл -
қазақ халқының сан жылдық тарихын
көрген, халықтың мінез- құлқын жете білген,
салт – дәстүрін берік білген билердің тоқтамы. Ия,
сөз тыңдалмаса жетім, себебі әрбір айтылған
сөздің өзіндік бір мақсаты, өзіндік бір тыңдаушысы,
өзіндік бір идеясы болады. Ал егер ол өз тыңдаушысына
жетпесе, жетім болады. Ел, халық болу үшін хан, патша, басшы керек. Себебі басшысы
жоқ ел - жетім ел. Көлде аққу- қаз болмаса,
көлдің қызығы бола ма? Бірақ не себепті жетімдер
саны жетеу? Бұл тағы да жеті санының
құдіреттілігі мен магиялығының белгісі. Жеті
санының қасиетін көрсететін тағы да бір әдеп-
ғұрып – жеті қазына. Халық санасында қалыптасқан
жеті қазына:
1.
Ер жігіт.
2. Сұлу әйел.
3. Ақыл, білім.
4. Жүйрік ат.
5. Қыран бүркіт.
6. Берен мылтық.
7. Жүйрік тазы. «Ер жігіт ел
үшін туады, ел үшін
өледі», «Білім гауһар, бағасы жоқ», «Ит иесі
үшін жүгіреді, құс тамағы үшін
ұшады», «Жақсы аттың артынан құнан
ереді,жақсы жігіттің артынан ұлан ереді» деп атам
қазақ тегін айтпаған болар. Қазақ халқы
салт – дәстүрінде дінге де аса зор көңіл
бөлінген. Қазақ халқы Алланың барына,
әулиенің барына сенген. Ал
«әулие» деп кімді санаймыз? Әулие — ерекше діндарлығымен, дін жолына
кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Әулие -
халық арасына ерекше діндар-тақуалығымен, шипа дарытқан
емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие,
қауымға рухани тәрбие жүргізуші тұлға.
Әулие - уәли деген араб сөзінің
көпше түрі, қазақша қасиетті деген мағынаны
береді. Бұл сөз Құран
Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген
мәнде кездеседі. Ал, хадистерде жақын болу деген мағынада,
яғни, УәлиАллаһ - Аллаға жақын, дос,
Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады.
Қазақ санасында қалыптасқан жеті әулие
(шәріп):
1.Меке шәрәп. 2. Мәдина шәріп. 3. Бұһар
шәріп. 4. Шам шәріп. 5. Қатым шәріп. 6.
Құддыс (Мысыр) шәріп. 7. Кәләм шәріп
(Құран).
Бұл – қазақ
халқының ұлы күштің бар екеніне сенгенін
көрсетеді.
Адам салт – дәстүрмен
қатар оны өмірге жетелейтін, бақытқа бөлейтін
құбылыстарды білуі абзал. Бұл құбылыстар туралы Саққұлақ
би мынадай ой қозғайды:
Жеті жетекші
1.Адамның басшысы –
ақыл,
2.Жетекшісі – талап.
3.Жолаушысы – ой.
4.Жолдасы – кәсіп.
5.Қорғаны - сабыр.
6.Қорғаушысы – мінез.
7.Сынаушысы – халық.
Жеті санына байланысты пайда болған ұғымдар өте
көп. Мысалы:
Жеті ғашық
1.
Ләйлі-Мәжнүн. 2. Фархад-Шырын. 3.Таһир-Зуһра.
4.Арзу-Қамбар. 5. Уәлик-Ғарра. 6.
Уәки-Күлшаһ. 7.Жүсіп-Зылиқа.
Жеті ғалам
1.
Шығыс. 2. Батыс. 3. Оңтүстік 4. Солтүстік. 5.
Аспан. 6. Жер. 7. Жер асты.
Жеті күн
1.
Бүгін. 2. ертең. 3. Бүрсігүні. 4. Арғы
күн. 5. Ауыр күн. 6. Соңғы күн. 7. Азына.
1.
Дүйсенбі. 2. Сейсенбі. 3. Сәрсенбі. 4. Бейсенбі. 5. Жұма.
6. Сенбі. 7. Жексенбі.
Жеті жұрт
1.
Құрғақшылық. 2. Жұт. 3. Өрт. 4.
Оба. 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зілзала.
Жеті жоқ
1.
Жерде өлшеуіш жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр
жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллада бауыр жоқ.
6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқыда өт жоқ.
Жеті қат көк
1.
Ай. 2. Күн. 3. Шолпан. 4. Есекқырған (Меркурий). 5.
Қызылжұлдыз (Марс). 6. Сатурн. 7. Мүштәри (Юпитер).
Жеті қат жер
1.
Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық.
5. Қара тас. 6. Көкөгіз. 7. Жер.
Жеті амал
1.
Күннің тоқырауы. 2. Қарашаның қайтуы.
3. Күннің батуы. 4. Мұздың қатуы. 5.
Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7. Ай тоғамы.
Қорытындылай келсек, біздің
ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі
мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап,
ата заңдарына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді.
Бұл – қазақ халының менталитетіне тән ең
ерекше қасиеттердің бірі
болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Энциклопедиялық
анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010
2.
"Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл":
Әдеби-этнографиялық таным.(құрастырғандар
Б.Әлімқұлов, Е.Әбдіраманов) -Алматы. "Санат".
1994.240 бет.
3. Авакова Р.Ә. Фразеология теориясы. – Алматы.
Қазақ университеті, 2009 ж
4. С.Кенжеахметұлы, «Ұлттық әдет
– ғұрыптың беймәлім 220 түрі» - Алматы, «Санат»
1998 ж