Ә.ӘБIШЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДИАЛЕКТIЛЕРДIҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Дүйсембекова А.Е., Рымбекова А.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, 4-курс

ф.ғ.д., профессор  Мажитаева Ш.М

 

«Жергілікті тіл ерекшеліктері» деген атауды алғаш қолданған, диалектология мәселелері туралы ең алғаш мақала жазған – Ж. Аймауытов. Жергілікті диалектілердің зерттеле бастауы XIX ғасырдың II жартысында Германия, Франция, Италия елдерінде кеңінен дамыған.

Диалектологияның жеке сала ретінде қалыптасуында қазақтың белгілі ғалымдары С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Ж.Досқараев, Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков, Ж.Болатов, Н.Жүнісов, Т.Айдаров, т.б. еңбектерін атауға болады. Диалект деген термин тілде жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктерді білдіреді. Говор (сөйленіс) – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі, говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін [1,4]. Көркем мәтінде диалектілік лексикалық ерекшеліктермен қатар, грамматикалық ерекшеліктер де кездеседі. Негізінен, қазақ сөйленісіндегі ерекшеліктердің көбі туынды сөздермен байланысты. Диалектілік туынды сөздер жасауға әдеби тілдегі барлық жұрнақтар қатыса бермейді  [2,16]. Мақаламызда Ә.Әбішев шығармаларында кездесетін диалектілердің грамматикалық ерекшелігін қарастырамыз. Оларды мынадай топтарға бөлуге болады:

1.Зат есімдердің қолданылуы

Бұл молаға бұрын да талай паналап өз үйіндей көріп кеткен бе қалай, ана екеуінің кәперіне іштеңе келер емес, бірі күжілдесе, екіншісі шіңкілдеп әр немені бір айтып аздан соң екеуі жарыса есіней бастады [3,14]. Бұл сөйлемдегі мола –  зират, өлген адамды жерлейтін көр мағынасында бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов, Ш.Уалиханов және Бурабай аудандарының тұрғындары қолданылады.

Көзге ілінері баланың бесігі, қақпағы шалқасынан ашық жатқан қара кебеже, жер төсек болып біріне-бірі жабыса жарасып жатқан құрым кигіз бен жамауының түтесі шыққан ала көрпе [4,17]. Бұл сөйлемдегі кигіз сөзі Қарағанды облысының Шет ауданының, Шығыс Қазақстан облысының Абай, Көкпекті, Ақсуат, Аягөз және Мақаншы аудандарының, Павлодар облысының Ертіс және Баянауыл аудандарының, Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауданының, Солтүстік Қазақстан облысының Ш. Уалиханов, Щучье және Еңбекшілдер ауданының, Ақмола облысының Атбасар ауданының, Қостанай облысының, сондай-ақ Моңғол Республикасы тұрғындары қолданады.

Әрі ою-өрнектері оңып кетпес үшін, әрі көрген жұртты ынтықтыра түсу үшін Шомбал ол үйін күнге күйгізбей, жауынға тигізбеу үшін ақ кенеппен кебіндеп қоятын [4,104]. Бұл сөйлемде кенеп сөзі диалект сөз болып табылады. Кенеп сөзінің екі мағынасы бар екен. 1. Қап. Бұл мағынасында Түрікменстан Республикасының Красноводск, Ашхабад аудандарының тұрғындары қолданады. 2. Сыйымдылығы қаптан кішілеу 50-60 килолық қап түрі. Бұл мағынасында Ауғанстан және Иран Республикасының тұрғындары қолданады.

− Нағашың қалтасын қақты, қарызға да батты, көнде жатқан астындағы бәйге күреңі. Қалтаң қалың болса көмектес нағашыңа, − деп Шомбал мырс-мырс күліп еді, балдызы оны қыли көзімен бір атты да қолындағы картаны лақтырып тастап тұрып кетті [3,107]. Бұл сөйлемдегі көн сөзінің диалектологиялық сөздіктегі мағынасы қыстау болып табылады [5,364]. Бұл мағынада Қостанай облысының Обаған ауданының тұрғындары қолданады.

Ол Сәулені қолтықтап осы өзенді жағалап, сонау көк жасыл мүйісті жағалап Кремльдің іргесімен барып, Қызыл алаңнан өтпекші еді... Соның бәрінің түстей жоғалкын қарашы [3,66]. Бұл сөйлемдегі мүйіс сөзінің диалектологиялық сөздіктегі мағынасы бұрыш [5,521]. Бұл мағынасында Ресей Федерациясының Орынбор қаласының тұрғындары қолданады.

Қырандай самғап барып сол шынарлы шыңға да шықты, батыр болып сол шынарлы шыңды дулыға етіп басына да киді, бірақ оның бірде-бірі місе болмады [4,4]. Бұл сөйлемдегі дулыға сөзінің диалектологиялық сөздікте екі мағынасын ашып көрсеткен. 1. Айыр түйенің өркешінің басындағы шуда [5,231]. 2. Үйдің шатырының қыры, биік жері [5,231]. Бұл мағыналарында Атырау облысының Маңғыстау, Шевченко аудандарының, Түрікменстан елінің Красноводск облысының, Ташауыз облысының, Теджен облысының, Қызылорда облысының, Арал қаласының, сондай-ақ Ресей Федерациясының Астрахан облысының тұрғындары қолданады.

 Русак дембелше бойы толған дүмшелік, өзінен төменгілердің бәріне өзін құдай етіп көрсеткісі келетін, сотқарлыққа бай, тығыршықтай денесін май басып, соғыс басталғалы тер сасып кеткен, көзге бірден түсе кететін кескіні бар адам еді [3,116]. Бұл сөйлемдегі дүмбелше сөзінің диалектологиялық сөздіктегі мағынасы сыйымдылығы 30 кг болатындай үлкен дорба [5,223]. Бұл мағынасында бұрынғы Талдықорған облысының Қаратал ауданының тұрғындары қолданады.

2.Сын есімдердің қолданылуы

Автор сындық мағынаны білдіретін диалектілік сипаттағы сөздерді де қолданған:

Бөлекбас Сәуледен мұндай сөзді еш уақытта күткен емес еді, сондықтан ол өзінің жаңағы сіресіп қалған кердең қалпынан лезде айрылып қалды [3,82]. Бұл сөйлемдегі кердең сөзінің диалектологиялық сөздікте екі мағынасын ашып көрсеткен. 1. Кердең – өңшең, ылғи [5,342-343]. Бұл мағынасында Талдықорған облысының Қаратал ауданының және Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгір ауданының тұрғындары қолданады. 2. Кердең – паң, менмен, дандайсыған [5,342-343]. Бұл мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауданының тұрғындары қолданады. Сөйлемде автор екінші мағынасында қолданған. Кердең сөзінің қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынандай мағыналары бар: 1. Керіліп-созылған, кербез, паң. 2. Ақылсыз, зердесіз, жөнсіз, қисынсыз [6,387].

− Сәулетай-ау, есің дұрыс па? Мұрнағы күні «қанды ауыз» деп едің, кеше «кеселсің» деп кекедің, бүгін былай деп нетесің. Андаусызда айтылған әнеугі бір сөздің жазасы ма соның бәрі, жоқ әлде жаңадан тағар айыбың бар ма маған [3,83]? Бұл сөйлемде кесел сөзінің диалектологиялық сөздікте екі мағынасын көрсеткен. 1. Кесел – керемет, мықты. Бұл мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат, Көкпекті, Абай аудандарының тұрғындары қолданады. 2. Кесел – кесір, қырсық. Бұл мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Абай, Таулы Қошағаш аудандарының тұрғындары қолданады [5,347]. Ал, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде кесел сөзіне мынандай анықтама берілген. 1. Ауру, сырқат, дерт. 2. Ауысп. Ұнамсыз дағды, жаман әдет. 3. Ауысп. Қайғы-қасірет, мұң [6,390].

Астындағы аты алдыңғы жағына қос құлағын тіге қалып кісінеп еді, жалдастау келген боз айғыр қалың жылқыны қақ жара арқырап шыға келді [4,78]. Бұл сөйлемдегі жалдастау сөзінің диалектологиялық сөздіктегі мағынасы жалды, жалы мол деп көрсеткен. Бұл мағынасында Қызылорда облысының Арал қаласының тұрғындары қолданады. Ал, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жалдастау сөзіне мынандай анықтама берген. Жалдастау – жалы тығыз, ұзындау [6,257].

Иттерді үргізбей, бейсауат жанды жүргізбей қойған Атамановтың жарлығына минут сайын алғыс айтып, алғыс айтқан сайын Иманға жабыса түсіп лапылдап жатыр [4,254]. Бұл сөйлемдегі бейсауат сөзінің диалектологиялық сөздіктегі мағынасы надан, сауатсыз [5,161]. Бұл мағынасында Ауғанстан, Иран Республикаларының тұрғындары қолданады.

Говорларда тек түбір күйінде қолданылмайтын тек –дай, -дей, -тай, -тей сияқты сын есімдер тудыратын жұрнақтар арқылы жасалатын бірқатар сөздер бар. Мысалы: Аумағы кедей ауылдың қотанындай, тереңдігі қырық кездей жер опырылып, шыңырауланып кетіпті [3,26]. Қотан – бір бөлек ауыл [5,462]. Бұл мағынасында  Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уалиханов ауданының тұрғындары қолданады. Бұл диалектологиялық сөздіктегі мағынасы болатын. Ал, енді түсіндірмелі сөздіктегі мағынасына тоқтала кетейік. Қотанмал түнейтін орын, қора [6,525].

3.Диалектілік үстеу сөздердің қолданылуы

Назгүл Мәдиге әредікте болса да көз қиығын салып өткенді ойлаумен болды [4,184]. Бұл сөйлемдегі әредік сөзі диалект сөз болып табылады. Диалектологиялық сөздікте әредік сөзіне екі мағына берілген. 1. Анда-санда, кейде [5,122]. Бұл мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауданының , Батыс Қазақстан облысының Маңғыстау облысының, Моңғол Халық Республикасының (МХР) тұрғындары қолданады. 2. Күзде немесе қыстың басында туған төл [5,122].  Бұл мағынасында Ақтөбе облысының Жұрын ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент ауданының, Қызылорда облысының Жалағаш аудандарының тұрғындары қолданатын диалект сөз болып табылады.

Албаты сөйлеп отырған Иман да осы ойдың маңынан шықты [4,264]. Албаты ‒ 1. Беталды, кездейсоқ мағынасында Таулы Қошағаш, Шығыс Қазақстан облысының Үржар және Абай аудандарының, Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауданының және Алматы облысының Кеген ауданының тұрғындары қолданады. 2. Кез келген [7,46]  мағынасында Моңғол Халық Республикасы (МХР) тұрғындары қолданады. 3. Текке, бекер, босқа мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат, Аягөз және Көкпекті аудандарының тұрғындары; 4. Бос [7,46] мағынасында Моңғол Халық Республикасы (МХР) тұрғындары; 5. Бөтен, жат [7,46]  мағынасында Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданының, Көкпекті және Шұбартау аудандарының тұрғындары қолданады.

4. Диалектілік етістік сөздердің қолданылуы

− Ей, Бүлдіргенов жолдас, сен не сөйлейтін болсаң, қазақ сөзін бүлдірмей қойыртпақтамай сөйлеші осы [3,61]. Бұл сөйлемдегі қойыртпақтау сөзі диалект-етістік сөз болады. Түбірі қойыртпақ – сорпаға айран немесе сүт қосып ішу [5,451]. Ауыспалы мағынасында екінші нәрсенің араласып кетуі, қоспа, былық [6,510]. Бұл мағынасында Жамбыл облысының Шу ауданының тұрғындары қолданады.

− Ойдағы қалың орысты қаптатып келмесе, бүғінгі жамсатыстан кейін бізді сонша жерден қуып келетін қазақ бола қоймас, дегенмен найзаларың қолдан түспесін [4,28]. Жамсату  -  жайрату, жусату, қыру деген мағынада  Атырау облысының Есбол ауданының тұрғындары қолданады.

− Әй, ақылдысың-ау, шабан торым, − деді ол Кәмештің арқасынан қағып, бірақ оның төсек жайған болып Мәдиге сүйкенгісі келгенін сезді де кері серпіп жіберді, − сен жаңағы шаруаңды қауза [4,240]. Бұл сөйлемдегі қауза сөзі қаузау етістігі – отты көсеу, қағыстыру мағынасында Шығыс Қазақстан облысының, Ақсуат ауданының, Көкпекті ауданының,  Шұбартау ауданының және Жамбыл облысының Сарысу ауданының тұрғындары қолданады.

Қорыта айтсақ, Ә.Әбішев шығармаларында кездесетін 200-ден астам  диалектілерді жинастырдық. Диалектологиялық сөздіктің көмегімен олардың Қазақстанның қай облыстарында және елімізден тыс тұратын қазақтардың сөйленісінде қолданылатынын анықтадық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы.- Алматы: Мектеп, 1979. – 201 б.

2.     Диалектологиялық іс-тәжірибе бойынша әдістемелік нұсқаулар / Құраст. Б. А. Қалиев. ‒ Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2012. ‒ 26 б.

3.     Әбішев Ә. Үш томдық таңдамалы. – Алматы: Жазушы. Т. 1: Роман, повесть, әңгімелер. – 1995. – 464 б.

4.     Әбішев Ә. Найзағай. Роман. Алматы: «Жазушы», 1969, 344 б.

5.     Диалектологиялық сөздік. ‒ Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. ‒ 800 б.

6.     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. ‒ Алматы: Дайк-Пресс, 2008. ‒ 968 б.

7.     Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі I т.. ‒ Алматы: Ғылым, 1996. ‒ 200 б.