Г.Е. Төкешова, Ж.А. Арунова

ЖММ "Болашақ" Академиясы, Қазақстан

Кіші мектеп жасындағы үлгермеушіліктің психологиялық себептерінің негізі

 

Қазіргі заманғы қоғам дамуының әрекеті, әлемдік және отандық педагогика, психология ғылымдарының жетістіктерін, әсіресе, дамыта оқыту, оқушылардың даму ерекшеліктері туралы проблемалар, ұзақ жылдар бойы ерекшеліп жинақталған мектептің озық тәжірибесі негізгі мектептің бастауыш сатысында білім беру мақсатының приоритеттерін түбегейлі өзгерту қажеттігін туғызып: бірінші кезекке, бұрынғыша оқушыны пәндік білім, білік, дағдыларының белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде оқушылардың жеке бас тұлғасын тәрбиелеу мақсаты қойылды. Білім беруде оқушының тәрбиесі мен дамуына приоритет берілуі, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім Заңы мен Қазақстан Республикасындағы Жалпы білім беретін мектептердің тұжырымдамасына орай мектеп құрылымы мен оның қызметіндегі өзгерістер оқушыларға сапалы білім беруді талап етеді.

Мектептегі оқу жұмысының сапасы мұғалімнің оқушылардың оқу әрекетін дұрыс ұйымдастыра білуіне, оның тиімділігін мейлінше жетілдіре білуіне байланысты болады. Оқушылар әрекетінің ең басты және жетекші түрі-оқу. Ол алдын-ала жасалған жоспар мен бағдарлама бойынша мұғалімнің басшылығымен жүйелі түрде іске асырылып отырылады. Сондықтан, оқу басқа іс-әрекеттерге қарағанда, оқушылардың таным қабілетін дамытады, дүниеге адамгершілік көзқарасын бірте-бірте қалыптастырады. Оқу-баланың өзінің танымдық белсенді әрекеті.

Мектепке бару-бала өміріндегі шешуші кезең. Ол өмір мен іс-әрекеттің жаңа күйіне, қоғамдағы жаңа орынға, үлкендер және құрдастарымен жаңа қарым-қатынастарға көшу болып табылады.

Жеті жасар бала мектеп табалдырығынан аттасымен-ақ оқушы болады. Оның өмірінде ойын әлі маңызды орын алғанымен осы уақыттан бастап ол біртіндеп басымдылық рөлін жоғалта бастайды. Бастауыш мектеп оқушысының жетекші іс-әрекеті оның мінез-құлық мотивтерін елеулі түрде өзгертетін, оның танымдық және адамгершілік күштерін дамытудың жаңа көздерін ашатын оқу болады[1].

Үлгермеушіліктің мәнін толық түсіну үшін үлгермеуші оқушылардың ерекшеліктерін анықтап, қарастыруғы болады. Үлгермеуші оқушыларға тән жалпы ұқсастық болғанмен, олар бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Күнделікті олармен жұмыс тәжірибесінде, үлгермеушіліктің әрбір нақты жағдайын, әрбір оқушымен жекелеген жұмыс істеу жолдарын талап ететіндей, үлгермеушіліктің түрлі ерекшеліктерімен кездесіп отырамыз .

Көптеген авторлар үлгермеуші оқушыларды әр түрге топтаудың негізі етіп өздері зерттеп анықтаған үлгермеушілік себептерін алған. Көбінесе, осылайша Л.С.Славина ұсынады: үлгермеуші оқушылардың түрлері Славина бойынша басымырақ себептеріне байланысты бөлінеді. Үлгермеушілердің бір тобын оқуға деген түрткісі жоқ оқушылар құраса, ал екінші тобын оқуға деген қабілеті жоқ балалар, ал үшінші түрін оқу дағдысы дұрыс қалыптаспаған, дұрыс жұмыс істей алмайтын балалар құрайды.

Жас ерекшелігіне байланысты оқушылардың үлгермеушілік себептері де әртүрлі.

Бастауыш сыныпта балалардың білімге құмарлығы, айналасындағыларға қызығушылығы, қоғамдық маңызды іс-әрекеттерді орындауға талпыныстары оқуға деген оң көзқарасты және соған байланысты эмоционалдық мазасыздықты тудырады. Оқуда артта қалу, жаман бағалар көбінесе оларды жылауға дейін апарып, күйзеліске түсіреді. Оқуда артта қалушылық, олар үшін жаман баға алу болып табылады.

Ал, жасөспірімдердегі үлгермеушілік-бұл оқушының оқу тапсырмасына деген зейіннің аз болуы. Бірақ олардың өмірге деген іс-әрекеттері кеңейеді, яғни спортпен шұғылданады, ойындарға көп барады т.б. көрінеді. Көптеген жасөспірімдер орта мектеп жасында үлгерімі төмендер қатарына ілігеді [2].

Сонымен қатар көптеген жылдар бойы үлгермеушіліктің мәселелерін Н.А. Минчинская басқарған ғалымдар тобы зерттеп келген. Олар оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін негізіне «үйретілу» түсінігін алған, яғни оқу іс-әрекетінің әдістері мен оқуды меңгеруіне байланысты оқушының алғырлығы. Олар үлгерімі төмен оқушыларды үйрете отырып және олардың ойлау деңгейін зерттей отырып, олар дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алмайды, оларға көптеген қасиеттері бойынша ұғымдарды жалпылау қиындық туғызады деген қорытындыға келген. Ондай оқушылардың абстракциялау және жалпылау деңгейі әдетте өте төмен болатындығын дәлелдеген.

Үлгермеуші оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін сипаттай келе, үлгермеушіліктің негізінде жатқан психологиялық себептердің көпшілігін 5 топқа біріктіруге болады.

1 топ-жүйке жүйесіндегі жекедара психикалық ерекшеліктер:

2 топ- таным әрекетіндегі жетіспеушілік;

3 топ-мотивациялық сфераның дамуындағы кемшіліктер;

4 топ- өзін-өзі бағалау мен талаптану деңгейінің теңсіздігі;

5 топ- оқуға басқалардың әсері [3].

Үлгерімі төмен оқушылардың ақыл-ой әрекетінің жеке бастық параметрі қалыптаспаған, білім қоры аз, жағымды ақыл сапалары қалыптаспаған.

Нашар оқудың алдын алу үшін артта қалу мен үлгірімінің төмендеуінің себептерін анықтау қажет. Ойлау деңгейі төмен оқушыларға психологиялық көмекті ұйымдастыру қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. С.Б.Бабаев. Бастауыш мектеп пдагогикасы. Алматы, 2001. Б. 354.

2.Ж.Қ.Дуйсенова, Қ.Н.Нығметова. Балалар психологиясы. Алматы, 2012. Б.299.

3.Э.Маханбетова. Үлгермеушілікті болдырмау жолдары. Алматы,2008. Б.265.