Экономические науки/13.Региональная экономика.

 

Аркенова Ж.Р.  магистр, аға оқытушы

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті        

                                                       

ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет және әлемдік экономикалық қауымдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде қалыптасуы мен дамуы кеңістіктік дамудың ғаламдық экономикалық тоқырауларына қарамастан тепе-тең де тұрақты даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Егемендік алғанға дейін 70 жыл бойы еліміз одақтас республика болып, өзіндік өңірлік саясатты жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болмады. Неғұрлым маңызды стратегиялық объектілерді тұрғызу мен орналастыру жайлы шешімді Одақ орталығы қабылдады. Қазақстанның тәуелсіз дамуының соңғы екі онжылдығында әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың аймақтандырылуын ғылыми және бағдарламалы-нормативтік қамтамасыз ету, өзіндік өңірлік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру жолында шешуші қадамдар жасалды.

Осылайша, 1996 жылдың өзінде ҚР Үкіметінің Қаулысымен өңірлік саясаттың алғашқы Тұжырымдамасы бекітілсе, ал 2001 жылдың 7 желтоқсанында (№1598 Қаулы) 2002-2006 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік саясатының екінші, толықтырылған Тұжырымдамасы бекітілді [1]. Елдің территориялық дамуын болжамдау қажеттілігіне байланысты 2000  жылы ұзақ мерзімді өңірлік бағдарламаларды өңдеу қалпына келтіріліп, шаруашылық етудің нарықтық тәсілдерінің ерекшеліктерін ескере отырып Қазақстанның 2015 жылға дейінгі өндіргіш күштерді орналастыру мен дамыту Сызбасы құрылып (2000 жылдың 7 наурызындағы №367 Қаулы), 2006 жылы бекітілген Қазақстанның 2015 жылға дейінгі территориялық даму Стратегиясы [2] қалыптастырылды.

  Қабылданған шаралар мен жағымды факторлардың ықпалына байланысты соңғы жылдары Қазақстанның көптеген өңірлері экономикасының артуы байқалуда. Алайда, негізгі өңірлік мәселелер әлі де болсын шешілмеген. Өңірлік дамудағы күрделі теңсіздіктер жойылмады. Нарықтық реформалардың нәтижесінде экономикалық өсім, іскерлік және инвестициялық белсенділіктің көшбасшылары болған шикізат пен жанармайды экспортқа жабдықтайтын өңірлер ұтысқа ие болды. Аталмыш өңірлер шетелдік капитал үшін неғұрлым тартымды болды.

Нәтижесінде Қазақстанның өңірлік саясатын анықтайтын алғашқы екі құжатта көрсетілген типологиядан өзгеше өңірлердің жаңа иерархиясы қалыптасты. Егер бұрындары республиканың экономикалық профилін Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар сияқты индустриалды дамыған облыстар анықтаса, ал қазір Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және жартылай Қызылорда сияқты мұнай мен газды өндіріп, экспорттайтын өңірлер, сонымен қатар Астана мен Алматы қалалары сияқты сауда-банктік капиталды шоғырландыру орталықтары басым болып отыр.

Осылайша, Қазақстанның өңірлік дамуы бойынша қабылданған бірқатар бағдарламалық құжаттарға қарамастан, аталмыш саладағы өзекті мәселелер болып келесілер қалды:

- экономиканың «шикізаттық» және «шикізаттық емес» бағдарланған территориялары арасында халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша үлкен айырмашылық;

- бірқатар өңірлерде, оның ішінде шикізат өндіруші өңірлерде қала және ауыл халқының өмір сүру деңгейіндегі үлкен айырмашылық; өңірлердің негізгі өмір сүру көрсеткіштері бойынша орташа республикалық деңгейден артта қалуы;

- көптеген территориялардың индустриалды дамуының төменгі деңгейі;

- мәселелік өңірлер мен депрессивті шағын қалалардың болуы;

- көптеген өңірлер экономикасының  рационалды емес құрылымы;

- бірегей ұлттық нарықтың дамымауы;

- елдің бірқатар өңірлеріндегі күрделі экологиялық жағдай.

Дамудың алдыңғы кезеңінен мұраға қалған және жаңа экономикалық және саяси жағдайларда одан да бетер күрделене түскен өзекті мәселелердің болуы мемлекеттің өңірлік саясатқа түзетулер енгізуі мен оны жүзеге асыру механизмдерін жетілдіруін талап етеді.

Сондықтан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына Жолдауында көрініс тапқан «Көшбасшылыққа қазақстандық жол» атты 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың басты міндеті [3] болып экономиканы постдағдарыстық дамуға дайындау табылады. Аталмыш мәселенің шешілуі, ең алдымен, локальды, өңірлік деңгейде жүзеге асырылуы тиіс, себебі көзделген шараларды өңірлерде жүзеге асырудан ел экономикасының тұрақты да тепе-тең дамуына қол жеткізу мүмкіндігі тәуелді болады. Оған тек жаңа өңірлік Стратегияның өңделуін қарастыратын өңірлік дамуды реформалау арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Қазақстан өңірлерін дамытудың аталмыш Стратегиясы болашақта әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінің шешілуін, қолайлы қоршаған орта мен табиғи-ресурстық потенциалды сақтауды, адамдардың қазіргі және келешек ұрпағының қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл төмендегі қағидалардың сақталуы барысында жүзеге асырыла алады:

- алуан түрлі қажеттіліктері бар адам назардан тыс қалмауы тиіс;

- өңірлердің тұрақты да тепе-тең дамуы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелердің үшжақты шешілуін қарастырады;

- тұрақты дамудың стратегиялық мақсаты болып тек қазір өмір сүріп жатқандар үшін ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа қолайлы өмір сүру жағдайын жасау табылады.

Экономикалық теория мен әлемдік тәжірибеде өңірлік саясаттың негізгі ережелері әрекет етуші шынайылықтардың өзгеруімен дами түседі - әлеуметтік әділдік қағидасы бойынша бұрынғы қайта бөлу нұсқасынан бас тартып, шаруашылық тиімділік, кешенділік пен тұрақтылық қағидасына көшу. Өңірлік саясатты қалыптастыруға қатысты жаңа тәсілдемелер экономикалық, әлеуметтік және экологиялық құраушылардың өзара байланысты үйлесімділігі негізінде құрылып, қазіргі уақытта және болашақта өңір мен оның халқының артушы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс.

Сол уақытта өңірлік саясат мәселелік өңірлерді іріктеулі түрде мемлекеттік қолдау жолымен бюджеттік шығындардағы ағымдық ауданаралық айырмашылықтарды азайту саясатынан территорияны жақсарту және инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді саясатына, яғни экономикалық өсім орталықтарын қалыптастырудың өңірлік стратегиясына трансформациялануы тиіс. Мұнда, ең алдымен, экономикалық қатынастардың қайта құрылуы жайлы -  ресурстарды пайдалану экономикасынан әр өңірде оларды жүйелі ұдайы өндіру экономикасына көшу жайлы айтылуы тиіс.

Тепе-тең және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға бағдарланған өңірлік стратегия Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның өзіндік дамуы үшін жағдай жасап, ел және оның өңірлері қызығушылықтарын ескере отырып, өзінің әлеуетін максималды толық пайдалануын қамтамасыз етуі тиіс.

Тұрақты территориялық дамудың стратегиялық мақсаты республикалық және халықаралық еңбек бөлінісіндегі оптималды мамандануы, ресурстық әлеует пен бәсекелік артықшылықтарын пайдалану негізінде барлық өңірлердің үйлесімді дамуы мен ел қауіпсіздігі, бірегей экономикалық кеңістікті нығайту мен территориялық тұтастықты қамтамасыз етуден тұрады.  Мұнда жаңа өңірлік стратегияны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде өңірлердің даму деңгейі бойынша теңсіздікті жылдам жою, неғұрлым артта қалған өңірлерді тарту, өңіраралық интеграция процесін күшейту қажет. Бұл халықтың нақты табыстарының күрделі өсуі барысында өндірістік, әлеуметтік сала мен экологияға инвестициялардың (жеке және мемлекеттік, отандық және шетелдік) күрт артуы барысында мүмкін болады.

Бірегей республикалық өңірлік стратегияны жүзеге асыру елдің әлеуметтік-экономикалық стратегиясы және ресурстық мүмкіндіктерінің барлық бағыттарымен бірге стратегияны жүзеге асыру бойынша нақты шараларды анықтауға қатысты міндеттердің шешілуіне негізделуі тиіс. Басқаша айтсақ, өңірлік стратегия қалаулы мақсаттарды мемлекеттің қазіргі таңда қолындағы қаражаттарымен жүзеге асырылуы тиіс. Республикалық өңірлік стратегияның көмегімен шешілуі тиіс барлық мәселелерді өңіраралық экономикалық қатынастарды дамыту және табиғат пен қоғам теңдігін сақтау негізінде Қазақстанның бірегей әлеуметтік және экономикалық кеңістігін нығайту сияқты басты мақсатпен үйлестіру қажет.

Осының барлығы республикалық өңірлік стратегияға қатысты жаңа тәсілдемелердің жүзеге асырылуын талап етеді. Егер бүгінгі күнге дейін қаржылық теңестіру қағидасы басым болып, саясаттың өзі тек бюджетаралық қатынастармен байланысты ғана болса, ал кейіннен территориялық даму, қоршаған ортаны қорғау, республикалық бюджеттен қаржылық қолдауды талап етпейтін бағыттарда өңірлердің өз күштеріне назар аударылуы тиіс. Осылайша, өңірлік теңсіздіктің әлсіретілуіне ресурстарды өңірлер арасында бөлу арқылы емес, өңірлердің өзіндік даму жолдары мен көздерін іздеу негізінде қол жеткізілетін өңірлік стратегияның жаңа тұжырымдамасына көшу қажет.

Алайда өңірлер арасындағы осындай әлеуметтік-экономикалық теңдікке қол жеткізуді тек ұзақ мерзімді жоспар ретінде ғана қарастыруға болады. Табиғат пен қоғамның теңдестірілген өзара әрекеттестігі негізінде тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, республиканың барлық өңірлерінде тең түрде халықтың өмір сүру деңгейін көтеру қазіргі жағдайда күрделі мәселе. Әрине, барлық өңірлерде қаржылық көмекті пассивті пайдаланудан территориялардың экологиялық және әлеуметтік императивтерін екеретін мықты да бәсекеқабілетті өндірістерді құруға біртіндеп көшу үшін жағдай жасау қажеттілігімен келіспеуге болмайды. Бірақ қазіргі кезеңде интеграциялық кеңістікті нығайту, мәселелік өңірлерді қолдау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекет ролінің күшейту қажеттілігін жоққа шығаруға да болмайды. Және тек бюджет жүйесін нығайту арқылы ғана өңірлік дамуда көбінесе меншік қаражаттарына сүйенетін саясатқа кезеңдік көшуге болар еді.

Тұрақты экономикалық өсім, Қазақстан экономикасының бәсекеқабілеттілігінің артуы, адами капиталдың дамуы тек елдің экономикалық кеңістігінің бірлігін қамтамасыз ету барысында ғана мүмкін болады. Еңбек ресурстары, капитал, тауарлар мен қызметтердің өңаралық қозғалысы жолында әрекет етуші тосқауылдар түрлі өңірлерде кәсіпкерлік және инвестициялық іс-әрекетпен айналысуда тосқауыл болып, экономикалық өсім қарқындарының төмендеуіне, халықтың кең топтарының әл-ауқатының нашарлауына әкеледі. Осындай жағымсыз құбылыстарды жою, елдің тұтастай территориясында жалпыұлттық мәселелерді шешуге ұмтылу республикалық деңгейде барлық биліктік және қаржылық өкілеттіктердің орталықтануына әкелмеуі керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру, кедейлік деңгейін төмендету, қазақстандық экономиканың бәсекеқабілеттілігі негізінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ресурс жинақтаушы және табиғат қорғау технологияларын енгізу мақсаттарыне экономикалық және қаржылық орталықсыздандыру артықшылықтарын белсенді пайдаланумен қол жеткізу қажет.

Біздің ойымызша, елдің территориялық даму стратегиясының басты міндеттері ретінде келесілер қарастырылуы тиіс:

- өңіраралық кооперация мен белгілі елдер және олардың өңірлік топтарымен тиімді ынтымақтастықты күшейту негізінде экономикалық кеңістіктің тұтастығын нығайту;

- адами, табиғи-ресурстық, өндірістік-техникалық әлеуеттері, бәсекелік артықшылықтары мен өңіраралық және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін пайдалану негізінде өңірлердегі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;

- артта қалушы өңірлердің экономикалық потенциалын ынталандыру жолымен экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлері бойынша өңірлерді жақындастыру.

Жаңа өңірлік стратегияны жүзеге асыру үшін көлік және энергетикаы арту мн дамыту, орналастырудың жаңа жүйелерін құру, жаңа өңірлердің табиғи ресурстарын игеру, барлық өңірлердің тұрақты даму моделіне көшуіне дайындалуы үшін жеткілікті уақыттық горизонт қажет.

Ол үшін кем дегенде 15-20 жыл қажет, және территориялық даму мәселелерін осындай ұзақ өңдеу ортақ стратегияны әрі қарай жалғастыру үшін негіз бола алады.

Негізінен, Қазақстанның тұрақты территориялық даму стратегиясы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына территориялық факторлар, табиғи-географиялық және тарихи шарттардың жағымсыз әсерін азайту және қолайлы әсерін максималды пайдаланудан тұрады.

Жоғарыда айтылғанды түйіндей келе, мынадай қорытындылар жасауға болады:

- өңір стратегиясын жүзеге асыру, мысалы, Сырдария көлінің жағалауын нығайту бойынша, Солтүстік Аралды жандандыру, автобандар тұрғызу, туристік орталықтарды дамыту бойынша ірі жобаларды қаржыландыру сияқты шараларға республикалық бюджет қаражаттарының тартылуын талап етеді. Бірақ, салалық және территориялық стратегияларды өңдеу бір уақытта жүзеге асырылуы тиіс, бұл тұтастай ел ауқымында олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктерін арттырады;

- қабылданатын шешімдер сапасын арттыру үшін стратегияның негізгі мақсаттары мен міндеттерін оны кейіннен жүзеге асыратын кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілерімен келістіру қажет. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі территориялық даму Стратегиясының, өңірлік стратегиялардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жасау қажет;

- облыстар, тұрғылықты пункттердің әлеуметтік-экономикалық даму стратегияларын жүзеге асырудың қажетті шарты болып Қазақстан территорияларын кеңістіктік дамытудың Бас сызбасын өңдеу табылады, оның басты міндеттерінің бірі – көлік, энергетикалық, инновациялық сияқты негізгі инфрақұрылымдық стратегияларды территориялық синхрондау;

- «өсім нүктелерін» дамыту қағидаларына негізделген өндіргіш күштерді территориялық орналастыру тұжырымдамасы жарқын болашақта «желілік даму әсері» тұжырымдамасымен толықтырылуы тиіс. Мұнда өмір сүру және қызмет ету үшін жағымды қалалар мәртебесін қалыптастыру тәжірибесін пайдаланатын орта және шағын қалалар, жақын орналасқан тұрғылықты пункттерді кешенді дамыту шекараларын нығайту және кеңейту туралы айтылып отыр.

Әдебиет:

1. 2002-2006 жж. арналған Қазақстан Республикасының өңірлік саясат Тұжырымдамасы, 2001 жылдың 7 желтоқсанындағы ҚР Үкіметінің №1598 Қаулысы// ҚР САПП, № 45-46, 2001ж.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі территориялық даму Стратегиясы. 2006 жылдың 28 тамызындағы ҚР Президентінің №167 Жарлығы.