С.ТОРАЙГЫРОВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ТІЛ ЕРЕКШЕЛІГІ
М.Ильясова, Д.Досмак, Д.Еркебаева
Е.А.Бөкетов атын.Қарағанды мемлекеттік университеті,
КО-41 тобы студенттері
Ғылыми жетекші: профессор Мажитаева Ш.
Публицистика әлеуметтік-саяси құбылыстардан,
өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, мәдениеттің түйінді
мәселелерінен келелі ой қозғау, пікір айту үшін
таптырмайтын форма болып табылады. Әдетте
публицистикалық шығармада өмірді
көрсетуде қарапайымдылыққа,
келтірілген суреттің қоғамдық ойын
мазмұндауға бейім, мұнда образдық жүйе екінші
орынға қойылады. С.Торайғыров өзінің публицистикасында
материалға ерекше әлеуметтік, саяси тереңдік бере отырып,
публицистикалық бастамаға басты көңіл бөлген.
Өз пікірінің шындыққа сай екендігіне
оқырман көзін жеткізу үшін жазушы сұрақтар
қоя отырып, оған жауапты өзі қайтарып, болған
оқиға дәйектерін суреттейді. Мұнда сюжет емес,
публицистикалық тапсырма ұйымдастырушы элемент болып саналады.
Өмірдің әр қырын автор көкейіндегі
сұрақпен байланыстыра отырады. Публицистикалық туындыда автор
әлдеқайда кеңірек көсіле алады, оқырманның
санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей
әңгімелесіп, шүйіркелеседі, өзі суреттеген оқиға
туралы бірге ойласуға
шақырады.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1913 жылдары
жазған публицистикалық туындылары қазақ
халқының өмірінде болып жатқан сан қилы
оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді. Ол
публицист ретінде өз кезеңіндегі өмірдің өзекті
мәселелеріне үн қосып қана қоймай,
журналистиканың күрделі жанрларының бірі – очерк жазуда да
өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата
алған талант иесі. Саяси қайраткер қыруар
қоғамдық жұмыстармен қатар, публицистикалық
еңбектер жазып қана қоймай, редакторлық, баспагерлік
жұмыстарды да қоса атқарған.
С.Торайғыровтың әдебиет пен көркемөнер,
әлеуметтік мәселелер жайлы еңбектері өзінің
айтқан құнды ойларымен, насихаттаған идеясын
нақты дәлелдермен баяндауымен, оқушы көңіліне
ұялауымен «Айқапта» жарияланған сын мақалалардың
ең құндысы және өнегелісі болды [1,81].
1913-1914 жылдары
«Айқап» журналында редакциясына хатшы болып орналасады. Осы журналды
қызмет істеген жылдары әр өнерге бой ұрып,
өлең, әңгіме, мақаланы өндіріп жазған
кезі екен. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан»,
«Өлең және айтушылар», «Қазақ ішінде оқу,
оқыту жолы қалай?» деген проблемалық мақалаларын
жазады. Осы мақалаларымен қоса басқа да маңызы зор
кітаптары жазғаны туралы Сұлтанмахмұттанушы Б.Кенжебаев:
«...Бұлардан басқа да ол «Тентектің жинаған
шоқпары», «Тамшы» деген кітаптар жазып баспаға береді. Бірақ ол кітаптары жоғалып
кетеді» [2,6],- дейді.
1913 жылы
«Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?» атты
проблемалық мақаласында қазақ арасында оқу
оқытып жүрген молдалар туралы жазылған. Молда атанған
адамдардың ескі жолды таңдағандары да, жаңа жолды
таңдағандары да ғылым мен педагогикадан хабарсыз екенін
мақала авторы өкіне жазады. Бұл проблемалық
мақалада автор осы жолдан шығудың жолдарын ұсынады.
Ал енді, қалай оқытуға
керек? Бұлардың саны
қанша болса, сабақтары да сонша басқа-басқа әр
қайсынікі әр түрлі. Бірінің баласы жүйрік, бірінікі
жорға, бірінікі шабан. Бәрінің бастарын қосып
ұстайын десең, істің түбі жаманға айналатын
болған соң, амалың бар ма? ... Олай болғанда
әрбір бөлім басына күніне екі мезгіл оқытқанда
ең азы үш түрлі сабақ үйретуге керек. Бөлім басы үш сабақтан
күніне жеті бөлімге 21 сабақ болады. 21 сабақты
жақсылап үйретуге 21 сағат уақыт керек. Міне, сонда мейлің бұлбұл бол, мейлің дүлдүл бол, 21
сағаттың жартысы 10 сағат оқытатын шамаң бар ма?
Жоқ. Оған сен де, балалар да, мырзаң да шыдамайды.
Алдыңа келген баланы қуып жеңілейтуге
шамаң тағы жоқ, онда мүлдем қаражүз атанып
елден қуыласың, әрі жөндеп оқытуға
шамаң келмесе, әрі шамаңның жоқтығын
айтсаң, бұ күннің өзіне көп болатын болса,
«күл болмасаң бұл бол» деп тез-тез зуылдатып бірін біріне
тіркеп, ескі қу мүйіздердің ар жағында су мүйіз
болмағанда қайтесің ?[3,128]
Келтіріліп
отырған мысалда қолданылып отырған кейбір етістіктер
қазіргі қолданылып жүрген формаларынан өзгеше. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы
мерзімді баспасөз беттерінде шартты рай формалы етістік пен керек сөзінің тіркесі
қолданылған [4, 81]. Жоғарыда
келтірілген оқытуға керек
тіркесі қазір оқыту керек деп қолданылады.
Ал қазіргі қолданыста жүрген мейлі қыстырма сөзі мейлің
формасында жұмсалған. Сол сияқты жеңілейтуге тұйық райлы етістігі қазір жеңілдетуге формасында кездеседі.
С.Торайғыров
өзінің публицистикалық қарымын тіл, әдебиет,
өнер мәселесіне бұрған тұста оқырмандармен
тікелей әңгімелесіп, өзі әңгіме етіп
отырған мәселе турасында халықпен ойласуға
шақырады. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан»,
«Жаңа кітап», «Өлең һәм айтушылар», «Ескі
сөз» атты мақалаларында публицистикалық сарындағы
кең философиялық түйіндермен құнды мәселе
төңірегінде әңгіме қозғайды. Автор
ауқымды мәселелерді қозғап, қазақ
елінің зәру проблемаларын публицист көзімен көре
білген. Сол кездегі саясатты бағалай отырып, қорытындылары мен
тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бейнелейді.
Бұл туындыларда нақты өмір шындығын көркем
публицистикалық тұрғыдан ашып көрсетуге
бағындырған. Келтірілген фактілердің бәріне дерлік
көркем публицистикалық тұрғыда талдау жасауға,
өз қабылдауындағы, түйсігіндегі бейнені суреттеуіндегі
факті туралы әңгімелейді.
1913 жылы осы журналда
С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең
кітаптары жайынан» атты сыни мақаласы жарық көреді. Автор
бұл
мақаласында «Зарқұм», «Салсал», «Алпамыс» сияқты
қисса, ертегілердің
қазақ әдебиеттіндегі алып келген орнына тоқталады.
Мұнда да қазақ тілінде
шыққан өлең кітаптарының тілі, көркемдігі
жайынан үзінділер келтіре
отырып сынаған тұстары ұтымды. Бұл мақаласында
автор сол кезде шығып
тұрған газет-журналдар туралы: «Қазақ секілді
қараңғы, көшпелі халықтың
ішінде шыққан газет, журналдың малтықпай тез
жүріп, жеңіл кетулері сол
етпеттен тұруларының арқасы, өйтпесе, Самарқан,
Түркістан, Бұхара,
Ташкент жақтағы газеттер секілді адым жер шықпай, арбасы
төңкіріліп қала
берер еді. Олар мәдениетті болғаны қайда? Атам заман.
Ата-бабаларымыз
өнер-білімді сол жақтан іздеген»[2, 91], - дей келе, жаңа
газеттер мен кітапта туып тұрған кезде де
бұрынғыларымыз «хикаят» болса да тілі қазақша,
рухы қазақ рухына
жақын келетіндіктен де өзін сүйіндіруші еді деп пікір айтады.
Бұзылған қанымызды
түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға
пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жарыпсал жаңа
әдебиетіміздің «нысана нұсқаған қол,
көрсеткен жолы жоқ құр «қатын ойбайға»
айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң,
қазақ жазушылары-ау, алдарыңа салып, айтып отырмын:
құр ойбай дегенмен ойбайдың да ойбайы бар ғой,
жылаудың да жылауы бар ғой. Туыстағы тұрмыс дерті,
зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып
ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің
сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып
көңіл толғағын, жүрек түйінін
тарқатады. Мен анық ақ сүйек, аты жоғалмайтын
өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрінісі
қатын ойбай тұрсын, шайтан ойбай болып көрінсе де дәмі
бар, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қанның,
қиналған жанның, толғатқан
көңілдің, толғанған жүректің
сығындысы сол[3,141].
1912-1913 жылдар аралығында
«Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге»
(«Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат
не?», «Анау-мынау»,
«Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам
адам
болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі
түс пен бүгінгі іс»,
т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды.
1913 жылдың күзінде
Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты
хатшы болып
жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар»,
«Ауырмай есімнен
жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең
кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы
қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда
жариялайды.
Жаңа газеттер мен
кітаптарда өзге тілдің сөздері көп кездесетінін сынай
келе, публицист осы мәселеге аса көңіл бөлуге
шақырады. Қайда қазақ тілі, қайда
қайысқан назым деген сауал да қояды. «Бұзылған
қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып,
жанымызға пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жарыпсал жаңа әдебиетімізді
«нысаны нұсқаған қол, көрсеткен жолы жоқ
құр «қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән
көріп бара жатқан соң, қазақ
жазушылары-ау, алдарыңа салып айтып отырмын: құр ойбай
дегенмен
ойбайдың да ойбайы бар ғой, жылайдың да жылауы бар
ғой»,- дей келе,
туыстағы тұрмыс дерті мен анық аты жоғалмайтын
өнер туғызатын кез
келгенін айтады. Басқаларға қарағандай
пайғамбардың жүрегінен құйылған
құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық
аққұла Абай өлеңдерінің қасиеті
туралы публицист төгілте жазады.
А.Байтұрсыновтың
«Қырық мысалынан» үзінділер келтіре отырып, әділ, шын
деп баға береді. С.Торайғыров бұл сыни мақаласында қазақ
тілінде бастырмалатып жазылған көп кітаптарда қазақтың
иісі де жоқ екенін, рухы нашар, ана тіліміздің алаланып,
тілдің ағыны теріске
бейімделіп бара жатқан шындықты бүкпесіз жазады. Бұл
мақаланы жазып отырғанда сынап жазып отырмағанын, көзге
ұрып тұрған кемшіліктерге
шыдай алмай қолына қалам
ұстағанын автор былай жазады: «Бұларды мен мен сыншы болып
сынап жазып
отырғаным жоқ: сыншы болуға өзім сыннан өткен
кісі емеспін. «Сабасына қарай піспегі» деп көргенімше көзге
шыққан көсеудей сүйелдерін
ғана көрсетіп отырмын. Шын тездің қолына түсіп түзете бастаса, бір журналды бір кітаптың
сыны толтырара әдебиетімізді бар деп атауға болады» [2,95-б], -
дейді.
Публицистикалық туындыда автор әлдеқайда кеңірек
көсіле алады, оқушысының санасы мен сезіміне бірдей
әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп,
шүйіркелеседі, өзі суреттеген уақиға туралы бірге ойласуға шақырады.
Публицист сол кездегі замандастарының рухани көркі мен сыр-сипатын
жақсартуға шақырып, уағыздайды. Ол әр туындысында
өнер, әдебиет, құлдық мәселесі, дене
азығы туралы да айта келе, нәтижелі үгіт-насихат
жүргізгенін де айқын көруге болады.
Сонымен
қорыта келе, Сұлтанмахмұт Торайғыровты ХХ ғасыр
басындағы қазақ тұрмысындағы оқиғалар
мен құбылыстарды батыл, терең талдап, тартымды тілмен
жазған тегеурінді публицист деуге толық негіз бар.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Кәкішұлы Т.
Сұлтанмахмұттың «Айқаптағы» қаламгерлігі
хақында// Ақиқат, 1993. №6.
2. Кенжебаев Б. Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану
мәселесі
–Алматы: Қазақ университеті, 1968.
3. Торайғыров С. Екі
томдық шығармалар жинағы. 2-т. – Алматы: Ғылым,
1993. – 200 б.
4. Мажитаева Ш. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби
тілі. Оқу құралы. –Қарағанды, 2007. 234 б.