Аймақтық Әлеуметтік-Инновациялық
Университетінің 2 курс магистранты
Бекпенбетова Лаззат Балдагожаевна
М.Әуезовтің «Абай жолы»
роман-эпопеясындағы зат есімдердің берілуі
Академиялық
М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы - Абайдың жүріп
өткен жолы арқылы бүкіл қазақ елінің
тұрмысы мен салтын, әдеті мен ғұрпын, тарихын,
әлеуметтік-саяси ахуалын бейнелеген, қазақтың
көркем ойын бүкіл әлемге жеткізген шығарма.
Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы
бүкіл дүние жүзіне, қала берді – өз
отандастарына, керек десеңіз тіпті – қазақтардың
өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек
айтқанда, қазақ халқының ұлылығын –
оның өткен өмірін – тарихын, тарихының түбірлі
кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық
һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып
көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты
айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да, «Абай
жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен
ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта
таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ
боп кеткенін білмей қалған»[1,35].
Басында Мұхтар
Әуезов Абай туралы тек екі кітап жазумен ғана шектелмек
болған. Бірінші кітаптың атын «Телғара» деп
қойған. Кітаптың алғашқы нұсқасы
«Татьянаның қырдағы әні» деген атпен 1936 жылы
жазылып,1937 жылы басылып шыққан. 1940 жылдың күзіне
қарай кітап толық аяқталған соң баспаға
ұсынады. Бірақ кітап араб қарпінде жазылған соң
кириллицаға көшіргенде біраз уақыт өткен. Содан
соң соғыс басталып кетіп, кітап басу шегеріліп, жоспардан алынып
тасталады. Осы кезде баспасөзде қызмет істейтін Бейсенбай Кенжебаев
терімде жатқан, бірақ жоспардан алынып тасталған «Абай»
романын ешкімге айтпай тергізіп, оның редакторына сол кездегі жас жігіт
Қуандық Шаңғытбаевты қояды. Осылайша екеуі
жасырын, жабық жағдайда кітаптың жарыққа
шығуын жүзеге асырады [2,142].
Тамыры жоқ
ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Төрт томды
эпопеялық көлемді роман қазақ халқының
жарты ғасырлық әлеуметтік тұрмыстық,
отбасылық ғұмырын мейілінше дәл, айқын және
адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымының төрт мезгілінде
де бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде,
күн демей, түн демей толассыз өтіп жатады. Аталар буыны
Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі,
орта буын Абайлар, өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын
Әзімбайлар өмірінің тал түсі жас төл іспеттес,
бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді
сабақтас,жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір
мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық,
махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы
ретінде бейнелейді. Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу
арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда
көшпенділер мәдениетін тұтас көрсетіп беретін биік
деңгейге көтеріледі. Көші қонның
бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты,
мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар
қолданған кәсіби
әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады.
Теңсіздік, зорлық-зомбылық тіршілік үшін күрес
сарындары сабақтас жүреді. Жазушы негізінен өмірдің
табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу
құбылысын көрсетеді. Абадың он үш жасынан бастап
дүние салғанға дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен
басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен бірі
туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы да бастау
алып, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып,
құбылып өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген
мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл ашады, кәрі бәйтерек
құлайды.
Роман
бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты
өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі
таза шахарда үлкен
ұстаздардан білім алып жатқан шәкірттің оқуын
еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы
болған әке әрекеті зорлық. Қамқа мен Қодар трагедиясының
үстінен түскен соң, екіұдай көңілдің
мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып
бейнеленеді. Жас жүректі отқа қарығандай болған
осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала
қоршаған ортаға,үлкендер ортасына қорқыныш
көзбен қарап,бірте-бірте суық та қатал
шындықтарды сезіп қана қоймай,олардың әлеуметік,философиялық
астарлы мәндерін ұға бастайды. Көшпелі мәдениетке
тән этнографиялық, тұрмыс-салттық, наным-сенімдік,
құқықтық, әскери-саяси
көріністердің барлық белгілерін толық та кең,
терең де дәл қамтыған шығармада ерекше
ықшамдылық бар. Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп,
жетіліп, күресіп, шайқасып,жақсылы-жаманды тіршілік
кешіп,мерзімді уақыт өткен соң ажал тармағына ілінді.
Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да
қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас,тағы
да күрес. Әрбір тараудың аты бөлімде өтетін басты
оқиғаның қалпын дәл береді. Абай
өмірінің, жеке адам тағдырының бір шақтағы
болмыс-бітімін анықтайтын образдық- символдық мәні
күшті. Нұрлы, бақытты, сәулелі сәттерден
гөрі қайғылы, драмалы, трагедиялы сәттер көп.
«Абай жолының» бас кейіпкері – Абай. Біз ақын өмірінің
елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын
ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ
қоғамының барлық саласындағы өмірдің
барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле
суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы
және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық
тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын,
ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын…
бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде,
бұл ұғымның негізінде ұлттың
әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны
сөзсіз. Сондықтан да жазушы өз жағдайын
қоналқаға кем жетіп, өшіп қалған күл
арасынан болар-болмас шоқ тауып, оны өз демімен үрлеп,
жылытып, от тұтатқан жүргінші жолаушыдай сезінгені
мәлім. Құдайға шүкір, мақтан тұтар,
үлгі етіп алға ұстар данаға да, батырға да бай
елміз. Олардың елі үшін жасап кеткен еңбектерін даралап атап, туған халқымен
қайыра табыстырудан, тегінде, кенде емеспіз.
«…
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір
жұмбақ адаммын, оны да ойла
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен
жалғыз алыстым, кінә қойма!» [3,43]
Абай болашақ
ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл
өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне
бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді
жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы
торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сауле
төкті және таңы атып, күні шығатын
жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан
көрсетті. Жазушы алғашқы шығармасында-ақ
өмір мен өлімді қатар егіз алып, екеуін де тең
күйде бейнеледі. Жиырмасыншы жылдардағы жас Әуезов
әңгіме, повестерінің көбі адамдардың
ерікті-еріксіз ажалдарымен, өліммен аяқталады. Бұл енді тарих
сахынасынан кетіп бара жатқан кешегі көшпелі
өркениеттің мерт болуы деген идеямен сабақтас көркем
ой. Осы сарынның тереңдеген тасқыны «Абай жолы»
эпопеясының басынан аяғына дейін көрінеді: Қодар мен
Қамқаның зорлықпен жасалған қанды
өлімі,намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі,
ауыр сырқаттан көктей қиылған Әбіштің
аянышты өлімі, асарын асап, жасарын жасап, ұрпағын
өсіріп болған Зеренің разы өлімі,қатігез,
тасжүрек рубасыларының құрбандығына
шалынған титтей Кәмшаттың ащы өлімі, кезінде
қылышынан қан тамған Құнанбайдың
шымылдық астындағы
сопылық мінәжат өлімі, ең ақырында
халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен
үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімі бар.
Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс-
әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім
мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің
түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің
береке- бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі
құлай сүйіп, сол жолға барлық
қайрат-жігерін, өр талантын, сапалы ғұмырын арнаған-қазақ
халқының өрісті келешегі мәңгілік деген
асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту
әдістемесі, - Алматы: Рауан, 1997.
2.Омаров Д. Абайтану. - Алматы: Мектеп, 2002.
3.Тасболатұлы Қ. Қазақ әдебиеті пәнін
оқытудың әдіснамалық негізі. Тараз, 1999.