С.Н. Амангелдина педагог-психолог

 

 Семей қаласы «№30 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ,

Қазақстан Республикасы

 

Мектеп оқушыларының дүниетанымы мен ұлттық-рухани құндылықтарының қалыптасу мәселесі

 

Жеке тұлғаның ішкі жан дүниесінің қалыптасуына қоғамның рухани-мәдениетінің даму деңгейі мен салт-санасы ықпал етеді. Болашағынан ел үміт күтетін азаматтың өнегелі тәрбиесі-бүгінгі  күні  маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Қай  заманда болмасын, өсіп келе жатқан ұрпақты қоғамға сай тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру болмақ. Оның отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін және адамгершілік қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру- үлкен қажеттілік екендігі еліміздің  президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауында жан-жақты қаралған  [1].

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін жете меңгерген, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті  терең түсінетін шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу-өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Болашақ егеменді еліміздің жас ұрпақты жалпыадамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуде қазіргі жасөспірімнің дүниетанымы мен ұлттық рухани құндылықтарының қалыптасуы маңызды болып отыр.

Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін білімді болу – міндет. Білімді болғанмен ұлттық мәдениетті игермеген болса, ондай тұлға ұлт алдында “мәңгүрт”, мәдениетсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына ұшырайды.

Адамдардың бойында қалыптасқан қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.  Өзімізді- өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару мақсаты көзделеді.

Мектеп оқушыларының бойында ұлттық-рухани құндылықтардың негізіндегі білім  жүйесі және  гуманистік дүниетаным өлшемдері мен көрсеткішінің қалыптасуын және оқушылар  бойындағы ұлттық құндылықтарды құрметтеуге деген қасиеттерін және дүниетанымын анықтау мақсатында жалпы орта білім береті мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізілді:

1.     Қандай ұлттық мерекелерді білесің?

2.     Ұлттық ойындар туралы не білесің?

3.     Отбасы дегеніміз не?

4.     Адамның бойында ең жақсы қасиеттер қандай болу керек?

5.     Қандай тыйым сөздерді білесің?

6.     Төрт түлік малды ата.

7.     Қазақтың ауыз әдебиетінен сен  не үйрендің?

Бастауыш сынып оқушылары таратылған  сауалнамаға толық жауап беруге тырысқан. Ұлттық мерекелер туралы сұраққа оқушылардың көпшілігі Наурыз мерекесін атап, сол мерекеде ойналатын ұлттық ойындарды ғана білетіндіктерін жазған. Отбасы жайлы, адам бойында кездесетін ең жақсы қасиеттер туралы оқушылар өз ойларын толық  жеткізе білген. Тыйым сөздер мен төрт түлік мал туралы оқушылардың аз білетіні байқалды. Сондай-ақ, ауыз әдебиеті жайлы мардымды жауап болмады, оқушылар теледидардан көретін мультфильмдерді атаған. Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымы мен ұлттық-рухани құндылықтарының өлшемдері мен көрсеткіштері әлі де жүргізілетін жұмыс түрлерінің жан-жақтылығын қарастыруды қажет етеді. Отбасындағы ата- ананың баласымен қарым-қатынасының күнделікті қажеттіліктен аспайтыны, атап айтқанда, баласына керек деп санаған  материалдық заттармен ғана қамтамасыз етіп отырғаны белгілі болды. Ата-аналар балаларының дүниетанымы мен салт- дәстүр жайлы танымын арттыру мұғалімнің ғана жұмысы деп санайтындықтары байқалады.

Мектептің орта буын және жоғарғы сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша:  жалпы оқушы үшін ақпарат алу көздері – газет, журнал, теледидар, оқу әдебиеттері, ғаламтор және ең басты білім тұрғысында ақпарат беруші мұғалім болып есептеледі. Балалар аталғандардың ішінен теледидарды және ғаламторды ең негізгі ақпарат көзі деп санайды. Оқушылардың көпшілігін БАҚ ақпараттарының мазмұнынан жаңа білім алу емес, оларды көңіл көтеруге бейімделген бағдарламалар көбірек қызықтырады. Олар ақпарат алудың негізгі көзіне, бос уақыт өткізудегі басты құрал ретінде ең алдыңғы орынға ғаламторды  қояды. Болашақта әлеуметтік- кәсіби табысқа жету үшін оқушылар келесі құндылықтарды маңызды деп санады: денсаулық, материалды толық қамтылған өмір, жан-жақты даму, қызықты жұмыс, бақытты отбасы. Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білімдері толық қамды, қазіргі таңда қолданылатын салт-дәстүрлерді біледі. Ұлттық мерекелер туралы сұраққа оқушылардың көпшілігі  «Наурыз» мерекесін, «Тәуелсіздік» күнін және «Мемлекеттік рәміздер» күнін атап өтті.  Ата- бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтар, мәдени-мұра  және салт-дәстүрлердің маңыздылығын оқушылар атап өтті, олардың тәрбиелік мәнін және болашақта өз болысымызды сақтап қалуда қажеттілігін түсінеді, бірақ қазіргі таңда жасөспірім күнделікті өздеріне қажетті материалдық құндылықтарды  жоғары қояды. 

Абайдың атамыздың айтуынша, «адамгершілік — махаббат пен әділдік, олар барлық нәрседе болады  және  шешіледі», яғни  рухани тәрбие — адамдарды адамгершілікке, білімге, еңбек пен имандылыққа, бір сөзбен айтқанда, жан дүниесінің сұлулығына тәрбиелеу болып табылады [3]. Адам үшін жаудың үлкені оның бойындағы тойымсыздық, қанағатсыздық болып табылады. Егер адам өзінің тойымсыздығы мен қанағатсыздығын жеңе алса, оны руханилығымен көмкеріп отырса, онда оның рухы тазарады, өзіне-өзі  шектеу қоя алады. Адам баласы сонда ғана  не нәрсені болсын сабырмен қабылдап, өзіне қажетті дүниені қанағат тұтатын болады. Сонымен қатар келер ұрпақтың болашағы үшін толыққанды жетілген тұлға болып қалыптасуының маңызы өте зор. Жастардың бойында ең маңызды деген моральдық нормалар, әдет-ғұрып, адамгершілік, ар-ождан, адамға ізгілік әкелетін рухани құндылықтар  және  адами қасиеттер күнделікті жүзеге асып жататын құбылыс болуы керек дегенге қосыламын. Халық даналығының жас ұрпақты тапқырлыққка, өткірлікке, адамгершілікке баулуда тәрбиелік мәні жоғары. Бүгінде жаһандану үрдісі жүріп жатқан жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухани дүниетанымды сақтап қалу- үлкен міндет екені сөзсіз.

Егер мектеп оқушыларының  дүниетанымы және ұлттық-рухани құндылықтарының өлшемдері мен көрсеткіштерінің ерекшеліктері анықталып, соның негізінде бағдарлама жасалса, сонымен қатар педагогикалық жұмыс жүйесі құрылып, іс-тәжірибеге енгізілсе, онда оқушылардың ұлттық сана-сезімін, ұлтжандылық, толеранттық қасиеттерін, ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруға болады.  Мұндай жағдайда қарастырылып отырған оқу- тәрбие үрдісінің тиімділігі басты назарда болатыны сөзсіз. Бұл дегеніміз- оқушылардың тәрбиелілік деңгейінің жоғары болуына  ықпал жасау болар еді.

  

 

                  Пайдаланылған  әдебиеттер:

1.     2030 -стратегиясын жүзеге асыру-жастардың еншісінде          

Егемен Қазақстан. - 1998. - 6 қаңтар

                       2. Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Алматы. 2001. 3 том. 398 б.

             3.  Нұрмұратов С.Е., Сағиқызы А. Ұлттық рух мәселесі хақында //

              Халықаралық конференция материалдары. Алматы 2006. 176 б.