Экономические науки/ 16.Макроэкономика

Теңізбаева Д.С., экономика магистрі

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

Оспан Н., студент

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚОҒАМДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ ОРНЫ МЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІ 

 

Қазіргі қоғамымыздың ең ірі әлеуметтік тобы болып саналатын ел жастарына жан-жақты көмек көрсетілуі – Елбасы ұстанымдарының бірі. Еліміз тәуелсіздік алғалы жастардың мәселесі назардан тыс қалмай, оларға қосымша жаңа міндеттер артылып келеді. Елбасымыздың қазақстандықтарға арналған жыл сайынғы Жолдауларында жастар үлкен көңіл бөлініп, олардың жағдайы күннен-күнге жақсаруда. Ұлт Көшбасшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында да жастар мәселесі басты назарда болды.

Еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаттары - ол жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру, жастар шығармашылығын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастар арасында қылмысты болдырмау, отаншылдық құндылықтарды әспеттеу, жастардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа да жан-жақты жағдай жасау, рухани-адамгершілік, интеллектуалдық және физикалық әлеуетінің, әлеуметтік мәртебесі мен экономикалық жағдайын, саяси, құқықтық, экологиялық және рухани мәдениетін көтеру болып табылатыны ескерілуде.

Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды жас ерекшеліктер және сонымен байланысты қызмет түрлерінің негізінде пайда болатын топтасқан көпшіліктің жалпылама жиынтығы ретінде айқындайды. Қысқа мағынада, жастар–жас адамдардың әлеуметтік жағдайының ерекшелiктерi, олардың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы орны мен қызметі, ерекше құндылықтары мен мүдделері негізінде бөлінетін әлеуметтік-демографиялық топ. Әлемде БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 15-пен 24 жас аралығындағы жас азаматтар 1,3 миллиард шамасында. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп атау қабылданған.

Жастарға қатысты мәселелер қашанда бірінші кезекте болуы және бәріміз­ді де толғандыруы тиіс. Себебі ел ертеңі жастарымыздың тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі бо­луы өте маңызды. Өйткені на­рық экономикасы басталған тұс­та оқи алмай қалған немесе өз­дері де оқуға жеткілікті мән бер­меген кейбір жастар қазір бірі базарда, бірі көлік сатып алып, «таксист» болумен күн көріп жүр. Жастар масылдыққа бой алдыратын болса, мемлекет­тің де болашағы болмайды! Сондық­­тан Елбасымыз жас­тар­дың бі­лім алуына өте үлкен мән беріп отыр.

Елдің ел болып, оның болашағының баянды да тұғырлы болуы, сол елдің жастарының қолында. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың елімізді әлеуметтік жаңғырту бағытындағы тапсырмалары, одан туындайтын міндеттер аудан тұрғындары арасында, әсіресе жастар ортасында қызу талқыланып жатқанын атап өту керек. Әлеуметтік қорғаудан – әлеуметтік өрлеуге бағытталған Елбасының «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық тұжырымдамасында қазақстандық дамудың мақсаттары мен міндеттері жайлы және ел жастарына деген қамқорлық, оларға барынша жағдай жасау толық айтылған.

Соңғы жылдар ішіндегі экономикалық реформаларды талдау жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсе түскендігін көрсетті. Сонымен бірге жастарды жұмысқа орналастыру да төмендеп кеткен. Ресми жағынан алғанда, жас еңбек ресурстарының саны айтарлықтай жоғары, бұл жұмыссыздардың өсе түскеңдігін болжауға мүмкіндік береді. Мұнымен бірге белгіленген жұмыс орындарына қабылдаудың қысқара түсуі жөне орта арнаулы оқу орындарына қабылдаудың азайғандығы байқалады. Ендеше оқу орнын бітірушілердің көпшілігі жұмыссыз қалады деген сөз.

Жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасындағы айырмашылық өсе түсуде. Бүгінде жасөспірімдер мен қыздар ақысы төмен әрі біліктілігі төмен жұмыстарға қызықпайды, соған қарамастан жоғары оқу орындарының басым көпшілігінің мамандар даярлау сапасы еңбек рыногінің талаптарына сай келмей отыр.

Статистикаға қарасақ, бүгінгі жұмыссыздардың үш бөлігіне жас адамдар. Бес пайызы ғана оның мәнінде көркею үстінде, ал үштен екісі кедейшілік тауқыметін тартуда немесе одан да қиын жағдайда. Көптеген жас отбасылар үшін балалы болу қол жетпес арман секілді, туу көрсеткіші өте төмен, соған қарамастан жастар арасындағы өлім деңгейі қарттармен салыстырганда екі есе жоғары.

Қазіргі таңда әлеуметтанушылар «жастар» деген ұғымды Экономика жағдайын және экономикалық саясат тиімділігін жалпы бағалауға экономика тәжірибесінде «кедейлік индексі»жиі пайдаланады.Жұмыссыздық қоғам өміріне тән құбылыс. Ол бұған дейін де болған, алдағы уақытта да бола бермек. Бұдан кейде әрқилы әлеуметтік-экономикалық проблемалар да туындап қалып жатады. Қазіргі нарық жағдайында қай жерде болсын жастар арасында жұмыссыздар санының көбейе түсер ықтималдығы да мол. Себебі, оның мынандай факторлары бар екендігі бәріне белгілі жайт. Мысалы, өндірістің жаппай автоматтандырылып, механикаладырылуы, еңбекті интенсивтедіру деңгейінің артуы, әлемдік қаржылық дағдарысқа байланысты өнеркәсіптің т.б. мекемелердің дағдарысқа ұшырауы, тіпті соның кесірінен жабылып қалуы, сондай-ақ мамандандырылудың біржақты жүргізілуі (қаржыгер, мұнайшы) – осындай себептерден жұмыссыздық асқына түсері мәлім.

Тағы бір қиындық, жұмысқа орналасу кезінде өмір талабының өткір қойылуы үлкен өмірге енді қадам басқалы тұрған, бұрын еңбек етіп көрмеген, белгілі бір мамандықтың иесі атанып отырған көп жастың жолын байлайды.

Қазір қарап тұрсаңыз, жарнамаларда білімі бәлендей, жасы орташа 25-тен кем емес, тәжірибесі болуы керек дейді. Орта білімнен соң, іле-шала жоғары оқу орнын бітірген жастарда қандай тәжірибе болуы мүмкін? Жұмыссыздықты жою керек емес пе? Жастарды кінәлағанша, жаман қылық жасатпау үшін бір жолын қарастыру керек деп ойлаймын. Жасы мен тәжірибесіне қарасақ, болашағымыз не болады? Ойланайықшы... «Жастар – біздің болашағымыз» - дегенді естіп жатырмыз. Олай болса, жастарға көмек беру керек.

Жұмыссыз халықтың жас шамасын анықтап, біліп отырудың да пайдасы зор. Енді соған тоқталайық. Жұмыссыздар құрылымындағы негізгі үлес 25-54 жастағы тұлғаларға тиесілі екен. Былайша айтқанда, олар 80,2 пайыз құрайды. 55 жастан асқандардың үлесі 3,6 пайыз болса, ал 16,2 пайыз деңгейінде 16-24  жас аралығын қамтиды. Осы деректерден не аңғаруға болар еді? Бұдан әлі де болса жастардың түпкілікті жұмыспен қамтылуы онша еместігі.

Жастар арасында осындай мәселелер орын алған. Оларды шешу дереу қимылды талап етеді. Себебі, жастар – біздің болашағымыз болса, жұмыссыз жастар болашағымыздың жарқын болуына кедергі.

 

                                      Әдебиеттер

 1. ҚР Ұлттық статистика агенттігінің жылдық жинағы

2.  http://www.mzsr.gov.kz «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы

4.   Есенғалиев Қ.С.  Экономика  негіздері оқу құралы.  Алматы, 2011жыл

5.  Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.