СОТ ТЕРГЕУІНДЕ ТАРАПТАРДЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІГІ МЕН ТЕҢ ҚҰҚЫҚТЫЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ ЗЕРТТЕУ

 

Альшуразова Р.А., Бейсембаева А.О., Көшер Б.Ә.

 

М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

 

Сот тергеуі ҚР ҚПК 23-бабына сәйкес [1], тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады.

Қылмыстық сот ісін жүргізудегі бәсекелестікті әдетте, қылмыстық іс бойынша ақиқатты тану жолында өз дәйектерін ұсынуға, қарсы дәлелдемелерді жоққа шығаруға, сот алдында теңдей дауласуға тараптардың теңдігі деп түсіндіріледі.

Тараптардың теңдігі – сот талқылауы сатысындағы айыптау және қорғау мәртебесінің іс жүргізудегі теңдігі, дәлелдеу процесіне қатысу бойынша тараптар мен соттың қызметінің бөлінуі [2,102].

Ал, бәсекелестік элементтері болып табылады:

1) сотқа тиесілі істің шешімі қызметінен айыптау мен қорғау қызметінің бөлінуі;

2) тараптардың өз іс жүргізу міндеттерін орындауы және өздеріне берілген құқықтарын жүзеге асыру үшін сот қажетті жағдай туғызады; сот айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерінен басқа мүдделерді білдірмейді;

3) іске қатысушы тараптар (айыптау және қорғау) тең құқықты, өз айқындамаларын қорғауға бірдей мүмкіндік берілген;

4) соттың дәлелдемелерді толық, жан-жақты және объективті зерттеудегі белсенділік таныта отырып объективтілік пен бейтараптылықты сақтауы [3, 54].

Аталған қағидаға сәйкес, сот қылмыстық ізге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерінен басқа қандайда болсын мүдделерді білдірмейді. Осыған орай, бірнеше авторлар, мемлекеттік айыптаушының қызметін соттың жүзеге асыруына және алдын ала тергеудегі кеткен ахаулықтардың орнын толтыруға тиіс емес деген пікірде. Әрине мұндай пікірді қолдау өте қиын. Бәсекелестік қағидасы сот талқылауындағы соттың белсенділігін қолдайды, соттың белсенділігі керісінше бәсекелестік қағидасының бірден-бір маңыздылығын білдіреді деген И.Д. Перловтың пікірі орынды [4,102-103].

Қылмыстық ізге түсу, қорғау және істі соттың шешімін әртүрлі органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асыратынын аталған принцип нақтылаған. Осыған орай бірнеше процессуалистер, айыптау және қорғау тараптарымен соттың өкілеттіктерінің бөлінуі басты сот талқылауы барысында, оның ішінде сот тергеуінде анық орын алатындығын көрсеткен. Бірнеше авторлардың еңбектерінде бәсекелестік басты сот талқылауының нысаны ретінде қарастырылады. Мысалы, А.В. Смирнов «Бәсекелестік – ол принцип емес, ол сот ісін жүргізудің бір түрі» деп есептейді [5, 7]. Дегенмен біз қылмыстық іс жүргізуде бәсекелестікті дербес принцип ретінде қарастыратын процессуалист-ғалымдарды қолдаймыз. Бұл көзқарас ҚР ҚПК 23-бабына сәйкес, бәсекелестік принципін анықтаған мазмұнына негізделеді. Бәсекелестік, принцип ретінде іс бойынша іс жүргізу тәртібінің мәнін реттейді. Ал, оның қасиетін нақты іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру барысында бәсекелестік нысаны анықтайды. Бәсекелестіктің қаситеті ретінде, сот ісін жүргізуде жалпы, сондай-ақ жекелеген сатылармен немесе іс жүргізу әрекеттерімен сипатталауын бірнеші процессуалистер орынды айтқан [6, 27].

Осыған орай, сот тергеуінде айыптау тарабының қатысушылары болып: сот талқылауына міндетті түрде қатысушы айыптаушы (мемлекеттік немесе жеке), жәбірленуші, оның заңды өкілі мен өкілі; азаматтық талапкер және оның өкілі. Мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурор немесе оның көмекшісі қатысады. Сотта айыптауды қолдау, прокурордың істі соттың қарауына беруін білдіреді, яғни сотқа дейінгі сатыда өзінің басшылығымен жүргізілген тергеуде, сотталушының кінәлілігіне сенімі толық болғандықтан оған сот талқылауында жаза тағайындауға жеткілікті негіз бар екенін растаумен сипатталады. Яғни алдын-ала тергеу материалдарын сот отырысына ұсына отырып, оның сапасына тікелей жауаптылығын білдіреді, ал сот тергеуінде аталған материалдар бағалануға жатады.

Сот ісін жүргізуді тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы және кінәсіздік презумпциясы принциптеріне сәйкес, сот тергеуі барысында айыптау міндеттілігі тек қана айыптау тарабына жүктеледі, нақтырақ – бұл прокурордың міндеті. Сонымен қатар, айыптау міндеттілігі жәбірленушіге де жүктелуі мүмкін (жеке айыптау істері бойынша айыптау міндеті жәбірленушіге жүктеледі). Бірақ, прокурорға қарағанда жәбірленушінің айыптауды қолдауы, оның міндеті емес, құқығы болып табылады. Жәбірленушіні айыптау тарабына жатқызу, әрине оның тікелей қылмыспен келген залалы бойынша мүдделігімен байланысты екені белгілі. Сот тергеуінде жәбірленуші біріншіден, өзінің айыптау құқығын пайдалана отырып, белсенділік таныта алады, екіншіден, айыптауды прокурордың қорғауына байланысты сенімділік таныта отырып, төмен белсенділік танытуы мүмкін, үшіншіден, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша істің қысқартылуы туралы өз өтінішін білдіруі мүмкін (ҚР ҚПК 33-34 баптарының 1-бөлігі) [1].

Біздің көзқарасымыз бойынша, бәсекелестік ережесінің талабына орай, сот тергеуінде соттың белсенділігі жоғары болуы тиіс, сот талқылауы барысында соттың белсенділік танытуы орынды, себебі дәлелдеуде соттың белсенділік дәрежесінің қажеттілігін кеңейту керек. Сонымен қатар, соттар іс бойынша мән-жайларды анықтау бойынша қалыптасқан өкілеттіктерінде толық көлемде жүзеге асырмауы мүмкін. Ал, соттың міндеті ол іс бойынша ақиқатқа қол жеткізу.

Әрине, қылмыстық істегі бәсекелестік нысаны ақиқатқа қол жеткізудің бірден-бір кепілі.

Қазіргі таңда, қылмыстық іс бойынша ақиқатқа жету қажеттілігі мен мүмкіншілігі туралы көзқарастар қалыптасуда. Бірнеше процессуалистердің пікірі бойынша қылмыстық істе ақиқатқа жету мүмкін емес деп есептесе, келесі процессуалистер қылмыстық іс бойынша ақиқатқа жету мақсатынан құқықтық мемлекеттің бас тартуы мүмкін емес деп есептейді. Аталған көзқарастың оң екенін қолдай отырып, ақиқатқа қол жеткізу мақсатынан бас тарту, ол соттың шешімінің дұрыстығынан бас тарту, тіпті құқықтық мемлекеттен бас тарту деп түсінуге болады.

Сот тергеуінде дәлелдемелерді ұсыну және зерттеудің негізгі ролі қылмыстық процестің тараптарына, яғни айыптау мен қорғауға жүктелгені белгілі. Сот тергеуі барысында прокурордың ролі әлде қайда күрделі, дегенмен қылмыстық әрекет аталған сотталушымен жасалса, оның қылмысы дұрыс дәрежеленсе және іс бойынша оның кінәлілігі туралы дәлелдемелер толық, жан-жақты жиналса, онда прокурордың өз әрекетін жүзеге асыруда қиыншылық тудырмайды. Аталған шарттардың дұрыс орындалуы, ол сотталушының кінәлі еместігі туралы қорғаушымен ұсынылған дәлелдемелерді прокурордың жоққа шығаруымен байланысты. Сот тергеуінің мазмұны, қылмыс жасаған адамды әшкерелеумен ұштасқан прокурордың зерттеген айыптау дәлелдемелерімен ғана емес, сонымен қатар оның сот тергеуіне кәсіби дайындығынан, дәлелдемелерді ұсыну мен зерттеу барысындағы белсенділігінен және талқылау барысында туындаған мәселелерге уақытылы көңіл аудара білуінен, ол бойынша дұрыс және заңды шешім қабылдай алуынан, сондай-ақ ораторлық шеберін меңгерумен де байланысты болады.

Сот тергеуі барысында прокурор кез-келген тергеу әрекеттерін, яғни сотталушыдан, куәлардан жауап алу, сот тергеуінде жүргізілген басқа да тергеу әрекеттерінің жүргізілуінде әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, өз әрекетінің барлық нәтижесінің сот үшін маңызды екенін ескеру керек. Осындай жағдайда мемлекеттік айыптаушы дәлелдемелерді ұсынуда және зерттеуде тек өзінің ішкі сенімін ғана құру емес, сонымен қатар соттың дәлелдемелерді дұрыс бағалауына да септігін тигізеді. 

Дәлелдемелерді ұсыну нысанына мемлекеттік айыптаушы көбірек көңіл аударуы тиіс, себебі прокурор үшін сот тергеуінде қандай да қиын жағдай туындамасын, ол өз әрекетіне сенімді болуы керек. Тіпті сот тергеуі барысында әдейі дуалы жағдай туғызу керектігін, өзінің сенімділігімен сотты және қорғау тараптарын күмәндандыратындай жағдай туғызу керектігін де бірнеше роцессуалистер атап өтеді. Мұнымен де бір жағы келісуге болатын сияқты, себебі шынайы бәсекелесу жағдайы да осында. Ал, бір жағынан дәлелдемелердің жеткіліксіздігі прокурорды құтқара алмайды, яғни тек дауласу арқылы ешқандай нәтижеге жете алмайды.

Мемлекеттік айыптауды қолдаудың тиімді кепілі, ол қылмыстық істің материалдарымен толық және мұқият танысуы болып табылады, ол үшін сотта айыптауды қолдайтын прокурорды алдын ала тағайындау қажет. Өкінішке орай, тәжірибенің көрсетуі бойынша қылмыстық істің материалдарымен прокурорлардың сот отырысы алдында ғана танысу жағдайы да аз емес. Уақытында М.С. Строгович «сот талқылауы барысындағы барлық әрекетті прокурордың алдын ала мұқият ойластыруы керек» екендігін айтып өткен [7, 212]. Яғни, сот тергеуінде іс бойынша бірінші кезекте қандай дәлелдемелерді зерттеуге алу қажеттігі, басты назарды қандай дәлелдемелерге аудару керектігі, себебі істі толық суреттеу де осы әрекеттермен байланысты болады. Мемлекеттік айыптаушының қылмыстық істің материалдарымен толық танысуы, ол алдын ала тергеу барысында кеткен қателіктерді анықтауға, оны дер кезінде жоюға, сонымен қатар сол және басқа да дәлелдемелерді зерттеудің әдісін ойлауға мүмкіншілік береді.

Тәжірибе бойынша сот тергеуінде дәлелдемелерді ұсыну тәртібі қарастырылап жатқан қылмыстық істің ерекшелігімен, дәлелдемелердің мазмұнымен байланысты болады, оларға: 1) сотталушы өзінің кінәсін мойындауы (толық немесе ішінара); 2) қылмыстың санаттары; 3) қылмыстық істің күрделілігі, бірнеше эпизодтар бойынша қылмыстар; 4) сотталушылардың саны, олардың жас шамасы; 5) іс бойынша жиналған дәлелдемелердің жеткіліктілігі мен сапасы; 6) көп эпизодты істер бойынша әрбір эпизодтың дәлелденуі; 7) куәлардың, жәбірленушілердің айғақтарының өзгеру мүмкіншілігі; 8) куәлар мен жәбірленушілердің сот отырысына келу-келмеуі. Сот тергеуінде бірінші болып жеке дәлелдемелер зерттеледі, нақтырақ айтсақ, сотталушыдан, жәбірленушіден, куәлардан жауап алу, содан кейін сарапшының қорытындысы, заттай дәлелдемелер және іс жүргізу әрекеттерінің хаттамалары.

Мемлекеттік айыптаушылар, егер сотталушы өз кінәсін мойындаса бірінші кезекте сотталушыдан жауап алуға тырысады, содан кейін ғана өз кінәсін ішінара немесе кінәсін мойындаудан бас тартқан сотталушылардан жауап алынады, соның нәтижесінде қорғау айқындамасын анықтауға болады. Прокурорлардың көзқарасы бойынша, кейбір жағдайларда өз кінәсін ішінара немесе кінәсін мойындаудан бас тартқан сотталушылардан жауап алуды, тек жәбірленушіден және айыптау тарабымен шақырылған куәлардың жауабынан кейін жүргізген дұрыс деп есептейді. Бұл жәбірленушінің, куәнің айғақтары нәтижесінде өткен оқиғаны суреттеуге мүмкіншілік береді, сонымен қатар сотталушының қандай да айғақ беруіне септігін тигізеді.

Прокурор дәлелдеудегі белсенді тараптың бірі екені белгілі. Мұндай белсенділік, сотталушының іске қатыстылығын дәлелдеу, оның кінәлілігін дәлелдеу міндеттілігінің тек қана мемлекеттік айыптаушыға жүктелгенімен сипатталады. Қорғаушыға қарағанда мемлекеттік айыптаушы әрбір қылмыстық іс бойынша белсенділік танытуы тиіс. Сот тергеуі барысында іс бойынша сотталушының кінәлілігін дәлелдеу үшін мемлекеттік айыптаушы қажетті және жеткілікті дәлелдемелер ұсынуы тиіс, ол үшін қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес, сотта мемлекеттік айыптауды қолдау үшін сот тергеуінде жүргізуге болатын тергеу әрекеттерінің шеңбері жеткілікті. Дәлелдеу процесінде айыптаушының белсенділігінің қалай жүзеге асырылатыны ол көп жағдайда істің барысымен байланысты болады.

Сот тергеуінде жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерінің көлемі екі жүзді деуге болады: біріншіден прокурормен қатар айыптауды қолдайтын процеске қатысушы болып табылады, екіншіден, жәбірленушінің айғағы, ол дәлелдеменің қайнар көзі болып табылады. Ол сот тергеуінде басты мәлімет беруші «басты куә» десек қателеспейміз. Сотталушыға қарағанда айғақ беру жәбірленушінің құқығы емес, міндеті болып табылады.

Бәсекелесу құқығын тану – ол әрбір тараптардың іске қатысу мүдделілігіне орай өздері ұсынған талаптары мен негіздемелеріне бәсеке барысында теңдей құралдармен пайдалану құқығы.

Сот тергеуінде тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы негізінде, сот тергеуі субъектілерінің мақсаттарын, тараптардың қызмет шеңберінің ерекшелігін келесідей қарастыруға болады: сот процесіндегі тараптардың дербестігіне қарамастан, әрбір қызметтің тәсілі, алдын ала тергеу сатысының тәсіліне қарағанда, қарсы тараптармен тікелей бақылауда болады; айыптау мен қорғау қызметі бір-бірінің амалы мен айқындамасын қалыптастыруға септігін тигізеді; мемлекеттік айыптаушының қызметі әрдайым белсенділікті талап етсе, адвокат-қорғаушы өз белсенділік деңгейін өзі анықтайды; мемлекеттік айыптаушының белсенділігі, іс бойынша айыптау дәлелдемелерінің жиынтығы, қылмыстық істің тергелу сапасына, сонымен қатар, өз қорғауындағы адамның айқындамасы мен көзқарасы қорғаушының айқындамасына септігін тигізеді.

Осыған орай, сот тергеуіндегі тараптардың айқындамалары мен әдістерінің өзара сипатталуы, өзара бақылануы ол қылмыстық істің ашықтығымен, жариялығымен байланысты, сол себепті дәлелдеу субъектілері мақсаттарының бір-біріне қайшы келуі дәлелдеу процесіндегі таным қызметімен ұштасады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.   Қaзaқcтaн Pecпyбликacының Қылмыcтық-пpoцecтiк кoдeкci 4 шiлдe 2014 ж. № 231-V. – Aлмaты: ЮPИCТ, 2014.

2.   Абдиканов Н.А. Проблемы совершенствования главного судебного разбирательства по уголовным делам в Республике Казахстан (вопросы теории и практики): дисс. …докт. юрид. наук. – Алматы, 2005. – 294 с.

3.   Нуралиева А.С. Роль судебного следствия во всестороннем, полном, объективном исследовании доказательств по уголовному делу: дисс. …канд. юрид. наук. – Алматы, 1999. – 141 с.

4.   Перлов И.Д. Судебное следствие в советском уголовном процессе. М.: Госюриздат, 1955. – 248 с.

5.   Смирнов А.В. Модели уголовного процесса. – СПб.: Наука ООО Издательство «Альфа», 2000. – 224 с.

6.   Иванов А.В. Адвокат-защитник в судебном следствии: дисс. …канд. юрид. наук. – М., 2002. – 232 с.

7.   Строгович М.С. Курс советского уголовного процесса. – М.: Наука, 1970. – Т. 2. – 516с.